Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 7171 0 пікір 14 Шілде, 2016 сағат 11:20

ШОЛПАНШАШ СҮМБІЛІ

(Әңгіме)

Жоңғар Алатауы етегіндегі жайқала  өскен гүлдердің күлтелеріне шық тұнған шақ. Маңғаз таудың ту сыртынан көздерін сығырайта ашқан күннің сәулесі баурайдағы жасыл құрақтың жүзін қытықтап жіберді. Әлі ұйқысынан оянбаған еңістегі ерке гүлдерді салқын самал баяу желпіп өтті. Осы бір табиғаттың мамыражай тірлігін әйелдің ащы дауысы бұзды.

- Сәрби,  әй, Сәрби! Тұрсаңшы, қордағы қой маңырап кетті. Өріске апару керек.

- Қазір мам...

  Қыз асығыс киіне бастады. Есіне ең алдымен төсек тартып қалған әкесі түсті. Сосын үйдің қоңырқай тірлігімен кеш батыратын шешесі. «Осы үлкен кісілер қызық. Осы таудың ішінде не бар? Ертелі кеш малдың соңынан салпақтап бүкіл өмірлерін өткізбекші ме? Қалада ғой қызықтың бәрі. Ал, мұнда қимайтын не бар? Рас, табиғаты тамаша. Басқа ештеңе жоқ қой. Шіркін, қаланы айтсаңшы! Ішің пысса киноға, болмаса би кешіне барасың. Саябақта серуендеп қыдырасың. Достарың да көп.  Қалада оқыған төрт жылым өткізген бүкіл ғұмырыма татиды-ау!».

- Әй, қыз, ұйықтап қалдың ба? Неғып шықпай жатырсың. Сен тұрғанша сиырларды сауып бітіретін болдым ғой.

- Қазір барам.

«Осы қыз қалада жүріп әбден ұйқышыл болып кетіпті» деді шешесі Айғаным өзімен-өзі самбырлап жүр. Сәрби ренжіп қалған шешесінің бетінен сүйіп, құшағына қысты.

- Болды енді, жас бала құсамай. Тез шәйіңді іш те, малды өріске шығар.

- Жарайды, - деді ол қуана.  Қыз жуынып, дастархан басына жайғасты. Сары самаурынның етегіндегі дөңгелек сырлы зередегі майыққан сиыр сүтінің қаймағына бауырсақ батырып жеді.

- Әкеңнің жағдайын білесің. Екі аптадан бері орнынан тұра алмай жатыр. Кір- қоңын жуып, денесін ысқылайын. Тәуір болып кеткенше кезектесіп малды баға тұрайық. Айтпақшы, сен дәрігердің оқуын бітірген жоқпысың?

- Дәрігер емес, микробиолог.

-   Мейлі, ендеше. Тауға барғанда емдік шөптерді теріп ала кел. Бізге қарағанда көзің ашық қой. Дәрі жасайық. Ауруы басылсын.

- Жарайлы, мам. Дәрігерлер не дейді?

- Білмедім. Диагнозын таба алмады ғой. Не ауру екенін де білмейді. Солар бәленбай жыл не оқиды өзі?

  Қызының тұнжырап қалғанын байқап қалған шешесі:

- Көңіліңе алма. Менің салдырлап айта беретінімді білесің ғой, - деді жайбарақат. Сәрби мырс етіп күлді де, қабағын түйе қойды.

- Мүмкін жазылмайтын ауру шығар.

- Жазылмайтын ауру болушы ма еді? Алла тағала әр аурудың емін қоса жаратқан. Жарайды, бар енді, бол! Күн болса ысып келеді. Тезірек таудың баурына жетіп ал, қызым.   

   Бұл кезде ойдан өрге лекіп соққан саумал самал қыздың көйлегін желпіді. Сәрби тауларға қарап, бір сәт ойланып қалды. Сәл төменірек сағым буа бастаған жасыл кілем қалт еткен қарадан ада екен. Есіне құла таңның апақ-сапағын жамылып қойды өріске жаятын әкесі түсті. Үйге қайта кіріп, әкесінің қалын сұрады. 

