Асанәлі Әшімов. Абай алысып өткен надандық бізде әлі бар
Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның Халық әртісі:
Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның Халық әртісі:
- Асанәлі аға, сіз қазақ өнерімен бірге жасасып келе жатқан ғұмырыңызда талай адаммен дәмдес, тұздас болдыңыз. Өмір мен өнер жолында табысқан адамдарыңыздың арасында бүгінде халық тұлға деп танитын жандар аз емес. Тұлға болып қалыптасу үшін адамның бүкіл ғұмыры жетпейтіндей. Өйткені адамдар бірін-бірі тіршілікте емес, өмірден өткеннен кейін құрметтеп жатады ғой.
- Иә, тіршілікте талайлармен ұзақ жылдар сахнада театрдың қызығы мен шыжығын бірге көрдік. Енді біреулермен өмір жолында табысқан жан достар едік, ал енді біразы өнер жолында өзіміз қадір тұтып, қастерлеген тұлғалар болатын. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов сынды асқарлы жазушылар - театрдан бір сәт қол үзіп көрмеген нағыз тұлғалар. Олар - өздеріне дейінгі ұлтым деп өткен Алаш азаматтарының жалғасы. Одан кейінгі қазақ театры мен киносына өшпес із қалдырған Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Шәкен Айманов сынды сахна өнерінің саңлақтары, олардың өкшесін басқан Нұрмұқан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Сейфолла Телғараев, Таңат Жайлыбеков, музыка өнерінің жарық жұлдызы Шәмші Қалдаяқов, күні кеше әзіліміз жарасқан Әнуар Молдабеков пен Есболған Жайсаңбаевтар - бәрі-бәрі қайталанбас тұлғалар. Алайда жер басып жүргенде жұмыр басты пенде ешқашан жүз пайыз тұлға бола алмайды. Тек өмірден өткеннен кейін ғана тұлғаның пендешілігі бірте-бірте ұмытылып, ел есінде оның жарқын бейнесі мен игі істері қалады екен. Сондықтан тұлғаны тірісінде бағалай алу мүмкін емес. Кезінде орыстың Белинский деген ұлы сыншысы өз заманында орыстан бір жақсы жазушы шықпады-ау деп жыларман болған екен. Сонда оның қатарында Пушкин мен Гоголь жүріпті. Ал осы екеуі орыстың ұлы жазушысы емес деп қазір кім айта алады? Өзімізбен қатар жүргенде қандай тұлға болса да «е, соны қойшы» дейміз. Талай ұлы тұлғаларды менсінбедік қой кезінде. Халықтың талғамы, уақыттың сүзгісі шын асылды асықпай таңдайды. Әсіресе біз, қазақ халқы, тіршілікте тірі жанды менсінбей, кем-кетігін іздейміз, өмірден өтіп кеткеннен кейін ғана «ойпырым-ай, ол пәлен еді, тұлға еді» деп көлгірсиміз.
- Сіздердің тұстарыңыздағы буын өнердің телегей теңізіне алғаш қайық салғанда, өздеріне дейінгі дарындары дария даналарды үлгі тұтып, солардың әр сөзінен, ісінен тәлім алғанын мақтанышпен айтып жүреді. Бүгінде «қазақ өнерінің корифейі» атанған Асекең күні кеше Тоқпановтай ұстаздың тоқпағын, «қазақ киносының Құлагері» атанған Шәкеңдердің ұстаздық мектебін көрді емес пе? Бүгінде сахна және кино өнеріндегі ұстаз бен шәкірт арасындағы осындай бір әдемі байланыс үзіліп қалғандай?..
