“Тәуелсiздiктi қорғау” халықтық-демократиялық қозғалысының Кедендiк одақ пен Бiртұтас экономикалық кеңiстiк туралы мәлiмдемесi
Ресей Федерациясы, Беларусь және Қазақстан Республикасының Кедендiк одағы мен болашақ Бiртұтас экономикалық кеңiстiгiнiң қабыл алуға болмайтын терiс жақтары мыналар:
1. Маманданған адамдардың тағдыры шешiлетiн, орасан зор саяси, экономикалық, әлеуметтiк маңызы бар, елiмiздiң егемендiгi мен тәуелсiздiгiн анықтайтын, сайып келгенде, бүкiл халықтың, қазақ ұлты мен оның мемлекеттiлiгiнiң келешегiн шешетiн мәселенiң жалпыхалықтық талқылауға (референдумға) салынбай, ат төбелiндей билiктегi топтың атүстi келiстiре салуы - өркениеттiлiк пен адами ұстанымдарды аяқасты ету деп бағалауға болады.
2. Кедендiк одақтың (РФ, БР, ҚР) Қазақстан экономикасына, Бiртұтас экономикалық кеңiстiк оның қаржы және саяси жүйесiне қаншалықты пайдалы және қаншалықты зиянды екенiне жан-жақты ғылыми, қоғамдық, тәуелсiз сараптама жүргiзiлiп, оның әлеуметтiк, экономикалық, қаржылық және саяси салдарына баға берiлiп, оң мен солы жарияланып, қатардағы азаматтар түгiлi ғалымдар мен мамандар пiкiрi есепке алынған жоқ.
Ресей Федерациясы, Беларусь және Қазақстан Республикасының Кедендiк одағы мен болашақ Бiртұтас экономикалық кеңiстiгiнiң қабыл алуға болмайтын терiс жақтары мыналар:
1. Маманданған адамдардың тағдыры шешiлетiн, орасан зор саяси, экономикалық, әлеуметтiк маңызы бар, елiмiздiң егемендiгi мен тәуелсiздiгiн анықтайтын, сайып келгенде, бүкiл халықтың, қазақ ұлты мен оның мемлекеттiлiгiнiң келешегiн шешетiн мәселенiң жалпыхалықтық талқылауға (референдумға) салынбай, ат төбелiндей билiктегi топтың атүстi келiстiре салуы - өркениеттiлiк пен адами ұстанымдарды аяқасты ету деп бағалауға болады.
2. Кедендiк одақтың (РФ, БР, ҚР) Қазақстан экономикасына, Бiртұтас экономикалық кеңiстiк оның қаржы және саяси жүйесiне қаншалықты пайдалы және қаншалықты зиянды екенiне жан-жақты ғылыми, қоғамдық, тәуелсiз сараптама жүргiзiлiп, оның әлеуметтiк, экономикалық, қаржылық және саяси салдарына баға берiлiп, оң мен солы жарияланып, қатардағы азаматтар түгiлi ғалымдар мен мамандар пiкiрi есепке алынған жоқ.
3. Кедендiк одақты (РФ, БР, ҚР) үш ай iшiнде қауырт құрып жария еткенде дүние жүзiнде әр кезеңде, әр деңгейде құрылып әрекет етiп жатқан халықаралық интеграциялық (экономикалық одақтың (60-тан астам) құрылу, қалыптастыру және даму тәжiрибесi есепке алынған жоқ. Мысалы, Еуропа Одағы құрылуы мен бүгiнгi деңгейге жетуiне 60 жыл қажет болды. Мәселен, 1951-57 жылдары алғашқы дайындық сатысында Еуропаның көмiр мен болат бiрлестiгi құрылып, көмiр мен болаттың жалпы рыногi iске асырылды.
1958-66 жылдары екiншi сатысында Еркiн сауда аймағы (ЕСА) құрылып, Еуропа қауымдастық iшiнде ЕСА-да кедендiк төлемдер жойылып, үшiншi елдермен бiрдей кедендiк тариф енгiзiп, бiрдей аграрлық саясат жүзеге асырылатын болды.
