Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 9545 1 пікір 2 Мамыр, 2017 сағат 12:03

Тұрсын Жұртбай. "Қаралы сұлудың" кейіпкері - Мәден Түсiпбаева (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271

http://abai.kz/post/view?id=7292

http://abai.kz/post/view?id=7363

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7819

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

http://abai.kz/post/view?id=10532

http://abai.kz/post/view?id=10740

http://abai.kz/post/view?id=10973

http://abai.kz/post/view?id=11107

http://abai.kz/post/view?id=11260

http://abai.kz/post/view?id=11485

http://abai.kz/post/view?id=11583

http://abai.kz/post/view?id=12512

http://abai.kz/post/view?id=12602

http://abai.kz/post/view?id=12674

http://abai.kz/post/view?id=12762

http://abai.kz/post/view?id=12863

http://abai.kz/post/48131

http://abai.kz/post/50997

http://abai.kz/post/50447

http://abai.kz/post/52092

II.

 Бұл – 1976 жылдың жазы болатын. Алматыдағы Төлебаев пен Совет көшелерiнiң қиылысындағы Кiтап палатасы орналасқан бес қабатты сары үйдiң алдында әдебиетшi ағамыз Рымғали Нұрғалиев әңгiме айтып тұрды. Бұрыштағы терезеден Әлiбек Дiнiшевтiң шырқаған даусы естiледi. Федерико Карузоның «жанкүйерi» тамсанып қойып, басын шайқайды. Бiр апа бiрiншi подъезге қарай ширақ басып бара жатты да, амандасып, жөн сұрасып, «сау болыңдар, айналайындар» – деп бұрыла бердi. Ғалым аға жаңағы кiсi үйге кiрiп кеткен соң сыбырлағандай боп:

– Мықты кемпiр. Қуат-күшiн, ерiк-қажырын жоймаған. Көрмегенi жоқ. Әлi тың. Қандай ширақ. Ер жiгiттiң мiнезi бар. Әуезовтен именбеген мықты апамыздың бiрi. «Қаралы сұлудың прототипi осы адам. «Е, Мұхтар жаза бер, ендi менi кiм тексерiп жатыр» дедiм де, әнгiменiң өзгерткен нұсқасын өзiм қайынсiңiлiме машинкаға бастырып бердiм»,  – дейдi Бұл апамыз. Мықты, – дедi.

– Кәдiмгi «Қаралы сұлу» әңгiмесiнiң бе? Қалай?

– Өзiнен сұра. Жасырмайды. Мәден апа десең болды. Тура сенiң ауылыңның адамы. Ике – Мұсатайлардың келiнi. Жә, болды, жүр кеттiк. Ләпәңнiң шайын iшейiк.

Сөздiң бас-аяғы осы болды. Әкем-ау, Мұсатайдың қыстауында бiз де тұрғамыз. Қалай бiлмей жүргенмiн. Аға айтты: «Өзiнен сұра» деп. Ендi түсiнiк бермейдi. Сенерiмдi де, сенбесiмдi де бiлмедiм. Үмiт оты бiр жанып, бiр өшедi. Құштарым қатты құлап, құмарым артса да, «сұлудың» прототипiмен жүздесудi кейiнге қалдыра бердiм. Дегенмен де бiр күнi тәуекелге бел буып, телефон арқылы хабарластым. Даусы ширақ, сөзi нақпа-нақ естiлген Мәден апай шақырды.

Ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтiң жиырма бес жасында жазған әңгiмесiнiң прототипiн кездестiру және ол кiсiмен сөйлесу мен үшiн өте қуанышты оқиға болды. Өйткенi ХХ ғасырдың басында жарық көрген «Қаралы сұлу» сияқты классикалық шығарманың оқиғасының негiзгi өзегi өмiрден алынғаны жөнiнде әр түрлi пiкiрлер айтылғанымен де, нақты дерек баспасөз бетiнде жарияланбаған. Сонымен қатар бұл әңгiме жазушының қиялынан туған көркем туынды деген тұжырым да кең тарап кетiп едi.

