БӘРІ БІРІНШІ СЫНЫПТАН БАСТАЛАДЫ
Қазіргі мектеп оқулықтарының сапасыздығы туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Соның кейбіреуін ескеріп, авторлар келесі жолы шығарғанда түзетеді, кейбірі айтылған жерінде қалады. «Айтылмаса сөздің атасы өледі» дегендей көзге бадырайып көрініп тұрған келеңсіз дүниелерді бүгін біз де айтпақ болып отырмыз.
Біздің жазбағымыз бірінші сыныптың «Сауат ашу» оқулығы туралы әңгіме. Мектеп есігін бала «Әліппемен» ашушы еді, оны неге өзгерттіңдер деп талай адам қарсылық жасап, наразылықтарын білдірді. Енді «Әліппені» қайтадан орнына келтіреміз деп жатыр. Бірақ «Сауат ашу» деген оқулықтың сапасын арттырмай, сол қалпында атын ғана өзгертіп, «Әліппе» дей салатын болса – одан ештеңе ұтпаймыз.
Өйткені бұл кітап барынша сапасыз, кітап авторларының білімі мен білігі жоғары екендігіне сенбейсің. Сөзіміз жалаң болмас үшін бірнеше мысалдар келтірейік. Кітапта көптеген ертегілерден үзінділер келтірілген. Ертегі дегеннің өзі бас-аяғы бар, бала үшін үлгі беретін, ой тудыратын, тұжырымды, жұп-жұмыр мысалдар ғой. Оны оқыған бала «солай екен-ау» деп өзіне ақыл қорытуға тиісті. Ал мына оқулықтарда ертегінің осындай қасиеттері еленбей, бетін сызып, белін үзіп қысқарта салған жерлер көп. Мысалы, «Сауат ашудың» 1-ші бөлімінде М.Етекбаев деген автордың ертегісін келтіріпті. Онда дүкенге кіріп кеткен бір тышқан шеткі нанды кеміре бастайды. Күзетші келіп қалғанда зып беріп, қашып кетеді. Сосын тесіктен сақтана сығалап: «Нан, нан, сен қайдан шықтың? - дейді сыбырлап. – Сатушыдан сұра, - дейді нан». Сонымен ертегі аяқталады. Бұдан бала не ұқты? Әрине авторлар: біз бұл ертегіні баланың тілі жаттығуы үшін ғана алдық дейтін шығар, бірақ қысқа болса да бір тұжырымы болса керек еді ғой.
Кітап авторлары Ә.Жұмабаева, Г.Уайсова, Г.Сәдуақас және М.Оспанбекова. 2-ші бөлімді де осылар жазыпты, тек М.Оспанбекова ғана мұнда қатыспаған. Авторлардың көп болуы да кітап сапасына теріс әсер ететін секілді, өйткені әркімнің өз көзқарасы, өз түйіні болады. Түрлі уақыттар мен оқиғалар кезеңіне сәйкес тарих оқулығын әртүрлі авторлар жазса оны түсінуге болады, ал жас баланың санасына сай болуға тиісті, қолайлы, ықшам, қысқа да нұсқа оқулықты бірнеше автордың бірізді етіп жобалауы қиын.
Кітаптың 2 бөлімінде олақ қысқартулар, ойы жоқ, ақыл түйер айтары жоқ, логикалық сенімділігі төмен дүниелер тіпті көп. Мысалы, мынадай мәтін бар: «Дастарханда бауырсақ, кәмпит, қант, нан бар. Атасы Аянға кәмпит алып берді де: - Дүниедегі ең тәтті нәрсе не? – деді. – Кәмпит, - деді Аян. – Жоқ таба алмадың. - Онда қант. – Жоқ ол да емес. Сен тұзсыз пісірілген нанды, тамақты жей аласың ба?- деді атасы. –Жоқ, ондай тамақ дәмді болмайды ғой. –Енді таптың. Дүниеде тұздан тәтті, тұздан дәмді нәрсе жоқ, - деді атасы. (Авторы Жаңыл Адамбаева, «Сауат ашу», 2 бөлім, 6 бет).
