Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3102 0 пікір 2 Қараша, 2010 сағат 04:44

Бейбіт Сапаралы. Ұлтын сүю, Отан үшін от кешу – ардың ісі

- Көзқарасы кіріс (табыс) кө­зіне қарай тәуелді болған заманда сіздің кіріс көзіңіз қай жақтан екен? Яғни қай жақтан келетін қаржы көзіне тәуелдісіз?

- Көзқарасы кіріс (табыс) кө­зіне қарай тәуелді болған заманда сіздің кіріс көзіңіз қай жақтан екен? Яғни қай жақтан келетін қаржы көзіне тәуелдісіз?

- Әуелі айтарым, ризық-несібе Жаратушы Жаббар Иемізден болады. Ризық-ғайып, қонақ-ғайып, ажал-ғайып деген шариғат мәселесін де осы тұста көкейге берік тұтқан абзал. Алайда ғайыптан мол олжа келеді екен деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Қолымыздан келіп, барша қулық-сұмдығын біліп тұрсақ та, Халық дәулеті болып саналатын бюджеттік тендерлерге кәсіпкерлік негіз артқан әуестігіміз де болған емес. Мемлекеттік қызмет, жеке кәсіпкерлік, қайыр тілеу сияқты үш түрлі кіріс көзі барлығын ескерсек, соның ислами құндылық бойынша ең дұрысы болып саналатын жеке кәсіпкерлікті таңдап алғанымызға да (мемлекеттік жауапты қызметтер атқарғаннан кейін) он бес жылдың жүзі болып қалыпты. Аллаға сансыз шүкірлер болсын, ғылыми, мәдени, баспагерлік ісінен бастап, құрылыс, кәсіби халықаралық көрме, консалтингтік қызмет, ондаған түрлі сусабын шығаратын өндіріс орнына дейін қамтитын жиырма шақты жекелей фирмалардан бас құраған «Қағанат» консорциумы табысымыздың басты қайнар көзі болып саналады. Оның үстіне соңғы жылдарда кәсіпкерлік аясы айрықша кеңейіп, Түркия, Ресей, Иран, АҚШ, Англия, Қытай, Гонконг, Мысыр, Сирия, Ауғанстан, т.б. елдердің жетекші бизнес өкілдерімен барыс-келіс арқылы ресми құжаттарға қол қойылып, негізінен алғанда мұнай және газ, жаңа технология, медицина, халық тұтынатын тауарлары бойынша соны жобалар жүзеге асырылуда. Соңғы уақытта Алмания, Швейцария, Англиядан өте үлкен ауқымда қаржы көзін тиімді жолдармен Қазақстанға тарту мәселесін үкімет басшыларымен талқылаудамыз. Инша Аллаһ, бірер айда игі нәтижелерге де қол жеткізіп қалармыз.

-«Жаңа әлемдік басқару тәртібіне» көзқарасыңыз қалай және масондық ұйымдарға мүшесіз бе немесе мүше болғыңыз келе ме?

- Ұлттық өзгешелігі және діни сеніміне қарамай, әр мемлекетте оқшауланып шыққан серкелерді 33 сатыдан тұратын құпия шайтани орденіне тарта беретін дүниежүзілік масондық ұйымдардың ешқайсысына да мүше емеспін, билік пен байлықтың нелер қилы «жауһарларымен» қызықтырса да, ол кәпірлердің маңайына жуықтамақ ниетім жоқ. Аллаһ олардан сақтасын, біздерді тура жолынан адастырмасын. Ал «жаңа жаһандық тәртіп» мәселесіне келетін болсақ, 7 миллиард адамзаттың тағдырын жасырын талқыға салып, «алтын бір миллиард адам баласы ғана жер бетінде шалқып өмір сүруге тиісті» деп білетін жаһандағы ең бай 300 әулеттен құрылған оспадарсыз комитет шешіміне қалай қарауға болады? Алапат соғыстар, жойқын табиғи апаттар, діни және ұлтаралық дүрдараздықтар, тез тарағыш аса қатерлі дерттер, уланған тағамдар, 7 миллиардты күн сайын тұрғызып-өргізіп отыратын микрочиптер, өзіндік еркі жоқ, бір көзді Тажалдың әскері ел басқарушылар, өсімқорлыққа негізделген жаһандық жымысқы қаржы жүйесін жасаушылар, адамзатты отырса опақ, тұрса сопақ ететін жаңа технологиялар,.. сол «жаңа тәртіптің» негізгі мақсатына айналса, ондай басқарудан не үміт, не қайыр?!

