Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5068 0 пікір 25 Шілде, 2017 сағат 11:14

Ономастика – ҚР Тәуелсіздігін паш етіп тұратын Көк Тудан кем түспейтін үлкен сала

Қазіргі замандағы жаһандану үрдісі жағдайында адам өмірінің барлық саласында тіл саясаты саяси және экономикалық оқиғалармен, үрдістермен тығыз байланысты болып отырғаны белгілі. Тіл саясаты оны теориялық тұрғыдан танып-білуден бастап, оның қолданбалы жағына дейінгі аралықтың барлығын қамтиды. Тіл саясатын бірқалыптылықпен жүргізудің объективтік қиындықтары да болады. Ол қиындықтар, ең алдымен, тілдің қарым-қатынас құралы болуымен және белгілі бір ұлттың төл белгісі болуымен байланысты. Өйткені осы аталған қиындықтар тілдің толыққанды  қарым-қатынас құралы болуы үшін жеткілікті дәрежеде жасалмай жатқан ықпалдардан басталады.

Қазақ тілі [Символ] Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Сондықтан қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесінде дамыту саясаты мемлекет, үкімет, қазақ халқы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан жүргізілетін барлық жұмыстар мен іс-шаралардың жиынтығы болып табылады. Барлық атқарылған жұмыс қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесінде сақтау, қорғау, дамыту, соның негізінде қазақ тілінің функционалдық аймағын кең қамту бағытында іске асырылады.

Қазақ тілі жүйесінің нормасы [Символ] өз болмысында іргетасы мықты, дыбыстық жүйесі мен лексикасы бай, сөзжасамдық механизмі озық, грамматикасы терең тамырлы Алып Бәйтеректі білдіреді десек қателеспейміз. Өйткені қазақ тілі [Символ] Мағжан Жұмабаев «алтын тілім» деп жырлағандай, бағалы металл болып табылатын алтынның да қасиетіне ие болып отырған қасиетті тіл.

Алтынның металл ретіндегі басты қасиеті - оның түрлі химиялық реакциялар мен процестерге деген шыдамдылығы. Сонымен бірге алтын өте жақсы жылу өткізгіш болып та саналады. Алтынның тағы бір маңызды қасиеті – оның нығыздығы. Қазақ тілінің де осындай қасиетіне барлық уақытта қазақ халқы да, қазақстандықтар да куә болып келеді. Қазіргі ауызша қазақ тілінің көпөлшемді жүйесінде сақталған қанша субстарт, адстрат, суперстрат болып бөлуге болатын тілдік қабаттар бар! Тарихтың қанша дауылы соқса да, қазақтар әлемге тарап кетсе де, біртұтастығын сақтаған қазақ тілі сол тарап кеткен қазақтардың өзін тануы мен бауырын тануының, Отанын тануының белгісі ғана емес, қуатты қозғаушы күшіне айналып отыр. Қазақстанның төрт тарапынан келген қазақтар ғана емес, шетелдік қазақтардың да еш диалекті дегенге кездеспей, қысылмастан өзара  қазақша еркін сөйлеуінің өзі тіліміздің нығыз да бірқалыпты сақталған алтынның сипатына ие тіл екенін дәлелдейді. Бұл тұста Ахмет Байтұрсынұлының: «Тілдің міндеті - ақылдың аңдауын аңдағанынша, көңілдің түюін түйгенінше, қиялдың меңзеуін меңзегенінше айтуға жарау. Айта алатын адамы табылса, тіл шама-қадырынша жарайды. Бірақ айта алатын адам табылуы қиын», - деген сөзі өте орынды болмақ.

Уақыт қазақ тілі жүйесін де, сөйлеу ерекшеліктерін де, оның ішінде лексикалық, ономастиалық, терминдік яғни барлық лексикалық тетіктерін де қарқыннан қалмайтын қозғалысқа түсірді.

Бірақ заманның өзінің сол кезде ұстанған саясаты мен экономикалық бағыттарын тарих парақтарына «мөр етіп» басып қалдыратын бір ерекше «қызметі» бар. Заманның мөрі, әсіресе, жер мен су, мекен, көше, ауыл атауларына байланысты қатты соғылып, оларды кетіру өте шабандап қалып жатады.

