Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
4790 0 пікір 16 Ақпан, 2017 сағат 11:29

АЛАШТЫҢ ОРДАСЫ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?

Жалғасы. Басы мына сілтемелерде http://abai.kz/post/view?id=12667http://abai.kz/post/view?id=12699

Ғұбайдолла күрсінді. Ол «Айқап» пен «Қазақ» беттерінде үлкен дабыраға айналдырылған орынсыз айтысты еске салған-ды.

– Сондағы іріткі әрекетін ұмытып, енді ел жағдайын ойлағыш бола қалыпты...

– Бұл бір баяғыдағы, ескірген, өткен іс қой, Бәке! Әлі күнге дейін оны ұмытпай, бірін бірі қажай бергеннен гөрі, қазақтың қос серкесі артындағы жұртын ескеріп, болашақты ойлағаны жөн емес пе...

Қасындағы жастарға аға боп жүрген Ғұбайдолла талай жылдан бері өзінің және өзі түгіл, бүкіл жұртшылықтың құрметіне бөленіп жүрген Бақытжан сұлтан сынды қадірменді ел ағасының өткендегі келіспеушілікті өткен тарих еншісіне қалдырып, ұмыта тұрғанын қалар еді...

Бірақ оған қадірменді ел ағасы иліге қоймады. Оның пайымынша, қазір қазақ съезін өткіземін деп өзеуремей, нақты жағдаймен санасу керек...

Алайда тыңдаушылары қазіргі нақты жағдайдың қазақ съезін өткізуді тілеп тұрғанын жарыса айтты.

Бәкең келіспеді. Жағдаймен санасу керек деді. Бірден-бір жеңімпаз күш ретінде билік басына социал-демократтар келді, большевиктер мен социалист-революционерлер кешегі империя  тізгінін қолға алды, жаңа өмір құруда...

Жанша түзеді. Билікті тек большевиктердің басып алғанын айтты. Басқа партия біткеннің олармен келісе алмай отырғанын, отанды қорғау комитетін құрып, өзге де шаралар жасап, оларға қарсы шығып жатқанын айтты. Орталықтағы өзгерістерді көзімен көріп келген адам ретінде. Күллі мемлекеттік деңгейдегі заңсыздықтарға куә болған заңгер ретінде. Өзі жалпымұсылман ұйымының өкілі құқын пайдаланып депутаттық қызмет атқарған Ресей Республикасының Кеңесін найзаның ұшымен қуған большевиктік тобыр билігін анархия ретінде бағалайтынын айтты.

– Осындай жағдайда қазақтың басын біріктіру қамын ойламай бола ма, қадірменді Бақытжан аға?!

Онымен ақ сақалды қадірменді Бақытжан ағасы келісе қоймады. Жер-жерді большевиктер құрған совдептер** шырмай бастағанын айтты.

– Олардың мақсаты айқын. Қазақтың арман-мүддесіне де сай келеді. Қалыптасулы ахуал енді соған бейімделуімізді қажет етеді, – деді. – Совдептер арқылы теңсіздер теңгерілмек. Біз бұл төңіректе бұрындары әрекеттеніп көргенбіз, ештеңе шығара алмадық. Ендеше жаңадан бірдеңе ойлап табам деп тыраштану не керек?!

 

**советы депутатов – депутаттар кеңестері.

 

Ол теңсіздерді теңгеру хақындағы бұрынғы іс-әрекеттерін еске алғандықтан,  тағы да өткенге шегініс жасалды.

Бұдан тоғыз жыл ілгергі, қазақтың тағдырындағы алар орны ерекше жер-су мәселесіне қатысты үкімет құжаты баршасына таныс-тын. Ғұбайдолла ел ішінде нақты қызмет атқарып жүрген азамат ретінде, қазақтың көкейкесті мәселесінің Бақытжан сұлтанның атсалысуымен Думаға қалай қойылып жатқанын тікелей біліп жүрген. Халел мен Жанша да, жоғары оқуды бірі бітіріп, екіншісі тамамдап қалған көкірегі ояу жас жігіттер ретінде, бұл мәселені баспасөз беттерінен кезінде жіті қадағалаған-тын.

