Ауылшаруашылығын дамытуға ауарайы мен климаттың да қатысы бар
ОҚО әкімдігі өңірдегі ауыл шаруашылығын әрбір ауданның климаттық жағдайына қарай дамытудың тиімділігіне назар аударуда. Бұл туралы Абай-ақпарат облыстық баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. Ол үшін алдымен өңірдегі суармалы жерлердің жағдайын жақсартып, жаңадан суармалы жерлерді айналымға қосу, екіншіден фермерлерге төмен пайызбен берілетін несиелердің көлемі арттыру қажет. Облыс көлемінде машина-тракторлық стансалар (МТС) ашу және фермерлерге ғылыми-консультациялық қызмет көрсететін орталықтар құрылу қажет. Бұл шаралар ОҚО шаруаларының өнім өндіру көрсеткішін еселендіре түсетін болады. Осы бағытта атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыстағы аудандар ауыл шаруашылығы өнімін жинаудан рекордттық көрсеткішке қол жеткізуде. Мәселен, Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек» маркалы шарабымен танымал болған ауылдың жүзім өндірушілері былтыр 234 гектардан 2890 тонна өнім алса, биыл бұл көрсеткіш екі есеге артып, 5148 тоннаны құрап отыр. Сонымен қатар, жеміс-жидектен 1410 тонна өнім алып көш бастаса, жылыжай көлемін 50 га ұлғайтып озат атанды. Ал шардаралық диқандардың ішінде биыл мақташы қауымның еңбегі жанды. Аудан бойынша егілген 11972 гектар мақталықтан барлығы 32400 тонна ақ ұлпа жиналды. Мұнда «ақ алтынның» әр гектардан түсімділігі 27,1 центнерді құрады. Айта кетейік, аудан мақташыларының биылғы көрсеткіші өткен жылғыдан 10 центнерге артып отыр. Сонымен қатар, Қазығұрт ауданы астық өндіруден көш бастады. Биыл ауданда 40 мың гектардан астам алқапқа егін егіліп, 96200 тонна астық жиналды. Яғни гектарына 24 центнерден түсіп отыр. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 137 пайызға артық. Шымкенттік шаруалар да 12 айда 7198 тонна ет өндіріп, облыс бойынша озаттар қатарына кіріп отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 144 пайызға артығымен орындалған.
Абай-ақпарат