Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін 5601 0 пікір 13 Шілде, 2017 сағат 11:10

Салафилер неге мешіттерде ұдайы бүлік шығарады?

????????????????????????????????????

Қазақ мұсылман дінін қабылдағаннан бері мешітті киелі санағанын тарих растайды. Мешіт ежелден халықтың арасында діни-рухани, мәдени-тарихи, ғылым мен білім орталығы ретінде бағаланды. Мешіт мұсылмандар үшін күмбезі бар архитектуралық үлгідегі ғимарат қана емес, ол – рухани тазалық пен пәктіктің ордасы, пенденің Жаратушысымен қауышатын орны. Мұнда жалпы ғибадаттармен қатар діни сарындағы уағыздар, оқу-ағарту дәрістері жүргізіліп, ел мен қоғам үшін маңызды насихат жұмыстары жүзеге асырылады. Cондықтан мешіт – діннің қоғамды біріктіруші міндетін атқаратын қасиетті орын.

Мешіт – мұқым мұсылман үмметінің басын қосатын, олардың арасында бауырластықты оятатын киелі орын. Оның ішінде айтылатын уағыздар мен дәрістер діндар жандардың қоғамдық санасын қалыптастырып, халықтың рухани өміріне бағыт-бағдар береді, ой-пікірлерініңбір арнаға түсуіне ықпал етеді. Бүгінде әлемдегі әр түрлі күштер арасында ашық және астыртын идеологиялық қақтығыстар жүргізіліп жатқандамешітті ізгілік мекеніне айналдыру – жеңіске жеткенмен бара-бар. Себебі, мешіт мінберінде тұрып сөйлейтіндер қоғам мүшелерін өзіне қаратуға мүмкіндік алады. Сондықтан жік-жікке бөлінген діндарлар елдегі мешіттерді өз мақсаттарына пайдалану үшін белсене әрекет етуде. Әсіресе,Қазақстанда заңды қызмет ететін ҚМДБ-ның ресми өкілдері – мешіт имамдары мен салафизмді ұстанушы топтардың арасында орын алатын текетірестер соған айқын мысал болады.

2011 жылы қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға сәйкес тек құзыретті мемлекеттік органда заңды тіркеуден өткен діни бірлестіктер ғана ел аумағында діни қызмет жүргізуге құқығы бар. Осыған орай, діни қызметпен айналысатын республика аумағындағы көптеген діни бірлестіктер заңды тіркеуден өтіп, жұмыстарын ашық жүргізіп келеді. Мемлекеттің діни қызмет жөнінде мұндай талаптар қоюы елдегі діни ахуалдың тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты екені мәлім.

Алайда деструктивті және радикалды идеяларды ұстанушы діни топтардың бірі– ең агрессияшыл салафилік жамағаттар заңсыз насихат жұмыстарын тоқтатпай, әлі де белсене әрекет етуде. Салафизм идеологтары имамдардың жалпыға ортақ діни рәсімдерді ханафи мәзһабы бойынша орындауына қарсы шығып, мешіттерде ұдайы бүлік шығарады. Таяуда ҚМДБ жіктелудің алдын алу мақсатымен өзіне қарасты мешіттерде жамағаттың діни жоралар мен рәсімдерге қатысты танымдық мәселелерде тек матуриди мектебі мен фиқһ жүйесін басшылыққа алып, ханафи мәзһабы бойынша орындауы жөнінде арнайы ереже қабылдады.

Ғұламалар кеңесінің мәжілісінде қабылданған ҚМДБ мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі мешітке келушінің негізгі құқықтары міндеттерін, мешітте рұқсат етілген және тыйым салынған әрекеттерді, дін қызметкерлеріне қатысты нұсқауларды, сондай-ақ т.б. мәселелерді айқындайды. Бұл ереже мешіттерде заңды қызмет ететін имамдар мен мешітті заңсыз иемденгісі келген салафилердің арасындағы дауды тоқтатуға жол ашты. Себебі, ережеге бағынғысы келмеген азаматтар ендіҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 490-бабының 2-тармағы бойынша тәртіпке шақырылуы мүмкін. Аталмыш нормада заңды діни қызметке кедергі келтірген, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарын бұзған немесе олардың діни сезімдерін қорлаған, қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдірген адамды, егер жоғарыда баяндалған барлық әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, әкімшілік жауапкершілікке тартуға болатыны туралы көрсетілген.

Бұл келеңсіздіктің алдын алу үшін заңдық тұрғыда оң шешім жасалғанын көршілес елдердің тәжірибесінен де көруге болады. Мысалы, 2016 жылдың қаңтар айында Тәжікстандағы Согди облысының Гафуров ауданында тәртіп сақшылары мешіттегі ережеге бағынбаған бірнеше салафилік ағым өкілдерін тұтқындаған. Соттың мәлімдеуі бойынша, әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтар мешіттің ішкі ережесі мен тәртібін бұзып, діндарлардың арасында діни араздықты қоздыруға әрекеттенген. Сондай-ақ, мұндай оқиға 2016 жылдың маусым айында Қазақстанның батыс өңірінде де орын алды. Атырау қаласындағы орталық «Иманғали» мешітіндегі ғибадат ету кезінде мешіттің ішкі тәртібіне бағынбай, қоғамдық тәртіпті бұзған азамат Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сот қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған жаза ретінде 50 айлық есептік көрсеткіш әкімшілік айыппұл cалынды. Жалпы, мешітте жамағаттың діни жоралар мен рәсімдерді орындауы жөнінде ереже Өзбекстан, Әзірбайжан, Шешенстан, Ингушетия және Дағыстан елдерінде де қабылданған.

ҚМДБ өзіне қарасты мешіттердің ішкі тәртіп ережесін қабылдау арқылы әр түрлі теріс пиғылды жалған діни ағымдардың қызметіне тосқауыл қоятын құқықтық тетікке қол жеткізді. Мешіттегі қоғамдық тәртіпті реттейтін құжатты қабылдау кезек күттірмейтін мәселе екені отандық мүфтияттың Жарғысында «ҚМДБ шариғат нормаларына сәйкес діни рәсімдердің орындалуын қадағалауды қамтамасыз ету керектігі» жөніндегі бөлімде ашықкөрсетілген.

Мемлекеттегі, қоғамдағы, отбасындағы барлық қатынастар өзіндік бекітілген тәртіп пен заңдарға негізделіп, қалыптасатыны белгілі. Елде тәртіп болмаса, береке-бірлігі мен ынтымағы қашып, соңынан құлдырайды. Қоғамдық тәртіпелдегі адамдар бас қосатын кез келген орында, әсіресе мешіттер мен діни ғимараттарда сақталуы шарт. Мұсылман қауымының қасиетті мекені мешітте тәртіптің сақталмауы діндарлардың арасында араздықтың өршуіне сеп болып, мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі әбден мүмкін.

Әр қоғамдық орынның өзіндік бекітілген тәртібі болуы шарт. Сондықтан мешіттің де тәртіп-ережелері бар қоғамдық орын саналауы – заңдылық. Демек, мешітке келген әрбір адам мешіттің ішкі тәртіп ережесін мойындап, оның талаптарын орындауға міндетті.

Муслимов М.Ж.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407