Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 13655 0 пікір 7 Сәуір, 2015 сағат 14:52

«АЛАШ» АТАУЫ: ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ, ЭТНОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ МАҒЫНАСЫ

«Алаш» – алғашында моңғол империясы кезіндегі белгілі бір әлеуметтік топтың атауы ретінде қалыптасты. Билеуші тап – төрелер, «төр», «жоғары» деген ұғымды білдіреді, солар ғана билікке құқылы болды. Ал бағынышты бұқараның ішінде «қарашы», «алашы» деген топтар болды. Қарашылар – билеушінің айналасындағылар, оның шаруашылығы мен барлық тұрмыстық қам-қарекетін қамтамасыз етеді. Бұлар аталас жақындарынан құралып, оларға қолға түскен тұтқындардан іріктеліп қосылып отырған. Соңғылары кейіннен «төленгіт» аталып, ұрпақтары өсе келе үлкен рулы қауымға айналған.

Ал ханның қарамағындағы халықтың елеулі әлеуметтік тобы «алашы» атанған. Бұл топ қарашылардай, билеушіге тікелей тұрмыстық қызмет етпей, әскери міндет, тәртіп сақшылығы, шекара қауіпсіздігі сияқты қатарлы міндеттерді атқарып, мемлекеттің күш-қуатын қалыптастырған. Бұл топтың басқа қарапайым қауымнан әлеуметтік басымдығы (жерге иелік, әскери кеңестерге қатысу, кей жағдайда билеушілерге қолдау көрсету) болғанымен, билікке таласпайды, хан мен төрелерге толықтай бағынышты. Олардың алашы аталуы – хан сайланған кезде оның барлық дүние-мүлкін, үстіндегі киіміне дейін «ханталапай» етіп, ырымға бір жапырақтан бөліп алған. Ханға жеке меншік тиесілі емес, ол бүкіл мемлекеттің иесі, оның сыбағасы – елден бұйырады деген түсінік орныққан. Міне, осы алашыдан «алаш» атауы шыққан.

Шыңғысхан империясында «Алты Алаш» аталып, мемлекеттің әскери күш-қуатына негіз болған алты ру: Татар, Меркіт, Керей, Қоңырат, Найман, Жалайыр. Кейін Меркіттер Керей руының құрамына енген, ал Татарлар – Алтын Орда кезінде қалыптасқан билеушісінің атымен «Ноғай Ордасы» болған, қауымдастықтың негізгі мүшесі болғандықтан, кейіннен ноғай атанып кетті. Қазіргі Еділ татарларының ол кездегі аты – бұлғарлар. Бұлға – үлкен өзен бойындағы ел мағынасында айтылған. Халықтың атын өзгерткен орыстар шығысындағы жұрттың барлығын татар деп атап кеткен.

Моңғол империясының халқы этникалық жағынан моңғолдар, түркілер және татарлар болған. Сан жағынан басым түркілердің тілі ортақ тілге айналып, Алтын Орда ислам дінін қабылдағанда, барлық алаш, оның ішінде татарлар да, мұсылман болып, Алты Алаш біртұтас қауымға айналды. Ислам дініне кірмеген түркілер орыс князьдігіне кетіп, олардың әулеттері – Аксаков, Аракшеев, Ахматов, Бекетов, Булгаков, Бухарин, Годунов, Измаилов, Карамзин, Менделеев, Мичурин, Тургенев, Череметев, Шишков, Юсуповтар, т.б., – орыс мемлекетінің қалыптасуы мен өркениетіне елеулі үлес қосты.

Жеке бытыраңқы князьдіктердің бір орталыққа топтасып, қуатты мемлекет болуына негіз болған – орыс ұлтшылдығы. Ұлтшылдық идеология желеуімен бұрынғы өздеріне үстемдік еткен көршілерін енді «половцы», «кипчаки», «тюрки», «ордынцы» деуді қойып, барлығын да «татар» дейтін болды және бұл атауды жек көру, менсінбеу, төмендету реңінде қолданды. Осы ұстаныммен Орыс мемлекетінің күре тамырындай өзенмен аттас халықтың аты бұлғардан татарға өзгертіліп, өзен «Великая русская река – Волга» болды.

