Жұма, 27 Желтоқсан 2024
12650 9 пікір 25 Мамыр, 2017 сағат 10:41

Тіл өлмейді. Алайда, тілді қолдамаса, дамымайды

Орталық Азияда ең ашық, ең инновацияшыл, ең реформашыл ұлт біз, қазақтармыз. Жаңалықтарға бейімделе алу қабілеті жағынан да көршілерден көш ілгеріміз. Тіпті реформаның өзін реформа үшін жасаймыз. Ал шын мәнінде кез келген реформаның  басты мақсаты - халықтың әл- ауқатын көтеру, өмір ұзақтығы, денсаулығы мен рухани саулығын сақтау.  Әркім адамды бірінші орынға қоятын және оны ең жоғары құндылық деп қарастыратын мемлекетте өмір сүргісі келеді. Осы тұрғыдан қарасақ, Қазақстан халқының жетпіс пайызына жуықтап қалған байырғы халық-қазақтардың психологиялық көңіл -күйі қандай? Олар өз мемлекетінде өздерін бақуатты сезіне ме? Елін тастап басқа жаққа безіп кеткісі келетін ойдан аулақ па?  Ұлттың табиғи патриотизмі қай дәрежеде? Ата- бабамыз нақыл сөздерінде айтатындай, ер- азамат таңдау сәтінде қайда барады: туған жеріне ме әлде итке ұқсап «тойған жеріне» ме?  «Кісі елінде сұлтан болғанша, Өз еліңде ұлтан бол», «Өз елім, өлең төсегім»,  «Ел-елдің бәрі жақсы, Өз елің бәрінен жақсы». Осылардың қайсы біздің санамызда басым?

Бүгінгі жаһандану дәуірінде қаншама тілдер мен мәдениеттер, халықтар жер бетінен жойылып кетті және жойылу үстінде.  Қазіргі уақытта әлемде геосаяси және экономикалық текетірестермен қатар  мәдениет пен тілдер арасында да майдан жүріп жатыр. Елбасының  қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз деуі көкейге біраз үміт отын жақты. Өйткені, ғылыми өмірде қазақ тілінің рөлі күрт төмендеп кетуіне куә болудамыз. Қазақтілді жоғары білікті мамандарды дайындауға мүмкіндік берген жүйені батыстық модельге көшіргелі бері қазақша ғылыми жұмыстарды қорғау  азайды. Ғылыми мақаланы жазудың өзі нағыз қазақтарға мұң болды. Ізденушілер қаншама ақшасын шетелдік журналдарға аударуға мәжбүр. Қазақстанның PhD докторларды дайындау үлгісіне көшуден бір керемет боп кетсек әңгіме басқа. Қайта бұрыңғы жүйе (кандидат/доктор) қазақтілді қазақтарды ғылымға кеңінен тартуға үлкен мүмкіндік берген екен. Ал қазіргі батыстық жүйе нағыз қазақтардың (этнофорларды) даму болашағын ұрлап үміттерін үзуге әкелгендей.  Ауылдан шыққан қазақ жастарына  әділеттілік пен болашақ іздеп діни ағымдардың жолына түсуден басқа жол қалдырдық па? Ғылым жолын таңдаудан көрі басқа салаға кетіп жатқан милы түлектерді көргенде ішің ашиды. Жастар үшін ғалым болу емес, ойын-сауық көрсететін орындарда той-томалақ жасау кәсібін артық көретін жағдайды  кім жасап отыр? Жалпы бізде ғылым саясатын кім анықтайды?  Оны бұл салада жүргендердің өздері де білмейді. Қазір университеттерде рейтинг жүйесі, индикативтік көрсеткіш деген нәрсені ойлап таптық. Оны қазақ ұлтының мүддесі тұрғысынан негіздеген  ешкім жоқ. Біздегі бұл бағалау әдісінің авторы кім екендігін де білмейміз. Рейтинг көрсеткіші үшін адамдар небір құйтырқы әдістерге баруға мәжбүр. Формалды көрсеткіштерді кез келген жолмен орындауға міндеттісің. Сапа емес санды қуып кеттік. Ашығын айтсам, ғылым саласында ақшасыз шетелдік журналдарда мақала шығардық деген бірде бір жанды өз басым кездестірмедім. Шетелдік журналдар иелерін байытып жатырмыз. Олардың бетінде мақалалар жариялау талабы белгілі бір топтың, құрылымның ақша жасау  амалы сияқты. Әзірге түсінгенім: ғылымды шынайы дамытуды, автохтон қазақтарды ойлап отырған ешкім жоқ. Тіпті біздегі ғылыми саясаттың методологиясы қате екендігін ешкім түсінгісі келмейді. Әсіресе, нағыз таза қазақтар үшін. Бүгінде тренд болып отырған шамадан тыс ғылымды коммерциялаудың салдары қандай екенін болжаған кім бар? Іргелі ізденістерге қаржының қанша және қалай бөлініп жатқаны белгілі. Білім, ғылым және өндірістің кірігуін дұрыс идея деп санаймыз. Тек мұнда да қолданбалы ғылымға басымдық  беріп орыстар айтатындай, арба мен аттың орнын алмастырып алмасақ болғаны. Өйткені біздер бір шектен екінші шекке шыққанды жақсы көреміз. Басқалай десе жоғарыдағылар  адамды сендірерлік уәж, дәлелмен негіздеп берсін.

