Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 10314 0 пікір 9 Ақпан, 2017 сағат 10:50

ҚАЗАҚСТАН - ДЕМОКРАТИЯ МЕН АВТОРИТАРИЗМ БУДАНДАСҚАН ЕЛ

Соңғы жылдары, әсіресе, социализм ыдырап, жаңа мемлекеттер пайда болған тұста мемлекеттердің басқару үлгілері туралы пікір-талас өрбіді. Президенттік, парламенттік, аралас басқару жүйелерінің жағымды, жағымсыз жақтарына аса назар аударылды. Бірқатар ғалымдар мемлекет басқару жүйелерінің әртүрлі әлеуметтік, саяси, тарихи жағдайға байланысты мазмұны өзгеретіндігіне назар аударады. Ойдағыдай мемлекет басқару жүйелерін табу қиын, тіпті мүмкін де емес.

Тәуелсіздік алған елдердің тарихи мұрасы әртүрлі. Британияға отарлы елдер заңның үстемдігін және әділ сайлау жүйесін тәуелсіздікке дейін қабылдады. Кеңес үкметінен тәуелсіздік алған елдер туралы олай айта алмаймыз. Сөз жоқ, тоталитаризм қоғамды ауыздықтап келді, одан бірден арылып, толық демократияға қол жеткіземіз деу асығыс болар еді.

Біз жағымды да, көлеңкелі жақтары да бар президенттік басқару нысанындағы жүйені таңдадық. Біріншіден, біздің ел басқарудың елбасын таңдайтын тарихи дәстүріміз бар. Ол хандық билік, сонымен бірге оны тежейтін билер институты. Екіншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдегі ұлтаралық қатынастардың  күрделілігі, саяси мәдениеттің де төмендігі, көрші елдердегі саяси ахуал және экономикалық дағдарыс билікті бір қолда шоғырландыруды, дау-дамайсыз тиімді шешім қабылдауды қажет етті.

Президенттік басқару жүйесі елімізді үлкен табыстарға жеткізді, әлемде беделіміз бар мемлекет болдық.

25 жылда адам да өзгереді, ел де өзгереді, заман да өзгереді. Ең бастысы қазақ ұлтының сана-сезімі, еліне, тіліне, әсіресе жеріне деген құрметі өсті. Сонымен бірге, президенттік басқару жүйесінің соңғы жылдары көлеңкелі тұстары да көріне бастады. Жоғарғы билікке табыну психологиясы кейбір жағдайларда халықпен санаспауға апарып, қарсылықтар туғызды, өктемдік үстем болып, қайшылықтарды күшпен шешу де орын алды. Жүйелі мемлекеттік саясат мемлекет басшысының тапсырмаларына айналды. Тіпті соңғы жолдауында Елбасы «мен», тапсырамын деген сөздерді 22 рет қайталады. Үкімет, әкімдіктер өз қызметін тапсырмалармен ғана шектейтін болды. Мәжіліс пен президент сайлауларын төтенше жағдайлар болмаса да, конституциялық заңды мерзімінен бұрын өткізу дәстүрге айналды.

Елдегі саяси, әлеуметтік ахуал да халықты жалықтырды, бұқаралық ақпарат  құралдарына да сенім азайды. Күнделікті өмір мен БАҚ арасындағы көріністерде қайшылықтар көбейді. Шыныдығын айтсақ, президенттік биліктің ақпараттық ресурстары да сарқылып келеді. 

Тұрақтылық (стабильность) әр уақытта да сәттілік емес,  кейде оның астарында тоқырау, (стагнация - лат. stagno — делаю неподвижным, останавливаю; лат. stagnum — стоячая вода) дағдарыстың да белгілері жатады.

Осы тұста мемлекеттің басқару жүйесінің жаңғыруына Елбасы Н. Назарбаевтың батыл қадам жасауы үлкен үміт туғызып отыр. Жаңаруға қабілетті елдің ғана болашағы бар. Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелеріне арналған ұсыныстар, біріншіден, парламенттің өкілеттілігін едәуір артырады. Президент заң күші бар жарлықтар шығармайды.  Заң шығару Парламенттің құзырында .

Екіншіден, үкімет енді президентке ғана емес, парламент алдында жауапты. Үкімет мәжіліспен консультациядан кейін жасақталады. Сонымен, мемлекет билік тежемелі және тепе-теңдік жүйені шынайы қалыптастыруға бет алды. Сөз жоқ бұл маңызды қадам. 

Бірақ, демократия дегеніміз терең саяси мәдениет,әділ, таза сайлау, оппозицияны мойындау, сөз еркіндігі, биліктегілерді ауыстыру, басқа да құндылықтар. Биліктегілерді ауыстыру ол тек бір адамның мәртебесінен айыру емес, оның төңірегіндегі кландарды, ағайын-туыстарды биліктегілерге сеніп пайда табудан, артықшылықтан шеттету. Осы тұрғыдан келгенде, бізде демократиялық реформалар енді басталды деу орынды.

Қазақстан демократия мен авторитаризм будандасқан ел. Саяси ғылымда орысша «гибридный» деп атайды. 

1. Бір жағынан, демократиялық сайлаулар өтіп жатырғандай, екінші жағынан, барлығы биліктің бақылауында. Сырт көзге заң орыындалғандай болып көрінгенмен, кімнің, қай партияның жеңетіні алдын ала белгілі.

2. Бір жағынан, сөз еркіндігі бар, екінші жағынан ол белгілі бір  шекке дейін.