1968-86 жылдары үшiншi сатыда Кедендiк одақ құрылып, ҒЗЖ - ғылыми зерттеу жұмыстары, технологиялық даму мен қоршаған ортаны қорғау саласында бiрегей саясат енгiзiлдi. Сонымен қатар валюта-қаржы саласында интеграция басталып, ЭКЮ бiрегей есептiк бiрлiк енгiзiлдi.
1987-92 жылдары төртiншi сатысында Жалпы рынок құрылып, мүше елдер арасында капитал мен жұмыс күшiнiң еркiн қозғалысы, бөлiмшелер құру еркiндiгi, қызметтер саудасының еркiндiгi, басқаша айтсақ, 4 еркiндiк (тауар, қызмет, капитал, жұмыс күшi) жүзеге асып, энергетика, көлiк, әлеуметтiк және аймақтық дамуда бiрегей саясат енгiзiлдi.
1993 жылдан бесiншi сатысында Экономикалық Еуропалық одақ қалыптасып, экономика мен саясатта интеграция күшейiп, валюта мен ақша несие саясатының бiртұтас орталығы құрылып, 1999 жылдың қаңтарынан есептеуге қажет еуро, ал 2003 жылдан қолма-қол ақша еуро енгiзiлiп, Еуропалық валюталық одақ құрылды.
Бұл үрдiс Еуропа интеграциясында келесi сатыда Бiртұтас Еуропа конституциясын қабылдауға және саяси одақ құруға апаруы ықтимал. Бұдан жасалатын қорытынды: "асықпаған арбамен қоянға жетедi". Осындай байыпты интеграциялық саясатты ұстанып отырғандардың қатарына Еуропалық одақтан басқа НАФТА-ны (Солтүстiк Американың еркiн сауда аймағы, 1988ж.), АСЕАН-ды (Оңтүстiк Шығыс Азия елдерiнiң қауымдастығы, 1967ж.), ЛАИ-ды (латын америкалық интеграциялық қауымдастығы, 1960ж.) және т.б. жатқызуға болады.
4. Ғылыми тұрғыдан экономикалық интеграцияны анықтасақ, онда ол халықаралық еңбек бөлiсi негiзiнде екi немесе одан да көп ұлттық мемлекеттердiң бiрiгу үдерiсi және өзара тұрақты өндiрiстiк экономикалық байланыстардың қалыптасуы. Бұл тұрғыдан алғанда Ресей де, Қазақстан да өте ұқсас экономикалық құрылым қалыптасқан, негiзiнен, бiрдей шикiзат өндiрiсiне тәуелдi елдер (мұнай, газ, метал, бидай т.б.). Сөйтiп, экономикалық тиiмдiлiкке апаратын әртүрлi еңбек бөлiнiсiне сай ерекше мамандандырылып, айрықша өнiм өндiрiп, абсолюттi немесе салыстырмалы өндiрiстiк артықшылықтары алшақ, экономикалары өзара алмасу арқылы зор пайдалылыққа қол жеткiзетiн мемлекеттер (РФ, ҚР) емес, керiсiнше, олар көп ретте бәсекелестер. Әсiресе, шикiзат өндiрiлетiн салаларда ( уран, алтын, мұнай, газ, қара металл, түрлi түстi металл, ауыл шаруашылық өнiмдерi т.б.).
Ендеше, объективтiк экономикалық заңдылық тұрғысынан келгенде, Кедендiк одақ көлемiнде екi елдiң экономикасында бәсекелестiк бәсеңсидi, ресейлiк салалық монополизм орын алады.
Қысқа мерзiмде Ресей экономикасы пайдаға шығары сөзсiз, өйткенi оның шикiзат саласының бәсекеге қабiлеттiлiгi ҚР экономикасынан жоғары. Алайда ұзақ мерзiм кезiнде екi елдiң де бәсекенiң тежелуiнен экономикасы зардап шегiп, даму қарқыны төмендеп, тиiмдiлiгi азаяды.
