Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮНIНДЕГI» АҚАН КІМ?
Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың (суретте) «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:
http://abai.kz/post/view?id=7271
http://abai.kz/post/view?id=7292
http://abai.kz/post/view?id=7363
http://abai.kz/post/view?id=7851
http://abai.kz/post/view?id=7819
http://abai.kz/post/view?id=7851
http://abai.kz/post/view?id=7963
http://abai.kz/post/view?id=8004
http://abai.kz/post/view?id=8164
http://abai.kz/post/view?id=8190
http://abai.kz/post/view?id=8438
http://abai.kz/post/view?id=8635
http://abai.kz/post/view?id=8747
http://abai.kz/post/view?id=8925
http://abai.kz/post/view?id=8955
http://abai.kz/post/view?id=9050
http://abai.kz/post/view?id=9536
http://abai.kz/post/view?id=9857
http://abai.kz/post/view?id=10194
http://abai.kz/post/view?id=10277
http://abai.kz/post/view?id=10532
http://abai.kz/post/view?id=10740
http://abai.kz/post/view?id=10973
http://abai.kz/post/view?id=11107
http://abai.kz/post/view?id=11260
http://abai.kz/post/view?id=11485
http://abai.kz/post/view?id=11583
II.
Менi қатты таңдандырған нәрсе – орыстың ұлы ақыны Пушкиннiң ұстазы, дегдар зиялының бiрi Василий Жуковскийдiң – «Бишара Лиза» кiтабын қолына ұстап Мәскеудiң түбiндегi Симонов монастырының жанына барып, повесте айтылатын әрбiр пейзажды салыстыра қарап, көзi анық жеткен соң суретке салуы болды. Виктор Астафьев «Туған жердiң аспаны шайдай ашық» атты кiтабында: «Сәтi келген күндердiң бiрiнде Варвара Афанасьевна Жуковскийдi «Карамзиннiң «Бишара Лиза» повесiндегi кейiпкер қыз батып өлетiн қарасудың қасындағы Симонов монастырына алып барды. 1796 жылы баспадан шыққан кiтапты өздермен қоса ала жүрдi... «Бишара Лиза» 1892 жылы «Москва журналында» жарық көрiсiмен Симонов монастыры Москвалықтардың серуендейтiн сүйiктi жерiне айналды» – деп жазады. Сонымен қоса В. Жуковскийдiң Лиза батқан қарасуды салған суретiн бередi. Шiркiн-ау, өзге-өзге дәл осы «Қорғансыздың күнiндегi» Күшiкбай асауындағы Ғазизаның қыстауын да, денесi жатқан қорымды да фотосуретке түсiрге болады ғой» деген ой билеп алды. Алайда сол бiр жүдеу қораны баяғы бала кезiмдегiден кейiн көрмегенiм есiме түстi. Алыстан, әйтеуiр бiр төмпешiк қарайып тұратын.
Ендi өзiм тұтатқан отты өшiруге тырыстым. Ол мүмкiн емес-тiн. Мақала жұртқа тарап кеттi. Бар амалы, кеткен қателiктерiм болса, соны түзетiп, толықтырып ұсыну екендiгiн сезiндiм.
III.
Көшпелi сюжеттiң әдебиет тарихына көрiнiс ретiнде кiргенiне он ғасырдан асты. Шекспирдiң тарихи пьесаларының денi бөгде шығармалардан ауысқан. Шығыстың «жетi бұлбұлының» бесеуi бiр тақырыпты бәсекелесе жырлаған. Ең бастысы – таныс оқиғадан туындайтын көркемдiк тұжырым, авторлық позиция. Карамзиннiң тұспалы – «тектi мен тексiздiң», яғни, бегзада мен мұжықтың адамдық сезiмдерiнiң ортақ екендiгiн көрсету. Бұл идеяның өзiн Карамзин 1780-жылдары кең тараған: «Крестьянка да ғашық бола алады» атты әннiң сюжетiнен алған. Ондаған ақын бүркеншiк есiмен крестьянкаларға арнап өлең шығарған.
