Кәмшат Тасболат. Ұлттық идеология: біздің басымызды не біріктіреді?
Газетіміздің өткен сандарында «Біз Көк тулы мемлекетпіз бе, әлде көп тулы мемлекетпіз бе?» («Айқын», 7.09.2010, №163 (1587)) атты мақала жарияланған еді. Әңгіме өзегіне айналған жайт - кейбір ұлт өкілдерінің Қазақстан Республикасының ресми туын құрметтеудің орнына ата-жұртының ту нышандарын автокөліктеріне іліп жүруге әуестігі еді.
Газетіміздің өткен сандарында «Біз Көк тулы мемлекетпіз бе, әлде көп тулы мемлекетпіз бе?» («Айқын», 7.09.2010, №163 (1587)) атты мақала жарияланған еді. Әңгіме өзегіне айналған жайт - кейбір ұлт өкілдерінің Қазақстан Республикасының ресми туын құрметтеудің орнына ата-жұртының ту нышандарын автокөліктеріне іліп жүруге әуестігі еді.
Біз бүгін қазақтар мен елімізде тұратын әрқилы диаспора өкілдерінің басын не біріктіреді деген сауалға жауап іздемекпіз. Былай қарасақ, Қазақстанның мемлекеттік рәміздері де ел азаматтарының басын біріктіруші факторға толықтай айнала қоймаған сияқты. Ол түгілі, біздің бір дінді ұстануымыз, яғни әлемнің хақ діні - исламның жолында болуымыз да дүнияуи мүдделерге келгенде, ұлт пен кейбір этникалық топтардың басын қосатын фактор бола қоймапты-ау деп өкінесің. Бірақ бәрі де бір Аллаға белгілі. Тек Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының бейресми туына айналған нышандардың Қазақстанда көтерілуі тілі бір, діні бір, ділі бір қазақ пен ұйғыр арасына сызат түсірмей ме? Неге екі бауырлас халықтың арасына іріткі салушылар «Қазақстан азаматы» болу бақытының қадірін түсінбейді?!
Егер де өткен ғасырдың 90-жылдары шыққан қазақ баспасөзін шолып көрсеңіз, онда тәуелсіздік алған қазақ елі Ресей мен Қытайда қалған бауырлас мұсылман халықтарының барын айтып, олардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келгенін байқайсыз. Қазақ елі қашанда сырттағы бауырларына тілеулес. Бірақ жаңа ғасырдың алғашқы жылдарынан бері қазақ баспасөзі мен зиялы қауым өкілдерінің қытай еліндегі ұйғыр бауырларына қатысты ұстанымының күрт өзгеріп кеткенін байқау қиын емес. Арадағы салқындықтың неден пайда болғаны баршамызға белгілі. Тек бұл салқындықты жоюда жалаң ұрандардан бөлек, қандай идеологиялық жұмыстар атқарылды?!
Жасыратыны жоқ, билік Қазақстанның көпұлтты мемлекет екенін алға тартып, осы күнге дейін жалпыұлттық идеология жүргізді. Бірақ жалпыұлттық саясат қазақтың 67 пайызға жеткеніне байланысты ұлттық бағытқа қарай өзгеруі керек пе? Жалпы, қазақстандықтар қазақ болуға дайын ба? Бір Ту бар жерде өзге туларға орын бар ма? Бұл жайында сарапшылар төмендегідей ой бөліседі.
Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
- Менің ойымша, біз ұлттық идеология дегенімізде, екі нәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Біріншіден, ұлттық идеологияны жалпы қоғамдағы мемлекетшілдік, реформистік, елді алдыға бастайтын саяси көзқарастардың түсінігі деп танитын болсақ, оны қолдауға болады. Ал екіншіден, Кеңес Одағы тұсындағыдай бәрімізді тік тұрғызып, саппен жүргізу дегендей мемлекеттік идеология жайлы әңгіме болса, оның түбі жақсылыққа апармайтыны анық. Сөзсіз, қоғам өз алдында тұрған үлкен мәселелерді шешуге мүдделі болғандықтан, оның әр кезеңге сай «ұлттық мүдде» дейтін түсінігі болады. Тіпті бүгінгі күні қазақ ұлтшылдары деген ұғымды алып қарасақ, кем дегенде 7-8 бағыт бар. Діни бағыттан бастап, социалистік, либералды, оңшыл көзқарастарға дейін саналуан ұстаным қалыптасқан. Оның қайсысы дұрыс-бұрыс деген мәселелерді шешу үшін бұлардың әрқайсысы кем дегенде бөлек-бөлек партия болуы тиіс. Халықтың көңілінен оның қайсысының шығатыны сайлауда ғана анықталады. Бірақ сөзсіз, бүгінгі күні әр қазақтың көкейінде жүрген мәселелер бар: дінге, мәдениетке, ұлттық байлықтың дұрыс пайдаланбауына қатысты... Осының бәрі айналып келгенде, бәрімізге анық түсініктердің айналасына барып топтасады. Ал мұның жиынтығын бүгінгі күні ұлттық идеология деуге болатын шығар. Өйткені мұның бәрі ұлттық мүддеден туындап отыр. Яғни бұл арада мемлекет болсын, қазақ баспасөзі мен зиялы қауым өкілдері болсын, мұның үлкен саяси жігермен, ықыласпен іске асырылуына, керек болса, кейбір кезде күштеп енгізілуіне мүдделі болуы керек.