5. Кеңестер Одағы ыдырап, тәуелсiз мемлекеттер достастығы құрылғалы 20-жылға жуық уақыт өткенде РФ мен ҚР экономикаларында құрылымдық жағынан алғанда пәлендей оң өзгерiстер болған жоқ. Керiсiнше, екi ел де экономикалық құрылымдық шегiнiс жасап, шикiзат тәуелдiлiгiн тереңдете түстi. Мәселен, Қазақстан Республикасында 1990 жылы жалпы iшкi өнiмнiң құрамында өнеркәсiптiң үлесi - 17%, мұнай-газ - 4%, ауылшаруашылығы - 38% болса, қазiргi деректерге сүйенсек, өнеркәсiп - 7%, ауыл шаруашылығы - 8%, ал мұнай-газ 63% болғанын мойындау керек. Әрине, Беларусь экономикасының тұтастығын сақтап қалды. Алайда олар да жаңа инновациялық технологияларды игерiп, оның негiзiнде жаңа индустриялық экономика құра алған жоқ. Ендеше, кедендiк одақ бұрынғы ескi Кеңестiк Одақтың тиiмсiз экономикасының шала жансар сұлбасы ғана болары хақ.
6. Қазақстанда жүргiзiлген жекешелендiру салдарынан шетел капиталына тәуелдiлiк қалыптасты. Мысалы, 2008 жылы тау-кен өнеркәсiбiнде 1871 кәсiпорын әрекет етсе, оның 146-сы - шетел кәсiпорындары, 1722 - жеке, тек қана 3 мемлекеттiк кәсiпорын, оның өзiнде 2 - шағын, 1 - орта, бiрде-бiр iрi кәсiпорын жоқ. Өңдеу өнеркәсiбiнде 20 233 кәсiпорын бар. Мемлекеттiк кәсiпорындардың ұзын саны - 290 немесе бар-жоғы 1%-дан сәл жоғары, оның тек 4-еуi ғана iрi кәсiпорын.
Қазақстандағы барлық кәсiпорындар iшiндегi мемлекеттiк меншiктегi кәсiпорындардың үлесi 11%-ға жуық, өнеркәсiптiк өндiрiс құрылымындағы мемлекет үлесi 1%-дан төмен, ал шетелдiк кәсiпорындардың өнеркәсiптiк өндiрiстегi үлесi 25%-ға жақындаған.
Егер шетел капиталының араласуымен құрылған құқықтық жағынан мемлекеттiк емес меншiктi назарға алсақ, онда шетел меншiгiнiң үлесi 43%-дан асып жығылады. Мұндай жағдайда Кедендiк одақтағы Қазақстан билiгi экономикаға пәрмендi әсер ете алмайтыны белгiлi. Мысалы, Еуропа қауымдастығындағы мемлекеттiк кәсiпорындардың жаңадан жасалған құнға үлесi - 12,5%, негiзгi қорларға салынған күрделi қаржының 20%-ға жуығы жатады.
Мемлекет дефолт жағдайында. Сыртқы қарызы - $111 млрд. Бұл елдiң жалпы iшкi өнiмiне тең. Дүниеге келген әрбiр Қазақстан азаматының шетелдiң алдындағы қарызы - $7,5 мың. Мұның бәрi "Қазақмыс", Еуразия тобы, "Митталстиль" сияқты олигархиялық топтардың 15 жыл бойы бюджетке төлем төлемеуiнен, экономиканың 20%-ын құрайтын мұнай саласынан $78 млрд-тың бюджетке түспеуiнен және ел экономикасын шетелдiк компаниялардың басқаруынан туындап отыр.
Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасының үкiметi РФ немесе Беларусь сияқты Кедендiк одақтың экономикалық мәселелерiн шешу барысында басымдылық таныта алмайды, өйткенi экономикадағы мемлекет үлесi мүлдем мардымсыз.