Ал енді «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыру жағдайына келейік. Дәрежесі мен ықпалы әр түрлі үш мемлекеттік тілді біріктіріп біртұтас жүйе жасау экспериментін біз қолға алдық. Оның екеуі әлемдік тілдерге, ал сөйлеушілер саны 15 миллионға жеткен қазақ тілінің мемлекеттік және аймақтық тіл мәртебесі бар (ҚР, РФ құрамындағы Алтай республикасы). Тұлғаның санасында үш тіл бірдей орын ала ма әлде біреуі басым бола ма? Зерттеушілер көптілділіктің (полилингвизмнің) табиғи және жасанды түрлерін бөліп көрсетеді. Табиғи түрі тілдік ортада өтсе, жасанды көптілділік оқу аудиторияларында өтеді. Қазақстан жағдайында шартты түрде табиғи билингвизм және жасанды трилингвизм орын алып отыр деп саналады. Өйткені, ағылшын тілі қазақстандықтар үшін шет тілі болып саналады, оны арнайы үйренеді. Мұнда да түйткілді мәселелер шаш етектен.

Қазақстан университеттерінде магистратура мен докторантураға қабылданудың бір шарты ретінде TOEFL, IELTS сертификаттарын талап етеді. Олар уақыт жағынан шектелген және тест тапсыру құны бюджеттегілер мен кедей үміткерлерге қол жетімді емес. Ақшаң жоқ болса еш мүмкіндік жоқ.  Ағылшын тілін меңгеру дәрежесін тексеретін тест  орталықтары оны бизнес көзіне айналдырып отыр. Ақша жасау үшін жасанды құлату тәсілдерін олар күшті меңгерген. Әдетте тест үш сағат төңірегінде болуы керек. Бірақ, іс жүзінде 1,5- 2 сағат беріледі. Үміткерлер толтыратын TOEFL ITP қағаз бланкісі ұсақ шрифтпен жазылғандықтан көру қабілеті нашар адамдарға өте қиын. Батыс елдері (Британия кеңесі, Білімді тестілеу қызметі (ETS) орталығы) тест тапсыруда адамның физикалық және психикалық ерекшелігін ескеретін эргономикалық талаптар қоймағанына қайран қалып отырмын. Өйткені, ғылым ретінде эргономика (HF- адам факторы) Ұлыбритания мен АҚШ -та жақсы дамыған.

Біздің елімізде ағылшын тілін білу деңгейін тексеретін тест қызық нәтижелер көрсетуде. Ағылшын тілін жоғары деңгейде білетін тәжірибелі мұғалімдердің өздері  қажетті ұпай ала алмай қалуда. Жалпы егде жастағы педагогтарды  ағылшын тілінен тест тапсыруға мәжбүрлеу қаншалықты адамгершіліке сай келеді? Уақыттың тапшылығынан жорамалдап түрту әдісіне жүгінетін студенттер мен магистранттарды психологиялық күйлерін айтпағанның өзінде. Әрине, ағылшын тілін білу заман талабы. Бірақ мұнда да ұлттық мүдде тарапынан шығуға тиіспіз.

