Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 5697 1 пікір 10 Маусым, 2016 сағат 16:48

ІІМ ЭКСТРИМИСТІК ШАБУЫЛҒА ДАЙЫН ЕМЕС ПЕ?

Қалың қазақ жұрты күні кеше ғана жалпыұлттық «Аза тұту күнін» өткерді. Ақтөбедегі терактіден қаза тапқан азаматтарды ақтық сапарға шығардық. Өкінішке қарай, қан құйлы қатыгездікке барған азаматтардың бірсыпарасы сытылып кетті.

Терроризм мәселесі соңғы уақытқа дейін елімізде ұлттық қауіпсіздікке нақты қауіп төндіретіндей дәрежеде емес, ықтимал қауіп-қатер ретінде ғана қарастырылып келді. Қазақстандық және шетелдік сарапшылар да терроризм проблемасы Қазақстанға төніп тұрған нақты қауіп емес дегенді айтып жүрді (әсіресе, 1999 жылғы ақпандағы Ташкенттегі терактіден және 1999-2000 жылдары Қырғызстанның Оңтүстігіндегі Баткен оқиғасынан кейін). Қоғамдық пікірде де терроризм Қазақстанда негізінен сыртқы қауіп-қатер ретінде қабылданды.

Осы тұста тағы бір өкініштісі сыртағы қауіп бірдіндеп ішке еніп жатты. Қазақстандағы діни экстремизм қатері  бар екенін Алматыда, Ақтөбеде, Астанада, Атырауда, Таразда болған оқиғалар көрсеткен еді. Құзырлы билік бұл жолы да қыңқ етпестен, Қазақстанға төнетін қауіптер легіне мыналарды жатқызды: айталық этносаралық шиеленіс, есірткі тасымалының жолын кесу, заңсыз миграция сияқты қауіп-қатерлер. Осы тектес жағдайларға еліміздің құзырлы органдары (ҚР ІІМ, ҰҚК, Бас прокуратура) жоғарыдағы қауіптерге төтеп беруге бейімделген еді. Ал экстримизм қауіпі жылдар санап, еліміздің ішінде, әсіресе батыс облыстарда індеп тұрған еді.

Рас, біздің құзырлы органдар жағдайдың себебін іздемей, салдарымен күресуге бейімделген. Әйтпесе, 2011-2012 жылдардағы дүркін-дүркін террорлық шабуылдардан сабақ алмас па еді...

Жұрт жұмылып, «Жерді сатуға және шетелдіктерге жалға беруге» наразылық танытып, ел ішінде дүмпулер бой көтергенде, құзырлы билік бейбіт шеруге шыққан халықтан қылмыскер жасауға ниеттеніп жатты. Дәл осы тұста ІІМ, ҰҚК еліміздің батыс өңірінде  бұғып жүрген дәстүрлі емес діни топтар массасын бақылаудан шығарып алса керек. Бұғып жүргендер жүз көрсетті. Бейбіт адамдар қаза тапты.

Осы тұста ҚР ІІМ мен ҰҚК-ның мұндай жағдайларға дайын емес екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Әуелде ҚР ІІМ-нің мәлімдемесін ҰҚК теріске шығарса, артынша ҰҚК таратқан ақпаратты ІІМ жоққа шығарды. Сонда ел мен Елбасы құзырлы органның қайсысына сенуі тиіс еді?!

ІІМ атыс жасаған азаматтарға іздеу жариялады. Темір торға тоғытылуы тиіс тероршылардың БАҚ пен әлеуметтік желіде жарияланған суреттеріне қатысты да шикілік аз болмай шықты.

Әуелі, Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Жағабұлақ ауылының тұрғыны Самат Қожаниязов терроршылар қатарында жарияланды.  Аталған оқиға күні ол өзінің ауылдағы үйінде болғанын айтып ақталды. ІІМ таратқан суреттер ішінде өзінің жүргеніне таң қалды ол. Оны көрген ауылдастары да Саматты қолдап отыр. Әзірге ІІМ бұл туралы «ләм-мим» деп жақ ашқан жоқ.

Қазақ тіліне қырын қарайтын министрліктің (ҚР ІІМ) ресми порталына кірсеңіз, Ақтөбедегі теракті туралы дені түзу дерек таба алмайтыныңыз жасырын емес. Қазақстан тарихындағы ең үлкен теракті жасалған қанды оқиғаға қатысты Ішкі істер министрлігінде бар болғаны 3 сөйлемнен тұратын шағын ақпарат жарияланып, «ҚазАқпарат» сайтының 7 сөйлемнен тұратын жаңалығына сілтеме көрсетілген.

Біздің құқық қорғау органдары өздерінің ең негізгі мақсаттарынан адасып қалған секілді. Өзінің елін, жерін сақтап қаламыз деп, бейбіт шерурге шыққан азаматтарды шетінен қамап, шын қылмыскерлерді бақылаудан шығарып алуы үлкен ағаттық. Азаматтарды қорғаудың орнына, қорлап жүрген кезінде экстримистік бағыттағы қозғалыстар назардан тыс қалыпты. Осыдан туатын сұрақ қой: аяқ астынан бәрі де болуы ықтимал мынау шайқалған дүниеде біздің ІІМ (ведмвостаға қарайтын барлық күштік құрылымдар) экстермистік шабуылдарға дайын емес пе?

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5652