Дербестік сөз жүзінде ғана бар алдамшы ұғым. Жер шары халықтары тәуелсіздіктерін басыбайлы ат төбеліндей азғантай шайтани топ қолына ұстатып қойғалы қашан. Олардың Ордасын көп алысқа ұзамай-ақ солардың өздері ойлап тапқан ғаламтор арқылы тез тауып білуге болады. Ватикан-сити, Лондон-сити, Колумбия-сити, міне, жаһанда ешбір заң мен тәртіпке бағынбайтын, рухани-қаржы-әскери сала бойынша өзара міндеттерін бөлісіп алған бірер мың ғана тұрғыны бар осы алақандай үш қаланы зерттеп-білсеңіз болғаны, іздеуші сайттардан «Новый мировой порядок» деген анықтауышты бассаңыз болғаны керекті ақпарат тасқыны төгіле жөнеледі. Аталмыш жаһандық ұйымды әшкерелеуші әр тілдегі бейнефильмдер, зерттеу мақалалар әсіресе соңғы он жылдың жүзі бойынша өте үлкен қарқын алып жарыққа шығуда. Масондық ұйымның иллюминаттық бұтақтары, экуминизм сынды алдарқатушы қоғамдық қозғалыстары, әлемнің жүздеген ең үлкен қалалары төрінен орын алған символикалық сәулеттік ғимараттары, адамзат тарихында елеулі орын алған масон тұлғалары, масондық идеология құрбандары, болашақтағы командорлардың жоспарлары, Олимпиада сияқты қысқы және жазғы ойындарды қызықтаған болып басшы масондардың оңашада бас қосулары, осы сияқты сан тарау тақырыптар тарқатыла береді, тарамдала береді. Православиялық, протестанттық, иаһудилік, бір сөзбен қорытқанда әлемдегі исламнан өзге жетекші дін өкілдері сан алуан формасын тауып жария және жасырын түрде аталған мәселе бойынша айыптау үндерін қатуда. Соңғы алты жыл аясында Түркияда түсіріліп, ондаған шет тілдерге аударылып, астарлы айтарымен, шиеленіскен оқиғасымен, құпия ұйымдардың жымысқы қызметін әшкерелеуімен миллиардтарға мағлұм болған төрт жүз сериялық «Қасқырлар мекені» көркем фильмі масон ұғымының ұлттар мен діндерге қарамайтын барша шайтани болмысын жарқырата ашып берді деп білеміз. Ротшильдтар мен Рокфеллерлердің жүздеген жылдар бойына не істеп келе жатқанын нақты дәлелдермен сипаттап берген ағылшын, орыс, испан барлау қызметтерінің бұрынғы жандаралдары жазған көлемді зерттеу еңбектері де осы қатардан. Сотталған күйеубала Рахат Әлиевтің атынан жазылған «Крестный тесть» кітабының алғашқы жалған деген нұсқасында Қазақстандағы масондық қозғалысы және оның белсенді мүшелері жайында қызықты деректер келтірілген. Алайда Қазақ жамағаты мұндай мағлұматтардан денінде мақрұм жатыр. Тіпті ең аз дегенде ондаған миллион долларлап еуропа, мұхит асырып жырақтап кеткен әккі қандастарымыздың өзі қандай шайтани торға түсіп қалғандарын білмей дағдаруда. Адал мен арам деген не, бюджет қаржысын қымқыру, тендер арқылы талапайға түсіру неге әкеліп соқтырады, сол секілді садақа, зекет, қайырымдылық туралы олардан сұрап жатудың өзі артықшылық.

Халықаралық ұйым мәселесі сөз болғанда бізді масондардан гөрі келесі жылы Қазақстан төрағалық ететін ОИК, қазақша айтқанда Ислам Конференциясы Ұйымының жұмысы қатты қызықтырады. Өйткені Біріккен Ұлттар Ұйымымен текетіресіп тұрған бұл ұйым алпысқа жуық мүше мемлекеттері арқылы жаһандық көкейтесті көптеген мәселелердің оңтайлы шешім табуына тікелей ықпал ететін мүмкіншіліктері бар. Осыдан бірер ай бұрын Ханбалық, яғни Бейжиндегі мың жыл бұрында салынған тарихи мешітте жұма намазын оқығаннан кейін сол елге арнайы іссапармен келген ИКҰ бас хатшысы, Жиддада тұратын түрік қандасымыз Экмалиддин Ихсаноглымен кездейсоқ кездесіп, сұхбаттасуымызды, қысқаша болса да пікір алмасуымызды тағдырдың өзі маңдайымызға жазып қойған сыйы деп қуана қабыл алдық.