- Біз әрқайсысы бір-бір театр, бір-бір мектеп - қазақ сахнасының тұнық бастауы болған тұлғаларды үлгі тұтып өстік. Әлі есімде алғаш Алматыға келіп, Мұхтар Әуезовті жанынан көрген кезімде есімнен танып қала жаздағанмын. Одан кейін тағдыр мені Шәкең, Қаллеки, Елағаң, Серағаң, Құрекең сынды өнер иелерімен әріптес болуға жазды. Бүгінде ғұмырында мұндай мектеп көрмеген көгенкөздерді көргенде өзімнің бақытты екеніме көзім жете түседі, кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Жоғарыда есімі аталғаны бар, аталмағаны бар саф өнердің саңлақтарының арасында арнайы білімі болмаса да, туабітті таланты, интеллектісіне тәнтімін. Әзіл-қалжыңдары, әңгімесінің өзі бір таусылмас, түпсіз, тұңғиық еді ғой. Олардың басқосуының өзі бір спектакль тәрізді болатын. Сахнада, кинода биік бола білген өнер иелері сол кездің өзінде кино тек қана ұлттық болуы керектігін айтып кетті. Кино ұлттық болғанда ғана көпұлтты болады деген ұран көтеріп, қарапайым түсінікті ендіріп кеткен де солар еді. Ал бүгінде уызына жарымаған жалтақтар ұлттың пайдасына шешім қабылдаудың орнына, елді тұқыртатын, рухын түсіретін дүниелерді дабыра етуге құмар. Кеңес заманында өнердегі идеологияның рөлі күшті болатын. Біз «мамандар бәрін шешеді» деген ұранмен қызмет еттік. Қазіргілер «ақша бәрін шешеді» деп ұрандайды. Маман тәрбиелеуге аса назар аударылмайды. Өзімнің ұстазым Асқар Тоқпанов, алдымен, кәсіби режиссер, шынайы педагог болатын. Асекең актерлік шеберлік пәнінен елу жыл сабақ берді. Ол кісі ылғи «Өзі жарымағанның сарқытын ішпеңдер» деуші еді. Жекіп ұрсып та, кейде басыңнан сипап та, тіпті шапалақтап та алатын. Оның тоқпағын да жедік, айғайын да естідік, бірақ қатты құрметтейміз, біз оның мұнысын ағаның жанашырлығы деп қабылдадық. Ал қазіргі балаларға дауыс көтеріп көр, бірден сотқа сүйрейді. Негізінде, біреудің біреуді өнерге дайындауы деген - қисынсыз нәрсе. Таланттыларды танып, қолтығынан демеп, қамқорлық жасау қажет, егер ол шын талант болса, халық айтпақшы, «тас жарады, тас жармаса, бас жарады».
- Бүгінде елімізде «50 театр жұмыс істейді» деп ауыз толтырып айтып жүрміз. Алайда осы театрларда қазіргі кезде классикалық туындылардан гөрі көбіне аударма шығармалар жиі қойылады. Сонда бізде қазір сахнаға шығарарлық ұлттық туындылар жоқ па, әлде бұл режиссураның әлсіздігінен бе?