Қазақ қайраткерлері «Ақмола, Торғай, Семей, Орал, Жетісу, Сырдария және Закаспий облыстарында жерге орналастыру комиссияларын құру туралы» заң жобасын жасап,  халық өкілдері мекемесінің қарауына Думадағы мұсылман фракциясы арқылы ұсынуға тырысқан. Өзге фракциялардан да тілектестер тауып, жобаға алпыс депутаттың қолын қойғызған. Алайда ол, бәрібір, халық өкілдігінің талқысына жіберілмеді. Оны қорғаудан мұсылман фракциясының төрағасы Құтлұмұхамед Тевкелев тартынды. Өйткені осы Әлихан, жобаны Тевкелевтің тілегіне сәйкес сараптап,  жер-су мәселесінің білгір маманы ретінде, оған теріс баға берген болатын. Оның сараптамасы үкімет  пікірімен сәйкес келді, заң жобасы кері қағылды...

Дегенмен Жаншаның тап осы орайда айтар күмәні бар. Үкімет атынан сөйлеген шенеунік ше, жерге орналастыру және жер өңдеу бас басқармасының бас меңгерушісін айтады, міне сол – іс жүзінде Әлекеңнің  қорытындысын сынаған сықылды көрінеді Жаншаға, қадірменді Бәкең бұған не дер екен?

 Ол сұрағын кеңейтіңкіреп түсіндірді. Жаншаның пайымдауынша, қазақ қайраткерлерінің бастамасымен дүниеге келген заң жобасы озбырлықпен отарланып жатқан жер-судан оның байырғы иесінің мүлдем үлессіз, құр қол қалдырылмауын қамтамасыз етпек-тін. Онда  қазақтар тұратын облыстардағы жерге орналастыру комиссияларын қазақтардың өздерін қатыстыра отырып  құру көзделетін. Әрі оларға жүктелетін басты міндет ретінде – отырықшы, жартылай отырықшы және көшпенді қазақтар үшін жеке-жеке, әр әлеуметтік топтың мүддесін ескеретіндей, әділ жер нормасын жасау керектігі айтылған-ды.

Қазақтардың рулық-тайпалық негізде дамыған дәстүрлі экономикасын Жанша көптен қарастырып жүрген. Сонда, осы Бәкең бата беріп, университетке оқуға түскеннен бері көзі ашыла келе, халқының тыныс-тіршілігіне өзіндік зерттеу жүргізу барысында, мынаған назар аударған-ды: Бәкеңдердің Дума талқылауына алып шыққысы келген заң жобасында аса дәулетті әм  айрықша бай кісілер мен өте атақты адамдарға әлдебір артықшылықтар беру жолдары ешқандай да ескерілмеген. Оларға деген жер нормасы бөлек емес, еш өгешелігі жоқ, қарапайым халықпен бірдей түрде жасалған. Солай емес пе?  Қадірлі Бәкең, ел ағасы Бақытжан сұлтан мұны терістемей ме?

Дұрыс, Жаһаншаһ дәл байқаған. Мұны қарт заңгер растайды. Және қосып айтары, жобаның солай жасалуының қисыны да бар. Өйткені, отарлау үдерісіне бірінші боп іліккен Жайық маңы қазақтарының әбден таршылық көріп, жұтағаны сондай, талайы тасымал көлігінен айрылған себепті, ескі көші-қонды қойып, жер үйді баспана ететін жатақ тіршілігіне көшкен. Сондықтан да оларды үкімет жобалайтын он бес десятиналық норма бек қанағаттандыратын. Байын да, кедейін де. Мәселе – үкімет заңына сәйкес, шұрайлы жерге орыстармен қатар орнығып алуда жатқан-тын. Ал ара-араларындағы құнарсыздау, егістікке қолайсыздау жерлер, бәрібір,  мал жаятын қазаққа қалар еді деген іш есептері де болған  жобаны жасап ұсынушылардың. Солай, Жаһаншаһ!

Жаһаншаһ мұны түсінеді. Тек, тағы бір түсініп, білетіні – жалпақ Сарыарқа ұландары, яғни қазақтың ұлан-ғайыр қырын мекендейтін көшпенді қалың қазақ  ондай нормаға көндіге алмайды. Міне, мұны Халел де, екеуінің Ғұбайдолла ағалары да растап отыр. Бәкең сәл ой жүгіртсінші, Әлекең сараптамасында соған көңіл бөлген тәрізді емес пе ед?! Баяғыда Щербина экспедициясына қатысқандағы жинақтаған білімінің нәтижесі іспеттендіріп, ол көшпенділік нормасын басқаша сипаттаған ғой!

Бәкең қолын сілтеді.

