Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Деп жатыр 8314 9 пікір 9 Маусым, 2017 сағат 13:06

Қазақстан мен ҚХР: Ынтымақтастықты махаббат мәселесі шешпейді

Қытайлық «Синьхуа» ақпараттық агенттігі қазақcтандық қыз бен қытай жігітінің махаббат хикаясы турасында бейнеролик түсіргенін елімізге ресми іссапармен келген ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жолдас айтты.

Төрағаның сөздеріне қарағанда, бейнероликте қытай жігіті мен қазақстандық қыздың махаббаты арқылы екі елдің ынтымақтастығы паш етілген көрінеді.

Бейнероликтегі оқиға желісі мынадай: Синьзяндық жас қытай жігіті жергілікті ауруханада Валентина есімді аруды көзі шалып, ғашық болып қалады. Ақыры екеуі бас қосып, дүниеге ұлдары келеді. Ұлдары 6 жасқа толғанда Валентина саяси жағдайларға байланысты еліне қайтуға мәжбүр болады. Ұл ер жетіп, өз анасын іздей бастайды. Тек 2009 жылы ұлы 61 жасқа келгенде 80 жастағы анасын Алматыдан табады. Сөйтіп Валентинаны Қытайға алып барады.

«Бірнеше жылдардан кейін бақытқа кенелген бұл отбасының тағдыры – Қазақстан мен Қытай тұрғындары арасындағы ажырамас достықтың көрінісі» дейді бейнеролик жайында Си Цзиньпин жолдас.

Иә, бейнероликті жасаушылар Қазақстан мен Қытайдың достық қарым-қатынасын көрсетеміз деп тырысып бағыпты. Бірақ сол достықты қыз бен жігіттің махаббатынан өзге бір жайытты алса қайтер еді? Мұның да астарында қытай халқының құйтырқы саясаты жатқан жоқ па деп қаласың.

Еске сала кетейік, қаңтар айындағы қазақстандық қыздарға Қытай дөкейлеріне тұрмысқа шығуды ұсынған хабарландыру әлеуметтік желілерді дүр сілкіндірген еді. Фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Доска объявлений Алматы, Астана» паблигінде мынадай мазмұндағы хабарлама жарияланған болатын: «18-40 жас аралығындағы басы бос қыздар! Бейжің тұрғыны, әрі бойдақ ер жігітке тұрмысқа шыққыңыз келе ме? Бізге хабарласыңыз. Бейжіңдегі дөкей жігіттер тобы Астанаға отбасын құру үшін келе жатыр. Арнайы бірнеше шаралар дайындалуда. Ер адамдар бақуатты өмір сүреді, еуропалық білімі бар, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгерген».

Мұндай ақпаратқа ашынған қазақ халқы қатты наразылық білдірді. Осы жарнамаға байланысты Қазақстандағы ҚХР елшісі Чжан Ханьхуэй де өз пікірін білдірген еді. Аталмыш ұйымның бар-жоғынан хабары жоқ елші қазақстандық қыздарға Қытай жігіттері қатты қызығатыны жайында айтып қалған.

«Қазақстанның қыздары өте әдемі, нәзік. Олардың білімі жоғары, бойларында шығыстық мәдениет бар. Олар отбасын жақсы көреді, ата-анасын құрметтейді, үлкендерді сыйлай біледі», дей келе, екі ел арасында дәстүр бойынша ұқсастықтар барын айтып қазақ жұртшылығын есінен тандырған.

Бұл қытайлықтардың қазақ қыздарына деген қызығушылығын дәлелдейтін мысалдың 10-нан 1-і ғана. Оны жаза берсек, жыры таусылмас.

Үлкендеріміз қарсылық танытып, ер жігіттеріміз наразылығын білдіріп, қытайға кеткен қазақ қызын, тіпті «жезөкшеге» балағандар да болды.

Не керек, бүгінде Қазақстанның қаншама қаракөздері қытай ұлтының ұрпағын тәрбиелеп, қытай шаңырағының отанасы атанып жүр. Қытаймен бас қосып, бойынан қазақтықты жойғандары да жетіп артылады.

Жоқ, Қазақстанға ханзу халқын мүлдем жолатпау керек, ҚХР-мен қарым-қатынасты доғару керек деген түсініктен адамын. Достық қарым-қатынас кез-келген мемлекеттер арасында аса қажет-ақ, алайда ол достықтың шекрасынан аспау керек шығар. Әжелеріміз бен аналарымыздың арын өзге ұлт өкілінің азаматы таптамады, әжелеріміз қазақтың текті ұрпағын дүниеге әкелді, бойына елге деген сүйіспеншілікті дарытып өсірді емес пе?! Қор болған жоқ қой. Қалтасындағы байлығын көрсетіп, қазақтың қаракөздерін тұзағына түсірмек ойлары бар қытай халқы тыныш жатар емес. Жай ғана хабарландырудан бастап, саясатқа дейін табан тірепті. Қытайы болсын, басқасы болсын, елдер арасындағы ынтымақтастықты махаббат шешпек емес. Қытайдың кезекті саясатының құрбаны болып жүрмейік.

Гүлім Жақан

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060