7. Кедендiк одақ (РФ, БР, ҚР) тең одақтастар бiрлестiгi емес. Одақ болғаннан кейiн тең құқылы, тең қабырғалы, бiрдей дауыс мөлшерi бар мүшелер бiрiгуi керек едi. КО-ның комиссиясын алсақ, мұнда Ресейдiң дауыс үлесi - 57%, ал БР мен ҚР 21,5 дауыстан бөлiскен, өзiнен он есе үлкен елмен тең қабырғалы одақ құрылмайтынын 70 жылдың тәжiрибесi көрсеттi. Бұл жерде түсiнiксiз мәселе Беларусьта 2010 жылы 9,5 млн. адам мекен етсе, Қазақстанда 16,5 млн. тұрғын бар. ҚР тұрғын саны БР-нан 1,8 есе артық, жалпы iшкi өнiм көлемi 2 еседен астам көп болса да, дауыс мөлшерi бiрдей. Жарайды, бұл аса маңызды емес делiк, ал Ресейдiң КО комиссиясында 57% дауыспен екi елдiң қосылып қарсы шықса да (57%, ? 43%) басымдылық танытып, өз мүддесiн жүзеге асыратыны айдан анық. Бұндай бiрлестiктi кiм одақ деп айта алады? Логикалық тұрғыдан келгенде, мұндай дауыс арасалмағы БР мен ҚР-дiң Ресей Федерациясына бодандыққа кiргенiн айқын көрсетiп тұр. Айналысқа түсетiн тауарлар мен қызметтердiң жалпы тарифтерiнiң 90%-ы Ресей тарифтерiнiң деңгейiне келтiрiлуге тиiстi.
Сәуiр айында ("Казахстанская правда", 2 сәуiр, 2010 ж.) Қазақстан тауарлар тарифтерiнiң 47,7% Ресей тарифтерi деңгейiне келтiрiлдi. Сырттан келетiн тауарларға бiздiң кедендiк салықтар мен төлемдер Ресей Федерациясында орташа есеппен алғанда тауар құнының 10% - 16% құраса, бiзде - 5% - 6% деңгейiнде. Егер бүкiл импорттық тарифтердi Ресей деңгейiне көтерсек, бұл РФ мен БР басқа шетелден келетiн импорт тауарларының бағасы кем дегенде 5% -10%-ға көтерiлетiнiн көрсетiп тұр.
Әрине, бұл қысқа мерзiмде үкiметтiң малақайын аспанға атып қуанған 61 млрд. теңге түсiмiн беруi мүмкiн. Алайда ұзақ мерзiмде көптеген озық елдердiң сапалы өнiмi импортқа келуден қалып, Қазақстан тұтынушылары РФ мен БР ескiрген технологияларының сапасыз өнiмiне телмiрiп қалары сөзсiз. Ендеше, Кедендiк одақтың қарапайым тұтынушыға берерi - қымбатшылық пен сапасыздық.
8. Қазақстан Республикасында ашық экономика құрылды. Оған дәлел жалпы iшкi өнiммен сыртқы экономикалық айналым көлемiнiң арасалмағы бiрдей, ал кей жылдары сыртқы экономикалық айналым көлемi ЖIӨ - 18,3 млрд. долларды құраса, сыртқы экономикалық айналым көлемi 19,31 млрд. (экспорт - 10,34 млрд., импорт 8,97 млрд. доллар) болды. Ал 2008 жылы сыртқы экономикалық айналым көлемi 124,9 млрд. (экспорт - 76,35млрд., импорт - 48,55 млрд. доллар) ЖIӨ көлемiне пара-пар. Бұл бiздiң экономикамыз үшiн Кедендiк саясаттың, сыртқы саудалық, монетарлық және тарифтiк реттеушi тетiктердiң қаншалықты маңызды екенiн көрсетедi. Экономиканы реттеудегi осы аспаптар мен тұтқаларды РФ-ға өз еркiмiзбен беруiмiз экономикалық қауiпсiздiк пен тәуелсiздiкке нұқсан келтiрерi сөзсiз.