- Тәуір болып қалдың ба, әке? – деді ескі төсекте ұзыннан созылып жатқан әкесінің жанына тізерлей отыра кетіп.

- Бүгін жақсымын, қызым.  Ертең малды өзім бағам.

- Жоқ, сіз әбден құлан-таза айығып кетіңіз. Мен үлкен болдым ғой.

- Үлкен болдым дейсің бе? Сен әлі бізге кішкентай қыз сияқтысың, - деп Әбілсейіт қызының маңдайынан сүйді.  – Дипломыңды алдың. Үлкен қызметке тұрасың әлі. Шешең екеуіміз сенің тілеуіңді тілеп жүрміз ғой.

- Әке, қалаға көшейікші. Мал бағуға денсаулығың да жарамайды.

- Шешең екеуіміз осында талай жыл тұрып үйреніп қалдық қой. Қала кезіп жүре аламыз ба? 

- Сіздерді қалаға көшіріп әкетем. Қартайғанда қиын болмай ма?

  Әбілсейіт ауруы сыр беріп, зорыға жымиды.

-  Сонда ауылда кім қалады?

  Сәрби әкесін одан әрі қинамайын дегендей, күлімсіріп сүлесек қолдарын ұстады.

- Сәрби...

Шешесінің дауысы қаттырақ естілді. 

- Жарайды, әке. Сен алаңдамай дем ала бер. Тауды жақсы білемін ғой. Малды өзім жайып келемін, - деп тысқа шықты.   

 - Болсаңшы еді, түс болды ғой. Сенің осы қияли мінезің-ай! Әнеу жуас атты көрдің бе?

- Қайшықұлақ па?

- Иә, соны ерттеп, жөнел,  - деді шешесі шыж-быж болып. Іле жылқы оқыранды. Әлі үйретілмеген жылқының дауысындай. Қыз жақындап келіп жонынан сипамақ еді, текті жануар бір орнында тапжылмай қалды. Қайшықұлақты бұрыннан таниды. Бұл жоса шабысқа жоқ демесең жылқы желісте дес берместің нағыз өзі. Сәрби алдына жарым отарға жуық қой-ешкіні салып, тауға қарай тартты. Сонау етекте жылан бел күміс бұлақтың қос қапталына қанқызыл итмұрын толған екен. Қалқиған тамнан қозыкөш алыстап кетті.

  Сәрбидің бүкіл бұлтсыз балалық шағы осы өңірде өткен. Бұлақтың еншісіндей сыңғыр ете қалатын сылдыр күлкісі қыздың жайдары жүзін мүсіндейтіні қашаннан дағды болатын. Алатаудың ертегідей сұлу баурындағы шағын қыстақты жанындағы арқыраған өзенді сұмдық сүйетін. Арнасы бұралаң, терең иірімсіз тау бұлақтарының жанында асыр салып, ұзақты күн салқын суына шомылып сырлас болды. Жағалай өскен бүлдірген мен қарақатты сауып кететін. Дәл қазір сол балалық шағы есіне түсіп отыр.     

   «Шіркін-ай! Мына гүлдерді-ай! Аттан секіріп түсіп теріп алсам ба екен?» деді қыз кілемдей төселген қызыл-сары қызғалдақтарды қызықтап. Бұл гүлдерді шаһидтердің қаны төгілген жердің орнына өскен деп естіген. Небір таскешті заманның қансоқта қырғынына тірсегін қиғызбай, ел-жұртты аман алып қалған жер. Атадан балаға мирас болып қалған туған өлке. Мұнда қан майданнан соң батыр бабалары еркін отырып тынығып, тізе бүккен болар. Бәлкім, ол заман бөлекше тауқымет болды ма? Әкесінің жас күнінде айтқан бір ұлпа сөзі Сәрбиге аманатқа бергісіз ой салған. «Бұл – қасиетті жер, қызым. Қазақтың кіндік қаны тамған жер» дейтін.

