Сейсенбі, 1 Желтоқсан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 132348. Жазылғандар — 116863. Қайтыс болғандар — 1990
Қоғам 4399 0 пікір 25 Шілде, 2017 сағат 10:06

Ауылды «Дубайға» айналдыруға болады

Ата мекен-ауыл,бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған аманат мұрасы, ұлтымыздың салт-дәстүрі, өнері, тілі, діні, білігі-білімі сан ғасырдың сұрыптамасынан өтіп,ұлтымыздың құндылығына айналған қазыналардың, көгеріп-көктейтін ең қымбатты мекені. Тарих тағлымдарына зер салсақ, ілгері мәдени дамуды мақсат тұтқан мемлекеттер саясаты, адамзат дамуының үздік үлгілерінен тәлім алуда. Қазақ елін табиғи-адами құнарсызданудан сақтайтын, әрекеттің бірі, ауыл мәдениетіне,ауыл сәулетіне айрықша көңіл бөлу, заман талабы.

Қазақ елінің жартысына жуығы ауыл тұрғындары болғандықтан,мемлекеттің басты байлығы қазақ ұлтының болашағы, бүгінгі таңдағы ауыл мәдениетіне сәйкес ұстанар саясатқа тікелей байланысты. Мемлекет саясатындағы халқының денсаулығына және оның рухани құндылығының жаңаруы мен сақталуына жағдай жасайтын алғашқы қадам, шағын елді мекендердегі сәулет саласындағы мекемелерде сауатты мамандардың жұмыс істеуі, қоғамдағы экологиялық проблемаларға тосқауыл болары анық. Даму жолына ұмтылып, өркениетті, бай-бақуатты елдермен иық теңестірмек ертеңгі мақсаттарымыз, бүгінгі әрекеттермен тығыз ұштасуы міндетті. Ауыл сәулетін көркейтуге біздегі мүмкіндіктің бірі, жеріміздің кеңдігі, осы байлықты ұтымды ақылмен пайдалана білсек, қазақтың бағы жарқырай түспек... Жапон елі мұхит суына топырақ  төгіп жерін кеңейтуге талпынуда, тіпті бірнеше министрлігінің басын біріктіріп, жалпы ашық аспан асты әлемінен хабарсыз болатын ұрпақтары үшін, 50 метр тереңдікте жер астынан, құны 80 млрд долларды құрайтын қала жобасын дайындағанын білсеңіз, аманат иесіне айтар алғысыңыз арта түспек. Ауасы лас өндірісті қалаларынан Қытай мемлекеті 2050 жылы 250 000 000 халқын көшіруді мақсат етуде. Халқы көп елде жер жетпейді... Тіпті Гонконг деген қаласында әлемге әйгілі «құмырысқаның илеуі» деп аталатын ауданы 0,3 га жерде 35000 адам тірлік етеді екен, біздегі өлшеммен алсақ, мектеп стадионына шамалас жер. Халықтың орналасуына сай 2000-3000 тұрғыны бар шағын,10000-15000 орташа, 40000 асқан соң қала тектес болып бөлінген елді мекендер әрі қарай адам тұрағы, демалыс, өндірістік, әкімшілік тағы басқа әрқилы қызметтерге сай өзара оқшауланады. Сәулет-құрылыс заңының денсаулық бөліміне сай, елді мекен нысандары, атқарар қызметі мен қоршаған ортаға тигізер жағымды-жағымсыз әсеріне сәйкес автомобиль жолдарымен, өсімдіктер әлемі тектес «гигиеналық санитарлық белдеулермен» өзара бөлінуі міндетті. Адам организміне зиян әкелетін түтін, газ, жағар май, шірік иістері мен шу дыбыстары бөлінетін өндіріс нысан орындары 5 класқа бөлініп, 1-ші класқа жататындар елді мекеннен 1000 м, 2-3-шілер 500 м, 4-5-ші класқа жататындар 100 метрден әрі орналасуымен қатар, нысан салынған жер ауданының 20 пайызына ағаш-бұта өсіріліп, мүмкіндігінше регионның климаттық ерекшеліктеріне орай басымдылықпен соғатын желдің қарама-қарсы бағытына орналасуы тиіс. Елді мекен жанынан ашылған цемент заводы, тас карьерлері мен елді мекен арасында, у мен шаң, шуды жұтатын ені 500 метрден кем болмайтын ағаш-бұталардан «санитарлық белдеу» орналаасуы тиісті. Дамыған өркениетті елдер халқының денсаулығына өте мұхият қарауда, елдімекен арасына өндіріс нысандарын салдырмайды және денсаулығына зиян келтіретін нысандарға қатысты тұрғын арыздарын қанағаттандыру жолға қойылған. Егер ел тұрғыны өз құқығын қорғайтындай қабілетті болса, ол заңның ережесі біздің елде де бар екені шындық. Кінәні өзгеден іздегеннен гөрі, талап етудің кемшілігін халықтың өзінде жатқанын ұққанымыз жөн.