- Бұл да - еліктеушілік деген идиотизмнің басымдығынан. Жалпы, қазір қазақ театрында режиссура жоқ. Бәрі шетінен жалпақбай. Қазір өзі жалпақбайлардың заманы ғой. Ал жоғарыда отырғандар театр өнерін жете түсінбейді. Кезінде Черчилль, Сталин секілді адамдар театр дегеннің, жалпы, өнер дегеннің не екенін терең ұғынған. Мысалы, қатыгез Сталиннің өзі өнер адамдарына тиіспеген. Оның заманында киноның түсірілімі Сталинсіз өтпеген. Кино түсіріліп жатқанда ол фильмнің үзінділерін арнайы келіп, көріп тұратын болған. Ол кіші театрдың бір қойылымына сегіз рет барған екен. Демек, оның өнерге деген махаббаты зор болғаны ғой. Біз мәдениетті бәрінен жоғары қоя білуді үйрене алмай келеміз. Көшеде жүру үшін де, адаммен сөйлесу үшін де, дастарқанда отыру үшін де мәдениет керек. Бірақ біздегі мәдениеттің төмендігіне кінә артудың өзі қиын. Өйткені біз феодалдық құрылымнан бірден ыршып-ыршып, асығып келеміз ғой. Сондықтан бізде ентігіс бар. Басқалар жаяу асықпай келе жатса, біз соған ілесу үшін жүгіріп отыруымыз керек. Өзге өркениетті елдер әлдеқашан асықпай баяу жүріп-ақ, бізден озып кеткен. Біз солардан қалып қоймау үшін жүгіріп келеміз. Ал енді жаяу жүрген адам мен ылғи жүгіріп келе жатқан адамның жағдайы белгілі ғой. Қазақтан космонавтикаға үлесі бар Қ.Сәтбаев секілді ұлы адамдар да шыққан, сондай-ақ ауылда әлі күнге мүлдем сауатсыздар да жетерлік. Біздің тағы бір кемшілігіміз - барымызды жарқыратып көрсете алмаймыз. Өзіміз басқалардың қойылымдарын театр сахнасына шығарамыз, ал біздің қазақ қойылымдарын тіпті өзіміздің елдегі орыс театрлары қоймайды. Демек, бізді халық ретінде мойындамайды деген сөз.
- Өзіңіз театр сахнасында небір классикалық шығармалардағы басты кейіпкерлерді ойнадыңыз ғой. Өзге ұлт тұлғасының кейпін сомдағанда, оны қазақыландыруға тырысатын секілдісіз?
- Кез келген кейіпкердің рөлін ойнағанда оның өмір сүрген заманын елестетіп, ойын сезіне білу маңызды. Мысалы, актер Абайдың рөлін ойнағанда онымен бірге тамақ ішіп, өзімен тілдесіп көрмегендіктен, ақын өмір сүрген заман туралы көп оқуы тиіс, ақынның өлеңдерін оқи отырып, оның ішкі жан дүниесін, ойын түсінуі керек. Егер актер өзі сомдайтын кейіпкердің тек сыртқы бейнесін, жүрісін аудырмай салса, бұл - қоқибайлық. Қазіргі біздің театрлардағы актерлердің 99 пайызы - қоқибайлар. Ел оларды актер деп ойлайды. Ал енді өзге ұлттың тұлғасын қазақыландыруға келер болсақ, рас, мен егер Отеллоны, Гамлетті ойнасам, оны қазақыландырамын. Қойылымда белгілі бір детальдар ғана сол ұлттікі ретінде қалдырылып, қалғаны қазақ көрерменінің танымына икемделуі керек. Айталық, Мұхтар Әуезовтің Гогольдан аударған «Ревизорын» оқысаңыз, шығарма бейне бір аударма емес, түпнұсқасы қазақша жазылғандай. Сол секілді кез келген актер, ең бастысы, өзінің қазақылығын жоғалтпауы керек. Егер дарынды адамға тән басты қасиет не десе, мен намысқойлық дер едім. Намыссызды наданға теңеуге болады. Намыспен қаруланған актер ғана ұлттық өнердің мүддесін, мұратын көздейді. Талантты биіктететін намыс екінің бірінде жоқ. Абайдың өзі «Бәсеке неге озасың деп күндеуің болмасын, өзіңді өзің қамшылауың болсын» дейді. Патриоттықтың негізі - намыс. Қазақпыз ғой деп кемшілігімізді біріміздің бетімізге біріміз басып жатамыз. Бұл - намыссыздық.
- Армансыз адамды қанатсыз құсқа теңеп жатады ғой. Сіздің өнер иесі ретінде орындалмаған арманыңыз бар болар?...
