Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Дат 6550 7 пікір 12 Маусым, 2017 сағат 16:20

Отарсыздану туралы заң керек

 

Таяуда жария болған санақтың нәтижесі бойынша, еліміздегі халық саны - 17 994,2 мың адам болды. Кейбір дереккөздері Қазақстан халқының 69-71 пайызы мемлекетті құраушы ұлт, қазақ ұлты болғанын да айтып жатыр. Қалай десекте, қазір жан саны жағынан қазақ өз жерінде басым ұлтқа айналды. Билік пен бизнестігі аз ғана  қауымнан өзгесі түгел қазақ тілді орта қалыптастырып, керек десеңіз, өзге диаспора өкілдерінің мемлекеттік тілді игеруіне, мемлекеттік тілде ғана қарым-қатынас жасауына ықпал етуде. Бұл – шындық. Бірақ, тіл жанашырлары тіл мәселесінде әлі тоқсаныншы жылдардың жырымен жүр. Ал, ақиқатына жүгінсек, қоғамдық орындарда, қызмет көрестетін орталықтарда қазақ тілі қазір басым тіл болды. Осы жағдайға қазақ халқы өзінің көнтері, көнбістігінің арқасында ақырындап жетіп келе жатыр. Алайда, бар мәселе қазақ ұлтының, Тәуелсіз мемлекеттің пайдасына түбегейлі шешілуде десек, қатты қателесеміз. Неге? Өйткені, халықтың саны өскенімен санада толық сілкініс жоқ. Көпшілік құлқынның құлы, тоғышар тіршіліктің семіз малайы болып барады. Биліктегілер өздерін бұрынғы коммунист хатшылардың деңгейінде ұстайды. Әкім-қаралар былай тұрсын, Ақ Орда мен Үкімет үйіндегі лауазымды басшылардың өзі өздерін Қазақстаннан еңбекақы алып, Ресей Федерациясына қызмет етіп жүргендей сезінеді. Олардың қатарына қазір әбден космополиттенген ұрпақ келіп қосылуда. Олар да, билік пен бизнеске ауыз салып мемлекет тағдыры талқыға түсетін орындарға барып жайғасып жатыр. Бұл – үлкен қауіп. Неге десеңіз саяси, тарихи жады жаңғырмаған халық енді осы космополиттер мен рухы коммунистрдің құлдығында қалып, ақырында мемлекетті құраушы негізгі ұлт тұғырынан тайып кетуі ықтимал. Бұл ретте геосаяси ахуал мен көрші елдердің ықпалын ескерер болсақ, жағдайдың күрделеніп бара жатқанын түсіну қиын емес. Біз осы күннің өзінде жартылай Ресейдің, жартылай Қытай Халық Республикасының, жартылай Араб ислам әлемінің ықпалында отырған елміз. Бизнес пен билік элитасы да аталған үштіктің ықпалында өмір сүруде. Бұл үштік енді Қазақстанның ішкі саясатына араласып қана қоймайды, күн тәртібін белгілеп, жол-жоба нұсқауға да араласуы кәдік. Соның солай болып та жатқаны жасырын емес.  Қазақстандағы қазіргі жағдай Елбасы Назарбаевтың саясаттағы мол тәжірибесі мен алыстан көретін, нақты саяси жүрістер жасай алатын қабілет-қарымының нәтижесінде мүмкін болып тұр. Оны біз мойындауға тиіспіз. Ал, Елбасы қазақ халқына алдымен арқа сүйеп, табан тіреу керектігін мойындауы керек. Мойындап та бастады. Сөзімізге дәлелел – Президенттің жуырда жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру мақаласы» дер едік. Елбасы мақаласы қоғамдық ортада «ұлтшылдар» атанған азаматық белсенділігі жоғары әм билікпен сирек ымыраласатын күштердің тарапынан да қолдау тапты. Демек, Елбасының бұл қадамын ұлттық мүдеге шынайы бетбұрыс деп қабылдауға болады. Әрине, Президент еліміздегі өзге ұлт диаспораларының да талап-тілегін ескере отырып шешім қабылдайды. Алайда, диаспоралардың талап-тілегі, мұрат-мақсаты мемлекетті құраушы негізгі ұлттың қалауымен қабысуы қажет. Олай болмаған жағдайда бұл – сепаратизм. Жікшілдік. Конституцияны күштеп құлату, Қазақстан мемлекетінің тұтастығына күмән келтіру. Ал, осы Назарбаев билігі мен оның дәуіріне керек пе? Әрине, керек емес. Ендеше, Қазақстан халқының бірлігі мен тұтастығын, тарихи тағдырластығын анықтайтын, бүгін мен болашақтың бүтіндігін қамтамасыз ететін пәрменді Заң керек. Ол Заң «Отарсыздану туралы заң» болуы керек. Біздің бұл ұсынысымызға баз біреулер: «Тәуелсіздігімізді жария еттік, Тәуелсіздік туралы декларацияны қабылдадық, БҰҰ-ға мүше елміз, бұдан артық не керек?» деуі мүмкін. Иә, бұның бәрі бізде бар. Тек, осы құндылықтарды  толықтыратын Заң аса қажет болып тұр. Бұл Заң біздің саясат пен рухани мәселелерде ғана емес, экономикада, Заң саласында, Үкімет пен Параламенттің қызметінде, ғылымда, баспасөз майданында, адами ресурстардың бағалануында, дербес ел болып қалуымызға септігін тигізеді деп білемін. Қысқаша айтпағымыз – осы әзірге.  Танымал азаматтардың тарапынан қандай да бір үн қату, тілек қосу болады деп күтемін.

Қырымжан Әділжан

Abai.kz  

 

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053