Ал Мұхтар Әуезов үшiн бай баласы мен кедей қызының бiр-бiрiн сүйе алатындығына сендiрудiң қажеттiгi жоқ едi. Оның ең нысаналы мақсаты – жауыздық пен зұлымдықты әшкерелеу, адамның мейрiм-қайырымын ояту болатын. Халықты күйзелткен әлеуметтiк шындықты сыншыл реалистiк тұрғыдан суреттеп бердi. Сентиментализмнiң сарыны естiлмейдi. Оның көркемдiк және реалистiк сипатын Алексей Пантиелеев: «Бұл Әуезовтiң прозадағы алғашқы тәжiрибесi едi дегенге қайран қаласың. «Қорғансыздың күнi» әңгiмесi көркемдiк қуаты жағынан, әлеуметтiк-адамгершiлiк жүгi жағынан кiшiгiрiм романға пара-пар» – деп бағалады. Өзге-өзге, Мұхтар Әуезовтiң әр шығармасын өзге жазушылардың туындыларымен салыстыра талдайтын Алексей Пантелеевтiң аузына «Бишара Лиза» түспегенi үшiн әдiлетсiз деп жазғыра алмаймыз. Ол екi шығарманы да жақсы бiлген. Тiптi, аударма барасында да «Бишара Лизаның» – ойға оралмауы шындықтың кiм жағында екендiгiн мағлұмдайды.
Көркем шығарманың iшкi иiрiмiн бағдарлайтын құрал – оқиғаның желiсi, кейiпкердiң әр қимылынан туындайтын әсер және оның туу себептерi. «Бишара Лиза» бақытсыз аяқталған махаббат хикаясы. Ғашық-наме. Базарда бәйшешек сатып тұрған Лизаны әдемi киiнген мырза жiгiт ұнатып қалады. Гүлiн сатып алады. Лиза да сүйiспеншiлiк отына бөленедi. Ертеңiнде Лиза ешкiмге гүлiн сатпай, жiгiттi күтедi. Келмейдi. Көңiлсiз қайтады. Келесi күнi кешке жақын сылқым серiнiң өзi iздеп келедi. Эраст пен Лиза түн құшағында, көк шалғында махаббатың бал шарабына тояттайды. Серуеннен «жүзi бал-бұл жанып, жүрек қуанышына бөленiп» қайтады. «Қорғансыздың күнiндегi» жағдай тiптi кереғар. Ғазиза – «жауыздықтың қолындағы бiр ойыншық». Қаhарлы аяздан пана iздеген Ақан мен Қалтайдың жымысқы әрекетiнен сескенiп: – «Сенiң ойыңдағы сұмдығынды бiлмей тұрмын ба? Аулақ жүр! Мен сенiң мазақ қылатын кiсiң емеспiн!» – деп намысын қорғайды. «Қорлық, мазақ көрген Ғазизаның көзiнен дүниенiң барлық қызығы кеттi... Ғазизаның көңiлiнде қалған ойдың ең ақырғы бұйрығы: әкесi мен бауырының бейiтiне барып, екеуiнiң арасында отырып жылау!» Иә, жылау! Мұхтардың қаламының реалистiк қуаты осында. «Өлуге кеттi» демейдi. Қорланған қыз қасiретiн кәрi әже мен зағип шешеге шағынып, оларды одан бетер сорлатқысы келмейдi. Шерiн тарқату үшiн әке қабiрiне барады.
Осы көрiнiсте Лиза мен Ғазизаның сезiмдер мүлдем қарама қайшы. Лиза – сол сәттi аңсай күтедi, Ғазиза жиiркенедi, қорланады, өлiм тiлейдi. Шығарманың шешiмiндегi өлiмнiң себебi де, оған деген көзқарас та әр қилы. Лиза – Эрастың өзiн тастап, өзгеге үйленгенiн естiп, қайтар жолдағы қара суға тұңғышып өледi. Повесть: «Эраст өмiрiнiң соңына дейiн бақытсыз ғұмыр кештi. Лизаның өлiмiн естiген соң, өзiн кiнәлiмiн деп есептеп, өзiн-өзi мазалаумен жүрдi» – деп аяқталады. Демек, Лиза мен Эрасттың арасындағы қимастық сезiмнiң жылуы бар. Керiсiнше, Ғазизаның жүрегiне мұз қатқан. «Жауыздықтың жас құрбаны қасiретке толы өмiрiнiң азапты ақ түтегiнен адасып өлiп, мәңгi толас табады».