Алтын Орданың ыдырауы кезінде Керей мен Жәнібектің бастауымен алаштар шығысқа, Шу мен Таластың бойына көшкенде, ноғайлар батыста қалып қойды. Қазақ атанған бес Алаш өзімен тектес түркі руларымен бірігіп, іргелі ел болып, дербес хандық құрды.

Алаш – мемлекеттің тірегі, оның құндылықтарынан аласысы болғанымен, жоғарғы билікке ұмтылмайтын бағынышты қауым болса, қазақ – өз билігін өз қолына алып, бөлініп шыққан жұрт. Этникалық тұрғыдан қазақтар бір текті, бір тілде сөйлейтін, бір дінді ұстайтын рулардан құралды. Ұзақ уақыт тағдыры, тілі, діні ортақ болған ноғайлар қазақ болған жоқ, қазақ болған рулардың ислам дінін қабылдамағандары да шеттеліп, басқа ұлыстарға, негізінен шығыс еуропалықтарға (орыс, мадьяр) сіңісіп кетті.

Сонымен, алаш – тегі жағынан құрама, билігі – басқада болған қауым. Ал қазақ – бір текті, бір діндегі тәуелсіз мемлекет құрған дербес қауым. Қазақ болуға ұйтқы болған бес алаш өзі тектес рулармен бір хандыққа бірікті. Бұл бірігу XV ғасырдың, екінші жартысында болғанымен одан бірнеше ғасыр бұрын басталған үрдістің нәтижесі. Бұлар алашпыз деп емес, «қазақ» боламыз деп бірікті.

Мағына-мәні бойынша қазақ – этникалық ұғым, қалыптасқан дербес ұлтты білдіреді, ал алаш – саяси-әлеуметтік ұғым, мүдделік қажеттіліктен туындаған уақытша қалыптасқан құрылым. Алаш – одақтас, қазақ –туыс. Бұл тұжырымды бекемдейтін Абылай айтқан дейтін: «Алаш – туған болмайды, ағаш – құман болмайды» деген нақыл.

Алаш атауының жаңарып, қастерлі ұғымға айналуы «Алаш» партиясының құрылуы мен Алаш қозғалысына байланысты. Ресей отаршылығы кезінде жерінен айырылып, «Өз малын – өзімдікі» дей алмайтын халге түскен қазақтар Шыңғысхан дәуірі мен Алтын Орда кезіндегі алаштығын аңсайтын күйге жетті. ХХ ғасырдың басындағы жағдайда ұлтымыздың көш басшылары толық тәуелсіздікке жетудің мүмкін емес екенін түсінді. Қазақтың әлі де қуаттылығы қайтпаған ХІХ ғасырда әскери күшпен Ресейге қарсы күреске шыққан Кенесары да орыс патшасынан толық тәуелсіздікті емес, қазақпен болған шарттарды орындауын талап етті. Алаш зиялылары Ресейдің абсолюттік монархиядан монархиялық-конституциялық жүйеге өтуінен үміттеніп, бұрынғы Алаш идеясын ұстанып, патшалық биліктің жағдайында нақты саяси-әлеуметтік шараларды (жерге иелік, оқу-білім) іске асыруды мақсат етті.

Олардың «Алаш» атауын таңдауы, біріншіден, Ресей билігіне мойын ұсынуы, толық тәуелсіздік қол жетпейтін қиял ғана болатындықтан, саяси мақсат – автономия алу болды. Ол кездегі қазақ қауымына автономиядан гөрі, «алаш» ұғымы түсінікті еді. Екіншіден, ұлттың атымен «қазақ партиясы» делінсе, сепаратистік пиғыл ретінде қабылданумен қатар, ұлтымыздың қазақ аты да тәркіленіп, «киргиз», «кайсак» аталып кеткенбіз. Айбынды естілетін «қазақ» атауын атқа мініп, қылыш ұстаған орыстың казачествосы иеленді. Бұл Еділ бұлғарларының татар атанғанымен тақылеттес саясат еді. Халқымыздың өз атын қайтарып алуы да күш-жігерді қажет етті. Қазақ зиялыларының Алаш ұранын көтеруінің тағы бір сыры – Ресейдің қол астындағы бауырлас халықтарды осы қозғалысқа тартып, патшаның отарлық саясатына қарсы одақтас табу еді.