Мәден апай аққұба, дөңгелек жүздi, бота көздi, ашық мiнезi, өткiр, шешен тiлдi адам екен. Сөз арасында әзiл де айтып қояды. Мұқан Төлебаев көшесiнiң бойына орналасқан үйдiң терезесiнен күн нұры төгiлiп тұр. Ол кiсi әңгiменi өзiнiң өткен өмiрiмен сабақтастыра отырып айтты. Жасы 84-ке келген Мәден Түсiпбаева апайдың жүрiс-тұрысы ширақ. Тың. Жедел басып, қат-қат кiтаптардың арасында тұрған фотоальбомды алды да, iшiнен әр түрлi суреттердi үстелдiң үстiне қойды. Көзiмнiң қиығын салып, қарап қоямын. Iле жеңiл күрсiнiп алды да, әңгiмесiн бастады.

– Бiздiң ауыл Абай мен Әуез атаның үйлерiмен ертеден араласып, құдандалы болып, сарысүйек атанып жүретiн. Мұсатай мен Ике Абайдың үш қызын келiн ғып түсiрген. Құдайбердiнiң баласының екi қызы да сол үйдiң ақ босағасын аттады. Ал Мұсатайдың кенже iнiсi Сыпатай Абайдың ең сүйiктi қызы Пәкизатқа үйлендi. Қазiр сол Пәкизаттың қызы Семейде тұрады. Ол да егде тартып қалды. Ұлы Абайдың өзi Пәкизатты ерекше еркелетiп:

Пәкизаттым, шыбарым,

Өлеңге сонша құмарым.

Бәйiт жазып берейiн,

Өзiң оқып ұғарсың, –

дейтiн. Бұл өлеңнiң аяқ жағын ұмытып қалыппын. Абайдың тiрi кезiнде хатқа түскен қолжазбаларының көпшiлiгi осы Пәкизатта болатын. Сандығында сақталатын. Кейiн ол қолжазбаны Пәкизат қайнағасына берiптi. Iле аумалы-төкпелi заман басталды. Көшi-қон көбейдi. Ағайын арасы алыстады. Содан кейiн қолжазба көз жаздырып кеттi. Табылмады.

Бiздiң ауылға Мұхтар 1916 жылы келдi. Өйткенi, соның артынан iле-шала «Дегелең дүрбелеңi» басталды. Халық толқып, ереуiлге шықты. Шыңғыстың терiстiк бөктерiндегi Шаған өзенiнiң жағасында отырған кезiмiз едi. Семейде оқып жүрген Мұхтар «жөтелiп, дертке ұшырап жүрмiн» – дедi. Халел дейтiн досы бiздiң туысымыз. Кейiн бiлдiм. Қалындық iздеп жүр екен ғой. Соны жасырған түрi әлгi. Мұхтар ол кезде 19 жаста болатын. Оған жеке үй тiгiп, бiр күтушi берiлдi. Сол үйде жатып бала оқытты. Менiң күйеуiм Адамжанмен араласып, достасып кеттi. Бiздiң үйден жиi-жиi дәм тататын. Анда-санда ит-құс салып, аң аулайтын. Көбiнесе жеке отауда отырып жазу жазатын. Бiрде Қабжан Мұсатайұлы мен Смағұл Әмзеұлын шақырып алып, жазғандарын оқып берiптi. Ол бiр күлдiргi оқиғалы сықақ әңгiме болатын. (Естелiктiң бұл арасы бiрiншi тарауда берiлген. Ал Смағұл Әмзеұлы туралы «Оқыған азаматқа» қатысты бөлiмде бiраз айтылды. Т.Ж.).

Бiрде, қасындағы серiктерi Қабжан Мұсатайұлы мен Смағұл Әмзеұлы арнайы қонаққа шақырса керек. Әрi жер аралап, ел iшiндегi қалыңдыққа лайық қыз көрудi ойластырған екен. Сол жылдары атақты диктор Әнуарбек Байжанбаевтың ауылы iргелес отыратын. Ел аралаған ерке жiгiттердiң көзi сондағы менiң таныс құрбыма түсiптi. Соған мен арқылы сөз салды. Жастық қой, жастық! Он тоғыз жас деген немене! Қыздың сырын iшке түйiп:

– Ей, оқығандар, бұлары жарамайды. Онсыз да етектерiңе ерген сөз көп. Халел ағайдың жолымен кетесiңдер ме? Бұл қыздың берген сертi, айттырған жерi, бетiнiң әдебi бар екен. Қойыңдар, – дедiм.

