Ұлттық терминжасам: барысы мен бағыты
Еліміздегі тіл саясатының басым бағыттарының бірі ретінде терминология мәселесі «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында»: «Терминологиялық лексиканы біріздендіру, терминологиялық қорды толықтыру жөніндегі міндет аса өзекті болып саналады» делініп, қазақ терминологиясын жүйелеу, әлемдік тәжірибені, туыстас тілдердің үлгілерін пайдалану, терминологиялық қорды жаңа терминдермен жаңарту, терминологияның бірыңғай электронды базасын құру, терминдерді веб-сайттар мен порталдарға орналастыру сияқты міндеттер көзделген. Сонымен бірге қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесін 2014 жылға қарай – 20 пайызға, 2017 жылға қарай – 60 пайызға, 2020 жылға қарай – 100 пайызға көбейту көзделген.
2015 жылдан бері терминологиялық жұмыстар мейлінше жүйелене түсті. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, ҚР Премьер-Министрі орынбасары қатысқан республикалық семинар-кеңестің хаттамасы бойынша Комитет жанындағы Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығында терминология бөлімін ашу және терминдерді алдын ала сараптау жұмыстарын ұйымдастыруды осы бөлімге тапсыру жүктелді. Бұл жұмыстар өз нәтижесін беріп, терминдер саралау, оларды Республикалық терминологиялық комиссияға ұсынудан бұрын әр терминге лингвистикалық сараптама жасау ретке келтірілді.
Екіншіден, мемлекетік бағдарламада межеленген индикаторларды орындау үшін мекемелерден, жеке тұлғалардан келіп түскен терминдерге аса тиянақты түрде сараптау жүргізіліп, соның негізінде білікті мамандардан, ғалымдардан құрылған Республикалық Терминологиялық комиссия 2015 жылы - 3167 термин, 2016 жылы – 5208 термин бекітілді. Бұл терминдер әртүрлі салаларды қамтиды. Дегенмен термин бекіту үдерісінде салаларды мейлінше толығырақ қамтуға, сөйтіп салалалық терминологиядағы біркелкілікке қол жеткізу міндеті қойылуда.
Үшіншіден, Қазақстанда терминдерді арнайы түрде бекіту 1971 жылдан басталған. Содан бері бүгінгі күнге дейін 18 мыңнан астам термин бекітілді. Бұл ғылымның, қоғамдық өмірдің алуан салаларын қамтитын терминдер. Атап айтқанда, 1971-1990 жылдары 2879 термин, 1992-2014 жылдары 6320 термин бекітілген. Жоғарыда айтқанымыздай, 2015 жылдан бастап термин бекіту қарқынды жүргізіле бастаған. Бірақ бұл асығыстықты білдірмейді. Ғылымның, қоғамның барлық саласын терминдермен қамтамасыз ету үшін әлі де атқарылар жұмыстар көп.
Төртіншіден, терминологиядағы үлкен мәселе – терминжасам мәселесі. Әлемдік тәжірибедегі сияқты бізде де терминжасаудың қалыптасқан бірнеше тәсілдері бар. Негізгілері: тіліміздің сөзжасамдық әлеуетін барынша қолданып, таза ұлттық мазмұндағы термин жасау (сутегі, қуат, үстеу), халықаралық терминдерді сол күйінше қабылдау (сонет, тираж,абонент), халықаралық терминнің түбірін қалдырып, қазақша қосымша жалғау (алюмсірне, янычарлар, венесуэлдер), екі немесе көп сөзден тұратын терминдік тіркес сыңарларының араласып келуі (механикалық жүйе, банк салымы, дәстүрлі грамматика). Терминжасамдағы осындай үдерістер қазақ тіліне ғана емес, әлемдегі басқа да тілдерге тән. Ол тілдің ішкі әлеуетінен, елдің қоғамдық-әлеуметтік ерекшелігінен туындайтын факторлар. Қазақ тілінің лексикалық байлығы және грамматикалық мүмкіндіктері оның сөзжасамдық қабілеттілігінің жоғары екендігін қашан да көрсетіп келеді. Оны Ахмет Байтұрсынұлынан бастап, қазақ ғалымдары сан мәрте ғылыми түрде дәлелдеген. Дегенмен, қазіргі халықаралық интеграциялардың кеңеюі, технологиялардың қарқынды дамуы терминдерді де көптеп қалыптастыруда. Осындай халықаралық терминдердің барлығына тілімізден балама табу мәселесі ғалымдарды, мамандарды ойландыруда. Бұл арада Республикалық терминологиялық комиссия мүшелері консенсустық позицияны таңдаған. Яғни, қазақ тілінде баламасы бар немесе тілдің сөзжасамдық әлеуетін пайдаланып, жаңа термин жасауға болса, онда кірме терминдер ұлттық атауға ие болады. Егер халықаралық терминдердің дәл баламасын табу мүмкін болмаса, онда сол халықаралық термин қалдырылады. Осындай позицияны 2016 жылы бекітілген терминдерден аңғаруға болады. Аталған жылы 5028 термин бекітілді. Олардың ішінде қазақ тілінде баламасы берілгендері – 2506 (48,2 %), халықаралық атауда қалғандары – 752 (14,4 %), құрамында халықаралық сөз бен қазақ сөзі тіркескен терминдер – 1950 (37,4 %).
Бесіншіден, терминология саласы өзінің сипаты жағынан үнемі халықаралық тәжірибелерді қорытып тұруды, мамандардың пікірін тыңдауды қажет етеді. Сондықтан үстіміздегі жылы Комитет республикалық әдіснамалық семинар және ғылыми конференция өткізуді жоспарлап, қазақ терминологиясының қазіргі барысына ғылыми және тәжірибелік талдау жасамақшы. Осындай ғылыми басқосулар кезінде біз қазіргі қалыптасқан елімізде ғана емес, жалпы халықаралық деңгейдегі терминжасамдық тәжірибелерді қорытып, осы саладағы жұмыстардың алгоритімін және терминдерді бекітудің жаңаша критерийлері мен принциптерін саралаймыз. Бұл келешектегі жұмыстардың нәтижелілігін, тиімділігін арттыруға көмектесері кәміл.
Термин сөздердің жай тізбегі емес, ол көпшілік қолданатын болғаннан кейін әлеуметтік мазмұндағы аса маңызды атаулар. Сондықтан Комитет және Республикалық терминологиялық комиссия қазақ тілінде термин қалыптастырудың барлық ұйымдастырушылық, лингвистикалық мәселелерін оңтайлы шешу мақсатында жүйелі жұмыстарды жалғастыратын болады.
Ғалымжан Мелдешов, Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Төрағасының орынбасары
Abai.kz