Айта кетейік, Венгрия  мемлекеті 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап, сырты қапталып келетін азық-түліктер түрі печенье, чипси, кекс секілді өнімдермен қоса энергиялық ішімдіктердің өндірісіне салынатын мемлекеттік салықтардың деңгейін тым қымбаттатуындағы мақсаты, халқының денсаулығын қорғау. Өндіріс ошақтары мен елді мекен арасына салынуға тиісті «санитарлық жасыл белдеу»  талабы, 2020 жылы Қазақстан халқының орташа өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа жеткізуді мақсат тұтқан қадам. Қоршаған ортаның ластануынан Қазақстанның әрбір 5-ші тұрғыны бедеулікпен белсіздікке шалдыққан, туа біткен аурулар мен шарасыздықтан өзіне қол жұмсау фактілерінің жиілігі, ауру түрлері мен жасаруының негізгі себептері ауа ластығы мен азық-түлік сапасыздығы екенін мойындауымыз керек. Ұлт денсаулығы мен мәдениеті әрбір замандасты ойландыруы тиісті, басқа елдермен бейбіт бәсекелестікте өркениетті қоғамның басты жетістігі әрбір адамның қосар үлесінен құралады. Табиғаттың біртұтас заңына сәйкес, бүгінгі  дайындық  қадамдарына сәйкестендірілген болашақ бар... Қазіргі  тұрғын үйлер мен өндіріс нысандарының араласып орналасуына, не топырағы бұрқырап жатқан көшелер мен жасыл түске боялып төселген, ағаш не бұта өсетін жерлерге шашылған щебень тастарға қарай, ауыл сәулетін көркейту мүмкін емес деп ойлау - әнтектік. Бұл көрініс тек қана жергілікті билік пен тұрғындардың мәдениеттік талғамы мен отансүйгіштік қабілетінің, ұйымдастыра білу деңгейінен ғана хабар айтып тұр. Жылдамдығы 20м/секундтан астам, жылына 45 тәуліктен асып жығылатын, өлкеміздің адуынды желі болмаса, салыну мақсаттары әрқилы нысандардың исінің өзі аз мәселе туғызбасы анық екені рас. Облыс көлеміндегі елді мекендерде өлке ерекшеліктеріндегі экологиялық апат зардаптарына қарсы тосқауыл болар жасыл желектің жетіспеушілігіне қосымша өндіріс ошақтары мен тұрғын үй, әкімшілік, мәдени нысандардың, сәулет-құрылыс адам денсаулығын қорғау заңына сай орналаспауы, ешқандай сын көтермейді. Аралас құрылыс пен жалаңаш көшелерден, бұрыңғы дәуірде құдайдың барына дәлел іздесек, бүгінде адамның барына дәлел іздейтін жағдайға тіреліп отырған жағдайымыз бар екені шыңдық. Әрбір қоғамның тәрбиесіндегі даму деңгейіне байланысты адамдарында наным болады, осы нанымның