Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 11912 1 пікір 9 Тамыз, 2016 сағат 12:19

АЙДЫННЫҢ АЙТҚАНЫ АҚИҚАТҚА АЙНАЛДЫ

Жер комисиясының алғашқы отырысына қатысып, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында 80 мың га жерді қытай азаматы заңсыз иеленіп отыр деп дабыл қаққан қоғам белсендісі Айдын Егеубаевтың (суретте) сөзі шын болып шықты. Айдынның ақиқатты айтқанын аталған комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан мырза растап әлеуметтік желідегі (FB) жеке парақшасында былай деп жазады:

«Естеріңізде болса, шамамен бір ай бұрын,  комиссияның Астанадағы отырысында Айдын Егеубаев (Aydyn Egeubaev) деген жігіт Үржар мәселесін көтерді. Сол отырыстан кейін мен және комиссия штабының басқа да  қызметкерлері бұл мәселені тексереміз деп Айдынға уәде бердік.
Сонымен, Айдын айтқан фактлерді тексеру үшін Шығыс Қазақстан облысына комиссия штабынан бір-екі адам арнайы жіберілді. Олардың қасында прокурорлар да жүрді. Қазір міне, ресми тексерудің нәтижесін сіздерге көрсетіп отырмын.
Біріншіден, жерді алған фирманың 45% қытайлық азамат екені рас. Екіншіден, олар жерді жалға алып, ҚР бюджетінен миллиондаған теңге дотация алып отырған екен (шамамен 500 млн. тг). Ал өздері жерді 75-100% көлемінде игермеген. Сонда олар Қазақстан бюджетінен алған дотацияны қайда жұмсаған?
Қазір бұл фактілермен прокуратура айналысып жатыр.   Бұл –  комиссия жұмысының бір ғана көрсеткіші».

Естеріңізге сала кетейік, Айдынның азаматтық айқайы алдымен Abai.kz порталында жарияланған болатын (http://abai.kz/post/view?id=7911). Сол кезде Айдын Егеубаев мынандай сұмдықтың бетін ашқан:

 

- 2010 жылы Қытай өкіметі ауыл шаруашылық саласы инвестициясына деп 2 млрд. 300 млн. АҚШ доллары көлемінде қаражат бөледі. 1974 жылы туған Бияділов Нұрлан Нуриович дейтін азаматқа Қытайдан «мистер Джеймс» (бүркеншек аты) дейді, Zhang Weidong деген Қазақстанға келіп, «Нұрлан, Қытай ауыл шаруашылығына инвестиция бөліп жатыр, бізге Қазақстаннан соя егетін жер керек» дейді. Нұрлан «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған кезде Zhang Weidong-пен қатар оқып, сол жақта таныс-тамыр болған.

Естеріңізде болса, 2010 жылы Шонжы, Жаркент жақтан Қытайға жер бергелі жатыр деп шу шықты.  Бұл жақтағы халық наразылық танытқан соң, бұлар Шығысқа, Үржарға барады. Үржар ауданының әкімі Бауыржан Жанақов оларға «Бізде бос жатқан жер жоқ. Игерілмей жатқан жерлердің иелерімен сөйлесіп көріңдер» деп жібереді.  Үржар ауданынан Ержан Тілемесов деген азаматтың атындағы «Ғани» ЖШС-на тиесілі 6080 гектар жерді келісім шартпен алады. Сөйтіп, жұмыс істеп жатады. Бұл – 2010 жылдың қазан айы. Ал, сол жылдың 2 желтоқсаны күні  Нұрлан Баяділов Тілемесов Ержанның атындағы «Ғани» ЖШС-на тиесілі 6080 гектар жерді «Дәремет» ЖШС-ның атына білдірмей аударып алады. Олар мұнымен тоқтамай, сол маңнан 7250 гектар жерді «Дәремет» ЖШС-ның атына тағы аударып алады. Бұлардың «Бәтуа» ЖШС деген фирмасы және бар. Сонымен, Таскескен жақтан, Қарабұта аулының маңынан,  жалпы аумағы 84 мың гектар жерді алып алады. Бұл жерлердің ар жағындағы инвестор – қытай азаматы. Бізге жеткен ақпарат бойынша, бұлар 2 млрд.300 млн доллар қытайдан бөлінген инвестицияны алып, оның 600-800 млн. қаражатын жерге салады да, қалғаны,  шамамен 1,5 млрд. доллар ақшаны жоғарыдағы қытай азаматы   Малайзиядан счет ашады да, сол жаққа аударып жібереді. Ал, қытай азаматынан ақша алған  Нұрлан Бияділовтың Игісінов Талғат Қазыбаевич деген кластасы бар. Талғат төрт жыл болды Швецарияда тұрады. Әлгі ақшаны осы Талғат, Нұрлан екеуі Швецарияда, Англияда игеріп жатыр. Осыған тексеріс жүргізу керек.

 «Осыған тексеріс жүргізу керек» деп комиссияның алғашқы отырысында мәселе көтерген Айдынның өкінішке қарай сол кезде жеке басының мәселесі тексеріске түсіп, әуіре-сарсаңды күндер кешіп кетіп еді. Енді, міне, оның босқа сөйлеп, бопсалап жүрмегені анықталуда.

Қысқасынан қайырғанда, Айдынның ақиқатынан қандай қортынды жасаған жөн?

Біріншіден, қазақ жерінің тағдырына алаңдап, түйткілді мәселе көтерген адамды  (азаматты) бас салып «бұл – бүлікші, ел тынштығын бұзайын деп жүр», «жалған ақпарат таратушы, ондай адамды жазалау керек» дейтін сыңайдағы әкімшілік-әміршілдік қоқан-лоққыны қоя тұрып, тиісті органдар алдымен ел ішінің сөзіне жете мән беруі керек. Өйткені, Айдын сияқты істің ақ қарасын білетін жігіттер аз емес, алайда олар «айдалып кетеміз бе?», «басымызға пәле тілеп аламыз ба?» деп үндемей отыр. Ал, бұл үнсіздік әзірше биліктің пайдасына шешілгенімен түбі жақсылыққа апармайды.

Екіншіден, «Болашақ» бағдарламасымен оқыған Нұрлан мен қытай азаматының махинациясы бізге жерді шетелдіктерге жалға беруге болмайтындығын кезекті рет көзге ұрып тұрып дәлелдеген сияқты. «Жерді қайткенде шет елдіктерге жалға беру керек» деп қыңырайып отырған өкімет осы бетінен қайтпай, екі жақты біріккен кәсіпорын немесе шаруа қожалықтарын құрған жағдайда (әрине, де юре қожайын – қазақ, де факто қожайын – шетелдік азамат) да жерді игерудің әдіс-тәсілі ақша жеу, мемлекетті аямай тонаудың жалғасы болып шығуы мүмкін. Мұның соңы қазақ жерінде ала бағандар тізіліп, темір сымдар тартылып,  «үй ішінен үй тіккеннің» керіне айналуы ықтимал.

Түйін: Жер комиссиясының жұмысын тоқтату туралы жоғарыдан пәрмен келіп қалмаса, талай Айдынның аузындағы сөз нақты деректерге айналады деп күтеміз. 

Abai.kz      

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322