Тәуелсіздік – Жер мен Су деген киеліміздің төл атауларын «зынданнан шығарып», мойнына түскен бодан бұғауын сыпырып алып тастаудан басталады.

Астана қаласында  2016 жылғы 6 қыркүйекте өткен «Ономастика және көрнекі ақпарат: міндеттер мен ұсыныстар» атты семинар-кеңесінің материалдарына сүйенсек, бүгінгі күні Қазақстан Республикасының жерінде  «Ленин, Совет, Октябрь, Алексеевка, Николаевка, Антоновка, Коммунистическая, Пролетарская, Пятилетка, Семилетка, 25 лет Октября, 40 лет Октября, 50 лет Октября, 60 лет Октября, 21 партсъезда, 22 партсъезда, 30 лет ВЛКСМ, 50 лет ВЛКСМ, 60 лет ВЛКСМ, 50 лет Каз ССР, Буденновка, Комсомольская, Пионерская, Целинная, Маркс, Энгельс, Бауман, Киров, Тухачевский, Урицкий, Фрунзе, Котовский, Дзержинский, Калинин» атауларының алынып тасталмақ түгілі, жүздеп кездесетіні туралы «Ономастикалық жұмыстардың бүгінгі жай-күйі және оны жетілдіру жолдары» атты баяндамасында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Балаева Аида Ғалымқызы атап көрсетті.

Бұл ойды осы семинарда сөз сөйлеген Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Мелдешов Ғалымжан Сәрсенбайұлы да қостап, мәселеге сан қырынан талдау жүргізілген баяндама жасады.

Ономастика – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін паш етіп тұратын Көк Тудан бір кем түспейтін үлкен сала. Өйткені Қазақстанда туған жас ұрпақ есін білген кезден-ақ, айналасына көз тастап, дүниені тануды жердің, судың, көшені, қаланың, ауылдың атын меңгеруден бастайды. Содан бастап Еркін Елдің Ер Ұрпағын тәрбиелеу мәселесі қарама-қайшылықтарға толы болмай, даңғыл жолмен жүретіндей ашық болуын ойлауымыз керек. Қазақстанның жеріне қонақ болып кірген кез келген шетелдік оның жерінің, суының атауын көргеннен-ақ, Тәуелсіз Елдің болмысын тани алатынына еш дау болмасы хақ. Сондықтан осы салада әлі де болса қарқынмен жасайтын жұмыстар шаш-етектен.

Қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесінде, қазақ ұлтының ана тілі дәрежесінде, қазақстандықтардың қарым-қатынас тілі деңгейінде дамытудың оңтайлы тәсілі  [Символ] қазақ тілін, қазақ мәдениетін және технологияны біріктіру арқылы тұтас дүние әзірлеп ұсыну деп санаймыз. Осы ретте маңызды жұмыстардың бір бағыты ретінде Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті жоспарлы түрде бірқатар іс-шаралар атқарып келеді. Осындай ауқымды жобалардың бірі «Тіл әлемі» интернет-порталын, «Атау.кз» ономастикалық, «Терминком.кз» терминологиялық, «Емле.кз» орфографиялық электрондық базалары әзірленіп, қолданысқа ұсынылды. Комитет тапсырмасымен әзірленген бұл  жобаларды дайындауда Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық әдістемелік-үйлестіру орталығының қосқан үлесі зор.

«Атау.кз» атты ономастикалық электрондық база дайындалды. Бұл базаға барлық өңірлердегі қала, елдімекен атаулары, ірі қалалардағы көше атаулары, мәдени нысан атаулары енгізілді. Сайттың жұмысы ономастикаға қатысты жұмыстардың баршаға ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Портал туралы Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қ.Ж. Асылов: «Жалпы жұртшылықтың тіл мәдениетін арттыруды,  мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуді, онлайн және оффлайн режиміндегі сабақтар арқылы тіл үйренушілердің қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен білімін тереңдетуді көздейтін порталдың  болашағы жарқын болғай!» - деп, ақ тілегімен Порталдың тұсауын кесті.

