Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5505 1 пікір 15 Наурыз, 2017 сағат 08:24

БАУЫРЖАН БАЙБЕККЕ АШЫҚ ХАТ

ҚР Бас прокуроры Жақып Асановтың,

Алматы қаласының әкімі

Бауыржан Байбек мырзаның назарына!

АШЫҚ ХАТ

Біз 2014-жылы 11-қазан күні Алматы қаласы, Фадеев к-сі бойынан жер үй сатып алған едік. Үй құжаттары толық. Алайда, арада 3 ай өткенде Алматы қаласы «Тоспа Су» мемлекеттік   коммуналдық кәсіпорнының (әрі қарай-«Тоспа Су») адамдары келіп, бұл үй қызыл сызық үстіне орналасқанын айтты. Сонда қалай?! Үй құжаттары қалай берілген?! Үй құрылыстары 1974 — 1999 жылдары аралығында салынған. «Тоспа Су» бұрын қайда қарап қалған?!  Міне, содан бері айтыс, тартыс. Ақыры «Тоспа Су» 2017 жылы 20-қаңтарда бізге тиесілі жер теліміндегі кәріз құбыры желісін өз күшімізбен басқа жаққа шығаруымызды талап етіп, Алатау аудандық сотына менің үстімнен арыз түсірді. Қазір осы іс бойынша сот ісі жүріп жатыр.  Ал, «Тоспа Судың» арызында заңға қайшы мынадай құқық бұзу фактілері орын алған.

1. Ең әуелі бұл арыз мемлекеттік тілде жазылмаған.

1). Бұл менің ана тілімді аяқ асты етіп, мемлекеттік тілді қорлау, мемлекетті, ҚР заңын сыйламау.

2).Менің орысша шала сауаттылығымды пайдаланып, өз есептерін түгендеп алу үшін қасақана жасалған қысым деп білемін. Әйтпесе, үй әйелімнің атында екенін біле тұра, сотқа орысша жақсы білетін әйелімді бермей, арызды орыс тілінде менің атыма жазуын қалай түсінуге болады?!  

3). Ана тілім – арым. Ал, бұлар арымды таптап, оралман деп отқа салмақ.  

 2. Арыздары шындыққа жанаспайды.

 «2016-жылдың 31-қаңтарында инженерлік коммуникациясын тексеру барысында «Тоспа су» иелігіндегі кәріз құбыр желісі орналасқан Фадеев, 26 мекен-жайында ҚР заңына қарама-қайшылықты таптық» – дейді де, біздің 20.07.2015 жылғы жазған өтінішімізге 31.07.2015 жылы берген жауаптарын  жазған арызымен бірге сотқа тапсырған. Бұдан басқа хаттардың бәрінде олардың осы кәріз құбыр желісінің жай-жапсарын бұрыннан білетіні айқын көрініп тұр. Біз бұл үйді 11.10.2014-жылы сатып алдық. Ал, «Тоспа Судың» біз осы үйді сатып алардан 2 жыл 7 ай,  (Өздері 31.01.2016 жылғы «анықтаған заңсыздықтан» 3 жыл 10 ай) ілгері бұрынғы меншік иелерінің атына 2012-жылы 15-наурызда жазған АКТ қолымызда тұр. Осы айғақтың бәрі «Тоспа Судың»  сотқа жалған куәлік бергеніне дәлел.   

 «Тоспа Су» сотқа арызбен бірге тапсырған құжаттарының арасында, кәріз құбыры желісінің жоба картасы бар. Біздің қарсы пікірімізді білген бойда, сол картаны өз мүдделері үшін қайта өзгерткен. (Дәлелі қолымызда).

  3. «Тоспа Су» озбырлық көрсетіп, балаларымыздың құқын таптап, отбасымыздың шырқын бұзып отыр.