3. Бір жағынан, саяси мәдениет дамығандай көрінеді, екінші жағынан халық  Ел мен елбасын айыра алмайды.

4. Бір жағынан,  заң жүзінде азаматтық еркіндік бар, екінші жағынан, ол да жарым-жартылай.

ҚР Президентінің билік басындағы орны да екі жақты сипатта. Бір жағынан,  ол мемлекет басшысы, Елбасы, екінші жағынан, ол партияның лидері, ал партия дегеніміз ол халықтың бір бөлігі ғана.  Демократия орныққан елдерде президенттер партия лидері. Бірақ оларда лидерлер мен партиялар жиі алмасып  жатады. Біздің елімізде  бұл моноцентристік жүйеге, бір лидер, бір партияның үстемдігіне әкеліп отыр.

«Нұр Отанның» артында Н.Назарбаевтың зор беделі тұр. Сау адам балдаққа сүйенбейтіні сияқты, беделді партия тек лидердің беделімен ғана емес, өз саяси, интеллектуалдық, моральдық ресурстарымен де танымал. «Нұр Отанда» әкімшілік реурстардан басқа ресурс жоққа жақын. Көптеген елдерде бүгін осындай партиялар лидерлер ауысқанда тарап та жатыр.

Егер жоғарыдан төменге дейін билік партиясы сайлауларды қадағалап, билеп-төстеп отырса, әділ, таза сайлау болады деу мүмкін емес. Сырттай бақылаушылар болғанымен, сайлау тағдырын дауыс санау шешеді, ал ол билік партиясының қолында. Парламенттік сайлауға түскен кездерімде, бір облыс әкімінің «Әрі кеткенде сіздің партияға жеті-сегіз орын берерміз» деп шіренгені есімде. Сонда Ресейдің бір саясаткерінің айтқаны ойға оралады: «Какую бы партию ни создавай, все равно получается КПСС». Бізде сол төркінімізден озып кетпедік.

Сондықтан, Нұрсұлтан Әбішұлы әрі Президент, әрі партияның лидері болмай, барлық саяси партиялардан белгілі бір дистанцияда тұрса, саяси партиялар арасында бәсекелстік басталар, әрине, егер оларға БАҚ-қа жол ашылса ғана.

Билеп-төстеп қалған «Нұр Отан» Президентке арқа сүйеп, Парламентте де, Үкіметте де үйренген әкімшілдік, авторитарлық амалдарына барып, мемлекеттегі биліктің тармақтары арасындағы өкілеттікті қайта бөлу жөніндегі Конституциялық бастамаларды жоққа шығармай ма деген қауіп жоқ емес. Партияға тәуелді Парламент пен Үкімет тежемелік әрі тепе-теңдік жүйенің түрін демократиялық, мазмұнын авторитарлық етіп жіберуге икемді. Екіншіден, осы кезге дейін жоғары билікке алаңдап, сақтық танытқан абайлағыш депутаттар мен үкімет мүшелері батыл іскерлік көрсетіп, елге, ұлтқа жанашырлық танытар ма екен? Сондықтан, жаңа талаптарға, жаңа жас тұлғалар қажет болады деген пікірлер негізсіз емес.

Елдің басқару нысаны президенттік болып қала беруге тиісті. «Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығн қамтамасыз ету» мүддесіне сәйкес Конституцияның 44 бабына 10-1 тармақшасымен толықтыру ұсынылып отыр, ол қисынды. Сыртқы қауіп күшеюде. Солтүстіктегі көрші елдің саясаты болжамсыз, сыртқы саясатта ойланбай істелетін қадамдар жиі байқалады. Түркиямен аяқ астынан қарулы қақтығыс бола жаздады. Біздің президент араласты. Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, лауазымды тұлға Н.Патрушев әлемді шулатқан «Российская газетадағы» мақаласында НАТО-мен қарулы қақтығыстың болуы және Балтық жағалауындағы республикаларға әскер кіргізуі мүмкін деді. Бұрынғы премьер С.Степашин егер Түркия НАТО мүшесі болмағанда, «Стамбул біздікі болар еді» деді. Ал, кинорежиссер К.Шахназаров, тіпті «Стамбулға атом бомбасын тастап жіберсе де болар» еді деді («Общественные науки и современность», 2016, №6, 11бет). Үлкен соғысты көрмей өсіп келе жатырған орыс жастарының бірқатары үшін соғыс тіпті тартымды. Қазақстанның жеріне де көз аларту жиі кездеседі. «Ислам мемлекеті» (ДАИШ) түбі сәтсіздікке ұшырайды. Бес мыңға жуық тәжірибелі террористер әртүрлі жолдармен Ресейге оралса, жағдай күрделене түседі. Көрші елдердегі ахуал бізге де әсер етпей қоймады, себебі экстремистерді қолдаушылар бізде  де бар. Сондықтан, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару бізге қашан да ауадай қажет.

Сонымен, алғашқы қадам жасалды. Ені сайлау жүйесін жаңарту, әкімдерді сайлау, әділ сайлаулар, саяси бәсекелестік болған жағдайда саяси моноцентризмнен полицентристік форматқа ауысамыз. Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері өз алдына үлкен проблема. Асығуға да, асықпайық деп, саяси процесті тежеуге де болмайды. Демократиялық реформалар жемқорлықпен күреске, экономиканы дамытуға да жол ашады.

Амангелді Айталы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377