   Үзеңгінің шиқылы естілген сайын Қайшықұлақ алға өршелене түседі. Қарсы алдында қырғауыл ықылық атқан тас шалынды. Қыздың белден төмен шашы аттың сауырын жауып келеді. Құлпырған көгілдір қойнаудан жалбыздың жағымды иісі мұрын жарды. Етектегі сай-жыраның қойнауына селдір көк көлеңке ұялапты. Күн бесінге құлаған екен.              

   Сәрби аттан түсіп, ауқаттынып алмақ болды.Жылқыны жүгенімен тапал бұтаға байлай салды. Табанасты бұлақтың сызы жатқан жалқы жыраға қол салды. Құлын кезінде ойнақ салған Қайшықұлақтың екпініндей екен. Қалтасындағы малта құртты мөлдір суға бір сүңгітіп алды да, ұзақ сорды. Анасы шыны ыдысқа құйып берген айранды рахаттана сімірді.  

   Бұл жер көлеңкелі, ылғалды жер әрі сарқырамаға жақын болатын. Жылғалар жағалауындағы шатқалына таяп қалғанын қыз сезген жоқ. Қойды терең сайдың ішіндегі шөбін шүйгін жерге иіріп қойып, өзі дәрілік шөп іздемек болды. Бала күніндегі биік жоталарға ентелей түсті. Сәрби әкесі құлан-таза айығып кетер ғажайып бір өсімдікті іздеді. Сирек аурудың емі де сирек кездесетін өскін болар деп түйді. Қанша жүргенін аңдай алмады, әйтеуір берекелі сәулені екінті жұтқан бесіндей сүлелене бастағанын сезді. Отардан әжептеуір жер алыстап кеткен секілді. Бар үмітін сар еткен сәтте көзіне бір бейтаныс өскін шалынды. Ерекше жапырағы бар өсімдіктің Шолпаншаш сүмбілі екенін қыз білген жоқ. Әкесінің денесіндегі дертке дауа боларлық дәрілік дәрмененің осы екеніне еріксіз иланған. Қуанғаны соншалық, жүрегі дүрсіл қақты. Жерден белбуаз балдырдай майыса өскен шолпаншаштың нәзік күлтелерін мәпелей сипап, күлімсіреді.

   Кенет маңайдан әлдеқандай сыбыр естілді. Сәрби жаңа ғана аялап тұрған өсімдікті уыстап тас қылып ұстап алды. Сәл төменде қапқа әлдебір шөптерді теріп жүрген, бастарында табақтай телпегі бар біреулерді көрді. Жүрегі шым етті. Осы сәтте өзінің тамнан тым алыстап кеткенін сезді. Өне-бойы дірілдеп кетті. Құлағының түбіне жүрек қағысы естілді. Алғы сапта келе жатқан түр-түсі азиялық бейтаныстың ызғарлы жанары шынылау неме екен, қыз бұғып отыра қалғанша байқап қалды. Сәрби төрт-бес еркектің өзіне қарай жүгіріп келе жатқанын көріп, іле басын көтеріп жылдам қашпаққа оқталды. Оң қолының алақанына ілінген шолпаншаш сүмбілінің нәзік күлтелерін түгелдей сыпырып безе жөнелді. Қыздың жанұшыра қашқанын көрген жатжұрттықтар жылдамдықты арттыра түсті.

- Көке! -   Сәрби бар дауысымен жанұшыра айғай салды. Ешкі түшкіріктің өзінен жаңғырып кететін тау іші бар қыпшақ даласына жетердей үн қатты. Шыңғырған  қыз ба, Алатау ма, білмеді. Зарлы үн төңіректі түгел тітіркентті.  

- Ұстаңдар оны! Тірі жібермеңдер!– деді тапал бойлы, талтақ аяқ, сығыр көз бұйыра.