Сондықтан да, «Бишара Лиза» мен «Қорғансыздың күнi» авторлық идея, көркемдiк орындаулы, оқиға желiсi жағынан қабыспайтын дербес дара шығарма. Қарамзиннiң повесiнiң тұспалы ескiрген. Бiрақ «орыс әдебиетiндегi көпшiлiктiң назарын аударып, қоғамдық ой тудырған тұңғыш көркем дүние» (В. Белинский) ретiнде құнын жоймайды. «Қоғансыздын күнiндегi» рухани қарсылық – жазушылық пен адамгершiлiктiң күресiнiң символы тәрiздi. Бұл – мәңгiлiк мұраттың бiрi. Зұлымдық жер бетiнен құрығанша өзiнiң парызын толассыз өтейтiн ұзақ өмiрлi туынды.
Ал шығарманың жазылу тарихына тоқталсақ, онда «Қорғансыздың күнiнен» басталған Әуезов шығармашылығының бiр ерекшелiгi аңғарылады. Ол – жазушының роман, повесть, әңгiмелерiнiң денi тарихи оқиғалардың негiзiнде жазылуы. Немесе, өмiрде болған оқиғаларды суреткерлiк көзқараспен, толғаныспен екшеп, таразылап қағазға түсiрген. Шыңғыс қарттарының ауызша шежiресi бойынша ел арасындағы әңгiме желiсiнде Күшiкбай хикаясы хақындағы оқиға шындыққа жетелейдi. Яғни нақты бастан кешкен, өмiрде өткен, деректi дүние. Сондай тарихи оқиғаның өзегi болған әңгiменiң қатарына «Қорғансыздың күнi» де қосылады.
Оған табан тiрейтiн дәлел де, тиянақты тұжырым да Мұхтар Әуезовтың өзiнiң мақұлдауы да жазба естелiкте бар. Таяу уақытқа дейiн Әуезов әңгiмелерiнiң көркемдiк шешiм, өмiрлiк негiзi естелiк айтушылардың да назарына iлiнбей келдi. Кейбiр жайларды Шыңғыстағы көне көз, құйма құлақ карттардан естiп мағлұмат алуға болатын. «Қорғансыздың күнiне» мәйек етiп ұйытуға негiз салған оқиғаны қарт қаламгер, ұзақ жылдар тiзбегiнде Мұханмен үзеңгiлес, жастық шағын Шыңғыста өткiзген, көне сырға қанық Ғайса Сармурзин ақсақал «Өнеге» атты естелiкнамасында құнды мағлұматтар келтiредi. Мұхаңның балалық, жiгiттiк дәуренiн сипатай отырып, Құнанбай ұрпақтары, Абай ауылы төңiрегiндегi төңкерiске дейiнгi жағдай туралы сөз қозғайды. Бiз «Қорғансыздың күнiне» қатысты оқиғаға тоқталайық. Құнанбай Ұлжаннан туған ұлы – Ысқақ. Ал Кәкiтай Ысқақов Абайдың тұңғыш кiтабын Петербурга жариялағаны баршаға мәлiм. Мiне. Сол Кәкiтайдың Бiләл атты ұлы төңкерiс тұсында болыстыққа сайланады. Қаталдығымен, қатыгездiгiмен, дөрекiлiгiмен де, айлакерлiгiмен де аты шыққан. Орысша сауатты, тiзесiн кедейлерге ғана емес, ұлы Абай аса құрмет тұтқан Мұрсейiт сияқты зиялыларға да батырған.
Осы Бiләлдiң аса бiр қатыгездiгiн Мұхтар Әуезов алғашқы әңгiмесiне желi еткен. Ғайса Сармурзин өзiнiң естелiгiнде: «Егер сiз сол Бiләл болыстың зорлығы мен зомбылығын бiлгiнiз келсе, Мұхаңның 1921 жылы басылып шыққан «Қорғансыздың күнiн» оқысаңыз да үстiнен түсер едiңiз. Өйткенi сол әңгiмедегi Күшiкбай кезеңiнде сорлы соқыр кемпiрлiң басынан кешiрген қайғы-касiретiн одан бiрнеше жыл бұрын естiген едiм. Көп жылдан соң мен Мұхаңа: «Сiздiң «Қорғансыздың күнiнде» жазған болысыңыз Бiләл емес пе? – дегенiмде, ол кiсi:– «Иә, ол соның прототипi болатын», – деген едi... «Елу жылда ел жаңа» дегендей қазiргi заманда сол Бiләлдi... Қызылшолақ полицейлердi, сол бiр кездi алдыңа елестетсең: ол бiр шытырман қайғылы заман екен ғой деген ойға шомасың», – деп Мұхтардың тұңғыш әңгiмесiнiң өмiрлiк дерегiнен хабардар етедi.
