Түлкiбастың алмасы брендке айналар күн жақын
Өңiрiмiзде алма бау шаруашылығын дамыту, оның келешегiн кемелдi ету мақсатында Түлкiбас ауданында семинар-кеңес өттi. Оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жауапты мамандары, аудандар мен қалалар әкiмдерiнiң орынбасарлары, бау шаруашылығымен айналысушы бағбандар қатысты. Таңдаудың осы ауданға түсуi де тегiн емес. Өйткенi, бұрын алмасымен Кеңес одағына атағы шыққан аймақтың даңқын қайта оралту жолында бүгiнгi таңда көптеген игi iстер атқарылуда.
Семинарды аудан әкiмi Ә.Тұрғымбеков ашты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Тұрбеков бұл басқосу әр аймақтың өз ерекшелiгiн ескере отырып, осы маңызды саланы дамыту үшiн өзара тәжiрибе алмасу, жемiс көшеттерiн егу, оған күтiм жасаудың жаңа технологиялары мен озық әдiстерiн үйрену мақсатында ұйымдастырылып отырғанын тiлге тиек еттi. Аталмыш ауданда алма бауы шаруашылығының қарқынды түрде дамып келе жатқаны рас.
Семинарға қатысушылар алдымен Мичурин ауылдық округiне қарасты «Мөлдiр» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнде болып, жұмысымен жете танысты. Жергiлiктi бағбандар Түркияның «Яула Филис» компаниясымен бiрлесiп, осы мерзiмде 110 гектар алқапта қарқынды бау және 5 гектар танапта тұқым бақ өсiруде.
Сонымен қатар, ауданда «Көктал», «Кентау» ЖШС, «Түлкiбас транссервис» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктерi де қарқынды бау өсiрудi қолға алыпты. Түлкiбастық бағбандардың тыныс-тiршiлiгiмен толық танысқан семинарға қатысушылар өздерiн толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, пiкiр алмасты, оңды тәжiрибелерiмен бөлiстi. Кеңесте сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен кездесетiн кедергiлер де ортаға салынды.
Жалпы таулы аймақта орналасқан, ауа райы қоңырсалқын Түлкiбас ауданы жемiс ағаштарын өсiруге өте қолайлы. Бүгiнгi таңда баудың көлемi 3115 гектарды құрап отыр. Өткен 2007–2015 жылдар аралығында мемлекеттiк бағдарламаға сәйкес алма бауы мен жүзiмдiк көлемi ұлғайтылып,
1 429 гектар алқапқа жаңа алма ағашының көшеттерi отырғызылды. Осылайша облыс әкiмiнiң Түлкiбас ауданын жемiс-жидектi аймаққа айналдыру туралы бастамасына сәйкес көптеген жұмыстар атқарылды. Алма ағаштарын өсiруге ниет бiлдiрген ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге қосымша жер телiмдерi берiлiп, алма баудың көлемi жылдан-жылға көбейiп келедi.
Қарқынды бау өсiрумен «Кентау» ЖШС, «Зерде агро» ШҚ, «Түлкiбас транссервис» ЖШС белсендi айналысуда. Шаруашылықтар жемiс ағаштарын күтiп-баптауда өркениеттi елдердiң, оның iшiнде Түркия, Польша мемлекеттерiнiң соңғы үлгiдегi озық тәжiрибелерiн пайдаланады. Бұл интенсивтi бауларға негiзiнен тамшылатып суару технологиясы кеңiнен қолданылады. Барлық қажеттi техникасы бар шаруашылық қызметкерлерiнiң еңбегi айтарлықтай жеңiлдетiлген. Агротехникалық шараларды уақтылы әрi сапалы жүргiзуге ыңғайлы. Мемлекет тарапынан жеңiлдiктер көрсетiлуде. Қарқынды бау үшiн көшеттер отырғызған кезде инвестициялық жобаларды субсидиялау бағдарламасы бойынша алғашқы жылы әрбiр гектарына кеткен шығынның 40 пайызы қайтарылып берiледi.
Бұл аймақтың кезiнде алманың «Апорт» сортын өсiрумен де аты шыққаны мәлiм. Белгiленген талап бойынша апорт өсiру үшiн таңдалып алынған жер алқабы теңiз деңгейiнен 900 метрден жоғары биiктiкте болуы керек. Қазiргi кезде алманың осындай сортын өсiрiп жүрген шаруашылықтардың саны жылдан-жылға көбейiп келе жатқаны көңiлге қуаныш ұялатады. Аудан бойынша оның көлемi 200 гектарға жеттi. Бұл сорт қысқа мейлiнше төзiмдi, 7-8 жылдан кейiн өнiм бередi. Жемiсi iрi, бiр алманың салмағы 500-600 грамға дейiн тартады. Ал, түсi алқызыл болып көз сүйсiнтедi. Ол қыркүйек айында пiседi. Демек, апорт алмаларды келесi жылдың қаңтар, ақпан айларына дейiн сақтауға болады.
2020 жылға дейiн Түлкiбас ауданында алма бау көлемi 3 600 гектарға жеткiзiлмек. Осылайша қарқынды бау өсiру дамытылып, өнiм көлемiн ұлғайту жоспарлануда. Алдағы мерзiмде алманы Түлкiбас ауданының брендiне айналдыру жолында жұмыстар атқарылатын болады.
Abai.kz