Әрине, еліміздегі кейбір этностардың тарихи, мәдени, саяси талаптары туралы әңгіме шығып жатыр. Бұл, әсіресе, ұйғыр ағайындарға қатысты. Меніңше, бұл жерде қазақ қауымы екіұдай сая-сат жүргізуі керек. Бір жағынан, ұйғырлар бізге бауырлас, түркітілдес ел болғаннан кейін, олардың әсіресе, Шыңжаңға қатысты саяси, тарихи арман-қиялы бар. Бұлардың орындалуына ашық қолдау білдіре алмасақ та, оларға түсіністікпен қарап, рухани қолдауға мүдделіміз әрі міндеттіміз деп есептеймін. Ұйғыр ағайындардың өздері де мына нәрсені біліп-мойындайтыны анық: Қазақстан сияқты олардың этно-мәдени сұраныстарына жауап беріп, қол ұшын созып отырған бірде-бір мемлекет әлемде жоқ. Бізде қаншама ұйғыр мәдени-орталықтары, ұйғыр театры, бірнеше газет-сайттары бар?! Яғни Қазақстандағы ұйғыр қозғалысының басшылары Қазақ мемлекетін Қытаймен қағыстырып қоймауы немесе жалпы қазақтың қытығына тиетін қадамдарға бармауы жөнінде ішкі жұмыстарды жүргізуге міндетті. Қажет болған кезде біз де мұны оларға айтып тұруға құқылымыз. Олар біздің заңды талабымызға ешқандай да ренішін білдірмеуі керек. Қазақстан - қазақ ұлтының мемлекеті. Мұнда бір Ту көтеріліп, бір тіл, бір мәдениет өсіп-өркендейді.
Шынын айтсақ, егер де елімізде қазақ тілінің мәселесі шешілген болса, елдегі 90-95 пайыз халық емін-еркін мемлекеттік тілде сөйлесе, әрине, қазақ ұлты ұйғыр халқының жоғарыдағыдай арман-мұратына, ізденісіне түсіністікпен қарап, кешегідей жайттарға, бәлкім, назар аудармас па еді?! Сондықтан арандатушылық әрекеттерге берілмеу керек. Бірақ ондаған, жүздеген, мыңдаған адамдар мұны өзіндік идеология деп біліп, саяси көзқарасқа айналдырып жатса, оны біз, сөзсіз, Қазақтанның тұтастығына, ел бірлігіне сына қағатын арандату деп түсінуіміз керек. Мәселен, біз таяуда «Абай.кz» сайтында Өскемендегі казактардың ұлттық-әскери киімдерін киіп, қолына қылыш ұстап, атаман Ермактың тойын бірнеше жыл бойы тойлап келгенін жаздық. Бұл - Конституцияны тікелей бұрмалап, бұзу деген сөз. Егер де прокуратура органдары өз жұмысына мүдделі болып, Ата заңды сыйлататын болса, мұндай мәселелерге өзінің құқықтық бағасын беруі тиіс. Қажет болған жағдайда, мұны жасаған ұйымдардың басшыларын жауапқа тартып, керек болса, айыппұлын төлетіп немесе ұйымдарын жабуға дейін мүмкіндігі бар. Яғни ұлт қауіпсіздігі мен сұраныстарына байланысты мемлекеттік органдар тарапынан түсіністік пен ішкі патриотизм жетпей жатқан сияқты. «Бұл Ресейдің қытығына тиеді екен» дегеннің өзінде прокуратура басшылары сол жердегі казактар мен ұйғыр басшыларын өз кабинетіне шақырып, есігін жауып сөйлессе, оның артығы жоқ. Негізі, болашақтағы кикілжіңнің алдын алу деген осындай күнделікті жұмыстан басталады деп есептеймін.
