Жексенбі, 24 Қараша 2024
Даңғыл 9852 0 пікір 9 Сәуір, 2015 сағат 11:14

СЕКСЕННІҢ СЕҢГІРІНДЕГІ СЕРГЕК ТҰЛҒА

Бүгін – жазушы Ғаббас Қабышұлы (суретте) ақсақал сексен деген жастың сеңгіріне көтерілді. Жазушы, көсемсөзші, қоғам қайраткері. Ғабит Мүсірепов алғаш қол қойып шығарған әйгілі «Ара» журналының сайыпқыран сардарларының бірі. Бүгінгі сөзмергендердің серкесі, ардагер сатирик. Кешегі Совет заманы мен бүгінгі қоғам мінезін әрқашан салқын сынға алудан қажымаған жазушы жан серігі - қаламын суыта қойған жоқ. Суыту былай тұрсын, шар болаттай суарып, шаршы топтың алдына салып отыр. Бұл кісі қазір қалам мен қағаздың жаңа өрісі – компьютерде. Ғаламторды да қапысыз меңгеріп алған. Жеке электронды поштасы бар. Бала-шағаның шимай-шатпағына кейіген кездерінде блогер болып та кеткісі келеді. Abai.kz ақпараттық порталының тұрақты авторы.

Еңкеймей, еңсесін алдырмай, сексеннің биігіне сергек жеткен ақсақалымызды бүгінгі туған күнімен құттықтап, редакциямыздың хат қоржынына келіп түскен жылы лебіздер мен ыстық тілектерді жария еттік.

Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы. 

АСА ҚҰРМЕТТІ ҒАББАС АҒА!

Сіз ұлт руханияты игілігі жолында жалықпай еңбек етіп келе жатқан жансыз. 

Мақсатқа жету жолындағы қайталанбас ерік-жігеріңізге, берік азаматтық ұстанымыңызға шығармашылық талантыңызға, сезімталдығыңыз бен адалдығыңызға, адами келбетіңізге қайран қаламыз. Сіз қайда жүрсеңіз де ұлттың рухына деген сүйіспеншілік пен ана тілі алдындағы борышқа адалдықтың жарқын үлгісін көрсете білдіңіз.

Ар ісіне адалдықпен қарап, әдебиет ғылымын көзіңіздің қарашығындай қастерлеген Сіздей ел ағасына туған халқыңыздың алғысынан артық мәртебе жоқ деп білеміз. Сіздің қайраткерлік қалпыңыз, ғалымдық хатыңыз – өнеге мен өлшемнің айқын үлгісі.

Қайым Мұхамедхановты ерекше есте сақтағаныңыз үшін Сізді шынайы құрметтейміз.

Құрметті Ғаббас аға! Кемел шағыңыз сексен жасқа толған мәртебелі мерейтойыңызбен құттықтай отыра, деніңізге саулық, ұрпағыңызға бақыт пен береке, қазыналы қарттық, еңбегіңізге жеміс тілейміз.  Жүз жасыңызды жұрт болып тойлайық.

«Қ.Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет» қоғамдық қоры.

9 сәуір 2015 ж.

 

ҒАББАС ҚАБЫШҰЛЫ - бүгін 80 жасқа ТОЛДЫ!

Бүгін – Қазақтың қабырғалы қаламгері, Халықаралық "АЛАШ" сыйлығының лауреаты, журналист, қоғам қайраткері, сатирик жазушы Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ ағамыздың туған күні. Ағамыз 80-нің сеңгіріне шығып отыр.

Құрметті Ғаба, туған күніңіз құтты болсын! Денсаулығыңыз мықты болсын! Қазақ деген халқыңыз үшін әлі де еңбек ете беріңіз! Алланың берген жасын жасаңыз!

Өзіңізге деген игі ниетпен ініңіз

Жұмаш КЕНЕБАЙ

 

ТОТЯЙЫН-ТІЛДІҢ ТАРЛАНЫ 

Қазақтың от тілді, орақ ауызды, шырқыраған шындықты дер кезінде қанын сорғалатып айтып жүрген белгілі жазушысы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ұзақ жылдар Қазақстан жазушылар одағында жауапты қызметтер атқарған Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ ағамыз 2015 жылдың 9 сәуірінде сыры мол, салмағы зор 80 жасқа толды.