«Үш тұғырылы» тіл саясаты әл- Фараби атындағы ҚазҰУ-де қарқынды жүргізілуде.  Университетте оқыту процесін үш тілде жүргізу тәжірибесі орын алуда. Көптеген мамандықтар бойынша политілдік топтар құрылды. Гуманитарлық факультеттердің магистратура сатысындағы  көптілді топтарға психология пәнінен сабақ беруге тура келді. Біз сонда оқытудың нақты жағдаятын талдағанда нені байқадық? Аралас топ болғандықтан, ең алдымен пәнді қай тілде беру проблемасы алдыға шықты? Магистрантар да өздеріне қолайлы тілде сабақ айтқанды тәуір көреді. Тиімді оқыту үшін мемлекеттік тіл деген дәрежесі бар қазақ тілін құрбандыққа шалуға тура келді. Себебі, әлеуметтік лингвистаклық тұрғыда қазақтардың көбі билингвал болып келеді. Ал орыс тобының шәкірттерінің мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесі төмен. Сөйтіп, тілдік құзыреттіліктегі теңгерімсіздік (дисбаланс) салдарынан қазақ тілі ығыстырылып қалды. Екіншіден, жеке тұлғаға бағытталған оқыту технологиясынан мүлде бас тартуға тура келеді. Өйткені, адамдарда әр түрлі тілдік қабілет бар және тіпті бірнеше  тілді меңгеруге оңтайлы жағдай жасады дегеннің өзінде де олар әрқашан жоғары деңгейде тілдерді бірдей жақсы меңгеруге қабілетті емес. Үшіншіден, аралас тілде оқытудың бір салдарын лингвистер «семилингвизм» деп атап жүр.  Семилингвизм (жартылай тілділік сауаттылық) екі тілде күрделі құрылымдарды айту тұрғысынан қиындықтарға тап болған кезде туындайды. Сондықтан адамның бір тілді де дұрыстап білмейтін семилингв тұлғаға айналып кету қаупі барын ескеруіміз керек.

Плюрилингвизмнің Еуропалық хартиясына (2005) сай әлемдік тілдердің монополиясына жол беруге болмайды.   Хартияға сәйкес, әрбір мемлекеттік тілдер ғылым тілі ретінде қолдауға ие және көтермеленуі тиіс. Мәселен, қазақ тілі мемлекеттің  ғылыми қызметіне шектеусіз қолданылуы тиіс. Өкінішке орай, бүгінде қазақ тілі өзінің кумлятивтік (білімдерді жинақтаушы қызметін) функциясын атқар алмай отыр. Себебі, әлемге ағылшын тілін білетін жұмыс күші керек. Хартияда жазылғандай, жұмыс орнында шетел тілін жұмыс тілі ретінде күштеп таңу қызметкерлерді тілдік құзыреттілігі бойынша кемсітуге әкеледі. Белгілі француз лингвисті Клод Ажеж өз мақалаларында ғылыми ортада бір тілдің гегемониясы болудың теріс салдарын жақсы ашып көрсеткен. Мәселен, ағылшын тілі тек бір өзі ғана жалғыз ғылым тіл боп қалуы керек пе?  Біздің білім менеджерлерінен сөздерінен ұққаным тек солай болуы тиіс. Ал қазақ тілінің дамуы маңызды емес.

Саясаттанушылардың пікірінше, тілдің құдыреті мемлекеттің саяси ықпалына тікелей байланысты. АҚШ-тың экономикалық, әскери қуаты мықты болғандықтан ағылшын тілі де әлемге кең тарап отыр. Тілдер арасындағы бәсекелестікте ағылшын тілі жеңіп шықты. Сонда қалған тілдердің жағдайы не болатыны үлкен мәселе болып отыр. Ол әр мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына тәуелді. Адамның ойлауы мен эмоциясына,  шығармашылық қабілетіне ана тілі үлкен серпін беретіні анықталды.

Қазіргі жаһандану заманында кез келген тілді арнайы дамытпаса, ол өз бетімен ешқашан дамымайды. Тіл өлмеуі мүмкін, бірақ дамымайды. Ұлы жерлесіміз Әл -Фараби мұрасын қарап отырсақ, оның араб тілін ғылыми тілге айналуға қалай үлкен үлес қосқанын көреміз. Ғалымның арабтілді философиялық терминология жасау тәжірибесінен бізге үлгі алуға болады. Ғылымдарды топтастыруда да («Китаб ихса аль- улум») әл- Фараби бірінші орынға тіл ғылымын бекер қойған жоқ .  Өйткені тіл - ғылыми ойдың өмір сүру формасы. Қазақстандық ғалымдар  ұлы жерлесіміздің аударма мен түсіндірме беру дәстүрін жоғалтпауы тиіс. Ана тілімізде ғылыми ойдың толыққанды дамуының шарты елімізде ғылыми мәтінді аудару практикасын дұрыс қолға алу. Әр саланың мамандары филологтармен бірлесе отыра қазақ тілінде сапалы рухани өнім  жасауымыз керек.