Тұзды тәтті дегеннің ешқандай логикасы жоқ. Жеті жасар бала оның ащы екенін жақсы біледі. Ендеше оны тәтті деп жазғанға қалай сенеді? Баланың ойы айран-асыр болып, кімге сенерін білмей, ақыры мұндай оқулыққа деген көңілі де суып қалады. «Барлық астың дәмін келтіретін тұз. Тұз салмаса ас дәмді болмайды. Адамдар ондай тамақты жей алмайды. Сондықтан тұзды астың төресі дейді» деп жазылса балаға әлдеқайда ұғынықты болар еді ғой. Сонымен бірге бала үшін бейтаныс «төре» деген сөздің де мағынасын түсіндіре кетуге болар еді... Сондай-ақ жұрттың бәрі білетін «Бауырсақ» деген ертегі бар. Бұл – қазақылығы төмен болса да көп уақыттан бері біздің балаларымызға айтылып жүретін сырттан кірген ертегі. Онда жұрттың бәрін алдаймын дейтін «мақтаншақ бауырсақтың» ақыры түлкіге жем болғаны айтылып, балаларға мақтаншақ болудың зиянын көрсеткен үлгі бар болатын. Сол ертегіні де орта белден қысқартып, жалыққан бауырсақтың «іргеден көгал үстіне домалауымен» ертегіні қысқарта салыпты. («Сауат ашу», 2 бөлім, 47 бет). Мұндай аяқсыз дүние балаға не берді, ол не ұқты, қандай ақыл алды дегенді автор ойлап тұрған жоқ.
82 бетте Қазақстан спортшылары туралы қысқа мәтін жазылып, бірнеше Олимпиада чемпиондарының суреттері берілген. Соның ішінде И.Ильин де бар. Сол Ильинді 94 бетте екінші рет басып, «ол – Қазақстанның тұңғыш олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы» деп жазыпты. Толып жатқан басқа чемпиондарды көрмей, оны екінші рет бергеніне де қарсы емеспіз, бірақ мәтіннің олақтығына қалай қайран қалмассың? Мынаған қарап Ильин Қазақстанда болған тұңғыш Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы деген сөз ұғылып тұр емес пе? Сөйтіп, балаға теріс ақпар берілген. Әрине, айтайын дегені Ильин – Олимпиаданың екі дүркін чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық. Бірақ автордың жазуынан соны бала түгіл үлкеннің өзі ұға алмайды.
Ал 101 беттегі мына мәтіннен авторлардың қаншалықты «мұқият» екендігі ашыла түседі: «Оның көзі терезе алдында жылтырап жатқан бір затқа түсті. Гүлжазира басқалардың соңынан киінді. Жақындап барып қараса, бауы бар алтын сағат екен. Денешынықтыру сабағы бітті. Апай оған риза болды. Гүлжазира сағатты мұғалімге табыстады». («Сауат ашу», 2 бөлім). Біз мәтінді еш өзгертпей алып отырмыз. Алтын сағат тауып алған қыз апайы риза болғаны үшін оған сағатты табыстаған екен ғой деген ой түйдік. Балалар да солай ойлаған шығар-ау... Орындары ауысып кеткен сөйлемдер сол қалпы берілген.
Осындай мысалдарды таба беруге болады, бірақ осы келтіргендер-ақ кітап сапасының қандай екендігін көрсетіп тұр. Бірінші сыныпқа арналған дүние ғой, оған неге сонша шұқшиды екен деген ой да тууы мүмкін. Бірақ жауапкершілік бірінші сыныптан басталуы керек еді ғой. Осы оқулықты білікті комиссия бекіткен. Осыншалық олқылықтарды көрмесе, ол комиссияның біліктілігі қайда? Әлде сол баяғы көңіл жықпас немқұрайлылықпен бірінші сыныпқа осы да жарайды деп қолдарын қоя салған ба? Сөйтіп жас ұрпақ алдындағы жауапкершілікті ескермей, баланың білімге, оқуға құштарлығы осы жастан басталатынын елемей, обал жасаған. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дегенді қазақ даналығы тегін айтқан жоқ еді ғой.
Жақсыбай САМРАТ
Abai.kz