Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 16249 0 пікір 30 Қазан, 2010 сағат 13:55

ІЛЕ ӨЛКЕСІНІҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ОЧЕРКІ

[Іле өлкесі] деп алғаш танысқан орыстар Іле өзені мен Күнгей Алатауының қарлы жотасының арасында орналасқан, батысқа қарай кеңейіп келген ұзын жер жолағын атады1. Оның кеңеюі Іле өзенінің баяу ағатын тұсына келіп құятын шағын өзен Қаскелеңнің сағасынан басталады. Бұл жолақ солтүстікке қарай төмендей келе, Алатаудан бастау алатын көптеген өзендермен тілімделген; олардың барлығы Қырғыз-қайсақ даласының ең үлкен өзендерінің бірі Ілеге құяды.

Іле (қытайша Или, қырғызша Іле) үш тарамнан тұрады: Текес, Қашкөл және Күнгес; олардың біріншісі ең негізгі, Мұзтау жотасынан басталып, Күнгеске қосылғанша, шығысқа қарай ағады. Олардың барлығы қосылған соң, Іле батысқа бағыт алады, Қытай облысының Ілесі мен үлкен қала Құлжаны сумен қамтамасыз етеді. Өзіне жан-жақтан барлық тау өзендерін қосып алып, сол атауымен бірнеше саласымен қосылып Балқашқа барып құяды, оның ең басты және терең саласы Бөрілі.

Іленің ұзындығы 800 шақырымнан астам, Талғар өзенінің сағасына жақын жерінің кеңдігі 200 сажын, Балқашқа қарай қатты құлдырайтындықтан және Алатау суының көптігінен ағысы өте жылдам; оның суы [қыстың екі-үш айын есепке алмағанда] өте лай, судың мазасыз ағысы қазып тастағандықтан, түбі тегіс емес; жағалауы батпақ, кей жерлері тік жар, әсіресе, оң жағалауы. Ағысының өн бойында ол көптеген шағын аралдар түзеді, аралдарда терек, бұта-шіліктер қаптап өскен, жайылым шөбі көп.

[Іле өлкесі] деп алғаш танысқан орыстар Іле өзені мен Күнгей Алатауының қарлы жотасының арасында орналасқан, батысқа қарай кеңейіп келген ұзын жер жолағын атады1. Оның кеңеюі Іле өзенінің баяу ағатын тұсына келіп құятын шағын өзен Қаскелеңнің сағасынан басталады. Бұл жолақ солтүстікке қарай төмендей келе, Алатаудан бастау алатын көптеген өзендермен тілімделген; олардың барлығы Қырғыз-қайсақ даласының ең үлкен өзендерінің бірі Ілеге құяды.

Іле (қытайша Или, қырғызша Іле) үш тарамнан тұрады: Текес, Қашкөл және Күнгес; олардың біріншісі ең негізгі, Мұзтау жотасынан басталып, Күнгеске қосылғанша, шығысқа қарай ағады. Олардың барлығы қосылған соң, Іле батысқа бағыт алады, Қытай облысының Ілесі мен үлкен қала Құлжаны сумен қамтамасыз етеді. Өзіне жан-жақтан барлық тау өзендерін қосып алып, сол атауымен бірнеше саласымен қосылып Балқашқа барып құяды, оның ең басты және терең саласы Бөрілі.

Іленің ұзындығы 800 шақырымнан астам, Талғар өзенінің сағасына жақын жерінің кеңдігі 200 сажын, Балқашқа қарай қатты құлдырайтындықтан және Алатау суының көптігінен ағысы өте жылдам; оның суы [қыстың екі-үш айын есепке алмағанда] өте лай, судың мазасыз ағысы қазып тастағандықтан, түбі тегіс емес; жағалауы батпақ, кей жерлері тік жар, әсіресе, оң жағалауы. Ағысының өн бойында ол көптеген шағын аралдар түзеді, аралдарда терек, бұта-шіліктер қаптап өскен, жайылым шөбі көп.

Іленің солтүстік жағалауының көп жері жайдақ, кейде құмды, тұздылау және жиде, терек, шеңгел, сексеуіл, қарағай жапқан. Бекеттен төмен, Қапшағай шатқалының бойында, отыз шақырымнан аса жерде Іле Қапшағай атты биік шың-құздармен қысылады; одан ары қарай құмды далаға жайылып, құм және қалың, үлкен қамыстардың арасымен ағады. Бұл Қырғыз-қайсақ даласының суы мол бірден-бір өзені, ол құмның арасымен 200 шақырым аға отырып, мол суын жоғалтпай Балқашқа жетеді. Құйылар жерде кейін ол өте ұсақ салаларға бөлініп, шалшық су*1 құрап, Қырғыз-қайсақтар қамау2 деп атайтын көптеген ұсақ аралдардан тұратын құмды тіліктерге еніп жоқ болады. Қамау терек және өзге ұсақ орман ағаштарымен көмкерілген, бұл жер тамаша жайылым және егістікке өте ыңғайлы.

