ТӘТТІ ТҮБІРДІҢ АЩЫ ДӘМІ
Жетісу жерінің даңқын шартарапқа танытқан дақылдардың бірі әрі бірегейі қант қызылшасы болған кезеңнің келмеске кеткеніне де біраз жыл өтіп кетіпті. Заманында тұтас аймақтың бірнеше ауданындағы жұртшылықтың негізгі кәсібі болған тәтті түбір өсіру кейінгі жылдары біртіндеп құлдырап, былтырдан бері өзін өзі мүлде ақтамайтын деңгейге түсіп кетті. Соңғы жылдардағы кері кету өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы өтпелі кезеңдегі қиындықтар тұсында да тіркелмеп еді.
Әлі есімде, Талдықорған облысы тарқатылып, Алматы облысына қосылып, орталығы Алматы қаласы болған 1998 жылы жаз уақытында «Жетісу» газетінің фототілшісі Нұрманбет Қизатов екеуміз Көксу ауданындағы Еңбек Ері, бүгінде марқұм Зылиха Тамшыбаева басқаратын шаруашылықтың қызылшалы алқабын аралап, көз сүйсінткен едік. Сол кездері бүгінде облыс ауыз толтырып, дабырайтып айтатын 3-4 мың гектар қызылшаны бір шаруашылық егетін. Ал одан бұрнағы жылдарда – Жетісу жеріне ондаған Еңбек ерін тарту еткен кезеңде бір ғана Талдықорған облысы 30-40 мың гектарға тәтті түбір отырғызып, Қазақстанды ғана емес, бүкіл Одақты қазақтың ақ қантымен қамтамасыз ететін. Ол уақытты Қазақстандағы алты қант зауытының бесеуі Жетісу жерінде еді. Барлығы сартылдап жұмыс істеп, мыңдаған адам қант қызылшасы өсірілген алқаптар мен оны өңдейтін кәсіпорындарда нәпақа тауып, бала-шағасын асырайтын, тұрмысын түзейтін. Ол кезде қант қызылшасын өсіруші болу үлкен мәртебе еді. Жыл сайын марапатталып, биік-биік мінберлерден көрінетін қарапайым еңбек адамдарына деген құрмет те ерекше-тұғын.
Өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдары бүгінгі Алматы облысының Ақсу, Көксу, Ескелді, Қаратал, Алакөл, Сарқан аудандарында егістіктің негізін осынау аса бағалы, әрі стратегиялық маңызға иелік ететін техникалық дақыл құрайтын. Алыстағы Алакөлдегі Бескөл теміржол стансысы орналасқан елді мекендегі алып қант зауыты алыстан көз тартатын. Ақсу, Көксу, Ескелді аудандарының орталықтарындағы қант өңдейтін кәсіпорындар да өңірдегі іргелі өндіріс ошақтары қатарында аталатын. Алып мегаполис Алматы қаласының іргесіндегі «Боралдай» қант зауыты өз алдына бір төбе еді. Қазір осылардың ішінде жыл сайын аздап болса да қант қызылшасын өңдеп, күздің бірер айы өндірістік желілері қозғалысқа түсетіні екеу-ақ: «Көксу» және «Боралдай» қант зауыттары. Ал Қарабұлақтағы кәсіпорын шеттен жеткізілетін қант қамысына тәуелді. Алакөлдегі алып зауыт қолдан қолға өтіп, ақыры тозғын-тонауға ұшырады. Ақсудағы кәсіпорынның болашағы бұлыңғырланғанына біраз жыл болды. Бұрынғы облыс басшылары да, жылына Жетісуға бірнеше мәрте атбасын бұратын Үкімет адамдары да осы зауытты жүргізе алмады. Дегенмен, әрқайсысының қуаты өз алдына бір әлем болып саналатын, соңғы жылдарда жыл сайын жиналатын өнім біреуінің ғана бірер апталық жұмысынан аспайтын аталған кәсіпорындардың жоғарыда аталған екеуінен басқасы қайта қалпына келеді деуге болмайды.