Сонымең Ақан – Бiләл ме, жоқ па?
Оған күдiктенудiң де ретi келмес едi. Шыңдықтың сол топшылауға тұжырымдалатын райы бар. Ғайса Сармурзин – Мұхтарды жастайынан бiледi. Ауылдары аралас, қойлары қоралас отырған адам. Және қыстауы да Күшiкбай ауылына қоңсы iрге тепкен. Жазушының өзiнен сұрап, мақұлдатуы – өзге күдiктi ойлаттырмайды. Алайда, екiншi жорамал да жоқ емес. Жазушы Кәмен Оразалин Мұхтар туралы «Абайдан соң» атты романында Күшiкбай оқиғасын Бiләлдiң ағасы Шөпiшке телидi. Бiләл де, Шөпiш те – партия тартысына араласып, болыстықтан дәмеленген. Бiрақ жас мөлшер әр түрлi. Бiләл бес кластық орыс мектебiнде Мұхтардың iнiсi Ахмет Әуезовпен бiрге оқыған. Мұхтармен бала кезiнде араласып өскен Шөпiш те сауатты. Мұсылманша хатты еркiн таныған. Ағайынды адамдардың кайсысының сабырлығы басым едi деп, ет жақындарынан сұрау да әбестiк. Сонда да, «Абай жолында» Әмiр, Майбасардың Мұхаметжаны қатарында суреттелетiн Әбдiғалидың ұлы, Бiләл мен Шөпiштiң немерелес туысы, Жидебайдағы Абай музейiнiң ұзақ жылдар меңгерушiсi болған Ниязбек Алдажаров ақсақалдан төрелiк сұрадық. Тура мiнездi Адал аға:
– Ей, Тұрсын мен бiлсем айтпаймын ба. Жасырып қалсам – жақсылық емес, қиянат. Ең алдымен сөз Абайға келмей ме. Бәрiбiр, түртпектеп тауып аласың. Бiр ақиқат анық. «Абайдан сонда» Шөпiш деп көрсетiптi Кәмен. Мен келiспеймiн. Сенбеймiн. Шөпiш – Тәңiрбергеннiң бәйбiшесi, Сыбан қызы Қаражаннан туған Әзiмбайдың баласы. Шын аты – Дiнiсләм. Мейiрiмдi, кiсiлiктi, кедейге қараса жүретiн адам едi. Ол атақты Тәуке батырды патша ұлығынан жасырғаны үшiн 1916 жылдары Құдайбердiнiң Ырзықбайы екеуi Аягөздiң түрмесiне қамалды. Оларға Сiләмқұл тамақ тасып тұрыпты. Мен Сiләмқұлды жақсы бiлемiн. Менен үш жақсы бiлемiн. Менен үш жас үлкен бiрге туған Үмие деген апайымды Сiләмқұлдың жалғыз ұлы алды. Сiләмқұл – гимназия бiтiрген, беделдi адвокат едi. Руы – Көтiбақ. Шөшiш түрмеден босап шыққан соң Қаражан Сiләмқұлға қатты риза боп: «Шөпiшiм түрмеде жатқаны болмаса, жанын қинаған жоқ қой. Сен тамақ тасып, iсiн қуып, ұлықпен айтысып, мазаң кеттi» – деп қатты сыйлапты. Егер де Шөпiш қатыгез, қиянатшыл болса – Тәукенi ұстап берiп, шен-шекпен кимей ме ұлықтан. Тек, Тәңiрберген романда жағымсыз кейiпкер болды деп ұрпағына кiнә тағуға бола ма? Және Шөпіш 1916-1918 жылдар арасында қайтыс болды. Ол кезде жасы да кексе тартқан. Ата сақалын сүйретiп, қызға қарлы-боранды түнi қызыға қоятындай қауқары да шамалы. Ал, Біләл өте сауатты, гимназия бiтiрген, өжет, шешен болыс болған. Атын атап, түсiн түстемеген соң – обалын арқалып қайтемiн. Өзi, ертеректе естiген жайым едi. Ұмытып қалыппын. Анық-қанығына көзiм жетпей ештене айтпаймын. Бiрақ iздестiре, қағыстыра жүрейiн. Ел iшiндемiн ғой. Хабарын тигiзем қолына» – деп едi.