Сонда Мұхтар шашы бұйра-бұйра, бұрқырай толқындап, Қайыңды мен Мырзашоқының баурайындағы қызойнақ, алтыбақаннан қалмайтын, әдемi-ақ жiгiт болатын.

Жаңағы Мұхтардың көзi түскен қыз қазiр кемпiр болды. Е, дүние-ай десеңшi. Ендi сол кемпiрге қазiр айтсам: «Е, қайдан бiлейiн. Оқығандардың бәрi қатын тастағыш. Ертең айнып кетiп, далада қаласың. Одан да өзiңе бұйырғаныңды жiберме» дегенге иланыппын. Мынадай дүниеге мәшhүр болады деп кiм ойлапты. Әй, сол бас тартқаным, дұрыс та екен ғой. Қашанғы етегiне iлесер ем, қалар ем ғой мен де» – деп күледi.

Онысының да жаны бар.

Мiне, Мұхтармен алғашқы жүздесуiм осылай басталды. Одан кейiн де араласып, хабарласып тұрдық. Жолдасым Адамжан екеуi өте тату едi. Хабарласып, сәлем жолдап жүретiн. Арада жылдар өттi. Тұңғыш ұлымыз Шотай дүниеге келдi. Сол жылдары менiң қайын атам Мұсатай мен оның iнiсi Икенiң арасындағы дау-жанжал, билiкке талас өршiп, екеуi өштесiп кеттi. Даудың басы Жайылма деген қорықтан басталды. Абайдың ағасы Құдайбердiнiң ұлы Шәкерім бiрнеше рет бiтiстiрдi. Бiрақ қайта-қайта ұшыға бердi, шиеленiсе түстi. Семей өңiрiндегi сол кездегi ең үлкен бiтiспес дау осы екi кiсiнiң арасында өттi. Газетке де шығып жүрдi. Революционер жазушы Сәкен Сейфуллин бұл жайды «Тар жол, тайғак кешу» атты мемуарлық романында да суреттедi.

Осындағы «Икенi қостаған алаштың азаматы» деп отырғаны – Халел Ғаббасов. Икенiң әйелi – Халелдiң туған әпкесi. Ол кiсi губземконың, облыстық есеп-кредит басқармасы мен банкiнiң бастығы, госпланның жауапты қызметкерi боп iстедi. Асқан серi, серуеншiл адам едi. Мұсатай – ағасы, бәйбiшеден туған. Ике – тоқалдың баласы. Молдабай, Бурахан қажы бар, әйтеуiр алты ағайынды. Аралары суық болды. Ике де, Мұсатай да кiсi қолынан қаза тапты. Азаптан аман құтылғаны да бар, оның керегi шамалы.

Әр адамның тағдыры әрқалай ғой. 1918 жылы жолдасым Адамжан дүниеден қайтты. Он төрт жасымда табалдырығын аттаған босағамның уығының ортасы түсiп, қаралы болғаны жаныма қатты батты. Артында жалғыз ұлы Шотай қалды. Әдет бойынша есiк алдына күйеуiмнiң атын қара мақпал жауып байлатып қойдым. Киiз үйдiң уығына да қара мата iлдiм. Өзiм де қара қамзол мен көйлек киiп, өлген жан серiгiмдi аза тұттым. Бiр жылдан соң баламның қазасы қосылды. Содан үш жыл ұдайы қаралы жағдай кештiм. Шәкерімнiң әйелi, ұлы Қабыш келiп көңiл айтты. Мұхтардың күйiндi болатын жөнi бар. Ахмадияр қайным Мұхтардан оқыған. Адамжан оның ең жақын достарының бiрi едi. Көңiл айта да келген. Сол кезде менiң қаралы күйiмдi сезiнген ол көңiлiме қаяу түсiргiсi келмедi-ау, деймiн, әйтеуiр, ашылып ештеңе айтпады. Тек Жакей қажыға:

– Мәденнiң Адамжанды жоқтауын жазып алу керек едi,– дегенде, үлкен кiсi оған рұқсатын бермептi.