- Мен театр сахнасында Гамлеттің, Абайдың рөлін ойнауды армандадым. Осы арманымның жүзеге аспағандығын, бәлкім, өкініш деуге де болар. Бірақ өмірде ойлағаныңның бәрі орындала бермейді ғой. Адам армандай білуі керек. Арман адамды алға жетелейді. Сахнада Гамлетті ойнай алмадым-ау деген ойдың өзі менің жігерімді қамшылай түсті. Иә, мен Абайдың кейпін сомдай алмадым, есесіне «Қараш-Қарашта» Жарасбай деген байдың рөлінде Абайды ойнағандай болдым. Себебі мен шығармадағы жағымсыз кейіпкер Жарасбайды жақсы қырынан тануға тырыстым. Өйткені ақымақ адамға дәулет бітпейді. М.Әуезовтің осы кейіпкерін Жарасбай атағанының өзі маған үлкен ой салды.
- Сіз бір сөзіңізде «актер әркез режиссерге бағынып, оның айтқанына бас шұлғи бермеуі керек» деген едіңіз. Өзіңіз «Шоқан» фильмін түсіргенде режиссер ретінде ырқыңызға көнгісі келмегендерге түсіністікпен қараған боларсыз?..
- «Шоқанды» түсіру кезінде мені актер мәселесі көп ойландырды, әр актерге түсіністікпен қарауға тырыстым. Жақсы актермен серіктес болудың өзі - бақыт. Режиссердің айтқанына әркез бас шұлғи беретін актер шахмат ойынындағы пешкамен тең. Актер өз рөлінің авторы болмай, кейіпкер жасауы мүмкін емес. Актерге тағылар мін де, айтылар сын да көп, өнерпаз болып ғұмыр кешу оңай емес. Өнердегі қазақтың азаматтарына айтарым - бір тәңірі сыйлаған дарынды өз орнымен пайдалана білмесек, келешектің алдында кешірілмес күнәға қаламыз. Өйткені халыққа сенің атақ-даңқ, дақпыртың керек емес, елді текті өнер басқарады. Өзіңді өзің жиі сынамасаң, қажет болса, отқа да, суға да түспесең, жақсы актер болу мүмкін емес.
- Сіздің қазақ киносындағы сәтті шыққан сүбелі рөлдеріңіздің бірі - жақында ғана көрерменнің назарына ұсынылған «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильміндегі бас кейіпкер. Сіздің кинодағы ұзақ жылдық тәжірибеңіз бен шеберлігіңізден болар, режиссер Қуат Ахметовтің бұл фильмін көрермен жақсы қабылдады. Өзіңіз, жалпы, бүгінде сәнге айналған экшн жанрындағы фильмдерге түсу туралы ұсыныстарға қалай қарайсыз?
- «Сіз кімсіз, Ка мырза?» - өзіндік сюжеті бар, адамгершілікке негізделген, Отанға деген патриотизмді насихаттайтын, кеңес заманының стилінде түсірілген фильм. Қазіргі жастар мұндай фильмді онша түсіне бермейді. Ал анау шетелдің бас-аяғы жоқ, пух-пах атыс-шабыс киноларын өліп-өшіп қарайды. Көрермен ауысты. Мені, қазіргі тілмен айтқанда, экшн жанрындағы фильмдерге түсуге жиі шақырады, бірақ мен сценарийін оқығаннан-ақ фильмге түсуден бас тартамын.
- Жақында сізді «Арман қала» атты отандық телехикаядан көріп қалдық. Бізді сіздің телехикаяға түсуге қалай келіскеніңіз таңғалдырды.
- (Күлді.) Шынымды айтсам, сол телехикаяға түскеніме өкінемін, өзім тіпті оның экранға шыққанын көрген де жоқпын. «Арман қаланы» кино деп атауға да келіңкіремейді. Кейде осылай халтураға баруға да тура келетін кездер болып қалады.
