Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қоғам 6880 0 пікір 14 Қараша, 2016 сағат 07:03

«БОЛАШАҚТЫҚТАР» - ПАТРИОТ, БІРАҚ ЕЛГЕ КЕЛГІСІ КЕЛМЕЙДІ

Мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасымен шет елде білім алып, елге оралған бауырымның әңгімесінен ...

Мектеп жасымызда көптен армандап, жақсы оқу орнына түсу үшін сабағымыздың бәрін үздік бағамен бітіруге тырысатынбыз. Ата-анам мен оқыған мектепте мұғалім болып жұмыс жасайтын. Сондықтан, біздің отбасымызда білімге ден қою – кішкентайымыздан қалыптасып үлгерген дүние. Содан мектепті бітірдік. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары баға алған соң Алматы қаласындағы ҚазҰУ-ға оқуға түстім. Жоғарғы оқу орнында да талабымыз бен оқуға деген ықыласымыз жоғары еді. Осындай оқу күндерінің бірінде «Болашақ» бағдарламасымен танысу нәсіп болды. Шет елде білім алу ол да бір белес болатын. Бұндай мүмкіндіктер бар екенін бұрындары бірен-саран адамдардан еститінбіз. Енді өз көзімізбен көріп, құлағымызбен естіген күнге де жеттік. «Болашақ» бағдарламасымен шет елде білім алып, одан соң елге оралып, Отанымызға қызмет етуден басқа артық ой болған жоқ. Осы ой түнді түн күндізді күн етпеді. Жатсам тұрсам ойдан шығар емес. Сабақта жүрсем де, үйге оралсам да есіл-дертім шет елде оқу болды. Барлық талаптарымен танысып шықтым. Өз бойымнан табылатын қасиеттер толықтай сай келетіндей болып көрінді. Ал, тәуекел! Құжаттарымды тапсырдым. Содан емтихандарға дайындалдым. Емтиханнан жоғары баға алып, қысқасы шет елде білім алу мүмкіндігіне ие болдым.

Ұлыбритания мен Германия елдерінде оқыдым. Өзім сияқты қаншама қазақ қыздары мен жігіттерін көрдім, таныстым, дос болдық арамызда ортақ бір нәрсеміз болатын. Ол біздің туған еліміз – қазақ жері. Бір тағдырда, бір қанда, бір тудың астынан шыққанымыз бізді әрдайым жігерлендіретін. Елге барып келген бауырларымыздан елдің жағдайын сұрастыратынбыз. «Шетте жүргеннің несібесі ерекше» дегендей ата-аналарымыз әрдайым жиған тергенін, тәттісі мен жылысын бізге жолдап жіберетін. Елден келген сәлемдеме біз үшін ең қызық та қымбат нәрсе болатын. Бір-бірімізден туған жерге баратын уақыттарымызды сұрастырып жүретінбіз. Көбіне елге кеткен бауырларымызға туыстарымызбен жолығуын өтініп, сәлем айтып жүрдік. Кейде «өз баласын көргендей» сезімде болған ата-аналардың да жағдайын еститін едік. Осылайша әрбір күн өз қызықтарымен өтіп жатты.

Осылайша маған да бір елге барып қайту кезі келді. Кетерімде бір-екі бауырымыз елдегі ата-анасына барып қайтуды сұрады. Осылардың ішінде «патриот десе патриот» бір қыз баласы болатын. Өзінің бөлмесіне Қазақстанның туын іліп, ұлттық нақыштағы әртүрлі бұйымдармен әшекейлеп қоятын. Бұл іс маған қатты ұнайтын. Қызықтың бәрі осыдан басталды.

Туған елге келгеннен соң туған-туысты, дос-жаранды түгел қалдырмай іздеп, жолығып шығасың. Елден тысқары көрген білгеніңмен бөлісесің. Бәрінен де осы қызық болатын. Содан соң бауырларыңның аманат етіп айтқан істеріне кірісетінбіз. Осылайша әлгі қыздың үйіне бару кезі де келді. Үйін сұрастырып, айтылған мекен-жай бойынша іздеп таптым. Ата-анасымен кездесіп, қызының жағдайын айтып едім, көңілдері орнына келді. Менің келетін уақытымды біліп дастархан да дайындап қойыпты. Баласының хабарын алып келген мені құдасындай күтті. Үстел үтінде біраз әңгіме дүкен құрдық. Мен білетін қыздың ата-анасы да тәрбиелі, ұлтжанды азаматтар екен. Сөз арасында қызының оқуды бітірген соң қайда жұмыс қарастыратынын сұрадым. Әкесі табжылмастан өз мамандығы бойынша іс қылатынын айтты. Менің ойымдағы нәрсе ол емес-тұғын.

