Жанат Әскербекқызы. Ай астындағы Кентавр
Өлең туралы ой қозғағанда әуелі Қауырсын қалам еске оралары хақ. Өлең-құс ғаламды шарлап жүргенде бір тал қауырсыны жерге түскен екен дейді есте жоқ ескі заманнан келе жатқан аңыз. Сол қауырсын қаламға айналып, ғалам мен адам жайлы ұлы поэтикалық дүниелер жазылған.
Арыдан емес, беріден бастасақ, кешегі желіп өткен ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Алматы дейтін шәһарға жырға мас қалпымен келіп кірген Маралтай замандастың қолында бір емес, екі қалам бар еді. Бірі – қыл қалам, екіншісі – қауырсын қалам. Осы екі қаламды тұтастырып жіберген жас ақынның өлеңдері де кескін өнері мен сөз өнері туындысының ғаламат үйлесуі сияқты. Оған дәлел – «Натюморт» өлеңі, тағы, тағы басқа да өлеңдері. Оқи бастағанна көз алдыңа сурет қалпымен келетін мына жолдардың ойға жүктер салмағы, санаға салар ізі ақын болмысының бір қырын танытты:
Қалам қалған үстелінің үстінде,
Қағаз қалған үстелінің үстінде.
Шырақ, әне, жағылмаған қалпында,
Құран міне, Құран – Құран қалпында!
Өлең туралы ой қозғағанда әуелі Қауырсын қалам еске оралары хақ. Өлең-құс ғаламды шарлап жүргенде бір тал қауырсыны жерге түскен екен дейді есте жоқ ескі заманнан келе жатқан аңыз. Сол қауырсын қаламға айналып, ғалам мен адам жайлы ұлы поэтикалық дүниелер жазылған.
Арыдан емес, беріден бастасақ, кешегі желіп өткен ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Алматы дейтін шәһарға жырға мас қалпымен келіп кірген Маралтай замандастың қолында бір емес, екі қалам бар еді. Бірі – қыл қалам, екіншісі – қауырсын қалам. Осы екі қаламды тұтастырып жіберген жас ақынның өлеңдері де кескін өнері мен сөз өнері туындысының ғаламат үйлесуі сияқты. Оған дәлел – «Натюморт» өлеңі, тағы, тағы басқа да өлеңдері. Оқи бастағанна көз алдыңа сурет қалпымен келетін мына жолдардың ойға жүктер салмағы, санаға салар ізі ақын болмысының бір қырын танытты:
Қалам қалған үстелінің үстінде,
Қағаз қалған үстелінің үстінде.
Шырақ, әне, жағылмаған қалпында,
Құран міне, Құран – Құран қалпында!
Жансыз кескіндемеге жан бітірген бұл жолдардың ары қарайғы өрісі кеңейіп, үстел, ондағы жағылмаған шырақ, қаламдардан ары ғарыштық кеңістікке еркін қадам басады. Суреттегі Күннің жансыз қалпының өзі оған тән бір ойды қапысыз танытқандай:
Енді қайтіп батпастай боп Күн тұрды,
Батса қайта атпастай боп... бір түрлі.
Суреттегі тағы бір кескін – жалғыз тал сары гүл әдемі көркемдік детальға айналған. Жалпы, қалам да, қағаз да, үстел мен күн де , гүл де – бір-бір ойға қазық поэтикалық детальдар. Бұлардың бәрін даралай назарға алған ақынның қасиетті Құранды күллі кеңістік аясындағы тылсым құдыреттің нышаны ретінде танытуы бұл туындының салмағын арттырған. Қағаз бен қалам, жағылмаған шырақ және бір тал сары гүл қалған үстелдің үсті – төрткүл дүниенің микро-поэтикалық моделі. Суретті кескінмен һәм сөзбен сала отырып, тереңнен ой қозғаған ақынның философиялық толғам-тұжырымы да соншалық нанымды:
Кінәсә не қағаз бенен қаламның,
Түйіршігі тозаңданса ғаламның?!
...айтпақшы гүл құсқа айналған заматта,
Құран болса сүйеулі тұр Сағатқа.
Өлеңнің финалында Құран сүйеулі тұрған Сағат айтылады. Сағат – уақыттың өлшемі. Былайша айтсақ, символикалық тұрғыда, уақыттың деректі бейнесі. Ақын нені айтпақ болды? Қалай айта алды? Лирикада айтылар ойдың баяндалмайтыны, тек бейнеленетіні белгілі. Сол бейнелеу оқырман жүрегіне әсер етті ме, санасын селт еткізді ме? Иә, Маралтайдың бұл өлеңі дәл осы деңгейдегі көркем дүние. Дәл осы өлең басқа өлеңдерінің көш басында тұрып, ақын поэзиясындағы лирико-философиялық бастаудың мысалына айналды. Айтпақшы, тозаң дегенде еске түседі, испандық Хуан Рамон Хименестің бір өлеңі бар-ды:
Черный ветер. А в черном ветре
ледяная луна бела.
В эту Ночь Всех Святых повсюду
причитают колокола.
Бұл жолдарды талантты ақын Ертай Ашықбаев былай аударады:
Тоңған Ай ақ тозаң боп қалмақ тағы,
Келеді қара шекпен түн самалы.
Әулиелер Түнінде зарлап бәрі,
Қорғансыз қоңыраулар мұң шағады.