– «Мұхтардың онысы несi. Жоқтауды қайтедi екен,– деп отыратын Жакей қажы.

Сол қаралы күйiм бес жылға созылды. Мұхтар сол жолғы менiң мұңлы күйiме жаны ашып, қатты күйiндi. Досының қазасы оған да ауыр тиген болуы керек. Әйтеуiр, Семейден кiсi қатынай қалса сәлемiн жолдайтын. Сол Адамжанға және оның артында калған ұлға ескерткiш ретiнде «Қаралы сұлуды» жазса керек. Әрине, көркем шығармадағы еркiндiк, болжам, қиял, тұжырым болады ғой. Одан хабарым бар адаммын. Бiрақ «Қаралы сұлудың» 1925 жылы жарық көрген нұсқасы барынша шындыққа жақын және табиғи едi. Онда әңгiменiң аяқталуы былай болатын.

«Осымен таң ағарып атқанда денесi әбден салқындап барлық асау қан басылды. Бұл заманға шейiн қысып келген жастық тiлегi бiржолата өшiп, баяғы қайыға бекiнген таза көңiлi өмiрiнше алысқан қара жыланды жеңiп шықты. Қараңғы қайғы күнiнiң iшi болса да, бұл мүйнеттер Қарагөздiң бақытты болған уақыты сияқтанып едi. Ол әбден ағарып, тыныштық алған жүрекпен ауыр күрсiнiп, үйiне қайтты...

Мұның арт жағынан тоғай iшiнде таң бұлбұлы қаралы жалғыздың күйiн қошаметтеген дұғадай сезiлетiн тазалық жырын жырлап тұрды... Қарагөз үйiне кiрiп, Мұқашты сүйiп-сүйiп жатып қатты ұйықтап қалды» («Таң», 1925, № 2, 92-бет.)

Ол екi ортада қилы-қилы заман өттi. Бiздер елден кеттiк. Шет жағалай көшiп жүрiп Алматыға жеттiк. Мұхтардың да өз әнi – өзiнде болды. Уақыт солай ғой.

Кейiннен, 1934 жылы Алматы қаласында Мұхтармен жолықтым. Менiң қайынсiңлiм оның екi жүз елу беттiк шығармасын машинкаға басты. Онысы 1936 жылы шыққан «Ескiлiк көлеңкесiнде» атты жинағы едi. Алматыға жаңа келген бетiмiз болатын. Қаражаттан қысылып та жүргемiз. Оның iшiнде «Қаралы сұлу» да бар болатын. Сол машинкаға басылған шығармасына үш жүз сом ақша бердi. Қайынсiңлiм ұялып, Мұхтарға менi жiбердi. Валентина үйiнде екен. Мұхтар маған:

– Мәден, Адамжанның ұрпағы қазiр қайда? – дедi.

Мен шешектен дүние салғанын, өзiмнiң одан кейiн бес жылдан соң тұрмысқа шыққанымды айттым. Басын шайқап, ұзақ отырды да, күрсiнiп:

– Есiл азаматтың соңында ешкiм қалмады-ау. Мен сондай үмiт етушi едiм. Сен, бiлесiң бе, сол қаралы күйiңдi суреттейтiн әңгiме жазғам. Адалдығыңа, ар тазалығыңа, өлгенге құрметiне қатты сүйiндiм. Қазақ әйелiнiң үлгiсi ретiнде көрсетiп ем. Он екi жыл болды оған. Келесi жылы сол ертеде жазған шығармаларымды өңдеп, түзеп жеке кiтап етiп баспадан шығармақпын. Сол әңгiменi де өңдеп, ұсынып отырмын. Ертедегi өмiрдi зерттеу, «идеялизациялау» деп сынап жатыр. Сен де тұрмысқа шығыпсың. Өмiр бiр қалыпта тұра ма – дедi.

– Еркiңiз бiлсiн. Шығарма сiздiкi. Мен кейiпкерлiгiмдi бұлдаймын ба? Ондай тәкаппарлық менде қалды дейсiң бе. Ұмытылды. Ендi оны кiм бiлiп жатыр. Қайта ұмытқаны дұрыс қазiр, – дедiм.