нәтижесінде заманауи таным қалыптасады. Әркімдер білетін Араб еліндегі атақты Дубай қаласыда осыдан 28 жыл бұрын, елеусіз көптеген балықшылар поселкасының бірі болғанына сену қиынның қиыны екені рас, ал шынтуайтқа келгенде қазіргі Шетпені, Шебірді не кез-келген елді мекенді адам танымастай қылып өзгерту мүлдем орындалмайтындай аса қиын шаруа емес, әлемдегі кез-келген кереметті тұрғызған адам қолы, ал адамдарының басты айырмашылығы өзін сыйлаудағы биік талғампаздық пен өз тұратын мекенді гүлдендіруді мақсат еткен адами биік армандары ғана. Өкініштісі біздің көптеген жаңашылдыққа сенбеуіміздің ең басты себебі, басымыздың ішіндегі «мүмкін емес» деп қақсап жатқан дәрменсіздіктің шекарасын бұзып шығудағы ұмтылыстың жоқтығы, етіміз үйреніп кеткен «қалыпты жағдайдан» ұзаудан қорқатын құлдық сананың тәрбисі ғана. Ауыл-поселка  құрылымының қаладан айырмашылығы ауа тазалығы мен иіс-шудың аздығы, қарым-қатынас еркіндігі, психологиялық-физикалық қысымдардың жоқтығы, табиғатпен етене араласатын адам мүмкіндігінің молдығын атауға болар... Осындай ерекшеліктеріне  және тұрғындардың таным қабілетіне сай, қала сәулетіне сәйкес келетін әдемілік көріністерін ауыл архитектурасына тықпалау орынсыз .Ауыл архитектурасы ауыл тұрғындарына, сол елді мекеннің жер рельефі мен ландшафты байлығына ыңғайлай отыра, жергілікті құрылыс материалдарымен орналастырылған сол ортаны толықтырып тұратындай аң-жануар, құс, жәндік, не ауылда қолданылатын құрал-саймандардың мүсінімен жан-жағын қоршаған ортамен үндестік табуы тиіс. Көшенің абаттандыруларындағы жол жиегіндегі бетон табалдырықтардың түрлі түсті болуы, аялдамалардың өзі киізді ағаш үй формалы болып, түнде жанатын көше электр шамдары мен сауда орындарындағы жарнамалардың «өзара ойнауы» әдемі әсер береді. Скульптура, ескерткіш, гүлдермен қатар өскен дала жусаны бар газон, ағаш үй керегесін елестетер сквер қоршаулары, ұлттық нақышты  орындықтар мен тұрмыс құралына ұқсас қоқыс жәшіктері, сол ауылдың тарихына қатысты не аңыз-ертегі кейіпкерлерімен сомдалған еркін, жабайы табиғат арасындағы су бұрқақтарын, ұлт өрнектері бар бұйымдардың шағын сәулеттік мүсіндерінің таза ауа мен бейбіт тыныштықтағы тәрбиелік мәнін, ландшафтық архитектураға сіңіре орындалуы ауыл тұрғындарының тәрбиесіне де айқын ізін салады.