- Жоқ, тірідей ұстаңдар, қызығын көріп қалайық, - деді екіншісі. Жанындағы үш жігіт алға қарай бастырмалата жөнелді. Қыздан ес кетті. Жүрегі алқымына тығылып, ентіге бастады. Аяғы алға бастырсайшы. Буынынан әл құрып кеткендей зорыға жүгіріп келеді. Дәл қазір қолында түйреуіш болса, ұйыққан санына кірш еткізіп, зымырар ма еді. Ойы бұзық арамзалардың қолына түспеуді іштей тілеп келеді. Өкпесі өшіп, жерге талып түскенше жүгіре бермекке бекінді. Алды-артына қараған жоқ. Белуардан келетін қалың шөптің арасымен зулай берді. Мойын бұрса, сығыр көздің бірі ұстап алардай екі қолын алма-кезек сермеп келеді.  Қыз қалың шөптің ішімен зулап келіп, шалынып кетті. Алға ентелей құлап, жалма-жан қайта тұрып жүгірді.

-  Шеше! – құлын дауысы төңіректі тітіркентті. Сығыр көздер қызды ортаға қоршамақ ниетпен жан-жаққа бөліне бастады. Жау жақындай түскен сайын көңіліне ұялаған үлей қанатын жайып, қабынып барады. «Шіркін-ай, неге ғана еркек кіндікті болып тумадым екен? Қуғыншылардың жанын жаһаннамға жіберіп, қарақұрым қандаласын мыңғыртып, қансырап тұрған түрмеде шіріген артық еді-ау! Амал нешік, қазақ қызында абыройдан артық не бар? Егер қолға түссем, алысып өлермін» деп шешті. Ол бірақ ойының жақсы өрілген қамшыдай жұмырлығына таңырқай алмады. Дәл қазір жат жұртқа жемтік болса, анасы байқұс қоңыр көздерін көлеңке көмкеріп, өмірі солқылдап өксумен өтпей ме?

    Сәрби өлермен күйге түскенше жүгіріп, бір үлкен ағашқа жасырынып, дем алмаққа бекінді. «Кәпірдің қолына түсіп қор болғанша, өлгенім артық. Тексіздің қолын денеме дарытпаспын» деді іштей. Артына қараса, елу-алпыс қадамдай жерде қысық көзді жөйіттер ізінен қалмай ілесіп келеді екен. Қыз қайта жүгірді. Жүрек суылы қайта бетіне шапты.

- Қайдасың, Қайшықұлақ!  - деп айғай салды. Телпек кигендер тау ішін жаңғыртып кеткен дауыстың қай тұстан анталап шыққанын білмей, абдырап тұрып қалды. Қыздың соңынан қуғандар әрең дем алып тұр еді. Кең қолтықтан төмен түсіп, тәкаппар жартастың дәл түбінен атқылдаған жеңді білектей бұлақтың сыңғыр дауысы із кесушілерге бөгет болған. Бір абзалы, алға бастырмаған қыздың аяғы сайдан төмен еркіне бағынбай зуылдап келеді. Осы қарқынды тоқтатпай, зымырай жөнелді.

    Қостың сыртында самаурын будақтатқан ана жанұшыра шыққан қызының дауысынан оқыс шошынып, селк етті. Басына сан түрлі жаман ойлар кимелеп кіре бастаған. «Қызым жардан құлап кетті ме екен, әлде біреулер...». Жалма-жан үйге кіріп, қолына отағасының аңшылық қос ауыз мылтығын алып, оқ-дәрі салынған дорбаны мойнына аса салды. Көк дөненге жүгендеп, жайдақ мініп зулай берді. Сұмдық түйсік кәрі жүрегінің жыртық жабығын қарс айырғандай күй кешті. Мана ойлаған шеңгел ойлар айналып соғып, берекесін қашырды. Шөбінен жұмсақ сүт тамар аңғарға жеткенде екінті төрге шыққан. Көзіне таныс аңғардың екі бетіндегі пілдің сауырындай жасыл жоталардағы мақпал шөптің бетін баяу жел тербетті. Ана алдынан жайылып жүрген малдың үстіндегі ені көзіне оттай басылды. Қызының бірақ қарасын көре алмады. Қайшықұлақ та көзге ілінбеді.   