- Қазіргі кезде көрермен, әсіресе жастар, Голливуд жұлдыздарын пір тұтатыны шындық. Бұл біздің кино өнерін идеологиялық қаруға айналдыра алмауымыздың кесірінен болса керек. Біз қашан ұлттық кино түсіреміз деп жүргенде, өскелең ұрпақ «өрмекші адам» немесе «терминатор» болып кетпей ме?..
- Иә, қазіргі кезде шетелдің фильмдерін айтпағанда, өзіміздің режиссерлер түсіріп жатқан фильмдерде шетелдік актер ойнаса болды, ғажап туынды деп қабылдай береміз. Егер осы процесс ұзаққа созылатын болса, қазақтың дүниежүзілік мәдениетке қосар ұлттық сипаттағы болмысы еңсе түзей алмақ емес. Өркениет айдынында біздің Америкадан, Еуропадан еш айырмашылығымыз болмайды. Ал ұлттық үрдісінен ажыраған елдің өнерін ешкім де тұшынып көрмейді. Шындығына келсек, актерлік шеберлік жөнінен өзіміздің қазақ актерлері көбінен мықтырақ. Ал анау Шварценеггер, Ван-Дамм дегендер актер емес, ең алдымен, спортшылар, Анджелина Джоли секілді актрисалар - модель. Бірақ біз осыны түсінгіміз келмейді, өнердің қай саласын алып қарасақ та, еліктеушілік басым. Күні кеше Абай алысып өткен надандық әлі бар бізде. Біздің әлі құлдық психологиядан арыла алмауымыз - үлкен кемшілік. Біреуге бағыну, табыну басым, жалтақпыз. Кезінде Мұхтар Әуезов «өнерсіз ел - ел емес» деген еді. Мен осыған қосыламын. Кеңестік идеологияның кесірінен кезінде біз өзіміздің ұлттық батырларымыздан гөрі Гитлер, Наполеон, Грозный туралы көп білдік. Өз басым алпыстан асқанда төл тарихымызды қайта оқуыма тура келді. Осының зардабын қазір қазақ киносы тартып келеді. Негізі ұлттық бояуға құрылмаған туындының ғұмыры келте. Біздің қазіргі кинемотографиядағы өздерін «жаңа ағымдағы толқын» деп атайтын жастарымыздың шығармалары еуропаланып барады. Мұндай тұғыртасы шайқалып тұрған туындылардың болашағы да жоқ. Міне, ұлтсыздық, намыссыздықтың маңдайы тасқа тиетін жері - осы.
- Аға, сіздің шахматты ғажап ойнайтыныңызды білеміз. Жұмыс кабинетіңізде төрт адам ойнайтын шахмат түрін қойып қойыпсыз...
- Өмірдің өзі - шахматтың ойыны. Бұл - ой еркіндігін танытатын текті, ақсүйек өнер. Ал өзім шахматты сонау мектеп жасынан ойнаймын. Мықты қарсыластарымның қатары сиреп қалды. Ермек үшін емес, шама-шарқымша ойнаймын, кейде ұтамын, кейде ұтыламын. Шахматтың төрт адам ойнайтын түрін өзіміздің қазақ азаматтары ойлап тапқанына мақтануымыз керек. Маған мұны автордың өзі әкеліп берді. Төрт адам ойнауға арналған шахматтың патентін ағылшындар екі миллион долларға сатуды өтініпті. Бірақ біздің азаматтар оған келіспей отыр екен. Біздің елде дарындар аз емес, бірақ оларға қамқорлық жетпей жататыны шындық. Жалпы, мен спорттың қай түріне болса да жанкүйермін. Ұлтты ұлт ретінде танытатын өнері мен спорты ғой. Американы Америка еткен - киносы. Сонау 1980 жылы Мәскеудегі олимпиадада Ж.Үшкемпіров чемпион болғанда, оның ойынын түнімен көріп, ол жеңіске жеткенде қуанғанымыздан жылап жібергенбіз. Спорт та - намыс.
