«ЕУРАЗИЯ» АРНАСЫ ЖӘНЕ «ЖЕТІМЕК» ӨНІМ
Өзін "Қазақстанның бірінші арнасы" деп атайтын Еуразия арнасынан қазақ тілінде ауыз тұщырлық ештеңе таппадым. "Кешкі кездесу" мен "Ашығын айтқанда" ток-шоуын есептемегенде. Қазақ тілінде шығатын жаңалықтар ұжымына ерекше алғыс. Эфир уақыты өте ыңғайсыз уақытқа қойылған. Кешкі 18-19 - адамдардың жұмыстан қайтып, үйіне жете алмайтын уақыты. Бірақ журналистер материалдарды өте ықшам, нақты әрі сенімді етіп дайындайды. Тек, бір әттеген-айы - жаңалықтардың сәні мен әрін кіргізетін Индира Тұрсынбайқызы көрінбейді.
"112" айдары да сәтті шыққан. "П@утинаның" атын өзгертсе, тіпті дұрыс болар еді. Гибрид атау тіпті жараспай тұр. Ал бағдарлама жастардың сүйікті көзайымына айналған. Жалпы, телеарнадағы бағдарламаларды екі топқа сұрыптауға тура келеді. Тілі мен эфир сеткасына қойылған кесте бойынша. Отандық өнім осы ғана. Қалғандары кілең - шетелдік "жетімек" бағдарламалар.
"1-сортты" топқа - "Давай, поженимся", "Добрый вечер, Казахстан", "Пусть говорят" деген сияқты бағдарламаларды жатқызамыз. Өйткені, бұл өнімдер прайм-таймнан жылжыған емес, жылжымайды да. Соған қарағанда, орыстілді бағдарламаларды "1-сортқа" және қазақ тілді бағдарламаларды "2-сортқа" телеарна басшылығы қасақана бөліп тастаған тәрізді.
Трухачев жүргізетін "Аналитика" бағдарламасына тоқталсақ. Сараптаманың сарыны - Кремльдің саясатынан шыға алмайды. Украинадағы соғысты Ресей қырынан суреттейді. Қазақстан Республикасының ұстанымы, сыртқы саясаты мүлдем ескерілмеген. Бір қызығы, телеарна басшысы С.Киселев, неге екені белгісіз, "Аналитика" бағдарламасының қазақша нұсқасын мүлдем шығармай отыр.
Әрине, олардың бірінші аргументі рейтингке қатысты шығар-ақ. Әдетте, бағдарламалар рейтингін түзетін "Гэллап-Медиа" деген медиаөлшем бар. Телеарнаға жарнама берушілер алдымен сол компанияның көрсеткіштеріне назар аударады. Гэллап болса, пиплметр деген құрал арқылы кімнің қай арнаны, қайсы бағдарламаны көп көретінін "анықтайды". Бірақ оның нақты дерегі күмән тудырады. Өйткені, пиплметрдің қай қалада, қандай тілді отбасыға, тіпті кімге тағылғаны белгісіз. Сондықтан, рейтингтің белгілі бір жарнаға тәуелді болуы, телеарналармен "жең ұшынан жалғасуы" да әбден мүмкін. Білуімізше, Гэллап 100 мыңнан кем тұрғыны бар қалаларда ондай зерттеу жүргізбейді. Яғни, қазақ халқының 45 пайызы қоныстанған ауылдар мен елді-мекендер мүлдем ескерусіз қалады. Айналып келгенде, монополист Гэллаптың кесірі - мемлекеттің тіл туралы заңына кесірін тигізіп отыр. Сондықтан, "Нұр-Медиа" жанынан қазақ тілді аудиторияның пікірі мен қазақ бағдарламаларының рейтингін түзетін мемлекеттік, керек десеңіз, Ұлттық медиаөлшем құратын уақыт жетті. Еуразия, 31-арна, КТК, НТК, Отырар, ТДК сияқты арналардың орыстілді бағдарламаларына жел бітірген Гэллаптың әуселесі сонда белгілі болар еді.
P.S. Біз Қазақстан Республикасының азаматтары ретінде еліміздегі бүкіл жарнама нарығындағы қаржының 80 пайызын бір өзі "асап" жатқан "Еуразия" арнасынан қазақ тіліндегі бағдарламаларды көбейтуін талап етеміз!
Тоқтар ЖАҚАШ,
журналист.
(Жазба автордың facebookтегі парақшасынан алынды).