Көрдіңіз бе, ай ақ тозаң боп қалмақ. Аудармашы «тозаң» баламасын өте сәтті алған. Маралтайдағы түйіршігі тозаңданған ғалам Хименесте ай болып айғақталған. Ай да ғаламның бір түйіршігі ғой. Бұл үндестіктің өзі адамзаттық танымның бастауы бір екенін айғақтай түседі. Поэтикалық ойлау жүйесінің қайнар көзін тым әріден алған Маралтайдың ұлылармен үндесуінің өзі таным тереңдігі мен талант деңгейін межелесе керек. Хименестегі «мұң шаққан қоңырауға» қарап отырып, Маралтайдың «Жез қоңырауын» ойға аласың. Келместің аралына кеткен қайран балалықтың күмбір үніндей болған жез қоңырау...
Жез қоңырау сөйлейтін күз келгенде,
Күз келгенде,
Мектепке біз келгенде.
Сүйісіп те көрмеген сүйкімді қыз,
Жүздесетін едім ғой сізбен мен де.
Қадіріңді сездім бе,
Сезбедім-ау.
Жез қоңырау!
...қайда сол жез қоңырау!
Жан-жүректі әлдилеген ғұмырлық сағынышты жеткізе алған «Жез қоңырау» әркімнің санасында күмбірлеп тұрғандай болады. Бұл өлеңнің табиғатын зерделесек, Маралтайға тән сыршылдықты тани түсеміз.
Қазіргі лирикадағы сан тарау ізденістердің негізі – шынайы сезінуден, толғанудан туындайтын сезімдерді жеткізе білуден бастау алса, бұл тарапта постмодернист Маралтайдың жаңашылдығы «жүрегіне жұлдыз шашып ойнаған түн», «қобыз тартып қаңқылдап көшіп бара жатқан жан», «даланы бауырына алып құлаған қара түн», «адам тәнінен қонарға жер таппаған періште», «санаға сарыған сайқал тағдыр», «аппақ айдың анарындағы дақ», т.б. бейнелеулерден көрінеді.
Постмодернистік поэзияға тән транслиризм, психолиризм сияқты тәсілдер Маралтай өлеңдеріне жат емес:
Түн мекені түнекке
Серік таппай бойлаған.
Біздің ғазиз жүрекке
Жұлдыз шашып ойнаған.
Түннің мұндай қалпы мен әрекетін ақынның ақындық көзі мен түйсігі ғана аңғарса керек. Таптаурын баяндау мен қалыптасқан дағдыдан өзгеше өрнекке бой ұру келесі жолдарда жалғасын тапқан:
Кексе дүние тұр үнсіз,
Көкке сүйреп көңілді.
Қалатындай ғұмырсыз
Санам санға бөлінді.
Алғашқы шумақтан басталған транслиризм сарыны шумақтан шумаққа өткен сайын күшейе түседі. Сөйтіп ақынның ішкі әлеміндегі құбылысты, психологиялық ахуалды микро-әлемнен макро-әлемге көшіреді. Лирикалық кейіпкер мен кеңістік біртұтас бейнеге айналғандай. Психологиялық сарын мен лиризмнің тоғысуына – психолиризмге қарай бет бұрған келесі шумақтағы бейнелеулердің әсерлілігін пайымдап көрелік:
Құстың тынып шырылы,
Жаным аңсап, егіліп,
Қайыңдардың бұрымы
Жүрегіме төгіліп.
Артық сөз жоқ. Құс шырылын аңсаған мазасыз жан, қайыңның «бұрымына» мекен болған жүрек тосындығымен, шебер үйлесімділігімен санамызды селт еткізіп, жанымызды бір сазға бөлейді. Тылсым сырлы жалғанның ашылмаған құпиясы көп. Сол құпияны шеше алмастан фәниден бақиға көшетін рух тіршілігі тоқтамақ емес. Фәнидегі керуен-өмірдің бейнесі «есік қаққан» қалыпта өлеңге нүкте болған:
Біз ұқпаған жалғанның
Сіз табарсыз шешімін.
Қағып, күтіп қалған кім,
Ескі өмірдің есігін?!
Ескі өмірдің есігін қағу – түп бастауға құрмет, соған байлаулы ғұмыр әрекеті. Маралтайдың көркемдік кеңістігіндегі сүйіктісінің қара шашы – өзінің қара түсті мұңы тәріздес. Жұлдыз да сол аңсар жанның жанарында жарқылдап ағады. Санасы сағым кезіп сарғайған лирикалық кейіпкердің тасасында тұрған ақын болмысы бірде Көктегі Аймен кіндіктес жердегі Ай болып көрінсе, енді бірде «тарпаң мінезді», «кісі бейнелі, тарпаң жүректі» Кентавр түрінде көлденеңдейді.
Мен ақынның бірнеше өлеңіне ғана тоқталып, оның ақындық тұлғасының екі-үш қырын аз ғана сөз еттім. Маралтай поэзиясына тереңдей үңілген замандас, кейінгі ізбасар жастар басқа қырларын таныры анық.
«Айтып өткен ақында арман бар ма» деген Мұқағали сөзін «айтып жүрген ақында арман бар ма» деп, сәл өзгертіп, Маралтайға сауал етіп қойғың да келеді. Арман таусылған ба, ол таусылған күні адам баласының тіршілігі де түгесер. Жыр жинақтарын «Ай», «Кентавр» деп атаған Маралтайдың өзі де Ай сипатты, Кентавр бейнелі жан. Бұл екі атау да ақынның автометафорасы. Осы қалыптан жазбай, айдай тылсым сырлы һәм «күміс нұрлы» (Мағжан), кентаврдай ақылды да қайратты, тарпаң мінезді қалыппен жыр-өрісін, өлең-кеңістігін кеңейте берсе деп тілейсің…
Жанат Әскербекқызы,
ақын, әдебиеттанушы.
«Абай-ақпарат»