Соңғы жылдары өзi естiп-бiлген Абай туралы әңгiмелердi жинақтап, көлемдi естелiк жазып, тәмәмдауға тақап қалып едi. Онда бiр анығы ашылар ма екен деп үмiт етiп ем. Ашылмады. Марқұм көз жұмарынан екi ай бұрын алматыдан менi арнайы шақыртып алып, бiр жұма әңгiме айтып, қағаздарын маған аманатқа тапсырып кеттi. Асыл аға «Қорғансыздың күнiне» қатысты ештеңе жазбапты. Мен осынау адамның шыңшылдығына сүйсiндiм. Ол кiсi бiлетiн. Бiрақ өзiнiң көзi әбден жетпеген соң үндемеудi жөн көрген едi. Ал Біләлдiң өзi туралы айтып бердi.
Тағы да сөз тердiк. Ара жiгiн ажырататын жiптiң ұшын Ғайса Сармурзиннiң «Өмiр сабақтары» атты («Өнегеден» басқа) естелiк кiтабынан бұрынғы пiкiрдi расқа шығаратындай үстеме деректi көзiм шалды. Шөпіш Әзiмбайұлы Тәңiрбергенов пен Біләл Кәкiтайұлы Ысқақов екеуiнiң болыстыққа таласқанын жазады. Бұл жолы жас әрi бiлiмдi Біләл жеңедi. Сайлаудағы әсерiн:
«Маған Шөпіш те, Біләл де елден ерекше боп көрiндi. Екi иығы тiп-тiк, ұзын бойлы, қара сақал, қоңыр күрең өңдес Шөпіштiң үстiнде көк шұға пешпетi мен ұзынша сымшалбары бар. Қырылдаған дауысымен аспай-саспай байсалды сөйлейдi екен. Көбiнесе айтатыны – Біләлдi жамандау. Оның «қалың елге жақпайтың аттыға сөз, жаяуға жол бергiсi келмейтiн» пәлеқор, бұзық екенiн айта келiп, өз басы «қылдай қиянат жасамай, елдi дұрыс басқаруға» уәде берiп жатыр. Ал Біләлы қазақ баласына ұқсамайтын бiр алуан жан екен. Маңдайы кере қарыс, түксиген қалың қабақ, тым жалпақ бет. Тiкiрейе қарағанда өзiңдi жеп қоярдай өткiр көздi бiр қияпат. Ол сөйлегенде өзiнен-өзi өршеленiп екi қолын ербеңдете сермеп, шарылдай жөнеледi екен. Мен оның осындай хикмет сұрқына таңырқап не айтып, не қойғанын аңғармай да қалыппын», – деп баяндайды.
Әдетте, араға ұзақ жылдар салып барып жазылған естелiктерде оқиғаның елесi ғана жадында сақталып қалғандықтан, кейбiр дәлсiздiктердiң кететiнi заңды. Сондай күдiк бiздi де мазалаумен болды. Бұл ойымызды архивтiң қатпарын қажымай-талмай ақтарған Бейсенбай Байғалиевке бiлдiргенiмiзде, араға алты ай салып бiздiң қолымызға Біләлдiң болыстыққа сайланғаны туралы құжатты ұстатты. Мұнда Мұхтардың өзi тiкелей бiлетiн адамдардың аты аталғандықтан да бұл деректi толық келтiрудi жөн көрдiк. Сайлаудың қалай өткенi Мұхтарды да бей-жай қалдырмаған. Сондай-ақ немере ағасы Арымбек те шарға түскен және кезде Мұхтар ауылда болатын.
«Семей уезiндегi съездi өткiзуге байланысты крестьян басқармасы жүргiзген журнал. № 312, 1916 жылдың 31 шiлдесi.
Шыңғыс болысындағы әкiмшiлiк қызметке адамдарды сайлау жөнiндегi мәселенi талқылауға мыналар қатысты:
Съезд төрағасы, крестьян басқармасының бастығы Н.С.Гузнишев, 1-бөлiмшенiң крестьян басқармасының бастағы – К.Я.Третьяков, 4-крестьян басқармасының меңгерушiсi – Ф.А.Иванов, хатшысы – М.П.Зорастров.