– Көшпенділік нормасы дегенді неғылсын билік, – деді тыжырынып, – ішкі губернияларының шиеленіскен жағдайын шешуді өте қажет етіп тұрғанда! Үкімет Әлиханның сол көшпенділік нормасын орынсыз жалаулатқанын пайдаланып кетті ғой!

Бәкеңнің айтуынша, Дума мүшелерінің тиісті бөлігі қолдаған   заң жобасын Әлекеңнің басқаша сипаттауын жер істерін басқаратын ведомство бұлар әзірлеген заң жобасына жапсырып,  қисынсыз сынға алды емес пе...

Қаратаев үкіметтің қазақты отырықшы етеміз деп жоспарлағанын да, бірақ, отырықшыландыруға іс жүзінде  ешқандай жағдай жасағысы келмейтінін де анық білетін. Сондықтан да жерге жайғастыру жөніндегі бас меңгеруші, оның ойынша, жергілікті жерге орналастыру комиссияларына қазақ өкілдерін қосуды мақұлдамаған-ды. Сондықтан да, бақандай алпыс депутат ұсынып отырғанына қарамастан,  жобаны жақтырмаған, Думада талқылауға қабыл алмауды қостаған.

Үкімет атынан сөйлеген жер істері чиновнигінің ойынша, бұратаналардың әр қауымды билейтін жекелеген неғұрлым дәулетті тұлғалары қазақ даласында тұрған жерлерінің нақты қожайындары болып алған. Олар қауымдық жерді пайдаланудың күллі пайдасын өз қолдарына шоғырландырып отыр. Түтін бойынша, яғни әр отбасына бөлініп салынатын мемлекеттік салық оларға қатыссыз сияқты. Ештеңе төлеместен, тұрған аймақтарында кей жағдайларда мал шаруашылығын өрістетеді, екінші бір ретте – үлкен көлемде жер жыртады. Сондай-ақ,  қауымдық жерді орыс қоныстанушыларына мемлекет сыртынан жалға беріп жүр.

«Бұл бұратана билеушілер сондай экономикалық тетіктерді иелену арқылы тайпаластарына ықпалын арттырып, халық сотын да, басқару ісін де өз қолдарына түсірген». – Бас меңгерушінің осындай желеу айтқаны Қаратаевтың әлі есінде.  Сөйтіп, деген-ді ол, бұратаналардың арасында өмір сүретін, бұратана бұқараны іс жүзінде билеп-төстеп жүргендер өздеріне оларды жіпсіз байлап-матап, еріктерінсіз бағындырып алған. «Маңдай терін төгіп еңбек етпек  отырықшы халықты жер үлесімен қамтамасыз етуге олар мүдделі емес». – Үкіметтің ірі дәрежелі  чиновнигі осылай ұйғарған-ды. Ол, тіпті, ел ішінде бай-манаптар еңбекші халықты крепостнойлық ахуалға тақау деңгейде, жеке бастарына тәуелділік жағдайда ұстайды деп жария еткен-ді. Сондықтан да олар өз аймақтарындағы қазақтарды, сондай-ақ орыс қоныстанушыларын да отырықшы етіп жерге жайғастыруға зауықсыз деген.

–  Және «отырықшылану нәтижесінде орын алмақ тұрмыстық өзгерістер бұларға тиімсіз, сондықтан да олар өздеріне қолайлы заң жасатып алмақшы» деп, көпе-көрнеу бар пәлені біздің жобаға жапқан.

Қызығы, отырықшы-жер өңдеуші және отырықшы-мал өсіруші тұрпатындағы қазақтарға жобадағыдай жер үлесін беруді қолдайтынын үкімет бүкпеген. Бірақ соны айта отырып, жан басына 15 десятинадан артық жер беруге болмайды, көп мөлшерде бөлуге министрлер кеңесінің нұсқауы тыйым салады деген. Аңғара ма Ғұбайдолла мен оның інілері? Заң жобасы жерді сол 15 десятинадан ғана бөлуді ескеріп отырғанына қарамастан, одан артық жер бөле алмаймыз дейді. Ал одан артық жерді – көшпенділік жолымен талап етілетін норманы – заң жобасына біздің кіргізбегенімізде жұмысы жоқ, жер министрі ешкім күмән келтірмейтін басы ашық сылтауды дуылдатып, жер комиссияларына жергілікті бұратаналардан өкілдер кіргізу жайын әдейі елеусіз қалдырған-ды. Оның мұндай шолақ қорытынды жасауына сонау білікті деп есептелетін жер-су маманының сараптамасы себеп болғанын бұл қалай ұмытар...  Мына алдында отырған жастар көсем көріп, соның шақырған жиналысына барамыз деп желігіп тұрған маманның...