Жоғарыдағы талдаулардан шығатын қорытынды: Алаш – саяси институт, үлкен империяның құрамындағы бағынышты этностардың бірлесіп, жоғарғы билікке мойын ұсына отырып, мүмкіндігінше тіршілік мүддесін қорғап, мемлекеттегі лайықты орнын қамтамасыз ету тетігі. Алаш институты империяның жоғарғы билігімен бетпе-бет ашық күреспесе де, түптің-түбінде империяның ыдырауына соқтырады.

Сонымен, алаш – империядағы бағынышты этностардың одағы. Бұл ұстанымда болған Ресей империясы кезіндегі татар, қазақ зиялылары сенатта мұсылман фракциясын құрды, бірақ патша билігі олардың қадамын аштырмай, таратып жіберді. Қазан төңкерісінен кейін қазақ зиялыларының (М.Шоқай, М.Дулатов, А.Байтұрсынов) тағдырлас туысқан қырғыз бен өзбектерді қатарға тарту әрекеттері нәтижесіз болды. Кеңес Одағы кезінде Балтық жағасындағы одақтас республикалардың орталықпен жасаған қатынастарын нағыз алаштық саясат деуге болады. Осы жолмен олар ұлттық мүдделерін қорғай білді.

Біз тарихымызда жекелеген тәуелсіз рулар болып тұрғанда біріккен жоқпыз, алаш институтынан өтіп, бірлесудің жөн-жосығын игерген соң, қазақ болып, шаңырақ көтердік. Ресей отарлығы кезінде ұлттық тәуелсіздік тұрмақ, алаштықтан да айырылдық. Кеңес дәуірінде қанша нәубетті көрсек те, алаштық дәрежеге жеттік. Бұл жетістік Отан соғысындағы орасан зор құрбандықтар мен одан кейінгі білім мен өнердің дамып, ұлттық интеллигенцияның қалыптасуының нәтижесі еді.

Қазір, Аллаға шүкір, қайтадан тәуелсіз қазақ болдық. Алаштыққа жеткендігіміз – қазіргі тәуелсіздігімізге иелік етудің алғы шарты болды. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың пешенесіне жазылғаны – нәубетке ұшырағанда құрып кетпей, алаштыққа арқа тіреп, қайтадан қазақ болып, бой жазып тұрып кеткендігі екен.

Сондықтан да «Алаш» халқымыз үшін қастерлі ұғым. Оны бүгінде ұлттық санамызда ғана қастерлесек те, қайтадан Алаш болуға ұмтылмайық. Бөтеннің билігіне мойын ұсынған алаштықтан қайтадан еркін қазақ болдық. Ендігі мақсатымыз қазақтығымызды сақтау болуы керек.

Тілеуберді САЙДУЛДИН,

ҚР ҰҒА академигі

 

«ҚАЗАҚ» АТАУЫ

туралы тағы бірер ой

Халқымыздың, мемлекетіміздің атауы – «қазақ» сөзінің қайдан шыққандығы жайлы бірқатар мәліметтермен бөліскім келіп отыр.

Кәріқұлақ ақсақалдардан «Қазақ» сөзі қайдан шықты?» деп сұрасаң, ауызша шежірені айтып: «Қазақ пен Созақ ағайынды кісілерден тарағанбыз» дейді. Бірақ Созақ туралы еш таратып айта алмайды. «Созақ» деген атау Оңтүстік Қазақстанда және Қырғызстанда – екі жерде аудан, елді мекен атауы болып кездеседі.

Ал ғылыми негіздегі «қазақ» сөзіне келсек, бұл сөз 850 жылдары грек монахы Епифанидың «Кавказ өңірінде Касогдиана деген халық бар (касог сөзіне қосылған диана – грек-парсыша ел ұғымын береді)» деген мәліметінде кездеседі.