«Әрбір бала суретші, бірақ қиындығы қазіргі баланың бал дәуреннен кеткеннен кейін де суретші болып қалуында» дейді әйгілі өнер иесі П.Пикассо. Ауыл сәулетінің  адам тәрбиесін қалыптастыруға қосар аса зор үлесі, өркениетті ұрпақ тәрбиесіндегі жасалынар қадамдардың бірі ғана. «Жетілген қоғамда адамдардың барлығы творчествомен айналысуы тиіс» деген ұлы ойшыл әл-Фараби атамыз, жетілгіміз келсе, мәдениетті, ұлттық идеологиямен рухтанатын ұрпақ тәрбиесіне, қоғамдағы парасатты қозғаушы күштердің бәрі мақсатты түрде ат салысуы керек. Ауыл сәулет-сәнін ашатын мәдени құрылымның бірі - парк... Әдетте құрылыс заңнамасында ауыл паркіне ауданы 1-3 гектардай жер беріліп, оның 30 пайызы қыдырыс алаңдары мен тыныш демалыс орындарына, 35 пайызы спорттық, 15 пайызына балалар демалысына жағдай жасауға тырысады. Бұлда қатып қалған заң емес, өлкедегі мұнай-газ өндірісіне сай, ағаш егілетін жерлердің санын көбейткеннен халық денсаулығына жасалар қамқорлық аздық етпесі анық. Адам организмінің күрделілігі соншама, терісінің температуралары мен сыртқы әсерді қабылдау деңгейі әртүрлі, тіпті оң жақ танау қуысы мен сол жақ танау қуысының иіс танымдары миға екі түрлі берілсе, тұрғын үй бөлмесінің 10м2 ауданын 14м2 өсірілуі, еңбек қабілетінің өсуіне 2,5 пайыз үлес қосып, ауыру ұзақтығын 1,7 тәулікке қысқартқан. Парктің кірер ауызы орталық көшедегі сауда орындарына не ауыл клубынан келетін бағытта болғаны тиімдірек, ауызға жақын сирек отырғызылған ағаш, бұталар арасындағы күндіз балалар ойнайтын алаңдар мен ойын аттракциондары, кешкі қариялар демалысына арналған мекенге арнайы орын белгілеудің мәні зор. Жасы келген жанның өзі, түйсігінің түбінде алаңсыз асыр салып жүрген, санасында сақталған нәрестесіне күтім іздейтін кездері аз болмайды, таза ауа мен бейбіт тыныштық адам денсаулығына эмоциялық тұрғыда жағымды әсер беретін болады. Парктерде жергілікті ағаштар мен бұталарға басымдылық берілгенімен, климатында аз-кем өзгешеліктері бар реңдері өзге ағаш-бұталарды жерсіндіруге талаптанған дұрыс деп ойлаймын. Ауыл паркінің орталық ядросына орналасқан ауыл мұражайы жәдігерлерінің, көзі көріп құшағында өскен туған жер тарихын, бабасының ғұмыр кешкен дәуірінің тұрмысы мен тағлымынан хабар беретін куәгерлердің, өскелең ұрпаққа берер иман өнегесі, ұрпақ тәрбиесіне өлшемсіз байлық болары ақиқат. Қазіргі заманда ауылдық жерлерде мешіт тұрғызу үрдіске айналуда, құдай үйі аталатын мешіт насихаты, дін ұстану маңыздылығы қаншалықты қажетті болғанымен, ұлттық дәстүрге ешқандайда үстемдік жасамауы тиіс деп пайымдаймын. Отанын сүю иманнан бастау алса, иманды болу мәдениетті тәрбиеден нәр жинайды. Адами құнарлылық, мәдениетті парасатты болудың алғы шарты, ұлтыңның, ата-бабаңның өткенін ұмытпауда екені шындық. Мұражай жәдігерлеріндегі ата-аналарымыздың киер киімге, ішер асқа, жағар отынға жарымай жүріп, байланыс құралдары мен техника көліктері жетіспеген кезеңдерде, бүгінгі ұрпағының болашағы үшін жанқиярлық күрестерінің іздері, хадис тағлымындағы; «қабырстанға барып зиярат етіп тұрыңдар, ол естеріңе ахиретті салады» деген ұлағатынан кем болмай, талайларды тәубасына түсіретін, қазіргі еріншек-жалқаулықты жоятын, жемқорлықтан құтқарып, елінің салты мен жерінің киесін сыйлайтындай сезім беретін тәрбие ошағы болары анық. Архитектура өнері бейне бір ауада қалықтап тұрған әуезді әуеннің көзге көрінетін, шыйрыққан шабыттың иірімдері іспетті, тәккаппар асқақтығы бар кез-келгеннің қол шоқпарына келмейтін, талантты талғамды керек ететін қиын өнер.