- Ал қазақстандықтар қазақ болуға дайын ба?
- Жалпы, Қазақстан деген ұғым - қазақ елі дегеннің парсыша баламасы ғой. Яғни қанша жерден қандай да бір идеологиялық бағытты ойдан шығарсақ та, халықтың басым бөлігі өзін «қазақстандықпын» деп емес, «қазақпын» деп санайды. Бүгінгі күні өзін «қазақпыз» дейтіндердің саны 70 пайызға жақындап қалды. Яғни бізге 70 пайыз халықтың санасын өзгерту оңай ма, әлде қалған 20-30 пайыз халықтың санасын өзгерту оңай ма?! Болашақта біз қандай модельді таңдаймыз? Шын мәнісінде, ұлттық мемлекет дегеніміз - мемлекет құрудың ең тиімді әрі бүкіл әлемде жақсы тәжірибесі бар, өзінің көп пайдасын беріп жатқан модель деп есептеледі. Ал бүгінде билік ұсынып отырған мультимәдени модельмен не боп жатыр?! Мәселен, қазір осыған орай Германияда қаншама дау шығып жатыр. Германияның ең мықты саясаткерлерінің өздері «кезінде елімізге түріктер мен өзге де этностарды кіргізгеніміз қате болыпты» деп мойындап жатыр. Сондықтан Еуропаның көптеген елдерінде оңшыл-ұлтшыл күштер сайлауда еселеп күш жинап келеді. Яғни қалай болғанда да, ұлтшылдықпен ұлттық мемлекет ретінде қалыптасып жатқан елдер баршылық. Керісінше, кемеліне жеткен ұлт жақсы мемлекетке айналады. Мемлекет пен ұлт - бір-бірімен пара-пар ұғымдар. Осы тұрғыдан алсақ, биліктегі азаматтар әлемдік тәжірибеге қарап, Қазақстан мен әлем тарихын жетік меңгеріп, осындай ап-айқын, түсінікті нәрселерге басын қатырмай, дүниежүзінде жоқ формулаларды ойлап таппай-ақ, халықтың көпшілігінің сұранысынан туындайтын тарихи, саяси модельдерді іске асыру керек деп есептеймін.
Тағы бір айта кетерлігі, біздің қазақта көптеген мәселелер шешілмейді дегеннің өзінде бір «ақырзаманшылдық» идеология мен ұлттық азшылық психологиясынан арылу керек сияқты. Шындап келгенде, болашақ - қалай да қазақтікі. Қазақтың мәселесі шешіледі. Өйткені біз көпшілікпіз.
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, қоғам қайраткері:
- Мұның бәрі де тек заңмен реттелетін нәрсе. Меніңше, «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңның олқылықтарын кейбір ұйғыр балалары өз мүддесіне пайдаланып жүр деп білем. Сондықтан заңды толықтырып, мемлекеттік ту қай жерде ілінуі тиіс, ал қай жерде өзге мемлекеттердің туларын пайдалану керек дегендей мәселелер нақты-нақты анықталуы керек. Әрине, әр адамның өз үйіне не іліп қойса да, өз құқы. Бірақ идеологиялық мәселелердің бәрі де заңда толыққанды қамтылуы керек.
Негізі, біздің елімізде өзге мемлекеттердің туы тек елшіліктер мен консулдықтарда, елшілік автокөліктерінде ілінеді. Ал жоқ мемлекеттің туын көтеру - заңға қайшы.
Түптеп келгенде, жалпыұлттық идеология мен ұлттық идеология бірдей мәселе. Ұлттық идеология дегеніміз - мемлекеттік идеология. Сондықтан ұлттық идеология барша Қазақстанның идеологиясы болуы керек. Бұл жерде басқа идеологияға орын жоқ. Егер де біздің мемлекетіміз айқын, нақты саясат жүргізсе, әрі Ата заңда мемлекеттік тілді әрбір Қазақстан азаматы біліп, игеруге тиіс деген талап қабылданса, онда ел азаматтарының бәрі де қазақ тілін үйренуге міндетті болады. Ал ел азаматтары қазақ тілін үйренгеннен кейін оның ұлты орыс па, ұйғыр ма, оның мемлекет үшін соншалықты мәні болмайды. Әрбір адам мемлекеттің рухани символы - мемлекеттік тілді біліп, мемлекеттік патриотизмге бөленіп, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуі керек. Мемлекеттің талап ететіні осы ғана.
«Айқын» газеті