Бүгінгі күннің талабына ақиқат көзбен қараған дұрыс. 2010 жылы облысқа Түркиядан кәсіпкерлер келіп, қант қызылшасын өңдейтін шағын зауыттар салуды ойластырған еді. Олардың ұсынысы сол кезде аса тиімділігімен қуантқан, көңіл аудартқан болатын. Алайда, неден шошынғаны белгісіз, бастаған істерін аяғына дейін жеткізбеді. Сол кезден бергі құлдыраудың кесірінен тәтті түбір өсіруді таңдайтын шаруалар қатары да сиреді. Көктемде берген уәденің күзде орындалмай, сарсаңға салатындығынан әбден шаршаған еңбек адамдары жыл өткен сайын бейнеті көп, зейнеті аз дақылдан бас тарта бастады. Соның кесірінен өткен жылы Алматы облысындағы қызылшалы алқап көлемі 3 мың гектардан әрең асып жығылды және одан жиналған өнімнің дені мал азығына айналды. Шаруаларды гектарына беретін 60 мың теңге субсидия да, тасымал шығынына берілетін көмек те қызықтырмайтын дәрежеге жетті. Өйткені, көктемгі егіс басталар шақта, қант қызылшасын қайта өңдейтін кәсіпорын қожайыны шаруалардың ығына жығылып, екі арада дәнекер болып отырған атқарушы биліктің айтқанынан шықпайтын сыңай танытқанымен, күзде өнім қабылдар шақта жөнді-жөнсіз талаптарды еселеп күшейтіп, жоқтан өзгені сылтауратып, диқандарды сабылтып қояды. Бұл кезде атқарушы билік те теріс айналады. Содан әбден зәрезап болғандардың сөнуге айналған үміті, үзілуге шақ қалған төзімі биыл қайта тұтанғандай болды. Жақында ғана қант қызылшасын өсірушілер мен қайта өңдеушілердің, осы саланың барынан айырылып қалмауға мүдделі тұлғалардың басын қосқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов біраз мәселенің түйінін тарқатты. Сырттан келген жауапты тұлғалар арасында Орталық Азия қант корпорациясының төрағасы Нұрлан Тілеубаев та болды.
– Биыл қолдаудан кенде болмайсыздар. Әкімдік тарапынан да, қайта өңдеушілер жағынан да жан-жақты жағдайлар ойластырылып отыр. Егістіктің әр гектарына 60 мың теңгеден субсидия төленеді. Шаруалар зауытқа өткізген әр тонна тәтті түбір үшін 13 мың теңге алатын болады. Әкімдік тұқым жағынан, күзде өнімді тасымалдау тұрғысынан көмектеседі. Қант корпорациясының төрағасы биыл қайта өңдеуге 100-120 мың тонна тәтті түбір өткізілетін болса, екі тарапқа да тиімді келісімшартқа қол қоюға дайын екенін айтып отыр. Көксу қант зауыты 50 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге қабілетті, – деген облысы басшысы диқандардың көңіліндегі сенім шоғын үрлеуге тырысты.
Биыл Алматы облысында 4 мың гектар жерге қант қызылшасын орналастыру жоспарланыпты. 120 мың тонна тәтті түбір жинау үшін, әр гектардан 300 центнерден өнім алу керек. Жекелеген шаруашылықтар өткен жылдары гектарынан 500 центнерден асыра өнім алғанын айта отырып, шаруалардың негізгі бөлігі 150-200 центнерге әрең қол жеткізгенін де ұмытпаған жөн. Сонымен бірге көктемдегі таудай уәделердің белі күзде жіңішкеріп кететін де есте ұстаған абзал. Сондықтан кейінгі жылдары «ащыланып» кеткен тәтті түбірдің дәмі биыл бірден тіл үйіре қояды деу қиын. «Балапанды күзде санайды» дегендей, берілген уәделердің нәтижесін күзде көретін боламыз.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы.
Abai.kz