Адамзатты таң қалдырған «әлемнің жеті кереметі» осы өнердің ескерткіш туындылары екенін мойындамайтын пенде жоқ. Өлкеміздегі тарихи шайқас оқиғалары мен батыр, би-абыздардың ұлағатты сөздері, махаббат хиқаялары мен сонау алғашқы қауымдық адам іздерінен бергі сан алуан құбылыстардың әрқайсысы, ұрпаққа өнеге сәулет өнерінің мүсіндеріне сұранып-ақ тұр. Жақсы талғам болса, мұражайдың сыртқы көрінісінің өзін, сұлулық пен тәкаппарлықтың келісті келбетіне айналдыруға әбден болады. Мысалы, қазақ топырағында алғаш рет әдебиеттегі мифология тақырыбына қалам тартқан, Шетпе кентінің тумасы, ғалым С.Қондыбай мұражайының сыртқы келбеті, алдынан қарасаң қазақы киізді ағаш үйді, қапталынан қарасаң жатқан арыстанды елестеткен, Маңғыстау өлкесінің танымдық бейнесі Шерқала тауы кескіндес қылып, Отман тауындағы тарихи мемориалды биік тау шоқысына орналастырып, Жаңа-өзеннің ұлу тастарынан  тау каньондарының орнына, ғылым еңбектеріндегі мифологиялық кейіпкерлерінің бейнесін, мұражайдың сыртқы қабырғасына ойып, барельефтік әдіспен шығарса, ел аралаған туриске, жарқырап тұрған паң-биіктік, ежелгі грек елінің ескі дүние ескерткіштерінен кем әсер бермесі анық. Сол Шерқала тауының артындағы орыс офицерімен, ислам дінінің хақтығына бәстесіп секіретінімен аты қалған «Ораз ұшқан» жартасында мұражайға жылу, не тоқ беретін қосымша құрылыс нысаны қылып орналастыруға  болады. Қазіргі тартымсыз салынған, аудан орталығындағы ғалым атындағы мұражайды есімін оқып танудамыз. Еліміздің әр аулында мұражайға жәдігер болар тарихи орындар бар, мысалы бүгінгі Шебір ауылы, кешегі Кеңес Одағы кезінде социалистік жарыстан Қазақ ССР-і бойынша 2-ші орын алған, ауыспайтын тұрақты қызыл ту иегері, облыс көлемінде ауыл шаруашылық көрмесін өткізген, облыста алғаш болып электр шамын жаққан 1-Май қолхозының орны. Аса қабілетті басшылары болған Құбышев Медина мен Досжанов Түйтені бүгінгі ауыл-аудан жастары біледі деп айта алмаймын. Бұл асыл азаматтардың ел басқару әдістерін зерделеудің өзінен, бүгінгі басшылардың алар тәлім-тағлымы орасаң зор болары анық. Салыстыру үшін оқырманға айта кетейін, республика бойынша 1-ші орын алған қолхоз басшысы Н.Ю.Головацкий (1912-1996) деген азамат 2 рет Социалистік Еңбек Ері атағымен қоса 6 рет Ленин орденімен марапатталған адам. Орысты ілгері қойған заманда, 1-Май қолхозының мүмкіндіктерімен салыстырсақ М.Құбышев пен Т.Досжановтың ұйымдастыру қабілеті анағұрлым ілгері болуы да ғажап емес...