Порталдың қолданылу аясын кеңейту мақсатында күнделікті ақпараттар легімен алмасып отыратын жаңалықтар және қоғамға қажетті терминдерге қатысты екі блок үш графикада беріледі (кирилл, латын, араб). Бұл қолданушы оқырмандардың санын арттырады, мемлекеттік тілдің насихатталу ауқымын кеңейтеді. Атап айтқанда, Қытайда, Өзбекстанда, Түркіменстанда, Түркияда және Еуропада тұратын қазақтар порталдағы материалдармен таныса алады.

«Тіл әлемі» порталы мен «Atau.kz» ономастикалық, «Emle.kz» орфографиялық, «Termincom.kz» терминологиялық сайтының іске қосылуы интернет кеңістігіндегі тілдік контенттің көбеюіне, оны қолданушылар санының артуына, мемлекеттік тілді қашықтықтан үйренушілер қатарының өсуіне мүмкіндік жасайды.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мемлекеттік тілді үйретудің тиімді әдістерін тарату, еліміздегі тіл орталықтарының жұмыстарын үйлестіру, тілді қашықтықтан үйретуге мүмкіндік туғызу және т.б. өзекті мәселелерді шешуді мақсат ететін сайттар мен портал тілдің әлеуметтік, қоғамдық құбылыс ретіндегі қызметін мейлінше толық қамтитын 1)Тұғыр; 2)Ақпарат; Әдіс;  4) Тіл райы;  5) Тарту; 6) Толғаныс; 7) Орта сияқты блоктардан тұрады. Бұл жобаға ғалымдар тобы белсене атсалысты. «Тұғыр» блогы қазіргі «Басқы бет» қызметін атқарады. Бұл бастапқы бетте порталдың құрылым атаулары, яғни негізгі блоктар және жанама блоктар, сонымен бірге басқа сайттарға сілтемелер орналастырылады. «Ақпарат» блогында жаңалықтар, тілдің өзекті мәселелері туралы қажетті мәліметтер, Министрлік, Комитет, Орталық тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде хабарлар беріледі. Бұл блок үнемі жаңарып, толығып тұрады.              «Әдіс»  блогында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқытуға арналған әдістемелік еңбектер орналастырылады. Олар іштей оқу құралдарына, интерактивті инновациялық мультимедиалық бағдарламаларға, оқытушылар мен әдіскерлерге арналған ғылыми-әдістемелік еңбектерге, балаларға арналған тіл үйрету құралдарға, бейне және онлайн сабақтарға, сөздіктерге бөлінеді. Порталды қолданушы осы блоктағы оқу-әдістемелік материалдар арқылы тіл үйрене алады. Блоктың «Ғалымнан кеңес», «Әдіскерге көмек» модульдері арқылы  әрбір қолданушы өзіне қажетті жалпы тілге және тіл үйренуге қатысты кәсіби, ғылыми, әдістемелік көмек алады. «Тіл райы» блогы мемлекеттік тілде жарнама мәтіндеріндегі қателіктерге, теле және радио тілшілерінің сөз қолданысындағы олқылықтарға назар аударып, оларды түзетуге, тілдік нормаларды сақтауға бағытталады. «Тарту» блогынан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысы бойынша шығарылып жатқан баспа өнімдерінің және «Тіл және қоғам», «Туған тіл» альманахтарының, «Балапан әлемі» журналының, «Ономастикалық хабаршы», «Терминологиялық хабаршы» бюллетендерінің және т.б. электронды нұсқаларын да оқуға болады. Сонымен бірге бұл блокта  қазақтың  әдеби тілін, көркем әдебиетін тануға, сөз байлығын еселеуге және тілді дұрыс қолдануға жәрдемдесетін әдеби, публицистикалық таңдаулы үлгілер жинақталады. «Толғаныс» блогында мемлекеттік тіл тақырыбындағы  ғылыми, ғылыми-көпшілік, публицистикалық мақалалар, порталды қолданушылар тарапынан ұсынылатын  ой-пікірлер, ұсыныстар орын алады. Блокта «Тіл жанашырлары» клубы ашылып, мемлекеттік тілге қатысты өзекті мәселелер қоғамдық пікір кеңістігінде талқыланады. «Орта» блогында  портал туралы ақпарат, байланыс, мекенжай картасы, негізгі блоктарда көрсетілген жобаларға тікелей кіруге мүмкіндік алу үшін тақырыптық анимациялық қиындылар орналастырылады. Тіл басқармалары мен тіл орталықтары туралы ақпараттар орналастырылады.