Қадірменді заңгер, үлкен қайраткер Бақытжан ағасын Жанша түсінеді, – үкімет өкілдерінің қитұрқылықтарында шек жоқ. Бірақ, Бәкеңнің қамқорлығын көп көрген Жаһаншаһ есімді  шәкірті тілге тиек етілулі құжатқа қатысты Әлихан мырзаның да ниеті оң болғанына шәк келтірмейді. Тек мұның бәрі ескі үкімет тұсындағы әңгіме екенін ұмытпаған жөн шығар...

Ғұбайдолла да, Халел де өткенге салауат айту жағында. Ол кезде мәселе тек Әлиханның сараптамасына тіреліп қалған жоқ емес пе...

Иә,  жобаны талқылауға қабылдатпау үшін, жобаны үкімет жарамсыз деп, бір қарағанда байыпты қорытынды бергені рас. Жер-су мәселесінің бұратанадан шыққан ірі маманы жобада басшылыққа алынған он бес десятиналық нормаға қарсы болғанын үкімет ұтымды пайдаланды.

Шынында, отырғандар Бақытжан сұлтанмен келіседі, Әлихан сұлтанның заң жобасын терістеу мақсатында келтірген уәжін үкімет тас-талқан етті. Егер ол сол жолы түрлі партия атынан өкілдік етуші Мемдума мүшелері қолдарын қойған, он бес десятиналық норманы қолдаған жобаны мақұлдағанында, өзінің заман талабына жауап бермейтін пайымын тықпаламағанында, бәлкім, басқаша болар ма еді, қайтер еді. Тіпті, басқаша болмай-ақ қойсын, ең бастысы, қазақ қайраткерлері ұстанған ниеттің әділдігі, адалдығы, ұтымдылығы, ел тұтастығына қызмет ететін мақсат бірлігі көрінер еді ғой. Өкінішті, алайда ондай қылық сол кезде көрініс бермеді. Бірақ ана замандағы сол оқиғаға бола енді кек сақтап керегі не...

Бақытжан сұлтан саусағын безеді. Мәселе кек сақтауда емес, түсінсін балалар... Қазіргі таңда өкімет өзгерді, кедейлер мүддесі қорғалатыны аныққа айналды, оны кеңес билігі жүзеге асырмақ...

Қозғалақтап қояды ғой, Жаһаншаһтың шәгі бар ма? Жаңа өкіметтің шыққан көзін көріп, күдер үздім, тектілігіне күмәндандым дей ме? Қателеспесін. Ол теңсіздерді теңестіретін өкімет...

– Кім біледі... – Отырғандар қолдарын жайды.

Жанша пайымын ірікпеді. Қалай болғанда да, Бәкеңнің теңсіздерді теңестіретін өкімет деп отырғаны – жұмысшылар мен солдаттар депутаттары кеңестерінің большевиктер басып алған съезі боп шықты ғой. Сонда жарияланған кеңес өкіметінің  де, тиісінше, сонда сайланған үкіметтің де билікке зорлықпен келгені рас қой. Ендеше, оған қалай қарауымыз керек? Осындайда Орынборда жиналып жатқандарға қосылып, ел мүддесін таразылау, бұдан былай не істеп, нені қою жайын ақылға салып көру жөн емес пе?! Әлекеңнің бұл бастамасы зор құрметке лайық емес пе? Бәкеңнің алдында отырған інілері ел мүддесі жолына басын тіккен үлкен қайраткерге қолдау көрсетуді дұрыс санайды. Түсінсінші осыны бұл үлкен кісі...

Үлкен кісі басын шайқады. Жөткірініп, буырыл сақалын ақырын сипады.

Бәрі бір мезет мынаған қарасын. Қазақтардың көшіп жүруіне бөлінген мемлекеттік жерлер барлық қазақ халқына тән деген идеяны Бақытжан Қаратаев алғашқы қазақ конституцияшыл-демократтар партиясын құрғанында бағдарламалық тұжырым еткен. Оны патша заманында аузы дуалылар мойындамады. Дегенмен тап соны, енді, бүгінгі кеңестер билігі мақұлдар деп ойлайды. Өйткені ол самодержавиелік пиғылды біржолата жоюды мақсат етіп отыр...