- Сәрби!  Сәр-би!  Қызым, қайдасың? – деп ана бар дауысымен айғай салды. Алатау тағы күңіреніп кетті. Басына салған ақ шәлі орамалдың қос ұшы босаңсып, екі иығын жауып кетті. Алдынан соққан желмен бірге танауына шашыратқының ашқылтым иісі ұрды.

Бұл кезде қуғын күшейген. Әлі құрыған қызға жетемін деп жендеттердің діңкесі әбден құрыды. Білектей бұрымына қол батпаған, қазақтың теппе төс, аш бел құралай сұлуы көз құртын жеп келеді. Соңғы әл-дәрмені қалғанша қашқан қыздан ес кеткен. Бұл үшін бірдің бүлінгені, бәрінің бетіне шіркеу болмағын зайыр сезген. Осы тұста құлағына анасының жалынысты дауысы естілді.

 -  Қайдасың, құлыным?

- Мен... Мен мұндамын! – қуанғаннан қыздың екі көзін жас жуып кетті.  Ана тар құрсағын кеңітіп тауып, тәрбиелеген есті қызын сырт көзден сақтап, ішінен уылжыған жеміске қызыққандай телміретіндерге сұқтанып қалатын. Жас күнінде ернін сылуға құмар жігіттерді жақтырмай, мәпелеп өсірген қызын ащы дауысымен-ақ қорғаштап жүрді. Ал қазір... қазір тіпті қанаттыға қақтырмай өсірген қызының бас амандығын тілеп, бар пәрменмен шауып келеді.

   Бұл кезде қуғыншылар қызға жетіп қалған болатын. Сәрбидің шақшадай басын сумаңдаған суық ойлар азынатып жібергелі қашан. Кері бұрылып, жымысқының көзіне тура қарауға тіксінген. Үрей мен тән қарбаласынан астан-кестеңі шыққан есін тез жия алмады. Иә, бейкүнә ұят пен ыңғайсыздықтан жанын сыздатып, өз-өзінен жиіркеніп жүруден асқан қандай қорлық бар? Нәпсіге бой алдырғандар қайғының қара батпағына батырып жібермей ме?

    Алатаудың тапал етегі қалың шөп те, орта тұсы алық алаңқыр. Жасыл жамылған түйе өркешіндей төбелер бітсейші. Мөлдірей жылжып ағып жатқан тұнық судың түбіндегі майда тастар күн нұрымен жалтырай шағылысып жатыр.

  Сәрби жүгіріп келе жатып, ертеректе сыныптас ер балалардың жігітсініп қыңырайғанын әжуалап кететіні еріксіз есіне түсірді.  Өзіне өліп-өшіп сүйемін деп хат жазғандарға тас-талқан болып ашуланып, «Хат жазуды қоймасаң, ағайға айтамын!» деп қорқытатын. Мектеп бітірер жылы жауап қайтармағанымен, бір-екі жігіттің хатын қызықтай оқыған. Кейін университет табалдырығын аттағанда студент жігіттердің би кешіне, болмаса киноға шақырғанына қарамай, оқу қуып кетіп еді... Қайда жүрсе де ардан аттаған жоқ. Айғаным да кей қыздарға тән қылымсыма қылықты болуын қаламап еді. «Асықпа, әлі талайды көресің, бәріне үлгересің. Көп жігіттердің тәтті сөзі ертең-ақ ұмыт болады. Балалықпен от басып, абыройсыздық жасама. Әбиірмен келін атанып, ақ босаға аттаған соң махаббатың баянды болады. Бұдан өзгесі балалық әуестік» дегенде, Сәрби «Мама, қойшы енді» деп екі беті дуылдай, сыртқа шыға жөнелетін. Тек бүгінгі жаншошырлық жүгіріс – абыройлы болудың ең сорақысы екен.

