Нұрлан ҚАБДАЙ. ТҮС
Бір ұшы жақтаудың самайына шегеленген серіппенің екінші басын шекесімен шірей созып, қотыр хрушебканың сатпақ қоңыр есігі саңылау жұтқаны сол еді, көмейінен зәрдің иісі мүңк ете түсті. Келер сәт шыбжың етіп қалақтай жирен сары итақай шыға келді. Қарғыбауы құлаштан асқанда қоңыр есік те шалқалап, енді тайдай мұртты мәтрөшке көрінген. Итақайдың тұрқы көз бен құлақтан ғана тұра ма дерсің. Ал мұртты мәтрөшке әбден семіріпті. Аяғының астындағы мақұлық қыңсылай қылғынып, жер тірей алға ұмсынады. Бұл болса салбырай іркілдеген қос торсығымен кешкі ауаны қақ жара найқалғанда, сауыры төмен тартып, әрең келеді. Не заматта ырсылдай еңкейіп, төрт аяқты «баласын» қолтықтан іліп алды да, қарғыбауын ағытып қоя берді. Анау да қарғып түсіп, тұра шапты. Әудемнен шатқаяқтай бұрылып, қайта қайқайды. Сосын кілт тоқтап, иесінің аяғына оратылды. Сарысу кеулеген қызыл асықты тіміскілей айналсоқтаған. Мәтрөшке «фу-у» деп бездіріп жіберді. Итақай енді бүлкектей тіміскілеп, қапталда қалып бара жатқан шарбақты, қарағаштың түбін, жолдың кенере тасын адақтады. Бір сәт желге қарсы танауын шүйіріп, түкпірдегі қоқыс жақтан иіс аулаған. Содан соң ары қарай желе жөнеледі. Жол бойында тұмсығы тимеген нәрсе қалмады. Сонда да құшырын қандырар қара таппай келеді.
Бұлар ауладағы алаңқайды кесіп өтіп, қарсыдағы үйді іргелей тротуарға шыққан. Қабырға орнында екен...
***
Қабырғаны жаңбыр мүжіп, жел үккен, жарықшақ торлап, шөге бастаған. Жоқ, шөккен қабырға емес екен, қоқыс, топырақ үйіліп... іргесі биіктеп кетіпті. Аршып, арылтса бәз-баяғы биік қалпына қайта келердей. Ия, шөкпеген. Әрі қамал текті берік еді.
Қабырғаның бұл арада қашаннан барын ешкім білмейді. Іргесі қаланған кез есте жоқ ескі заман еді деп болжам айтуға естілердің де ақылы жетпейтін. Үлкендер білгісі келгеннің, талпынғанның табағына біз туғанда тұрған деуден артық жетім лақтық жем тастай алмайды. Кішілер тіптен нәумез – мейлі, тұра берсін дейді. Тұрмаса... күйреп қалсын! Бас қатыратын басқа нәрсе құрып қалып па?!
Үлкендердің білмейтін, кішілердің білгісі де келмейтін жөні бар-ды. Мынау қабырға бұл арада тұрғанда маңайында әлі қала да жоқ болататын. Тусырылған құт мекен, азат байтақтағы жалғыз қара өзі еді. Ел шетіне жау келсе ерлер тап осы қабырғаға арқа сүйеп аттанатын. Қабырғаны қорғап қан кешетін, қабырғадан ары аттаған жаудың қалған пиғылына, қалаған кісәпірлігіне жем болармыз десетін. Солай болары да бек мүмкін еді. Сөзсіз сенім – көзсіз ерлік!
Бұл қабырғаны құдайдың өзі құйыпты. Тау-қиядан тас жиып, топырақ үйіп өрмеген. Мейірлене иіліп келіп, бар құдіретімен тұтас қылып жаратыпты. Содан бері ару пәктігімен, азамат – мәрттігімен, хан – ақылымен, қара – ханға жақтығымен, батыр – ерлігімен, ақын – өрлігімен серт етіскенде, осы қабырғаны куәге көлденең тартатын болыпты. Аңыз осылай дейді. Аңыз емес, ақиқат-шыны сол болатын.