Бірақ, мал шаруашылығын жекелеген байлардың қолына көне жолмен шоғырландыру жайындағы Әлихан қорғаштаған көзқарасқа жаңа өкімет келісе қояр ма екен? Ең бастысы, оған езілген тап көне қояр ма екен?..

Ол алдында отырған жігіттерге айнала қарап алды да, өз сұрағына өзі жауап қайтарды. Және алда тұрған міндетті айқындады.

– Көнбейді, – деді ол жігерлі үнмен, – езілген тап Әлихан қорғаштаған көзқарасқа мойынсұнбайды. Себебі ескі тіршілік салты мына қарыштаған қарқынмен өзгеріп жатқан жаңа заман талабына жауап бермейді. Ендеше не сандалыс? Жағдаймен есептеспей, өз бетіңше оңаша отау тігуге тырысушылық жарар ма қазіргі сәтке? Араларыңдағы өзге халықтарың қайда қалмақ? Олар орталықтағы жаңа билікті қолдайды. Ендеше ел мүддесін тек солармен бірлесе отырып шешуге тырысу керек. Ал мына  өз бетінше лаққандар халықты жақсылыққа апармайды. Ілеспеңдер оларға.

Ғұбайдолла үнсіз құлақ тосып отыр. Жанша Халелге көз қиығын тастап, терең тыныс алды. Бақытжан сөзін сабақтай берді. Орынборға жиналыс шақырып жатқандарды сынады.

– Азғантай топ бас қосып, халықты өзіміз басқарсақ дейді... – Сұлтан ащы кекесінмен мырс ете түсті. – Неткен ақыл өтіп кеткен қулар! – деп қолын сілтеді.

Сосын жазда атын дабырайтып шақырған жалқықазақ съезі деген жиындарына жиырма шақты ғана адам қатысқанын айтты. Өтірік дей алар ма екен оны осынау алдында отырған жігіттер? Өтірік емес, әне түрлері айтып тұр! Соған қарамастан, сонау орынборлықтар сол жиырма адамдық жиналысын  керемет қып дәріптеп, іштері кепкенше мақтанып жүр бұл күнде деп мысқылдады.

Халел қабағын шытты. Айтпақшы, жақтырмағанынан байқап тұр, бөспелердің қатарында осы ініміз де жүрмегей?!  Бөспелердің қатарында жүруі ықтимал інісі күрсінді.

Ол жазғы құрылтайдың төрағасы болған-ды. Мазмұнды құжаттар қабылдағандары анық, оны осынау қарт қайраткердің бағаламағаны қызық екен...

Ал осынау қарт қайраткер содан туындатқан болжамын артынша-ақ естіртті: бұлар бет алғалы отырған жиналыс қазір де сол шамада бас қосатын шығар. 

Оған отырғандар үнсіз келіскендей сыңай танытты. Облыстан бармақ делегаттар санына шағып қарағанда, барлық қазақ аймақтарынан келуге тиіс делегаттар, әрине, жаздағыдан көбірек болады, дегенмен, сонша көп те емес-ау.

Міне, солай, ендеше інілері мынаған да шәк келтірмесін: сонау орынборлықтар жер-жерден келіп, өздерінің айтқандарына бас шұлғуға әзір тұрарлық әркімді таңдап шақырады, мақсаттары – соларға өз ойларын мақұлдатып алмақ та, қазақ мұңын  жыртушы боп шыға келмек...

– Авантюристер!

Қарт күрескердің ашу-ызасын тұжырымдаған осы сөзінен кейін Ғұбайдолла ақырын ғана:

– Артық кеттіңіз-ау, аса қадірлі Бәке, – деді.

Аса қадірлі Бәкең тосыла қоймады.

– Түк те, – деді. – Бүгінгі жаңалық олардың көш соңында қалғанын көрсетіп тұр. Сендер өзі Ресей  өкіметінің басына келген Халық Комиссарлары Кеңесінің үндеуін оқыдыңдар ма? – Үстел үстіндегі газетті алып, бүктеуін жазды. – Міне, қараңдар: «Уақытша Жұмысшы және Шаруа үкіметінің газеті»! Күні кешегі, 24 қарашадағы саны. Маңызды жаңалық осының бетінде жарияланған көрінеді.           