   Қыз ес білгелі бөтен пенде қол тигізбеген құлын денесін сумаңдап, сығымдағысы келген суық қолдыдан секемденіп келеді. Бой тасалайын дегендей жасыл құрақты бойлай жүгірді. Ту сыртындағы қамыс-құрақты қақ жарған еркек кіндіктілердің жақындап қалғанын көріп, екпінінен шошып, тіксінді. «Жау жақын екен ғой» деуі мұң екен, құрақ біткен «Жау! Жау келеді»» дегендей сыбырласа жөнелді.  Көңілі босап, өзімен бірге бүкіл қазақ даласы дірдек қағып  жүгіріп келе жатқандай сезінді. Соңынан дүрсілдете қуып келе жатқанын лүпілдеген жас жүрегі сезді. Қазағы жоқ мына қалыңның ортасынада қолға түссе, қыранның шеңгеліне ілінген қояндай бір-ақ сығым боларын түйсінді. Өзінің жайлауынан тым алыстап кеткеніне өкініп, қаны басына шапты. Өкініш пен үрей билеген бойын құрсаулап тастап, жан-жағына алақ-жұлақ елеңдеп келеді. Биік өскен шөптердің алма бетін сапылдата ұрғанын да елемеді. Арт жағынан екпіні күшейе түскен аяқ дыбысы таптап өтердей құлақ түбінде дүрілдейді. Сәл шыдаса, отар жайылған тұсқа да жетеді. Қазір мына жазықты жағалап, жалғызтөбені бөктерлейді. Бірақ... енді қалың қамысты сайға табан тигіземін дегенде, оң жақ тұсынан қысық көздің біреуі атып шыға келмесі бар ма? Сәрби мысық көрген тышқандай өне-бойы қалтырап кетті.  Әлгі неме жағасына жармасуға ұмтылды. Көк желке тұсынде көрікше гуілдеп алқынған адам тынысын құлағы шалып, жұлын-жүйкесі қарақұрт өрмелегендей шымырлап қоя берді.                               

-  Жақындама маған, жексұрын! – деп бар дауысымен айғай салғанда бүкіл даланы басына көтере жаңғыртты. Оқыс дауыстан сәл іркіліп қалған жау қайта қуа жөнелді. Сәрби он-он бес қадам жүгіріп барып, көлденең жатқан томарға сүрініп, қайта құлады. Жандалбаса әрекеттің итермесімен денесін тіктеп, еңсесін жазды. Апыл-ғұпыл жанталасып, қайта қашты. Қыз үріккен еліктей қайта жалт бергенде жаудың қысық көздері шыдамдылығына таңырқағандай, шарасынан шығып кете жаздады. Ашу-ызадан көз алдындағы жарық дүние аңғалағына симай, өршелене ышқынды. Жазықпен зулап бара жатқан қыздың нуға шым батарын түсінген ол жылдамдығын арттыра түсті. Жанындағы серіктері де жақындап қалған екен. Жау жабылып қызды қоршауға алмаққа сәл қалған. Кенет қайдан шыққаны, алғы саптағы сығыр көздің алдын кес-кестеп Қайшықұлақ кісінеп шықты. Тұяғымен жер тарпыды. Асау аттың өзіне алдыңғы екі аяғын көкке көтеріп айбат шеккенін көрген жау бір орынында сілейіп қалды. Екпіндете жүгірген сығыр көз кілт тоқтап, шошынғаннан артқа ұшып түсті. Қыз жалт қарап, өзіне араша түскен жылқыны көріп, қуанғаннан айғайлап жіберді.

- Қайшықұлақ!