Тыңдалған мәселе: Семей уезiнiң 3 бөлiмшесiнiң крестьян басқармасының бастығы Шыңғыс болысында 1917-1919 жылдардың арасындағы мерзiмге әкiмшiлiк қызметке сайланған адамдардың № 2623 iс қағазын 24 шiлде күнi съезге тапсырған болатын. Съезд кезiндегi сайлау барысы туралы аталған болыстан съезге арыз келiп түскен жоқ. Сайлау iсiн қарай отырып уездiк съезд қаулы етедi: сайлау қағазын Семей губернаторы мырзаға жолдай отырып, ең көп шар салынған адамдардың қызметке кiрiсуiне өкiлдiк беруiн сұраймыз, атап айтқанда олар мыналар:
Болыстыққа – Біләл Құнанбаев, оған кандидат боп Тұрағұл Ибрагимов, халық билерiне, I-ауыл бойынша – Нұрлыбай Нұрпейiсов, 2-ауыл бойынша – Өмiртай Ақбердiн, 3-ауыл бойынша – Баймағамбет Айтқожин, 4-ауыл бойынша – Дiнислам Тәңiрбердин (Шөпіш деп аталып кеткен Тәңiрбергеннiң баласы осы кiсi – Т.Ж.), 5-ауыл бойынша Қарқожа Битемиров, 6-ауыл бойынша – Тiлеубай Шақантаев, 7-ауыл бойынша – Ермағамбет Байғұлақов, 8-ауыл бойынша – Арымбек Әуезов, 9-ауыл бойынша – Уәли Абылов, 10-ауыл бойынша – Құлсүлеймен Жиреншин, 11-ауыл бойынша – Бейiлқан Жабаев, 12-ауыл бойынша – Мұхамедғали Найманбаев, 13-ауыл бойынша – Мұсажан Әкiмғожин, 14-ауыл бойынша – Оразалы Есембаев;
оларға кандидат болып 1-ауылдан – Молдахмет Iзғұттин, 2-ауылдан –Қысатай Ақбердин, 3-ауылдан – Рақымжан Мақышев, 4-ауылдан – Ғабдулмұғмина Битемiров, 6-ауылдан – Мұхаметәли Қасқарауов, 7-ауылдан Айдар Дүйсебаев, 8-ауылдан Смайылқан Құлжанов, 9-ауылдан – Ақылбай Болатаев, 10-ауылдан Мұсылманқұл Жиреншин, 11-ауылдан – Нұрмағамбет Абылғазин, 12-ауылдан – Қасымжан Найманбаев, 13-ауылдан – Әсержан Балғожин, 14-ауылдан – Торшы Шокин бектiлсiн.
Растығына қол қойып, куәландырған съезд секретары
Зорастров».
4 шiлде күнi өткен болыс сайлауының барысы туралы: Біләл Құнанбаев – 27 жаста, 32 адам дауыс берiп шар салды, бұрынғы болыс Тұрағұл Ибрагимов – 41 жаста, 14 адам дауыс берiп, 18 адам қарсы болды» делiнген екен. Келесi iс қағазында болыстыққа кандидат ретiнде Тұрағұлға 31 адам дауыс берiп, бiр адам қарсы болған. Тұсына ерекше белгi деген жерге бойынша «кандидат орысша жақсы бiледi» – деп жазылған. Сонымен, Біләлдiң болыстыққа сайланғаны рас боп шықты. Ендi осы құжатқа түсiнiк жасай отырып, кейбiр түйткiлдердi тарқату ғана қалды. Бiрiншiден, аталған 30 адамның бәрi де Мұхтарға етене таныс. Денi Ырғызбай тұқымы. Олардың барлығының мiнез-құлқын, сайлау алдындағы таласын, өзара бәсекесiн және кiмнiң қандай жолмен сайланғанын жақсы бiлген жазушы кейiн бұл көрiнiстердi «Абай жолын» жазу барасында пайдаланған. Ел билеген адамдардың бiразының аузынан Абай туралы естелiктерiн де жазып алған.