- Қазақстандағы барлық зиялылар неге мемлекеттілік идея төңірегінде бірікпейді, пікір бірлігі неге жоқ?

- Ең әуелі анықтап алатын мәселе зиялылық жайында. Жоғары білімі бар, аздап оқыған-тоқығаны барлардың барлығын зиялы десек онда алысқа ұзамаймыз. Осы аса күрделі құбылысты ондаған жылдап ұмыт қалдырсақ, алтау ала, төртеу түгел болмай тұрған қазіргі заманда қандай игі нәтиже күтуге болады. Шариғат шарттарында да фатуа өзгешелігі бар, олай болса пікір алуандығы ғана біртұтастыққа негіз қалайды емес пе?! Біздіңше, діни сенімі күшті, ұлттық сана-сезімі биік зиялы қауым ғана мемлекеттің берік іргетасын қалайды. Ал мемлекеттік идеология бағдарламасы мемлекеттік хатшы деңгейіндегі мықты идеологтың күн сайынғы уайым-қайғысына айналмаса, жеке-дара жүріп жасаған еңбектің барлығы еш болмақтығы айдай ақиқат. Алысқа ұзамай-ақ бір миллиард үш жүз елу миллион халықты бір мақсатқа тастүйін жұмылдыруға қол жеткізіп отырған, сонымен қатар байырғы Кұнфудзи ілімін, батыстық демократия мен шығыстық әлеуметтік теңгермешілікті, нарық экономикасын жымын білдірмей, қатар алып келе жатқан көрші Қытайдың тәжірибесінің өзі-ақ көп нәрсені біздерге ұғындырмай ма?! БАҚ құралдарының бас-аяғы жинақы қызметіне қарап та кез-келген мемлекеттің идеологиялық жай-жапсары туралы пікір түйіндеуге әбден болады.

- Балаларыңыз және бар болса немерелеріңіз білімді қай тілде алып келеді? Қазақ тілінің болашағына көзқарасыңыз қандай?

- Балаларым денінде қазақ тілінде білім алуда. Сонымен қатар орыс, түрік, ағылшын тілдерін де таңдаған кәсіптеріне байланысты жақсылап меңгеруде. Қазақ тілінің болашағы дегенде бізді оның сандық түрдегі қолданылу аясы кеңеюі емес, тілдік құнарлылығы жұтаңсуы мәселесі қатты алаңдатады. Қазақ тіліндегі оқулықтарды қолға алып қарайтын болсаңыз мағыналық шатысулардан басыңыз ауырып кетеді. Өзге ұлт өкілдері тұрмақ қазақ балаларының өзі қиналып оқитын мұндай кітапты неге бизнес жасап жүздеген мың данамен қайта-қайта шығара береміз. Ойымызды онан әрі аша түсетін болсақ, үш мың жыл бойына көшпелілер өркениеті әлдилеп тербеткен қасиетіңнен айналайын қазақ тілі төрт түлік мал шаруашылығымен байланысты он мыңдаған сөздік қордың қолданыстан шығып қалуына орай айрықша жұтаңсып, бұрын-соңды болып көрмеген қасіретті күйді бастан кешіруде. Бұл орайда қазақпен қазақ қазақ тілінде сөйлесіп қана қоймай, ұлтымызды сауықтырып, қала маңы және ауылды жерде табиғи мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді өрістетіп, байырғы әдеби қазақ тілінде сөйлесуі тиіс деген ұран бірінші кезекке шығуда!

- Отбасыңыздың және туыстарыңыздың арасында діни көзқарастар қайшылығы бар ма? Дінге деген сеніміңіз және Қазақстандағы діни бөлінушіліктерге деген көзқарасыңыз қандай?

- Әлхамдулилла, діни көзқарас бойынша әулетімізде қайшылық болған емес. Түрлі секталар мен ағымдарға кіріп кетіп, ел ішінде іріткі салып жүрген жақын туыстар да осы күнге дейін көзге шалынған жоқ. Оның басты себептерінің бірі - ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдар бойына Тауфиқты атанып, ислам дінінің Имам Ағзам мазхабын бұлжытпастан берік ұстануында деп білемін. Үш дара биге ұстаз болған дана діндар Әнет баба, әділ де қатал үкімді Кеңгірбай би, мұсылманда атақты Құнанбай тақуа, айдай әлемге мәшһүр Ибраһим (Абай) данышпан, Әуез қожа, Ғабитхан дамолла, шариғат білгірі Шаһкәрім, медресе ұстаған Көкбай қажы сынды есімдері діндарлығымен елге тараған баба-әжелерді ұзынсонар етіп, тізбелей беруге болады.