Заманнан заман озады, тектіден жаман озады. Сондай бір аласапыранда адамның айлакері азғыннан жендет жиып, қабырғаны қорған тұтқан, қабырғасын күзеткен қауымға қарсы қанды сонарға шығыпты. Бұл кез – қабырға баяғыдай еңселі еді. Бірақ әр жер, әр жеріне жарықшақ түсе бастаған. Жақсы ырым дей алмапты жұрт. Жамандықты да әркімнің іші сезген...
Қабырғаның іргесіндегі қауымның басын шырмаған жойқын құбылыс көсемдерінен айырылған күні басталыпты.
Қош. Жалаңдаған жендеттер қауымым деген серкелерді қойша айдап, қабырғаның түбіне алып келеді. Қауымы қарсы шаппақ тұрыпты, дауыс салуға бата алмай, іштей мүжіліп, үнсіз егіліпті. Ал жендеттер әкіреңдей нұқып, желкелеп қорлап, өлімге кесілген ерлерге өздеріне сырт беріп тұруды бұйырады. Жолбарыстың отты көзіне көзі түсіп көрмеген, сорлатқанда қарай да алмайтын қорқаулар үшін ту сырттан істік түйреу аса жеңіл кәсіп еді. Алайда қабырғаны қара тұтқан қауымның соңғы серкелері соңғы сәтте де дегенінен қайтпапты. Ажалды қарсы қарап тұрып тосып алуға бекінген.
Қабырғаны қауымынан «азат ету» үкімі қалай тез шықса, солай жедел жүзеге асады: Оң жақтағы тұтқын – сақал-мұрты аппақ қудай, заманы еңкейткен қарт ғалым екен. «Қабырғамды қайыстырды-ау!» - депті, күбірлеп. Өкшелеп жүріп, ақыры құрығына түсірген ажалға нала айтқаны емес. Артында қалып бара жатқан қауымының ендігі күнін ойлап бір пәсте шөккен сәті болса керек. Шаңқ еткен мылтық дауысымен бірге екпетінен түседі. Дүние дір ете қалған!
Сол жақтағы тұтқын – қорлықтан ісінген ақын екен. «Тәңірім, қабырғамды қатайта гөр» - деп жылбарыныпты. «Өліміммен де селк еткізе алсам-ау...» - деп соңғы арманын айтыпты, тағы. Шүріппе басылғанда-ақ сол қапталымен сұлап түседі. Артынша алыстан, аспан қиырынан найзағайдың мылқау жарқылы көзге шалынады. Қауым екі кейіпті де оң ырымға жори алмапты...
Ортаңғы – қияқ мұртын қырау шалған, шалқақ кеуделі шойын көсем қап-қара болып түтігіп кеткен екен. «Қабырғамды сөге алмассың!» - депті, көзі шатынап. Сосын жемін адаспай тапқан ажал оғынан сылқ етіп... Сылқ ете түсер деп жендеттер дәмеленген. Ал көсем сылқ етіп отырып қалыпты. Жүресінен. Сол, қабырғаға жаурынымен сүйенген қалпы шалқалай қорқырап, зеңгір көкке көз төңкереді. «Аласарып барасың!» - деуге ғана тілі келген.
...Аспан аласармаған еді. Көсем биіктеп бара жатқан. Ашық қалған жанарында күн тұтылыпты!
***
О, құдірет! Тап көсемдерінен көз жазып қалған күннен бастап қабырғаның қасын жайлаған қауым тізерлеп қана жүре алатын кепке түсіпті. Қара жерге табан тигізу мұңға айналған. Тізерлеп күнелткен соң тас тіліп, топырақ қажап, қанды іздері сайрап жатады екен. Ендігі жерде жемсауын жұт жайлаған жендеттердің көктен тілегенін жерден беріпті. Із сайрап жатыр. Жолдан тайғанды сәтінде-ақ қолға түсіріп, жөнге салу бұйым болмай қалған...
Тағы бір қысас – қанша заман өтсе де біз неге осыншама пәс тарттық деген ой тізерлеген қауымның ешқайсысын мазаламапты. Керісінше аспан қалай биіктеп кеткен деп тамсанумен жүріп жатыпты. Қол созуға құлық да болмаған.