Ал енді патриотизм мәселесіне келейік. Патриотизм  (грекше “патриотик” –жерлестер, отандастар) - адамның өз Отаны мен халқына деген терең сүйiспеншiлiк сезiмi. Ол барша күш-жiгерiн Отан мүддесiне арнаудан, өз халқының тiлi мен мәдениетiн, дәстүрiн белсендi дамытудан көрiнедi. Сондай-ақ, ұлтқа қауiп-қатер төнген жағдайда оның бостандығы мен тәуелсiздiгiн сақтап қалу қабiлетiлiгiнен байқалады. Патриотизмнiң құрамына ата-бабаларының iс-әрекеттерi мен ойларына, рухани байлығына мақтаныш сезiмiнiң болуы, туған өлке, оның табиғатына деген сүйiспеншiлiк сезiмi, өз ұлтының өкiлдерi жасаған мәдениетке, фольклорға, музыка мен поэзия, бейнелеу өнерi мен әдебиетiне құрметпен қарау және Әнұран, Ел таңба, Ту сияқты  мемлекеттiк рәмiздердi қастерлеу сияқты бөлiктер енедi. Тарих көрсеткендей, тек отансүйгiштiк сезiмi күштi халық қана мәңгiлiк өмiр сүруге лайық екен. Сондықтан да ойшылдар ұлттың мәңгi болу идеясын Отан, туған жер идеясы төңiрегiнен iздеуде. Отанға қатысты сезiмдер үлкен құндылыққа айналып отыр. Дұрыс дамыған мемлекет пен қоғамда патриотизмнiң үлгiсiн билiк басындағылар көрсетедi. Өйткенi қара халықтың отансүйгiштiгiнен көрi саяси элитаның отансүйгiштiгi, жанды үлгiсi шешушi рөл атқарады. «Сынықтан басқаның бәрi жұғады» дегендей, төмендегiлерге жоғарғыдағылардың өнегесi тез жұғады. ХХ ғасырдың ұлы ойшылы Э.Фромм жазғандай, рухани құндылықтарды уағыздау өмiрде, практикада оған тiкелей қайшы құндылықтар орын алып  жатқанда онша үлкен нәтиже бермейдi. Аса үлкен көлемде пара алған адамдар қылмыстық жауапкершіліктен құтылып жатқанын көріп отырған жастардың санасын «Ақша бәрін шешеді, бәрiн сатуға және сатып алуға болады» деген түсiнiк  жайлайды. Жоғары құндылықтардың бағасын түсiретiн iрiтушi ықпалға қалай қарсы тұруға болады? Бүгiнгi қоғамдық көңiл-күйде, әсiресе, отансүйгiштiктiң, адал еңбектің құны биiк болмай отыр. Күні кеше ғана «Қорғас» ШЫХО арнайы аймағының бұрыңғы басшысы В.Нидің  әдейі қыр көрсеткендей жауапкершіліктен босатылуы жергілікті халық арасында түрлі әңгіме туғызды.

Отансүйгүштiктi қалыптастыруда қазақтың тарихы, фольклоры, әдебиетi үлкен рөл алады. Бiр сөзбен айтсақ, ұлттың руханияты. Этностың өмiрiнде анықтаушы, iлгерi сүйреушi басым рөлдi  рухани бастау алады. Егер этнос өзiнiң рухани негiзiн жоғалтса тәни  тiршiлiк етуiн де жоғалтады. Ұстап тұратын мазмұн, сарасана сияқты өзек болмаса түр жойылды дей берiңiз. Этностың бар болуы руханиятттың арқасында. Бұл жерде рухани сәйкестiлiк мәселесi туындайды. Қазақтың тарих сүзгісінен өткен рухани құндылықтарын жүйелеп оны жастарға ұсынатын кімдер? Дәстүрлі институттар дағдарысқа ұшырап отырған жағдайда ұлттық дүниетанымды кімдер қалыптастырады?

Қазақстанның өз тәуелсіздігін алуы еліміздегі этнодемографиялық жағдайдың жаппай өзгеруіне алып келді. Қазақтар елдегі халықтың басым бөлігін құрап отыр. Демек, қазақ тілінің Қазақстанда елдегі адам капиталын дамытуға толық мүмкіндігі бар. Бірақ іс жүзінде олай болмай отыр. Ғаламтор билеген заманға аяқ басқан уақытта қазақ баласы қаншалықты өз төл тілінде қажетті ақпарат ала алады? Ұлттың зияткерлік күштері осы қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында орасан зор жұмыстар жасауы тиісз. Бұл әрбірден соң ұлт перзенті ретіндегі біздің  парызымыз.

Ата-бабамыздың арманы болған Ұлы Дала халқын «Мәңгілік Ел» етіп, тарихта қалдыру   үшін ұлттық ұстанымдар мен құндылықтарды, бағыт-бағдарларды, мағыналық қорларымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, жоғалтпай, келер ұрпаққа аманат ете білуіміз қажет.

Соңы.

(Мақаланың басы мына сілтемелерде: http://abai.kz/post/53257; http://abai.kz/post/53355)

Жарас Сейітнұр, Әл Фараби атындағы ҚазҰУ дің жалпы және қолданбалы психология кафедрасының доценті, психология ғылымдарының кандидаты 

Abai.kz

 

9 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2062