   Ат ілгеріде жүгіріп бара жатқан иесіне бұрылып шапты. Қалың қамысты сытырлата қақ жарып, сылаңдаған сұлу үмітті қуып келген жау аңтарылып тұрып қалды. Қол созым жердегі бойжеткенді қуып жетіп, шаруасын тындырмақ болғандар әбден болдырған еді. Бәрі еңкейе екі қолын қос тізесіне қойып, ентігін баспақ болды. Қыз осы сәтті пайдаланып, аттың жалына жармасты. Жүгені сыпырылып қалған екен. Жау қарап тұрсын ба, жан-жақтан анталап, қызды атқа мінгізбеуге ұмтылды. Шаршағанын ұмытқан шарасыз қыз шиыршық ата жұлқынды. Сығыр көз тер сасыған салмағымен қыздың білегін жұлқи тартып,  жас шыбықтай майыстырғысы келді. Жылқы мұны сезгендей бөтенді алдынан келсе тістеуге, арт жақтан келгенін теппек болып жұлқынды. Сәрби аттың жалына жармасқанымен, әлі құрып,  үстіне отырып кете алмады. Мөлдіреген кіршіксіз пәктікті ластап, ар алдында мәңгілік қарыздар қарабет болмас үшін, нас құмарлықтың тегеурініне соңғы күші сарқылғанша қарсыласты. Атты шыркөбелек айналдырып, қуғыншыларды жолатпауға тырысты.

   Кенет гүрс еткен мылтық дауыс естілді. Шекарашылардың құлағы елең етті. Қыз денесіне жаңа ғана жабысқан қолдар әп-сәтте босап кетті. Қысық көздер жан-жағына ала-жұлақ қарады да, бытырай қашып, қарасын батырды. Ілгерідегі төбенің басынан біреу ат ойнатып шауып келеді екен. Қыз аттың жалынан тас қылып ұстап тұрып қалды. Осылай қарай қамысты пышырлата жапырып келе жатқан  өзінің анасы Айғаным екенін көрді. Жанары ып-ыстық жасқа толды.

- Мама... - Сәрби анасының аптығып кеткеніне қатты қуанды. Жаны алқымына келгенде шешесінің жас кезінде айтқан жайбарақат ойлары жанын қинады. Өз дәрменсіздігіне ыза кейіптен арылған жоқ.

- Амансың ба, құлыным! – Айғаным аттан секіріп түсіп, қызын қапсыра құшақтады.

- Мама... көңілі босаған қыз ернін жыбырлатып еді, жанарындағы жас бетінен сорғалай жөнелді. Айғаным қызының тоқтыдай қақшып түсер қорқаулардың тырнағынан құтылғанына қуанды. Оқыс естілген таудағы жаңғырықтан бері қарғадай қызының тағдыры қабырғасын қайыстырып,  күдікті ойға батырған. Әлгінде ғана сыңсыған дала, өкси жылаған қыз дауысы байыз тауып, қасіретті үн құмығып естілді.

   Қыз қол-аяғын қамыс қиып, қанталатып жібергеніне жабырқаған жоқ. Тек әлдене алабұртқандай, кеудесін шайықтырған өксікке тұншықты. Лағнетсіз нала көңілдің запыранын көзінен ағызды. Бүкіл денесін тітіркенте шошытып, қысық көздің қарулы саусақтары қақпанша сарт етіп, білегін қақшып алғаны көз алдынан кетер емес.

-  Бәрі жақсы қызым, жылама, - деп анасы баяу басу айтты. Шашынан сипап, мауқын басты.  Сәрби жазықсыз шеккен жәбірі үшін солқылдай берді. Бір тәуірі, бетін жуған ыстық тамшылар – қан қақсатқан қасірет тамшылары емес, қайғы құрығынан құтылған, ашу-ыза кернеген бойжеткеннің нала жасы.

- Жайлаудан не үшін алыстап кеттің? – деп сұрады анасы Айғаным.

- Міне, мынау үшін, - деді оң алақанында шөкімдей ғана қалған күлтелерді көрсетті. Айғанымның көңілі босап кетті. Қайшықұлақ кенет осқырынды. Ана мен қызы жалт қарады: жылқының мөлдіреген көзі жасаурап тұр екен...

Асхат Өмірбаев    

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5681