Ал «қазақ» деген дұрыс атау Фирдоусидің «Шахнама» дастанында алғаш кездеседі. Ол туралы 1830–80 жылдардағы еңбектерінде А.Левшин, О.Сенковский, неміс А.Вамбири жазған. Неміс ғалымы «Түркі халықтарының этнологиясы мен этнографиясы» деген еңбегінде: «Қазақ есімі ІХ–Х ғасырларда болған. Қазақ хандығы деген ел Көк теңіздің (Арал теңізі) солтүстігін мекендеп отырған күшті әрі көпсанды жұрт. Тұранның қастасы Иранды қорқытпақ болады» деп жазған. Яғни, 900–1000 жылдары «қазақ» атауы, халқы болған. Оны Византия императоры Константин Богрянародный (913–959 жылдары өмір сүрген) «Об управлении государством» деген ұлына өсиет кітабында: «Зихияның ар жағында Папахия жері бар, оның сыртында Касахия деген жұрт жатыр. Касахиядан жоғары Кавказ тауының ар жағында Алан жері бар» деп жазады. Бұл Кавказ тауының теріскейінде КАСАХИЯ деген мемлекет болған дегені.

934 жылы араб саяхатшы-тарихшысы Масуди өзінің «Мурудж әл дзахаб» деген еңбегінде «Алан патшалығының ар жағында кашак (араб әліпбиімен жазылғандықтан, әрі оны орыс ғалымы В.Минорский аударғандықтан, «қасақ», «касах» дегенді осылай «кашак» деп жазған болар деп есептеймін) деген халық бар. Сол өңірді мекендеген тайпалардың арасында бұлардай беттері кіршіксіз таза, әдемі де көрікті жұрт жоқ» деп жазады. Масуди «кашак» сөзі «өр, өжет, тәкаппар» деген мағына береді дейді. Оны аударған В.Минорский «парсыдағы дайын сөзге еліктеп жаза салған, әйтпесе сол кездегі атауы «касах» еді» дейді. Орыстың 965–1022 жылдардағы жылнамашылары қазақты «касог» деп жазған. Одан кейінгі 1000–1400 жылдар аралығында қазақ атауы жиі әрі көбінесе дұрыс жазылған нұсқаларында кездесіп отырады.

Ал жанама дерек көзіне сенсек, «қазақ» сөзі біздің жыл санауымыздың 3–4 ғасырларындағы Хорезм өңіріндегі (Қаңлы тайпасы билеген) Топырақ қаладан табылған кісі есімдері арасынан (қаңлының 22 патшасының тізімі) «касак, касасак (батыр сақ), пандсак (ұстаз сақ), Саққазақ патша» деген түрде кездескен…

Міне, қысқаша ғана тарихи деректерге шолудың өзі «қазақ» сөзінің, сол атауды иеленген тайпа, мемлекет, халықтың арысы – біздің дәуірімізден бұрынғы 400–300 жыл (сонда «қазақ» атауының алғаш кездескенінен бері 2400 жылдай мерзім болғаны), берісі – біздің жыл санауымыздағы 8–9 ғасырлардан бері бар екенін айғақтайды. Ал «қазақ» сөзінің мәні мен мағынасы туралы әлі нақты тұжырым жоқ.

Ал бүгінгі ҚАЗАҚ ұлтын (бірқатар түркі тілдес ұлттарды да құрап отырған) тайпа-рулардың басым бөлігі 1–2 мың жылдан бері Қазақстан жерін мекендеген, бірқатары кейінгі қағандықтармен бірге Шығыстан – Байкөл (Байкал көлі ) маңы, солтүстік Қытай, қазіргі Моңғолия, Алтай, Шыңжан өлкесі жерлерінен қоныс аударған. Бірақ барлығы да жүздеген (мүмкін, мыңдаған) жылдар бойы біресе бір мемлекеттің құрамында, біресе біраз мезгіл ажырап қалып, қайта қауышып, қоян-қолтық өмір сүрген.

Аманғали ӘБУОВ,

публицист

(«Фейсбук» парақшасынан алынды)

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №13 (284) от 02 апреля 2015 г.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5540