Келгендерге бұл газет беймәлім, ондағы жаңалық мазмұны бейтаныс екен. Қарт күрескер оның мән-жайын өзі түсіндіруге көшті.

– Арнау «Ресей мен Шығыстың барлық  еңбекші мұсылмандарына!» деп аталған, – деді газеттегі тақырыпты нұқып.

Мына отырғандар – Әлиханның ертегісіне елтушілер – тыңдасын! Міне: «Жолдастар! Бауырлар!» деп жүрекке тигізе бастайды. Ресейде ұлы оқиғалар болып жатқанын айтады. Одан ары – бөтен елдерді бөлшектеп бөліп алу мақсатында басталған қанды соғыс ақырына таяп келеді делінген.

– Әлем халықтарын құлына айналдырған құзғындар билігі құлап барады! Езгі мен құлдықтың көнерген ғимараты орыс революциясының соққысы астында қақырап қаусап барады!  Озбырлық пен езіп-жаншу әлемі соңғы демдерін алуда! Қалай?!

Қаратаев рухтана сөйлеп, артынан ілескен ізбасар күрескерлеріне масаттана қарайды.

– Жаңа өмір, еңбекшілер мен азаттық алушылардың өмірі туып келеді!  Ал осы революцияның басында жұмысшы және шаруа үкіметі, Халық Комиссарларының Кеңесі тұр. Бұл – факт, онымен санаспауға болады деп қалайша ойлайсыңдар?!

Ол өзі қатты иланған сеніммен сөйлеп отыр. Бүкіл Ресейді Жұмысшылардың, Солдаттардың және Шаруалардың Революциялық Кеңестері жауып кеткен. Елдегі Өкімет билігі солардың тілегіндегі халық қолында. Ресейдің еңбекші халқында бір ғана тілек бар.  Ол – адал да әділ бейбітшілікке қол жеткізу. Түсіне ме мұны Ғұбайдолла мен оның інілері? Және бір тілек – бостандықты жеңіп алғылары келетін дүние жүзінің езілген халықтарына көмектесу. Игі ниет деген осындай-ақ болар!

Білсін осынау жас қайраткерлер: бұл қасиетті істе Ресей жалғыз емес. Орыс революциясы ортаға тастаған азаттықтың ұлы ұранын Батыс пен Шығыстың бүткіл еңбекшілері іліп әкетіп жатыр. Европаның соғыс қалжыратқан халықтары бейбітшілікті аңсап, әлден-ақ Ресейдегі жеңімпаздарға қол соза бастады. Батыстың жұмысшылары мен солдаттары империализм қамалдарын шабуылдап, социализм туы астына жиналуға кірісті. Ал алыс Үндістан, кәдімгі Европаның «оқыған, көзі ашық» жыртқыштары ғасырлар бойы езіп келген үнді елінің тап өзі, міне сол ел – өз Депутаттар Кеңесін ұйымдастыра отырып, жиренішті құлдық қамытын иығынан ысырып тастай келе, Шығыс халықтарын күреске және азаттыққа шақыруда! Олар, міне,  көтеріліс туын аспандата желбіретіп те қойды!

Ой жүгіртіп көрсін осынау қазақ қамын жеуші жастар: бүгінгі билік капиталистік талан-таражға салу мен озбырлық жасаудың патшалығы күйреп жатқанын айтады. Бүгінгі билік мынаны біліп айтып отыр: империализм жырқышының табанының астында жер өрт болып жанып жатыр!

– Осынау ұлы оқиғалармен бетпе-бет тұрып, біз сіздерге – Ресейдің және Шығыстың еңбекшілері мен жарлы-жақыбай мұсылмандарына – өз үндеуімізді арнаймыз дейді жаңа өкімет.

Міне олар үндеуін кімге қаратып айтуда, мұқият құлақ салсын алдындағы  ел қызметіне жегілген қайраткерлер: жаңа өкімет жүрекжарды сөзін арнағандар ішінде  Ресей мұсылмандары –  Еділ бойы мен Қырым татарлары, Сібір мен Түркістанның қазақтары мен сарттары, Закавказье түріктері мен татарлары, Кавказдың шешендері мен таулықтары, Ресейдің патшалары мен езушілері тарапынан мешіттері мен ғибадатханалары қаусатылған, діни иланымдары мен әдет-ғұрыптары аяққа тапталған барша жұрт бар. Ілік қылатындай нені сылтаулатарға болар? Бәрін ескерді емес пе?!