Екiншiден: Біләлдi Семей губернаторы 25-тамызда болыстыққа ресми түрде бекiткен. Ендiгi мәселе оның жас мөлшерiн анықтауға келiп тiреледi. Iс қағазына сүйенсек бұл Біләлдiң екiншi рет болыстыққа сайлануы. Ал архив құжаттары мен Ахмет Әуезовтiң естелiгiнде 1910-1913 жылдары Біләл Семейде орыс мектебiнде оқыған. Соған қарағанда гимназияға түспеген. Оқуын жалғастырмай ел билiгiне араласып, 1914-1915 жылы болыстыққа сайланған. Егер Біләлдiң жасы Мұхтармен қатар болса, онда 1895-1897 жылдары арасында туған болып шығады. Мұны болыс сайлауындағы көрсетiлген мәлiмет растамайды. Сондай-ақ Біләлдiң 21 жасқа толғанда мектеп есiгiн ашуы қисынсыз. Демек, қалайда болыстыққа сайлану үшiн ол өзiнiң жасын өсiрiп көрсеткен. Мұндай қитұрқыларды қыр қағазы сайлау кезiнде әккiлiкпен пайдаланып отырған және ондай жалған бойынша «жастың иесi» жалғыз Біләл емес, әр болыста бар болатын. Әйтпесе, Тұрағұл Біләлдiң әкесi Кәкiтайдың iзiн басып жүрген адам, оның Біләлмен арадағы жас айырмашылығының 13-ақ жас болуы шындыққа сыйымсыз. Сондықтан да, Ғайса Сармурзин марқұм куә болған Шөпіш пен (Дiнислам Тәңiрбердин) Біләлдiң болыстыққа таласуы 1913-1914 жылдары өткен болуы мүмкiн. Өткiр, өжет, оқығаны мен тоқығаны да көп талапты бозбаланы болыстыққа сайлағанда ағайындарының оның жеке басының қасиетiне, шешендiгiне арқа сүйеп, ертеңiнен үмiт күтуi заңды да. Бiрақ жастайынан билiк тiзгiнi қолға тиген Біләлдiң барлық пен билiктiң буына ерте мастанып, жас бурадай шабынып шыға келуiн ел ағалары да болжай алмаған. Әрине, бақталастықтың да, әркiмнiң өз атасына қарай тартуы да әсерiн тигiзген. Біләлдiң Тұрағұлдан төрт-ақ дауысты артық алуы соны аңғартады.
«Қорғансыздың күнiндегi» Ақан образы нақты тарихи тұлғадан алынғандығына сенiмiмiз күшейген сайын күдiк те көбейе бердi. Iзденiс соқпағы тағы да Ғайса ақсақалға тiрелдi. 1986 жылы ақпанның 24 күнi кешкi сағат 5-те Алматыдағы екiншi темiржол вокзалының маныңдағы үйiне барып, мән-жайды сұрадық.
– Әр дерекке күдiкпен қарап, тексергенiң дұрыс. Маған да сенбей өз аузымнан естiгiң келедi ғой. Естелiк – көркем шығарма емес, көңiлiне қонбаса өзгерте беретiн. Елу жыл баспасөз маңында iстеп келем. Сөздiң құнын, жазғанның шындыққа жүгiнетiнiн бiлетiн тәрiздiмiн. Сол, өзiң оқыған «Өнеге» мен «Өмiр сабақтарындағы» сөзiм – сөз, дәлелiм – дәлел. Мұхаңның өзiнен сұрағанымда, «Иә, Біләл ғой» дегенi де ақиқат. Ал, Ғазизаның кiм екенiң, жөн-жобасын бiлу, ойыма келмептi. Біләлдiң боластығынан тағы бiр мәлiмет айтайын, атақты Мұрсейiттi естуiң бар шығар. Абайдың өлеңiн қағазға түсiрген адам. Соның баласы Қисық (шын аты Рахымбай – Т.Ж.). Шолпанның иығына егiн салды. Егiн басы толған кезде, таңертең атызға келсе, Біләлдiң қалың жылқысы iшiнде жүзiп жүр екен. Ақтайлағына мiнiп ап, тонын терiс айналдырып, жылқыны үркiтедi. Урiккен жылқы дүркiрей шұбап, ауылды басып кете жаздайды. Ашынған адамның тiлi ащы. Қисық: «О Құнанбай сенi аруақ атсын» – деп қарғайды. Соны естiген Біләл Қисықты қатты жәбiрлеп, дүре соқтырады. Қисықтың ұлы – Мұфтибек, әншi Жәнiбек Кәрменовтiң туған ағасы. Қазiр Алматыда, есеп-қисап саласында, – дедi Ғайса қария.