 Біз 2016-жылы 9-наурыз күні үйдің бүкіл құжаттарын алып, бала-шағамызбен қоса бір үйлі жан «Тоспа Судың» бас директоры (ол кезде бас директор міндетін атқарушы болатын) Н.Жарболовқа бардық. Көп балалы отбасы екенімізді, болып жатқан жайды айттық. Егер, біздің иелігіміздегі құрылысты сүргіземіз десеңіздер, бізге материалдық шығынды төлеп, сүргізіңіздер деп құжаттарымызды көрсеттік. Балалардың құқын таптамауды өтіндік. Бірақ, Н.Жарболов құжаттарымызды бір қарап көрді де, біз сендерге көк тиын төлемейміз, өздіктеріңнен сүргізуге келіспесеңдер сотқа береміз. Жарайды, сотқа жай бір өкілімді жібере салайын, егер сот ақша төле десе, қанша болса да берейін. Бірақ, сотта сөзсіз біз жеңеміз деп кеудесін керді.    

Бала құқы туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1989 жылғы 20 қарашада қабылдаған конвенциясының 3-бап, 1-тармағында: «... мемлекеттік немесе жеке мекемелердің, соттардың, әкімшілік немесе заң шығарушы органдардың қабылдағанына қарамастан, бәрінде де ең бірінші кезекте баланың мүдделерін барынша толық қамтамасыз етуге көңіл бөлінеді»,  – деп көрсетілген. Осы конвенцияға қатысушы елдердің бірі ретінде еліміздің 2002 жылы 8 тамыздағы қабылдаған ҚР «баланың құқықтары туралы», №345 Заңының 6-бабы, 2-тармағында:«Балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясат мемлекеттiк органдар қызметiнiң басым саласы болып табылады», – деп айқын жазылса, осы 2-тармақтың 1-тармақшасында:«Баланың құқықтары заң тұрғысынан қамтамасыз етіледі», делінген. Ал, осы заңның 45-бабында:  Осы Заңды орындау кезiнде дауларды шешудiң сот тәртiбi: «...ҚР заңдарында белгiленген тәртiпте, баланың денсаулығына, мүлкiне келтiрiлген зиянды, сондай-ақ моральдық зиянды өтеу туралы талап арызбен сотқа жүгiнуге құқылы» екені айтылса, осы заңның 50-бабы 1-тармағында: «Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады», – деп жазылған.  Ал, «Тоспа Судың» басшысы Халқаралық конвенцияға, ҚР заң актілеріне қарсы қадам жасап, балаларымыздың құқын таптап отыр.

4. Көздеген ойларына жету үшін, бізге ашық жала жауып отыр.  

Жазған арыздарында: «Қалалық кәріз жүйесінің Д=150мм үстіне тұрғын үй тұрғызылған. Қауіп-қатер төнген жағдайда оның алдын алу, қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарын жүргізуге еш мүмкіндік жоқ... », – дейді.

 1). Біз осы үйді 2014-жылы сатып алғанымызды жоғарыда айттық. Ал, бұл жердегі салынған құрылыстың барлығы алды 1974-жылы, соңы 1999-жылы салынған. Оның бәрі үй құжаттарында тайға басқан таңбадай айқын жазулы тұр. Бұл құрылыстардың бірде-бір кірпіші біздің қолымызбен қаланбаған.

2). «Қауіп-қатер төнген жағдайда оның алдын алу, қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарын жүргізуге еш мүмкіндік жоқ»,  – деген сөздері тіптен қисынсыз. Біздің қақпа еш уақытта жабық тұрған емес. Ал, кәріз құбыр желісінің ашық нүктесі кедергісіз көрнеу жерде тұр.  

5. Бұл адам өмірін қатерге қалдырып, аяқ асты ету. 

 Сонда өздері істеуге тиісті кәріз желісін шығару жұмыстарын бізге істетіп, үңірейген желі орнында қалған қатерге тағы да бүтін бір отбасының тағдырын тастап кету «Тоспа Суға» түкке тұрғызыз ұсақ іс сияқты.  

6. «Тоспа Судың» бізге тағып отырған айыптары өз жауапкершіліктерін өзгенің мойнына қисынсыз қиып салу. «Тоспа Су» жұмысқа жауапкершілікпен қарамаған. Салынған құрылыста жолсыздықтың барын білген бойда, шара қолданбаған. Осы мекен-жайда 28 жыл тұрған бұрынғы меншік иелерінің ісіне көз жұма қарап келіп, 1974 – 1999-жылдар аралығында салынған құрылыстың көмескіде көрінбей жатқан жер асты желісін білмей, бұл үйді 2014-жылы ғана сатып алған бізді кінәлау құқық бұзудың бұлтартпас айғағы болмақ.