Ел қызметіне жегілген,  Бақытжан сұлтанның алдына сол қызметтеріне орай келіп отырған  қайраткерлер тіс жармай аузына қарауда. Шынында, жалпыға арналған үндеу...

Сол үндеуді дәріптеуін жасамыс сұлтан жастық құштарлықпен сабақтай түсті. Тыңдасын мына әлиханшыл азаматтар: «Осыдан бастап сіздердің діни иланымдарыңыз бен әдет-ғұрыптарыңыз, сіздердің ұлттық және мәдени мекемелеріңіз азат және қол сұғуға болмайтын дербестікке ие деп жарияланады. Сіздердің бұған құқтарыңыз бар. Біліп қойыңыздар, сіздердің құқтарыңыз, Ресей халықтарының барлығының құқтары секілді, революцияның және оның органдарының – Жұмысшы, Солдат және Шаруа депутаттары Кеңестерінің  барша күш-қуатымен қорғалады». Бұл немене, кепілдік емес пе?! 

Жанша Питердегі төңкеріс күндерінде бастан кешкен қызу пікірталастарға толы кездесулерді іштей есіне алып: «Сөз жүзінде ғана болуы ықтимал», – деп ойлады. Бірақ ештеңе демеді, серіктері тәрізді, жақ ашпай тыңдай берді.

– Келіңдер, байыбына барайық бұл мәселенің. Аңғардыңдар емес пе,  Үндеуді жариялаушылар осы революцияны және оның толық өкілетті үкіметін қолдауға баршамызды шақырып тұр ғой!

Қаратаев тағы мәтінге үңілді. Назар аударсын алдында отырған інілері: олар шын жүректен шыққан сөзді күллі Шығыс мұсылмандарына, парсылар мен түріктерге, арабтар мен үнділерге, Европаның тойымсыз жыртқыштары жүздеген жылдар бойы бастары мен мүліктерін, бостандығы мен отанын саудаға салып келгендердің барлығына, дүниежүзілік соғысты бастаған тонаушылар елдерін бөліске салмақ боп тұрған барша жұртқа арнаған. Сол барша жұртшылыққа олар мынаны мәлімдейді: тақтан құлатылған патша жасаған және биліктен тайдырылған Керенский қуаттаған Константинопольді басып алу жөніндегі жоспар мен құпия келісімдер бүгінде жыртып тасталды және тып-типыл жойылды. Россия Республикасы және оның үкіметі – Халық Комиссарлары Кеңесі – бөтен жерлерді басып алуға қарсы:   Константинополь мұсылмандардың қолында қалуға тиіс!

– Қане, естеріңе түсіріңдерші, – деді сұлтан қысық көздерін жігіттерге кезек тастап, – бізге де керегі осы емес пе еді? Енді қасиетті Стамбулға ешкім айқыш-крешімді апарып қадасам деп көз тікпейді.

Жігіттер бас изеді. Жаңа өкіметтің жанашыры, дұрысында, Уақытша үкіметті мылтық істігімен төңкеріп тастап, жаңа өкімет тізгінін қолға алған большевиктердің қатарына кірген қарт сұлтан соған қатысты дәріптемесін жалғастыра берді. Кеңес өкіметі тағы мынаны мәлімдеген деді ол: парсы елін бөліске салу туралы келісім де жыртылып, жойылды. Соғыс қимылдары тоқтатылысымен, әскерлер Персиядан шығарылатын болады, сөйтіп парсыларға өз тағдырын өздері емін-еркін айқындау құқы қамтамасыз етіледі. Қазаққа бір табан тақау мына мәлімдемесіне де құлақ түрген жөн: Түркияны бөліске салу және одан Арменияны тартып алу туралы келісім жыртып тасталды және жойылды. Соғыс қимылдары тоқтатылысымен, армяндарға өз саяси тағдырын еркін айқындау құқы қамтамасыз етіледі. Бұлардан қандай қорытынды туады?

– Ресей және оның революцияшыл үкіметі ешкімге қатер әкелмейді! Әлгінде аталған барша жұртты жаңа өкімет ешқандай да құлдыққа түсірмейді. Ондай  қауіп кеңес өкіметінен емес, басқа жақтан келмек.