- Қазіргі таңда кино өнеріндегі бәсеке, жетістік шетелдік байқаулардағы жүлдемен өлшенетін болды ғой. Өзіңіз де елімізде жыл сайын өтетін «Шәкен жұлдыздары» байқауын басқарып отырсыз. «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» демекші, қандай да бір додаға түскен фильмдердің өзіндік артықшылықтары бар ма?
- Қазіргі фильмдерді алдымен өзіміз көрмей, шетелге ала қашатынымыз рас. Алдымен мұхиттың ар жағындағыларға үшкіртіп, олардың батасын алмасақ, көңіліміз көншімейді. Кешегі Айманов, Қожықов, Бегалин, Қарсақбаевтарды қазақ киносының тарихынан сызып тастап, тарихты өзінен бастағысы келетіндер шетелдің арзанқол сыйлығына мәз болып жүр. Сондықтан да қазіргі өнер өміршең бола алмай, айлакер-алпауыт тобырдың арасында адасып жүр. Ал «Шәкен жұлдыздары» байқауы туралы айтар болсам, мұның басқа конкурстардан айырмашылығы, бұл - студенттердің дипломдық жұмыстары. Бұл байқауды жастардың тырнақалды режиссерлік еңбектері, алғашқы үлкен байқауы деп қабылдау керек. Байқау келешекте талантты жастарға бағыт беруді мақсат етеді. «Шәкен жұлдыздарын» көбі дұрыс түсінбей, байқауға қатысқан жастардың шығармаларының ішінен жақсы кино іздейді. Алайда мұны қыруар қаржы жұмсалатын халықаралық байқаулармен салыстыруға келмейді. «Шәкен жұлдыздарының» абыройын асқақтату үшін мен 80 мың еуро беріп, Депардьені шақыра алмаймын.
- Актерлік деген бекзадалық өнердің биігіне көтеріле білген Асанәлі Әшімов нәзікжандылардың махаббатына бөленген жан десек қателеспейтін шығармыз, аға? Өзіңіз шын сүйе білген, сүйікті де бола білген адам ретінде айтыңызшы, отбасылық өмірде біреудің махаббаты екеуге жете ме?
- Отбасындағы жұбайлардың екеуі де бірін-бірі сүюі керек. Алайда әйел еркекті артығырақ сүйсе, ол отбасында бақытты өмір болады. Ал егер ері көбірек сүйіп, әйел сүймесе, онда өмір болыңқырамайды. Әйел ерін онша ұнатпай, көңілі басқа жаққа ауып тұрса, несі жақсы. Әйел - үйдің алтын діңгегі. Әйелдің махаббаты күштірек болғанда ғана толыққанды отбасы бола алады. Еркектің басын төрге сүйрейтін - әйел қауымы. Өмірде шексіз сүю өліммен тең. Кешегі Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Ромео мен Джульеттаның махаббаты - трагедия. Ал өмірдегі сыйластық, симпатия отбасылық өмірдегі сүйіспеншілікке тән.
- Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым бар...
Қазіргі біздің қоғамның ең үлкен трагедиясы - тойымсыздық. Өз басым ақшаға бас ұрған, соған тәуелді шенеуніктерді аяймын. Оларда нағыз өмір, күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ. Қытайларда «ұйқыңыз қалай?» деген мәтел бар. Қытайлардың бір-бірінен бұлай қал-жағдай сұрасуының себебі - адамның түнгі ұйқысы дұрыс болса, көңіл күйі де, денсаулығы да жақсы деген сөз. Ал біздің қалтасына ақшаны баса берсем, баса берсем дейтін шенеуніктеріміз өздерін қашан, қай жерде, кім атып кетер екен деген үреймен өмір сүреді. Осы өмір ме? Мәңгілік билік пен мәңгілік құндылықтардың аражігін саралайтын парасат-пайым алдыңғы орынға шығатын күн жақын болса екен!
Айнұр СЕНБАЕВА
«Алаш айнасы» газеті