Осылай, шырағым. «Қаралы сұлудың» шығу тарихының менiң өмiрiме қатысты екенi рас. Соңғы басылымында әңгiменiң аяқ жағындағы бiр абзац алынып тасталды да, оның орнына 1935 жылы «Ескiлiк көлеңкесiнде» атты кiтабындағы өзгерiс енгiзiлдi. Ол жазушының қиялынан туған көркемдiк шешiм. Әрi сол жылдары оған да көп кiнә тағылып, еркiмен көсiлiп iстей алмай жүрдi ғой. Мұхтардың 12 томдық толық жинағындағы бiрiншi томның түсiндiрме сөздiгiнде әңгiменiң 1922 жылғы және 1960 жылғы нұсқасын салыстырып берген. Айырмашылықтарын да содан толық аңғаруға болады.

Егерде, ұзақ жыл бiлiстiкпен, жарастықпен қатар өмiр сүрген адамдардың арасында ылғи сызылған сыйластық болды десем өтiрiк болады. Мұхтар – менiң қайным iспеттi боп өскен соң, артық-кемдi, әзiл-шынды айтқандарым болды. Соғыс жылдарында Аягөзде тұрдым. Мұхтар сол кезде Аягөзге соққаны белгiлi. Бiрде, Абай тойының үстiнде Калинин көшесiндегi ескi үйiнiң маңынан кезiге кетiп, жетiп бардым да:

– Әй, Мұхтар мен көргенде бетiнен мөрi тамған бозбала едiң. Қыздардың бетiне қарай алмай жүргенде, хатыңды берiп, жалынушы едiң. Бүгiн мiне, менi ұмытып, жиналысқа шақырмадың, – деп дүрсе қоя бердiм.

– Үй, Мәден, қой. Маған кiсi көзiнше ұрыспа. Қойдым-қойдым. Дұрыс, көңiл ретiң мен райың жарасқан соң айттың-ау, – деп сөз артын қоңыр салқын, майда күймен жадыратып жiбердi.

Ендi, айтты не, айтпады не, Мұхтардың жазғаны артында қалды, бiз бiр күнгi көбелек құсап жарық дүниеде жалбаңдап ұшып жүрмiз. Осыны, айтқанымды қанағат ет, қарағым» – деп әңгiмесiн аяқтады.

Мiне, Мәден Түсiпбаева апайдың әңгiмесi осындай. Ол кiсi ұлы жазушының «Көксерек» және «Қаралы сұлу» сияқты классикалық шығармаларының жазылуы мен суреткердiң қиялын шарықтатып, сезiм қылын шерткен жайлардан кең мағлұмат бердi. Екiншiден: «Оқыған азаматтың» прототипi Смағұл Әмзеұлы жөнiнде қосымша дерек ұсынды.

Қадiрлi қауым, жазушының өзi оқиғаға араласып кеттi деп айып таға көрмеңдер. Осы арада менiң аталарымды әңгiмеге кiрiстiруге тура келiп тұр. Мен де бiлмейдi екем. Әкемiз Құдакелдi марқұмның сүйегi осы кiтаптың басы-аяғында жиi айтылатын Икенiң күздеуiнде жатыр. Тағдырдың тезiне қатар ұшыраған жандар едi. Ике, Мұсатай, Халел Ғаббасовқа қатысты деректер Мұхтардың өмiрiмен қатар өрiлiп отырады. Шәкерімнiң қазасы естерiңiзде шығар. Соған байланысты. Ике арғы бетке ауып барып, Жұртбайдың iнiсi немере атам Райбайдың үйiнде қыс бойы тұрыпты. Әкем ол кезде Алматының түрмесiнде жатқан. Ике Райбайға қолына оқ тиген қара ат пен қара байтал берiптi. Шекарада атысып жалғыз өткен Ике: «Жаз шыға елге барып, үй-iшiмдi көшiрiп әкелем» – деп дайындалып жүрiптi. Содан Ержанның Қызыры деген төре НКВД-ның тыңшыларының мәжбүр етуiмен қонаққа шақырыпты. Ике жайғасып отыра бергенде бiр топ солдат кiрiп келедi. Ике саптамасынан тапаншаны суырып апты да: «Әй, бiр шикiл сарыны өлтiргенмен кегiм қайта ма. Бәрiбiр таусылмайды. Ел-жұрттың обалына қалармын. Қызырдың несi кетедi» – деп тапаншасын лақтырып тастапты. Даланың көкжалы осылай қақпанға түстi. Тiршiлiктегi соңғы дәмi бiздiң шаңырақтан бұйырды.