Қала өсіп кеткен. Қабырға аласарып қалғандай.
Тізерлеп жүруден әбден қажыған қауым, күндердің күнінде қырсықтан құтылудың екі амалын табады. Бірі – сіз үміт еткен, түрегеп жүруге деген талпыныс... емес. Жұлымы шыққан, тілінген, бүлінген тізелерді шикі терімен қымтай құрсап, қайыспен шандып байлап алатын болды. Содан соң қанды із де қалмайды, қақсап-сырқырамайды да. Ғаламат! Онсыз да бәкене қауымды қажала-қажала жермен жексен болу апатынан аман алып қалған ғасыр дауасы деп шуласыпты.
Екінші амал – қыр астындағы тұрмақ, дүниенің түбіндегі кесапаттың көзінен тасалана алмайтын қарғыс атқыр қабырғадан құтылу. Бәрі бір құлатып-құрта алмас еді. Аулаққа қашуды ұйғарысады. Сөйтіп аяғы бүтін молақ қауым тізерлей, еңбектей босып қалаға – көше-көшеге бытырап жоғалады...
***
...Қабырға орнында екен. Мұртты мәтрөшке тағы да жиырыла қалды. Құдайым-ау, қаланың көркіне селкеу түсірген құбыжықтың үйіндіге айналғанын шынымен де көре алмай өтемін бе деп налыған. Бұл ата-бабасынан қалған арман еді!
Ерте-ертеде сақалынан биті сорғалай сүйретіліп, бұл даланың пұшпағына әрең ілінген бабасының алдынан шығыпты. Осы жұрттың самалы мен суы тілім-тілім өкшесіне ем болып, қабырғасын май жапқан соң, құтырына шауып жүріп, атасы да талай ат ойнатыпты, іргесінде. Әкесі де күн жеген қалпағын сермеп қойып, бос қолын қалтаның тесігінен жүгіртіп, борбайын дыр-дыр қасып тұрып түп орнымен қопарып тастау керек деп талай кіжініпті. Енді міне, жер басқалы өзінің де көзіне күйік болған қабырға!
Аласармағанымен, ыс басып, іргесі күл-қоқыспен биіктеген қабырғаның түбінде үстіне шоқпыт ілген қоңыр адам отыр екен. Жүрелей шөгіп, еңкейген күнге сығырая телміріп қалыпты. Қызыл сары итақай еш сескенген жоқ. Қоңыр адамның етек-жеңін жалап-жұқтай бастады. Осы сәт ырсылдап әрең жеткен мұртты мәтрөшкенің «фу-у» деген оқыс дауысынан қоңыр адам селк ете түскен. Итақай қожыр қабырғадан да, қожыр қабырғаны ықтаған қожалақтан да ығар емес. Енді тіміскілей итініп, қабырғаның түбін кезіп кеткен. Ана басына бір шықты, мына басына бір шықты. Ақыры қоңыр қожалақтың желке тұсына таман келді де, артқы сол аяғын ауаға асып қойып, сарып жіберді. Бөксесі дірдектеп рахаттанып тұрып шорылдатты дейсің. Сосын тыпыңдай бүлкектеп иесінің соңынан кете барды.
О, сұмдық-ай! Осы сәт мың жыл бойы мызғымаған қабырға тап жирен сары итақайдың зәрі тиген жерден бастап күтірлей қопсып, қопарыла солқылдап, кесек-кесегімен құлай бастады. Қоңыр адам қозғала да алмай қалған...
***
Аяғының асты теңселіп кеткендей болған. Ұшар биікте қонақтап отырған кәрі қыран басын кегжең еткізіп, көзін ашып алды. Жоқ. Дүние тыныш екен. Түсі екен. Кәрі қыран пыштақтап-пыштақтап жіберіп, тебіне серпілді де кереге қанатын ауыр қағып әуеге көтерілді. Ауаны сусылдай тіліп, айналып ұшты. Жаңа ғана күйреп қалардай селт еткізген қамал-қабырға көктен де зорайып, паң көрінді. Дауыл тұрса да теңселмейтіндей!
Кәрі қыранның бойын құрсаған бір шошыныс бар еді...
2015 жыл
Abai.kz