Біләлдiң қиянаттары бiзге бұрын да мәлiм едi. Ахмет Әуезовтiң «Бiздiң Мұхтар» кiтабында да аты жиi ауызға алынады.
Сонда да нақты деректi бiлу ушiн Мұрсейiтiң немересi Мұфтибек Рақымбайұлына қолқа салдық. Рақымбай ақсақал бертiнде қайтыс болған. Мұфтибек аға да зерделi зерек, ойы ұшқыр, тура мiнездi, ескi сөздi көп бiлетiн, соны iрiктеп барып айтатын азамат.
Мұфтибек Рақымбаев: « – Е, менiң әкемнiң Қисық атанғанын сен қайдан бiлесiң? Ол – әкеме Біләлдiң қойған аты. Бiз, аз ғана әнет табынанбыз. Ырғызбай ауылынан iргемiз бөлiнбеген, iргемiз ажырамаған. Атам Мұрсейiттi Кәкiтай қатты қадiрлеп, өзiнiң жанында ұстапты. Абайдың Петербургте шыққан тұңғыш қiтабының қолжасбасы менiң атам Мұрсейiттiң көшiрмесiмен жарыққа шықты. Ол кiсiге ел-жұрт қой берiп Абай өлеңдерiн көшiртiп алады екен. Әкем: «Шiркiн, Кәкiтайдай мәдениеттi, кiшпейiл, қайырымды адамды көргенiм жоқ» – деп отыратын. Рақымбай атын «Қисық» деп өзгертуiне өзiнiң тура мiнезi, ащы тiлi, айтқанға көне қоймайтын бiр мiнездiлiгi себеп болса керек. Біләл – Кәкiтайға мүлдем қарама-қарсы, жасындағы өжеттiгi келе-келе ұрда-жықтыққа, дөрекiлiкке ұласып кетiптi. Оқу бiлiмi бар, бiрақ соны ұстай алмапты. Әкем Рақымбай оның айтқанына көнбейдi екен. Біләл – болыс сайланғаннан соң-ақ ауыздыға сөз, аттылға жол бермептi. Кiсi тыңдамайтын болыпты. Кәкiтай аға алты ай ауырып жатқанда дауыс жететiн жерде тұрып, көңiлiн сұрауға бармапты. Себебi, ол апиын iшедi екен де, содан жасқанады екен. Делебесi қозғанда менiң әкем оның екi иығынан басып отырады екен. Кейде, «Әне, Семейге апиынға кеткен адам келе жатыр» десе, «ох» – деп терлеп сала берiп барып тынышталатын көрiнедi. Маңайындағы малшыларын, қызметшiлерiн шақырып алып, тiзiп қойып: «Кiмнiң құлысың?» деп сұрайды. Сонда бәрi «Біләлдiң», не «Сенiң құлыңмын» дейдi екен. Тек менiң әкем Рақымбай ғана: «Ей, Біләл, ендi құдаймен таласқың келдi ме? Өлiп кет маған десе, мен құдайдың құлымын» деп жауап берiптi. Сонда қамшымен тартып жiберiп: «Әй, қу Қисық, сенi жеңе алмай-ақ қойдым ғой» – дептi. Сарыжалда бiр үйге түстенедi. Сонда қуырдаққа байқаусызда бiр турам өкпе түсiп кетiптi. Сөйтсе, әлгi қуырдақты табағымен қоса үй иесiне қарай лақтырып жiберiптi. Қай қылығын айтайын. Біләл, отызыншы жылдарға жетпей қайтыс болды. Ол туралы бiр Көкше шығарған өлең бар едi. Оны әкемнен Жәнiбек жазып алып жүрген. Содан сұра. Ол өлеңнiң тарихи мынадай. Біләл ағайындас елдiң жас түскен келiнiн зорлықпен тартып алды. Содан ашуға булыққан ел ыза болады да қол жиып келiп, Біләлдiң тоқал шешесiн атқа мiнгiзiп, алып келдi. Ыза кернеген, кектенiп, келген топқа не iстесiн. Әйтеуiр, араға бiр ай салып, ел ақсақалдары бiтiм жасап, тоқал шешесiн қайырып берiптi. Ал ендi өлеңiн Жәнiбектен сұра, – дедi.
(жалғасы бар)
Abai.kz