Кеңес өкіметі тұсында жастай қайтыс болған Сапаралымен бірге туысатын Жүнісқали ақсақал, нағашы жұртымыздан анамыздың анасы Күлипа әже бес уақыт қалайша намаз оқып, шілденің аптабында қиналмастан ораза ұстап жүргендерін кішкентай кезімізден көріп өскен біздер үшін ширек ғасыр бұрында ислам құндылығына басыбайлы ден қою аса қиынға соқпады. Туған ағам Айман Төлеубайұлы (1958-1997) Кеңес одағы ыдырай салысымен Стамбулдағы медреседе 1992 жылы діни сауат ашып келіп, Абай елінде ислам насихаты, мешіт-медіресе салу, Би-Ата қайырымдылық қорын құру сияқты ізгі істермен айналыса бастауы да әулетіміздегі имандылықтың күшейе түсуіне өз септігін тигізді. Дей тұрғанмен, харам затты тұтынбаса да жақын-жұрағаттың халалға басыбайлы ден қоймауы, парыз амалдарды орындауда шайтан лағнет азғырып күні ертеңге сала беруі, иман мен сенім күш ала алмай «бұзылған үйдей» рухани дүбара күй кешуі, бұл дүниесі мен ақыретін жақсарту орнына тура жолдан қасақана адасуы жыл өткен сайын жанымызға қатты бата түсуде.

Ауқымды мәселенің бірі - Қазақстандағы діни ахуалға келетін болсақ, бұл орайдағы көкейтесті ой-пікірлерімізді табаны күректей жиырма жыл бойына қазақ және орыс тілдерінде баспасөз бетінде, теле-радио хабарлары арқылы жазып келеміз, айтып келеміз. Жарық көрген ондаған кітаптарымызда да бұл тақырып ұмыт қалған жоқ. Елбасы, үкіметбасы, парламент басшылары да бұл орайда статистикалық мәлімет жарияласа, біздерден яғни, «Қағанат» ғылыми-мәдени орталығы мен «Қағанат» консорциумы мүшелерінен артық ешкім де соңғы ондаған жылдар бедерінде әр жолы тыңнан мәселе көтеріп, үн қатып отырмағанына көздері жетер еді. Сын шын айтылса да қаймықпай, мойнымен көтеріп алатын жауапты қызметкерлер аз кездеседі. Ақорда төңірегіндегі шенеуніктер «жағдайды ойдан шығарып қиындатып отырсыңдар» десе (мәселен, 2000 жылы Елбасы атына жазылған, Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы заңды түбірімен өзгертіп, мемлекет тарапынан ислам және дәстүрлі христиандық бағыттарды қолдамаса, бүлдіргіш секталар рухани жағдайды насырға шаптырып жіберуі оп-оңай деген сияқты ресми хаттарға орай), бұрынғы дінбасы мен оның қазіргі ізбасары бас муфтилеріміз дереу тағын біздер тартып алатындай алакөзденіп жауға шығып, қордаланған мәселенің түйінін шешуден гөрі «тасадан тас атып», әлдекімдерді қолшоқпар етіп айдап салып, ғаламтор арқылы аты-жөнін көрсетуден қорқып былапыт ғайбат айтып, онсыз да пешенелеріне жазылған біліп істеген көп күнәні ауырлата түсуде.

Ал, діни бөлінушілік тақырыбына қайта оралар болсақ, кесел одан сайын асқынып, секталар дерті миллиондарды шарпып тұр деуге болады. Бұл орасан үлкен қаржы көзі арқылы сырттан әкелінген қатерлі рухани дерт болғанымен орындаушылар және қолдаушылар, жүзеге асырушылар өз ішімізде екенін әсте естен шығармайық. Қазір мешітте, не шіркеуде үлкен бүлік шығарған шайтани адамға он мыңдаған құны жоқ көк қағазды ұстата салатын оспадар заман болып тұр. Сырттай қарағанда ақыл-есі бүтін сияқты көрінгенмен, мақсатты түрде ой-пиғылы уланған жастар ата-аналарын тыңдаудан қалып, нағыз мәңгүрттің күйін кешіп, Отанына от құштырудан тайынбауда. Дерттің алдын алуға әлі де кеш емес. Бірақ та, алтын басты елбасы мен дінбасы жұмылса да, жеңе алмайтындай тамырланып кеткен ақырзаманның дойыр күшімен бетпе-бет келіп отырмыз. Әлбетте, үмітсіз шайтан ғана!

- Әңгімеңізге рахмет!

 

Фазылбек АБСАТТАРҰЛЫ


«Жас қазақ үні» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572