- Елге келгеннен соң қайда жұмыс жасайды? - деп сұрадым. Осы кезде барлық мәселенің шешімі табылғандай болды.

Қыздың әкесі:

- Оқыған жерінен дұрыс жұмыс тапса болды, сол жақта қалып жұмыс жасай берсін, - деген жауап алдым.

- Сонда қалай, елге келмейді ме? - дедім.

- Жоға, бұнда не бар оған?! Шет елде оқыған соң сол жақта қалғаны дұрыс қой. Ол сонда қалады, - деді.

Бұндай жауап аламын деп мүлдем ойламаппын. Әлгі қыздың бөлмесін ұлттық нақыштағы безендіруі көз алдыма келе берді. Бірақ, ол мен үшін түкке тұрмас іс болып қалды. Осыдан өзіме ой түйдім. «Мен оқуды бітіріп келсем міндетті түрде елге келіп жиған-тергенімді туған елімнің өркендеу жолына жұмсаймын» деп ішімнен белімді бекем будым.

 Осындай шет елдің алдыңғы қатарлы озық жоғары оқу орындарында білім алып, бірақ алған білімдерін елдің мүддесі үшін емес, өз басының өсуі үшін қолданатын бауырларымыз қаншама?!

Осы орайда, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы сынды қазақтың тұтқасын ұстаған ұлдары да шет елде білім алып, қайтып елге оралып қызмет еткен жоқ па?! Әйтпесе, екеуі де қазақтың бай қуатты отбасынан шыққан жігіттері емес пе еді?! Ресейдің кез келген қаласында өзінің дүкендерін ашып, кәсіп етсе ешкімнің де оларға тағатын айыбы болмас еді ғой. Бірақ, Әлихан бір жолы оқудан елге оралғанда өзімен бірге еріп келген орыс баласының аяқ киімін қазақтың жігіті сүртіп жатқанын көргенде жүрегі қан жыламап па еді?. «Менің бұлай ақ жағалы киім киіп, елімнің жігіттері қараңғылықтан өлместің күнін кешіп жүргені елін сүйген азамат үшін жарамас» деп, елге қызмет ету жолында аянбай малымен де жанымен де күрескен жоқ па?!

Көзімізді тырнап ашқаннан бері құлағымызда қалып қойған «Кел балалар, оқылық», «Бай мен жарлы баласы», «Өнер білім бар жұрттар» сынды еңбектерімен елдің сауаты үшін қаламын түсірмей еңбек еткен Ыбырай аталарымыздың жолын жалғаушы ер азаматтарымыз қайда?!

Қазақтың тағдыры үшін үлкен көмек болар деген оймен Түркістан-Сібір темір жолын салдырған Мұхамеджан Тынышбаев сынды алыстан ой жүгіртер жігіттер жоқ па еді?!

Елдегі болып жатқан ашаршылықтан қырылып жатқан халықтың жай-жапсарын жазған «Бесеудің хаты» еңбегінің авторлары өз өмірлерін халық тағдырынан биік қойды ма?! Қылышынан қан тамып тұрған қызыл империяның саясатынан тайсалмай, қызметінен айрылатынына қарамастан «Тұрар Рысқұлов» деп қол қойып, Сталиннің алдына апарып берген жігіттер нағыз батыр емес пе?!

Осындай істерімен танылған еліміздің жігіттері әр кітаптың бірінші беттерінен орын алғандығы соның айғағы емес пе?!

Ағаларымыздың ісін жалғап, алған білімдерімізді қазақ елінің болашағы үшін пайдаланатын болсақ, біздің Ел қандай жау болса да алдырмас қамал болатыны анық деп ойлаймын.

Аққу Қонысбаева

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052