«Termincom.kz» электрондық сайты «Бекітілген терминдер», «Терминдер хронологиясы», «Қолданыстағы салалық терминдер», «Ойталқы», «Құқықтық-нормативтік база»,  «Ғылыми-әдіcтемелік негіздер» және «Іздеу» блоктарынан тұрады.

«Atau.kz» ономастикалық электрондық сайты «Құқықтық-нормативтік база», «Ғылыми-тәжірибелік негіздері» және «Іздеу» блоктарынан тұрады.

«Emle.kz» сайтында графика мен орфографияға қатысты теориялық мәліметтер мен сөздіктер орналастырылады. Қазақша дұрыс жазу, сөзді дұрыс айту (дыбыстау) ережелері түсіндіріледі. «Әдеби тіл нормалары» блогында сөз сазы, оның көркем әдебиет пен өмірдегі маңызы, ережелері мен қағидалары берілсе, «Орфография» блогында сөздердің дұрыс жазылу ережелері беріледі. «Пунктуация» блогында тыныс белгілердің қойылу ретіне байланысты ережелер енгізілсе, «Аббревиатура» блогында қысқарған сөздер, олардың толық атаулары, қысқартылу реті, атаулар мен сөздерді қысқарту барысында басшылыққа алынатын қағидалар мен сүйенетін заңдылықтар келтіріледі. «Мақалалар» блогында  ғалымдардың осы сала негізінде жазылған ғылыми мақалалары беріледі.

Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына  25 жыл толуына орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті жақсы тарту алып келді. Жаңа технологияның күнделікті қолданыста болатын пайдалы жүйеге айналуы  –жаңалықтың жаршысы болды.

Қазір әлем бойынша барлық тілдердің ішкі жүйесінде де, экстралингвистикалық, яғни сыртқы жүйесінде де жаһанданудың түрлі лебі тиіп, қарқынды өзгерістер болып жатыр. Солардың ішіндегі ең бастысы – әрбір тілдің жоғалып кетпеу, сақталу, қорын сақтау, байыту сияқты процестерді қарқынмен өткеріп жатқандығы дер едік.  Бұрын адам өзінің айналасын өзгертуші күш болып саналса, енді сол адамның өзін технологиялық жетістіктер өзгерте алатын күш болып отыр. Сондықтан «Тіл әлемі» порталы дер кезінде жасақталып, қазақ тілінің сан ғасырлар бойы жинаған кумулятивтік қазынасын  қағаз жүзінде де, электронды форматта да оқуға, оқытуға, дамытуға мүмкіндік жасалынды. Бұл құбылыс – «Тілдің медиаизациялануы» деп аталады. Бұл құбылысты барлық елде зерттеп, бакалавриатта, магистратурада арнайы маман дайындап, оқытып жатыр. Ендігі кезекте, Порталдың әрі қарай дамуына басшылық жасайтын тек компьютерші мамандар ғана емес, қазақ тілі мен компьютерді бірдей меңгерген маман әзірлеуді қолға алу керек. Әлемдік ақпараттық кеңістікте қазақ тілінің орны қаланып және бүгінгі ұсынылып отырған тамаша жаңа Порталдың мазмұн байлығы кең пайдаланылуы үшін де жаңа сападағы  мамандар даярлануы күтіледі. Бұл мәселені күн тәртібіне қойып отырған осы жаңа «Тіл әлемі» Порталының әлі де ойда мол-мол жаңалықтар туындауына тірек болары сөзсіз деп санаймыз.

Гүлмира Мұғалқызы Құбашева

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси  жұмыс комитеті Нормативтік-лингвистикалық жұмыстар басқармасының басшысы 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379