Қазақстан Республикасындағы «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», №242 Заңы, 17-бабы, 4-тармағында: «Субъектiлердiң сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдарды бұзғандық үшiн жауапкершiлiгi; ... жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеген ұйым, сондай-ақ жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша оң қорытынды берген сарапшы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады»,  – деп жазылған. Демек, заңсыз құрылысты салғандар мен оған құжат берген орын жене сол мекемелерге осы мекен-жайдағы қызыл сызықты  ескертпеген «Тоспа Судың» өзі жауапты.

 7. «Тоспа Су» бұл жердегі құрылысты біз салмағанымызды біле тұра, біздің жауапкершілігіміз үшін жүктелмейтін заң баптарын айтып, бізге доқ көрсетіп, жалған айып тағып, 4 бірдей кішкентай бала-шағамызды шырылдатып, бізді сотқа сүйреп, қысым көрсетіп, азаматтық арымызды, заңды құқымызды таптап, ұйымдасқан түрде жала жауып, заңды белден басып, қызмет бабын асыра пайдаланып, бізді қыспаққа алу арқылы әділ Заңды әділетсіз жалаға қалқан қылып, ҚР Заңын аяқ асты етіп отыр.

8. Мемлекеттік кіріс комитетінен біздің салық төлеміміз туралы мәліметтер іздеп (сотқа түсірген арыздарымен бірге берілген) ҚР «азаматтық кодексі», 144-бабы, 1-тармағындағы:«Азаматтың жеке бас құпиясын... салымдар құпиясын сақтауға құқығы бар», деген бапқа қарсы азаматтық құқымызға қол сұғып отыр.

9.«Тоспа Судың» көздегені біздің үйді заңсыз салынған деген желеумен, бір тиын төлемей сүруге жіберу шешімін шығарту. Себебі, кәріз құбырын басқа жаққа шығаратын жер жоқ. Маңайдың бәрі өзгенің меншігіндегі үйлер.     

10. Осыған дейін судья біздің жазған қарсы талап арызымызды алғашқы талап арызбен байланысы жоқ деген желеумен 2-рет қайтарып тастады. Сонда біз «Тоспа Судың» талабымен келісуіміз керек пе?! Сот ісі бір жақты жүргізіліп, тек «Тоспа Судың» талап арызы бойынша қаралып, біздің талап арызымыз назардан тыс қалуда. 13.03.2017ж біздің жазған қарсы арызымыз қайтарылып, келесіде «Талап арыз» деп жазып, басқа да құжаттармен бірге сотқа тапсырасыз. Сіздің талап арызыңыз бойынша басқа судья қарауы мүмкін. Ал, келесі сот отырысына тек «Қарсы пікіріңізді» ғана әкелесіз дейді. Демек, судьяның біздің «Талап арызымызды» қарамай, «Тоспа Судың» талап арызы бойынша шешім шығаруды көздегені анық. Келесі сот отырысы 28-ші наурызға қалдырылды. Уақыт өте тығыз, ал біз бұл үйдің сүрілуіне қарсы емеспіз. Тек заң бойынша толық өтемақы беріліп, сүрілуін талап етіп отырмыз. Құрметті Бас прокурор, құрметті әкім!!! Осындай өрескел құқық бұзушылыққа тосқауыл қойып, біздің келтірген дәлелдеріміз бойынша «Тоспа Суға» тексеру жүргізуіңізді, отбасымыздың, балаларымыздың құқы қорғалуын, сот ісінің қазақ тілінде өтуіне ықпал етіп әрі әділ қаралуын қадағалап, біздің қойған талаптарымыздың дұрыс шешілуін  қамтамасыз етулеріңізді сұраймын!

Жәбірленуші Алматы қаласының тұрғыны Бірлік ТОҚАЙ

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5441