Тағдыр дегендi қойсаңшы. Сол Ике алдына алып отыратын Райбайдың үлкен қызы Жабағы мен кенже қызы Изақұл Икенiң қыстауындағы зиратта жатыр. Нұрғазы Райбайұлы: «Икенi ертiп әкем үнемi шекара бойлатып, жер шолуға алып шығады екен. Сонда алда-жалда шекара жаққа шыға қалса, атының басын тартып: «Мына сары пәледен аулақ жүрейiкшi» деп ықтай бередi екен. Әкемнiң ық жағына шыққан соң ғана тынышталатын көрiнедi. Мен ол кезде ес бiлмейтiн ем. Әкемнiң осы сөзi есiмде қалыпты. Ал әлгi «жылқымның тұқымы едi» – деп сыйлаған қара байталдан туған құлын кейiн «Райбайдың бәйге қоңыры» атанып, аты аңызға айналды. Қалған тұқымдары да ауызға iгiлiп, бәйгенiң iшiнде жүрдi. Құдалар қалыңмалға қалап алатын қаракөктiң үйiрi атанды. Кейiн Икенi көрген әпкем жабағының қайын атасы Рақымбай құда бәсiреге алды. Жиенiмiз Сейтжан мiнiп жүретiн» – дедi.

Икенiң атақты қаракөгiнiң тұқымына бала кезде бiздiң де тақымымыз тиiп, құрбан айтқа жиылған жұрттың көзiне түсу үшiн қоқиланып қойып, зар желдiрiп жүргенiм есiмде. Бәйгеден келгенде бәсiреме жап-жаңа құрым қара етiк кигизiп едi Рақымбай құда. Ол күнде осы оқиғаға куә адамдардың бiразы тiрi-тiн. Сөз терiп, кiтап жазам деп кiм ойласын. Жан-жаққа қарап, ендi iздестiргенде «жолыққан» адамым сол Райбайдың ортаншы қызы Түбiтқанның атасы менiң сарсүйегiм – Рамазан Жалбағайұлы боп шықты. Икеге қатысты оқиға – исi Абай мен Шәкерім тұқымдарынның тауқыметтi тағдырына ортақ. Оны Мұхтардың да ағалары басынан кешiрдi. Ике мен Мұсатайдың арасындағы тартыстан тағыда бiр тарихи роман жазамын дегенде, жоғарыдағы оқиғаларды да қамтымақ болған. Икенiң тағдырының кебiн киген 1937 жылы ният Шәкерімұлы кидi. Оны да НКВД жансыздары алдап ұстады. Икеге құрылған қақпанды көзiмен көрген Рамазан ақсақал былай еске алады:

– Аумалы-төкпелi заман ғой. Сенiң әкең Құдакелдi екеумiз бiр түрмеге қамалдық. Атығай деген жерде ескi қораға қамап қойған кезiнде түнде дуалды тесiп қашып ек, бiлiп қойып, түн iшiнде қайта тықты. Ерегесiп бiр уыс тарысы мен ыстық суын да бермей қойды. Мен ақыры құтылдым да, Шәпек пен Жабағытайдың тобына қосылдым. Олар қарулы едi, шекарадан атысып өттi. Қатынсудың бойында ақ киiм киiп, ақ боз атқа мiнген iнiсi оққа ұшты. Ағайынды екеуi екi рет ұмтылып, iнiсiнiң сүйегiн ала алмады. Оқтың ортасынан ақ боз атты жетектеп шықты. Сол кезде 40-50 үй жасырынбастан шекарадан ашық өттi. Соның iшiнде Ике мен Шәкерімнiң ұлы Ният, Абайдың Тәкежан ағасының баласы Әзiмбайдың Бердешi де бар едi.