Ғибратты қаламгер Ғаббас ағаның өмір жолы да қызықты. Ол 1935 жылдың 9 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданының Ұранхай ауылында дүниеге келді. 1955 жылы облыстық «Алтай большевигі» (қазіргі «Дидар») газетінде корректор, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болды. 1966 жылы республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына ауысып, жауапты хатшының орынбасары, көркем әдебиет, әдеби сын бөлімдерінде меңгеруші қызметін атқарды. 1962-1968 жж. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқып, жоғары білім алды. 1974 жылы КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, 1983 жылы республикалық «Ара-Шмель» сатира журналының Бас редакторы, 1989 жылы Қазақстан Жазушылар Одағы (ҚЖО) құзырындағы Көркем аударма және әдеби байланыс Бас редакциясы алқасының бөлім меңгерушісі, 1994-1996 жж. ҚЖО басқармасының екінші хатшысы лаузымдарын абыроймен орындап, зейнеткерлікке шықты.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ әзіл-сықақ, әңгіме, хикаят, сын, көркем очерк, көсем­сөз, мақалалар жазды. 14 жинақ­тың авторы. Орыс әдебиеті­нен А.Чехов, Д.Ленч, С.Михалковтың, украин әдебиеті­нен О.Вишнянның, серб әдебиетінен Б.Нушичтің әңгіме­лерін, түрік әдебиетінен Ә.Не­синнің «Футбол королі» сықақ романын, таңдаулы әзіл-сықақ әңгімелерін (жиыны 2 кітап), молдован әзілқойы А.Бусуйоктың «Менің париждік нағашым» хикаятын аударған.
Ғаббас аға «Жан қайығын жар­ға ұрдым» (І.Жансүгіров туралы есте­ліктер жинағы); «Менің Сәбитім» (С.Мұ­қан­ов­тың жұбайы Мәриям апайдың естелігі) ең­бек­терін ұйымдастырды. Жеке бастамасымен «Көргенім, көңіл­ге түйгенім»; «Күлкіңді жүрміз сағы­нып»; «Әлем таныған Әнуар. Приз­нанный миром Ануар»; «Ха­кім. Михаил Иванович. Мәке» естелік­тер жинақтарын құрастырды. О.Әубәкіровтің 4 томдық таңдама­лы­сы мен Х.Есенәлиевтің 4 томдық таңдамалысын құрастыруға тікелей ұйытқы болды.
Әзіл-сықақ әңгімелері қазақтың маңдайалды «Қымызхана» және «Тамаша» театрларының сахналарында қойылған Ғаббас ағаның «Мінездеме», «Мысықта сақал неге жоқ?», «Күлеміз бе, қайтеміз?», «Тарихта қалғың келе ме?», «Бұл әлгі кім ғой…», «Халіңіз қалай?» «Кадр мәселесін… мәселе шешеді», «Жетім жиналыс», «Смех и слезы», «Екі хикая», «Көлденең кітап», «Сағыныш сазы», «Адамның кейбір кездері», «Жолаушылар», «Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай...», «Төрт хат», «Тарғыл тағ­дыр», «Гүл аңсаған бір ғұмыр. Айғыр кемпір», «Удай уәде», «...изация», «Арыңның сөзін айта біл. Скажи все по совести», «Анау-мын­ау­изация» атты кітаптардың авторы.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, ең алды­мен, тілінің тотияйыны бар қаламгер.
Тотияйын деген не? Тотияйын дегеніміз – химиялық қоспа-құбылыс, яғни, бірнеше екі валентті жай металдардың сулы сульфаттары. Әртүрлі дәрі-дәрмек ретінде қолданған сульфаттардың жалпы атын халық ежелден «тотияйын» дейді. Құрамындағы металдарына қарай тотияйын мыс, темір, мырыш, никель, кобальт, магнийден түзіліп, әралуан болады. Ең көп кездесетін және қолданылатын – тотияйын (мыс купоросы). Минералдық аты «халькантит» дейтін мыс тотияйынын түсі ашық көк болғандықтан, «көк тас» деп те атайды. Бір қызығы, мыс тотияйынының ертіндісін темір ыдыста сақтауға болмайды. Себебі, реакция қуаты зор әрі кереғар болуы ықтимал.
Сол секілді, тілінің тотияйы­ны бар жазушы Ғаббас ҚАБЫШ­ҰЛЫның да өткір сатирасы, өмір­шең сұқбаттары, өзекті мақа­ла­ла­рының реакциялық қуаты зор бол­ған­дықтан, қазіргі құзырлы әлеу­метке кереғар әсер етуі әбден мүмкін.
Өмірі мен қаламының қарімі өнегеге толы Ғаббас ағамыздың 80-інші асуы, өкінішке қарай, өкіметтің тарапынан үнсіз өтіп отыр. Басқа-басқа, өзі көп жылдар жауапты қызмет атқарған Қазақстан Жазушылар Одағы мен оның басшысы, көрнекті ақын, сенатор Нұрлан Оразалиннің «көрмес, түйені де көрмес» деп, жұмған ауыздарын ашпаған қылығы – кісілікке де, түсінікке де жатпайды...
Саңлақ сатирик, жалынды жазушы, ғажайып журналист, қоғам қайраткері Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫның қабырғалы еңбегін қалың қазағының бағалаудан танбайтындығына шүбә жоқ.
Ғаб-ағамыздың күш-қуаты кемел, өмір жасы ұзақ болғай!

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА


Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576