Бәкең көзін газеттен айырмай, сұқ саусағын безей, екпіндете сөйледі:

– Ондай  қауіп бізге европалық империализм жырқыштарынан келуі ықтимал. Ондай  қауіп отанымызды осы уақытқа дейін тонаған және талан-таражға түсірген, өздерінің басыбайлы отарына айналдырған патшашыл жырқыштар тарапынан әлі күнгі төніп тұр! Білдіңдер ме?

Ғұбайдоллаға, одан Халел мен Жаншаға барлай, сынай қарады. Сосын қайтадан газетті мазмұндап кетті. Кеңес өкіметінің барша жұртты өз елдерінің жыртқыштары мен езушілерін төңкеріп тастауға үндеп отырғанын әңгімеледі.

– Ескі әлемнің ұстындарын соғыс пен күйреп-күйзелу қаусатып-таптап жатқан қазіргі сәтте – күллі әлем империалист-басып-алғыштарға қарсылық сезімге тұнып,  күйініп тұрғанда, наразылық ұшқындары революцияның қуатты жалынына айналып бара жатқанда, өзге ел басқыншыларының езгісінен титықтаған және азап шеккен үнді мұсылмандары да өз езушілеріне қарсы көтеріліске шыққанда, – бұдан әрі үндемей қалуға болмайды!

Ал үндемей қалмаудың жолын кеңес өкіметі мынандай әрекеттер жасау деп біледі, тыңдасын мына сиязшыл жастар: уақытты текке өткізбеңіздер дейді жаңа билік, жер-суларыңызды басып алған жаулаушылардан арылыңыздар, олардың арам қолдарын иықтан сыпырып тастаңыздар! Оларға өз туған ошақтарыңызды бұдан әрі тонауға жол бермеңіздер! Өз елдеріңіздің қожайыны өздеріңіз болуға тиіссіздер! Сіздер өз өмірлеріңізді өз қалауларыңызбен құруға тиіссіздер! Сіздер бұған қақылысыздар, өйткені сіздердің тағдырларыңыз өз қолдарыңызда! Міне қандай бұл үндеу! Білдіңдер ме?

Тағы да назарларын аударсын, жаңа үкімет барша жұртқа: «Жолдастар! Бауырлар!» дейді. Өздерінің демократиялық әлемге адал, табанды да шешімтал сезіммен беттегенін айтады. «Біз әлемнің  езілген халықтарына өз Туымызбен бостандық әкеле жатырмыз»,  – дейді. Әлемді жаңартуды көздеген осы жолда бүткіл Россия мұсылмандарынан,  Шығыс мұсылмандарынан жанашырлық пен қолдау күтеміз деп жар салады. Жүрекжарды сөз осындай-ақ болар.

Қаратаев газетті жауып, кездесуді қорытқандай болды:

 – Біз Орал совдепінде, яғни жұмысшы мен шаруа депутаттарының кеңесінде  бұл үндеуді тиянақты талқылап, нақты шешімдер қабылдамақпыз. Тап сондай істі жер-жерде жасау жөн.

Өзіне ізашар аға ретінде үміт арта келген күрескер серіктеріне сүзіле көз тастады.

– Пайдасыз, әрі кеңес өкіметіне қарсы, демек, қазаққа залалды жиналысқа бармауға кеңес берем, – деді, – дұрысы, кеңес өкіметі ауқымында автономия алуды жақсылап ойластыру. Соған тер төккенге жазсын...

Ізашар аға үмітті ақтамады. Ғұбайдолла күрсінді. Халел мен Жанша бір-біріне қарады.

Бақытжан да әңгімесін дамытпады. Мұның ақыл-кеңесі бұларға керексіз секілді. Орынборда өтпек жалпықазақ құрылтайының жай-жапсарын айтып, бірге қатысуға шақырып отырған кейінгі ұрпақ өкілдері кері үгітке көнбек емес-ау... Өзінен көп кіші, орталықта бұрқ-сарқ қайнаған қорғамдық-саяси қазан ішіндегі үдерісті көріп келген Жаһаншаһ та,  осынау өңірдегі елді ұйыстыру ісіне белсенді араласып жүрген Ғұбайдолла мен Халел есімді ағалы-інілі іспетті осынау жігіттер де, шынтуайтын айтқанда, одан ақыл сұрай келмеген-ді. Сондықтан да олардың тарапынан сұлтанның кеңесіне құлақ асу құлқы танытылмады. Солай боларын жаздан бері социал-демократтармен пікірлес болып, ақыры большевиктер партиясы қатарына кірген қарт күрескер де шамалаған сияқты... 

(жалғасы бар)

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052