Алматыда жасөспірімдер қылмысының төмендегені байқалады
Алматыда жасөспірімдер қылмысының төмендегені байқалады
Қабылданған шаралардың нәтижесінде Алматыда жасөспірімдер арасындағы қылмыс 8%-ға төмендеді. Полицейлік талдау көрсеткендей, қылмыстың 42,2%-ы ересектердің қарауынсыз Алматыға қысқа мерзімге басқа қалалардан келетін жасөспірімдермен жасалады екен.
«Кәмелетке толмағандар арасындағы жедел жағдайды тұрақтандыру мақсатында ағымдағы жылы мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен «Демалыс», «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Көше», «Жасөспірім – Заң – Қауіпсіздік», «Жұмыспен қамту» сияқты 7 жедел-алдын алу іс-шаралары өткізіліп, неғұрлым криминогендік учаскелерде жергілікті жұмыстар жүргізілді. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде түрлі құқықбұзушылықтар жасағаны үшін және қадағалаусыз қалған 6 мың 875 жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілді, оның 6 мың 814-і әкімшілік құқықбұзушылық жасағандар. 505 жасөспірім мен 325 қолайсыз отбасылар ішкі істер органдарына есепке қойылды. Сонымен қатар, кәмелеттік жасқа толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде және заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тысқары жерлерде жүру фактілерін анықтау үшін тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізіліп тұрады. Шара нәтижесінде 2 мың 193 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,- деп хабарлады Алматы қаласының ІІД Жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Лейла Әліпбаева.
Спикердің айтуынша, пәрменді шаралардың бірі кәмелетке толмаған жастардың құқықтық сауатын арттыру болып табылады. Осыған орай, мүдделі мемлдекеттік органдармен бірлесе отырып, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мен жолын кесу, сондай-ақ бала тәрбиелеуде ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мақсатында жалпы білім беретін оқу орындарының оқушыларымен және олардың ата-аналарымен кездесулер өткізіліп тұрады.
«Ағымдағы жылдың басынан бері қаланың білім мекемелерінде 5513 тақырыптық дәрістер мен әңгімелер ұйымдастырылды. Осы мақсатта мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ІІО есебінде тұратын, тәрбие колониясындағы, ІІО-ның арнайы білім беру ұйымдары мен мекемелеріндегі кәмелетке толмағандарға бару тәжірибесі жалғасуда. Жүргізілген алдын алу жұмыстарына оқушылар арасында орын алатын құқықбұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесуде мектеп полиция инспекторларына көмек көрсеткен балалар мен жасөспірімдер ұйымдары («Полицияның жас көмекшілері», «Жас Ұлан», «Жас Қыран» жасақтары) белсене атсалысты. Оқушылардың мұндай құрылымдары оқу мекемелеріндегі құқық тәртібінің жай-күйіне оң әсерін тигізуде. Мектеп полиция инспекторларының, педагогикалық ұжымның үйлесімді жұмыстарының және оқушылардың өзін-өзі басқаруының арқасында мектеп оқушылары тарапынан жасалған қылмыстар саны 38,5%-ға азайды»,- деді полковник Әліпбаева.
Сондай-ақ қала және аудандар әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссиямен өзара тығыз байланыс кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алудың басты тетіктерінің бірі болып табылады. Ағымдағы кезең аралығында комиссия отырысында кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты әртүрлі фактілер бойынша 142 материал қаралды. Баланы тәрбиелеу, оқыту мен күтіп-бағуда өз міндеттерін орындамағаны үшін 24 ата-анаға қатысты ең соңғы шара – ата-аналық құқықтарынан айыру шарасы қолданылды, сондай-ақ 99 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Гүлнар Жаманқұлова, Алматы қаласының ІІД Баспасөз-қызметі
Абай-ақпарат