Икенi ұстайтын күнi мен де бiр ажалдан қалдым. Онда жiгiтпiн. Бiр досым маған кеп: «Бүгiн Ержанның Қызыры Икенi қонаққа шақырыпты. Әңгiме, сөз тыңдайық жүр»,– деп шақырды. Әкемнен сұранып ем: «Қой, желiкпе»,– деп жiбермедi. Досым: «Әкеңнiң сөзiнен аса алмайсың. Жiгiт емессiң» деп өзi кеттi. Қонақтар жиналғанда солдаттар үйге лап берiп кiрiп барыпты. Солдаттар сол үйге жиылғандардың бәрiн ұстап әкеттi. Iшiнде әлгi жазықсыз досым да бар, сол күйi жоғалды. Оларды атып тастады. Мен де атылатын ем. Әкемнiң сөзi сақтап қалды. Анығын бiлмесе де бiр құқайдың болатынын сезген шығар, – дедi Рамазан Сарсүйек.

Шыр айналған дүниенiң шындығы осы. Кейiн Райбайдың ұлы Икенiң қыстауын жөндеп, қалпына келтiрдi. Мен бұл жайды Икенiң келiнi Мәден Түсiпбаеваға айтқам жоқ.

Бұл материал Мәден апайдың көзi тiрiсiнде «Лениншiл жас» газетiнде жарияланды. Материалдың жарық көргенiн айту үшiн телефон арқылы хабарласқанымда:

– Рахмет, қарағым. Атымды шығарайын деп айтқам жоқ. Шындықты бiлгiң келген соң айттым. Кейiнгi нұсқасын тағы шолып ем, сенiң қысылып, айта алмаған жайыңды түсiндiм. Өмiр бiр қалпында тұра ма, қаралы күйдi басымнан кешкен мен де тұрмысқа шығып, бала сүйдiм. Ендi, жазушының қаламына жармасатын мен емес. Өнердiң өз заңы бар. Қорықпа, айтқанымнан қайтпаймын. Суретiмдi алып ең, оны шығаруға ұялдың ба? Сөйттiң ғой. О да дұрыс шығар. Балам бiледi. Жас адам емес, – дедi.

Шынын айтқанда ондай да күдiктiң бас көтергенi рас едi. Бiрақ соның барлығын: «Үйге кел. Балаларыммен таныс. Өзiң де бөтен емес екенсiң»,– деген бiр сөзi сейiлтiп сала бердi.

Неге екенiн бiлмеймiн, себеп көбейiп, мен ол үйге қайтып барғаным жоқ. Ол кiсi одан кейiн он жыл өмiр сүрiп, 1987 жылы 17 желтоқсанда көз жұмды. Тоқсан жыл өмiр сүрдi. «Қаралы сұлу» жазылғанда ол кiсi 32 жаста болатын. Мұхтар да өзiнiң әңгiмесiнде: «Қаракөз 32-ақ жаста» деп жазған. «Сөнiп жанудағы» Сыздықтың прототипi Халел де осы ауылдың жiгiтi. Екi әңгiмедегi оқиға да «Ырғайлы» болысында өтедi. «Қайыңдының тоғайы» қазiр де жайқалып тұр. Ике-Мұсатайдың жайлауы. Оразбайдың май құдығының солтүстiк батыс бүйiрiнде. Қазiр, қыстау. Жер бедерi мен адамдардың жас мөлшерiне дейiн есептеп, дәлме-дәл келтiруiне қарағанда Мәден апайдың Қаракөздiң прототипi екенiне көзiң анық жетедi.

Батыл да өжет мiнездi, мейiрiм-қайырымы мол сол бiр анамен қайтып жүздесе алмағаныма әлi өкiнемiн. Талай рет iздетiптi де, шақыртты да. Жүрексiне бердiм. Ендi кеш. Бәрi де өттi-кеттi. Қайырылып келмейдi.

Тек ер көңiлдi әженiң бейнесi көңiлде қалды.

(жалғасы бар)

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270