Экспортқа шығаратын Қазақстан өндiрiсiнiң 300-ге тарта тауары болса, олардың 200 атауының жалпы түсiмi 10 млн. долларға да жетпейдi. Тек 10 түрлi тауар миллиард доллардан астам түсiм берсе, тек жалғыз экспорттағы 45,51 млрд. доллар түсiм түсiретiн тауар мұнай болып табылады. Сөйтiп, бүкiл экспорттың 61 пайызын мұнай мен газ құрайды. Сондықтан Кедендiк одаққа кiргенде Ресей Федерациясына тәуелдiлiк арта түсерi және бәсекеге қабiлеттiлiгi кеми түсуi әбден анық.
9. Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының өндiрiстiк мүмкiндiктерi өңдеу өнеркәсiбiнде Қазақстанмен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Әсiресе, шағын және орта бизнеске келсек, Қазақстандық шағын кәсiпорындардың бәсекеге қабiлеттiлiгi төмен. Сондықтан Кедендiк одақ онсыз да тұралап көтерiле алмай жатқан қазақстандық шағын, орта бизнеске қосымша соққы болып тиерi сөзсiз.
10. РФ-ның ауыл шаруашылығы, әсiресе егiн шаруашылығы Қазақстан экономикасына бәсекелес екенi даусыз. Сондықтан кедендiк, тарифтiк тетiктердi Ресей өз қолында ұстап, пайдалана отырып Қазақстанның бәсекелес ауыл шаруашылығына ойсырата соққы берерi хақ. Мәселен, ет өнiмдерiне келсек. Малды мiндеттi түрде мал соятын арнаулы орындарда дәстүрлеп сойылған мал етiне тосқауыл қою арқылы, елдегi ет өнiмiнiң бағасы 10 пайызға өскенiн тiлге тиек етсек те болады.
11. Бұл одақтағы ортақ тiл орыс тiлi болғандықтан Қазақстанда мемлекеттiк тiлдi пайдалану аясы күрт төмендеп, түбiнде қолданудан шығып қалу қаупiн тудырады. Сонымен қатар ол - бiлiм жүйесiндегi мемлекеттiк тiлдi оқудың, мемлекеттiк мекемелерде, ақпараттық кеңiстiкте пайдалану қажеттiлiгiн жойып, жалпы республикадағы мемлекеттiк институттарды әлсiретiп, осы кеңiстiкте тек орыс тiлiн дамытуға бағытталған жол.
12. Стратегиялық тұрғыдан Кеден одағына кiру арқылы әлемдiк нарықтағы үлесi небәрi 2,58 пайыз, дамымаған Ресей экономикасына басымдық берiп, дамыған елдердiң экономикаларына керiсiнше сыртын беруi - ел экономикасын экстенсивтi, аграрлық және шикiзаттың бұғауында қалдыратын жол. Қоғамды дамытатын мемлекет алдымен 154 ел мүше болып отырған Әлемдiк сауда ұйымына кiрудi ойлауы керек.
Жалпы, осы кедендiк одақ - ол әлемдегi басқа одақтардай (Еуроодақ, НАФТА т.б.) оның мүшелерi тең құқылы экономикалық ұйым емес, Ресейдiң 1991 жылы ыдыраған Кеңестiк империяны қалпына келтiру саясаты. Сондықтан осындай одаққа кiру - ол тәуелсiздiктен айырылудың төте жолы. Себебi, бұл одақ саяси, экономикалық, әлеуметтiк, тiл т.б. барлық салаларда тек қана Ресей мен орыс тiлiнiң мүдделерiн қорғап, оған мүше басқа елдердiң мүдделерiн аяқасты етiп, түбiнде тәуелсiздiктен айыратын отарлау саясатының бiр түрi.
Сонымен, қорыта келсек, Кедендiк одақ (РФ, БР, ҚР) жан-жақты ойластырылып, көпшiлiктiң, тәуелсiз ғылыми сарапшылардың бағасын алған ұйым емес. Оның оң әсерiнен гөрi саяси, экономикалық, қаржылық, менеджменттiк зардаптары асып түседi.