АЛМАТЫ ИНВЕСТОРЛАРДЫ ШАҚЫРАДЫ
Алматы қаласы әкімдігінде келелі жиын өтті. Жиын Алматы қаласына инвестиция тарту мәселелерін талқылауға арналды. Бұл туралы «Абай ақпарат» хабарлайды.
Алматы қаласы әкімінің төрағалық етуімен Инвесторлар тарту және Алматы қаласының инвестициялық жағдайын жақсарту кеңесінің бірінші отырысы болып өтті. Кеңес құрамына халықаралық қаржылық ұйымдардың, шетелдік компаниялар қауымдастығының, консалтингтік және заңды компаниялардың, шетелдік және қазақстандық ірі кәсіпкерлердің 42 өкілі кірді.
Басқосу барысында қалалық әкімдіктің соңғы жылғы инвесторлар тарту және Алматының инвестициялық жағдайын жақсарту жұмыстарының қорытындысы жасалды. Сондай-ақ, жиында инвестклиматты жақсартуға байланысты ұсыныстар мен бағыт-бағдарлар айтылды.
Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Алмас Мәдиев үстіміздегі жылдың 11 айында Алматы қаласы бойынша негізгі қорға түскен инвестициялық қаржы 1,1 миллиард АҚШ долларын құрағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, шетелдік 100 елдің 14 мыңнан астам компаниясы тиісінше қамтылған.
Отырыс барысында Кеңес мүшелері қалада инвестиция тартуға барлық жақсы жағдайлар жасалып, қолдаулар көрсетіліп отырғанын атап айтты. Жиынға қатысушылардың айтуынша, шетелдік инвесторлардың қалаға қызығушылығын тудыратын негізгі бір фактор –60-тан астам халықаралық және трансұлттық компаниялар офистерінің және 90 пайыздан астам банктердің бас офистерінің Алматыда орналасқандығы.
«Deloіtte» компаниясының Каспий аймағы бойынша серіктестігі басқарушысы Марк Смиттің айтуынша, қалада туризм мен ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар. Оның айтуынша, Алматыда туризм индустриасы қала экономикасының негізгі бір саласы болуы керек.
– Алматыда жоғары сапалы тағам өнімдерінің өндірісі жолға қойылған, қазір оларды дүкен сөрелерінен сатып алуға болады. Мен қаланың бір дүкенінен барлық әлемдік стандарттарға сәйкес келетін жергілікті өнім сатып алғанымда, керемет таңғалдым. Бұл Алматыда агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда белсенді жұмыстар атқарылып жатқанын байқатады, – деп қорытындылады М.Смит.
Өз кезегінде Ресей мен Еуразиядағы (CERBA) Канада іскерлік қауымдастығының аймақтық директоры Тасқын Қошман Канада іскерлік қауымдастығының атынан Алматы әкімдігін Ванкувер қаласына әріптестік қатынас және бауырлас қалалар бастамасын талқылау үшін шақырды. Оның айтуынша, келесі жылғы мамыр айына жобаланып отырған бұл сапарда қоғамдық көлік, туризм, ақылды қала және басқа мәселелерді талқылау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бүгінде Орталық Азиядағы ең ірі мегаполиске инвестиция құюға ниетті шетелдік компаниялардың қарасы артқан. Үстіміздегі жылы Польша мемлекетінің кәсіпкерлері Алматыға инвестиция бөлуге бекінген-тін. Алматы әкімдігінде Польша даму вице-министрі Витольд Словик басқарған бизнес делегациясымен кездесу өтіп, онда Шетелдік қонақтар Қазақстан мен Польшаның Орталық Азия, Орталық Шығыс Еуропадағы беделді мемлекеттер екендігін атаған еді. Өзара бизнес ынтымақтастықтың тиімді тұстарын дамытуды ұсынып, Витольд Словик Алматының инвестициялық әлеуетін жоғары бағалады. Польша тарапы жеңіл рельсті көлік жүйесін дамытуға үлкен қызығушылық білдірді. Аталған жоба жақын арада жүзеге асуы ықтимал.
Санаққа жүгінсек, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында Алматы мен Польшаның арасындағы тауар айналымы өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге артыпты. Бүгінде Алматыда 49 біріккен кәсіпорын бар. 26 кәсіпорын Польша капиталымен жұмыс істеуде.
Abai.kz