Жексенбі, 24 Қараша 2024
Өз сөзі 6120 2 пікір 22 Маусым, 2016 сағат 13:22

СОВЕТ-ХАН ҒАББАСОВ. ЕЛБАСЫҒА АШЫҚ ХАТ

Құрметті Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев мырзаға!

Армысыз халқымыздың қадірлі азаматы, Нұреке?!

Ең әуелі замандас ретінде, жаратушы бір Алладан деніңізге саулық  тілеймін. «Мың өліп, мың  тірілсе де» салмақты да сабырлы, аңқау қалпынан танбаған жұртымыздың келешегі мен Тәуелсіздігіне жауап берер аманатыңыздың  аса  ауыр екені әмбеге аян!..

Зымыраған уақыта да тоқтау жоқ. Міне, ширек ғасыр, яғни 25 жыл да, өте шығыпты. Осы жылдарда жеткен жетістік те, әттеген-ай кемшілік те жетерлік. Кемшіліктің ең ауыры  - ел басқарғандардың халық қазынасын миллиардтап жымқырғаны деп білемін. Сіз оны «Отанға қайтар» десеңіз де, орындалып жатқан  жоқ. Соншама мол қаражаттар қазір басқа елдердің пайдасына жұмсалуда...

Қадірлі Нұреке,  Сіз талап еткен  мәселелердің  орындалуы үнемі қадағаланбайтын тәрізді. Ең әуелі, осы мәселенің  темірдей  тәртіппен шешілуін талап етуіңізді өтінемін!.. 

Қай заманда да мынау Ұлы даламызға қызықпаған ел болмаған?!.. Міне, қазіргі уақытта да солай, оны Өзіңіз де жақсы білесіз ғой. Осы жақында ғана болған бір жағдайды мысал ретінде айтқанды жөн көрдім. 2016 жылдың мамыр айында екі азамат Қытайдағы туысқандарына барып келіп, ондағы көрген жетістіктерін жеткізуге сөз табалмай отырды.

Біріншісінің айтқаны: «Халықтың хал-тұрмысы өте жақсарыпты. Қытай үкіметі ауылдағы үйі жоқтарға үй салып берумен қоса, қаладағыларға көп қабатты үйлерден пәтерді  тегін беріп жатыр екен» деп риза көңілін білдірді.

Екіншісінің айтқаны: «Қытайдың соңғы жылдардағы ғарыштап дамуы тым ерекше көрінеді. Біз бір қаланы жиырма бес жылда тұрғызсақ, олар жыл сайын бір қала салады» деп қатты таңырқаумен болды.

Мен де таңданып:

- Тегін пәтерді барлық тұрғындарға  бере ме, әлде қазақтарға ма?- деп сұрадым.

Олар екеуі де күліп:

- Біз басқасын білмедік, тек қазақтардың ғана ортасында болып қайттық қой, - деді.

Мен де күліп:

- Мүмкін, бұл - Қытайдың жаңа саясаты шығар, - дедім. Екеуі де:

- Қалайша?.. - деп ду ете қалды.

Мен сөзімді жалғап:

- Қалайша екенін мен де білмеймін. Бірақ, қытайлар Қазақстанның ауылшаруашылығын көтеруге ерекше құлшынып отыр ғой. Қазақ жеріне жету олардың армандары сияқты. Сондықтан да, пендешілігі мол, дүниеқұмар қазақтарды мүлікпен айналдырып, қазақ жеріне қытайтардың көбірек келу мүмкіншіліктерін тудыратын, айла тәсілдері  емес пе? - деп оларға сұрақ қойып, сынай қарадым.

Екеуі де қатты ойланып:

-  Мынау айтқаныңыз, тіпті ойға келмеген мәселе екен. Жалпы Қытай мемлекеті саясатының әрқашанда аса терең де, жұмбақ сырлары көп болады. Қазақстанда бүгінгі күндері Жерді сату мен жалға беру мәселесі талқыланып жатыр ғой. Қазақ тәрізді аз халыққа, сірә, жерді өз азаматтарына да сатуға болмайтын тәрізді. Себебі, 2003-ші жылдан бері жерді меншіктенген адамдардың арасында, жерін кім-көрінгенге, тіпті шетелдіктерге  де, сатып жібергісі келетіндердің болғанын естігенбіз. Жалпы, жерді сатып, яки, жалға алғандар ерекше күтім жасайды деу де, жай ғана дәлелденбеген бекер сөз болса керек. Тіпті, өркені өскен еуропалықтар да өндіріс пен ауылшаруашылықтарын жекешелендіруге бермейтіні туралы жиі айтылып жүр ғой. Сондықтан аға, Сіз көптен көтеріп жүрген "Жерді нациализациялау" өте дұрыс шығар?!» - деп олар да әңгімелерін  аяқтады.

Қадірлі Нұреке, мынау астаң-кестең құбылмалы заман мен рухсыз қоғамда, халықтың келешегіне парапсихологиялық әсерлері мол, «қазақстандық ұлт», «үш тұғырлы тіл», «жерді сату мен жалға беру» тәрізді екі ұшты мәселелерді түбегейлі, жан-жақты зерттеп барып қана көтеру керек сияқты. Сан ғасырлар бойы  «бодандықтың боқтығынан» көз ашпай келген қазақ халқына «ұлттық тәрбие» мен «ұлттық идеология» ауадай қажет. Себебі, жұртымыздың білімді қауымының өзі «дәстүр-салттың мәнін» «ана тілдің адамға берер он түрлі қасиетін», «менталитет, яки  болмыс деген не?», «ана құрсағындағы тәрбие не береді?», «тән құмарлығынан қалай кетіп, жан құмарлығына қалай жететінді де» бүгінгі ұрпақ түгіл, үлкен адамдар да білмейді.

Осы айтылғандардың барлығының да шешу жолдары бар. Тек, мемлекеттік деңгейде Үкімет пен Халық үндесе отырып, ғылыми негізде қарастырса болады. Жалпы көп созбай жоғарыдағы айтылған жайттарды шешуді ойластырған жөн деп білемін.

Құрметпен Совет‑Хан  ҒАББАСОВ

Abai.kz

 

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5583