Елді мекен, тіршілікті қамтамасыз ететін маңызды функциялары бар дене мүшелерінен тұратын, бейне бір тірі организм іспетті, егер олардың орналасу орындарымен өзара байланысу заңдылығы бұзылса ұлы денеде ауру етек алары ақиқат. Көше ұлы денедегі қан тамырлары секілді, ауыл сәулетіндегі өзара байланысты қамтамасыз ететін біртұтас құрылым. Машиналар жүретін жолдардың шама келгенше орталық әкімшілік пен ауыл паркі тектес демалыс орындарынан тысқарырақ орналасқаны тиімді, ондай болмаған жағдайда орталық алаң машина жолдарының қиылысына айналады. Дұрыс ұйымдастырылған ішкі жолдар мен жаяу жүргіншілер соқпағы, шағын алаңқайларға орналасқан жасыл желек арасындағы демалыс орындарынан тысқары орналасып, орталық көшенің жіңішке тамырлары секілді болғаны абзал. Көшенің мақсатына сай асфальт, бетон, щебень, қайырқұм жабындыларымен елді мекен жолдары төселеді. Бағасы аса қымбат асфальтты ылғалда төсемей, сапалы жасаған жағдайдың өзінде өмір сүру ұзақтығы 18-20 жылдан аспауымен қатар қысқы мұзғалақта тайғақ, жаздағы ыстық ауада езіліп, адам ағзасына зиянды концрегенді улы газ бөледі. Өмір сүру ұзақтығы 4-5 жылдан аспайтын щебень төсеніші ауық-ауық тегістеп отырудағы құр ақша шығыны ғана. Экономика жағынан тиімдісі етек-жиектерін дм-і 6мм-лік темір тормен көмкерген, размерлері 500-500 мм-лік, қалыңдығы 8-10 см-лік бетон плита- жол төсенішін, кез-келген елді мекеннен дайындауға болады және өмір сүру ұзақтығы 40 жылдан астам және өндіру шығыны 30-40 пайызға асфальттан арзан. Өлке жолдарына, тас карьерлеріндегі пайдасыз шашылып жатқан формасыз тас бөлшектері мен Қаратаудың табиғи материалдарыныңда пайдаға асары анық, бұдан өзге өндірістен шыққан авто-резиналар төсенішін көше аралық қысқа жолдарға молынан пайдалануға болады. Жол салу мақсаты шаң-топырақпен бірге, қазіргі таңда аспанға ұшып жатқан ботулизм, гильминтез т.б. ауруларға себепкер адам ағзасына зиянды микроптарды азайтады. Бұдан 2000 жыл бұрын, ескі Рим билеушісі Ю.Цезарь түнде жүрмеуге жарлық шығарғандағы мақсаты, бас ауруының 5/4-і,жүйке ауруының 4/1-і,шаң топырақ пен шудың адам ағзасына тигізген әсеріне байланысты екенін дәлелдеген, замана ғылымының жетістігіне сүйенген, халқына қамқор патшаның әрекеті екен.

Ұсынысым, үйреншікті жол салу технологиясындағы топырақ үйіп, нығыздалған жол полотнасынан гөрі, керсінше жердің шөп өсетін қабатын қырғаннан кейінгі табиғи тығыздылықтан бастап жол қабаттарын орналастырып, өлімге апарар жол апатын азайту мен ауладағы су ағысын бағыттау мақсаты бар, жасалуы  сапалы, шығын ақшасы аз жолдар салуға бет бұрғанымыз тиімді. Мемлекет байлығы, қазақ ұлтының денсаулығы мен рухани құнарлылығының алтын тамыры бастау алған, қасиетті қара шаңырақ ауыл сәулетінің мәдениеттілігі, өркениетті әлемдік бәсекелестегі қазақ ұлтының жарқын болашағының айнымас кепілі. Даму жолындағы өркенниетті, бай-қуатты елдермен иық теңестірмек үшін бүгінгі «қалыпты жағдайды» бұзып шығу керек. Оған біздер тікелей жауаптымыз, замандас!

Әзірбай Бекиев, құрылыс маманы

Abai.kz

0 пікір