Іледе балық аз, Балқаштың бассейні болып табылатын өзге өзендер сияқты мұнда тек шабақ балық пен өзге ұсақ балықтардың екі түрі ғана көп: бақтақ пен көксеркелер. Қайсақтар онда жайын бар деп те айтады, бірақ оның рас-өтірігін кім білсін. Қыста Іледе көптеген аңдар мен құстар болады, олар өзенге таудан түседі. Үйректер, қаздар, драхвалар Іледе қыстайды. Үлкен сұр кезқұйрықтар да қысты сонда өткізеді. Күзде көптеген бірқазандар пайда болады, жағалаудағы қамыста жолбарыстар мен барыстар, доңыздар мен жабайы мысықтар, т. б. тіршілік етеді.

Іленің көктемгі тасқыны наурыз айынан кейін басталады, күзде оның суы азаяды, таяз болатыны соншалық, қыркүйек пен қазанда мал жүріп өтуге ыңғайлы аяқ өткел пайда болады. Мәселен, осындай үш өткел белгілі: Шелек пен Түргеннің арасындағы Оғыз өткел, Талғар мен Есіктің арасындағы Қыз кешу немесе Қыз өткел, оң жақтан құятын тұстан сәл төменірек Шынгелді өзені және Тамғалы тас шатқалындағы Тамғалы өткелі. Соңғысы арқылы Ташкенттен Құлжаға және Семейге шығатын керуен жолы өтеді, ол Жанай жол (Жанайдың жолы) деп аталады, екіншісі тарихта Ресейден қашқан қалмақтардың*2 өтуімен танымал.

Орыс шекарасында, яғни Қытай бекеттері тізбегінен бастап Ілеге оң жақтан тек екі өзен құяды: Өсек пен Құсмұрын*3, олар бастауын Үш-Қоянды мен Шеңгелдіден алады*4. Ілемен қатарласып шығыс-тан батысқа созылып жатқан Күнгей Алатау жақтан, солтүстік жағалаудан Ілеге келесі шағын өзендер құяды: Іле мен Есіктің (60 шақырым) құмына немесе қамысына сіңіп кететін Шарын, Шелек, Шабдар, Түрген; сол жақтан*5 Талғар мен Қаскелең қосылады. Үлкен, Кіші және Орта Алматы, Ақсай мен Шамалған, Ілеге жетпей құмға сіңіп жоқ болатын Күрті және Құра. Күртіге Жиренайғыр, Қарғалы құяды; Шарынға оң жақтан Екі Қарқара, Кеген және Темірлік қосылса, сол жақтан Шелекке Асы келіп құяды.

Аталған өзендердің барлығы дерлік өз ағысының орта тұсына дейін солтүстік-батысқа бағыт алып ағады да, кейіннен Ілеге бұрылады. Олардың барлығында осман балық, кейбірінде шабақ балық көп, ал Талғарда көксерке де кездеседі. Бұрылысқа дейінгі олардың ағысы өте жылдам және тастақпен өтеді; бірақ батпақты және биік жағалауларда ағыс бәсеңдейді, су мүлдем лайланады; тау басында [бұл өзендер] әдемі сарқырама түзеді, әсіресе, қырық бес сажындық сарқырамасы бар Есік өзені. Қайсақтардың айтуы бойынша, Талғар мен Есік және қалғандары да бастауын мұздақтардан алады. Есік өзені мұз астынан қайнар көз болып шығып, көлемі үш шақырым және сол өзеннің бастауы болатын тау көлін құрайды.

Кейбір [өзендердің] жағасын бойлай орман өсіп, төменгі ағыстарда қалың қамыспен араласып кетеді.

Күнгей Алатау Үлкен Алатау3 деп те аталады, оның Кіші Алатаудан айырмашылығы Іледен солтүстікке қарай орналасқан Іле бассейнін Ыстықкөл бассейнінен бөліп тұрады; оның ең биік жері Талғар өзенінің бастау алатын жерінде орналасқан Талғар тау шоқысы*6 деп аталады. Ол 300 шақырым жерден көрініп тұрады. Бұл таулар Кіші Алатаудан4 әлдеқайда биік, тасы азырақ, қара шірігі мол, өсімдікке және пайдалы қазба байлықтарына байырақ деген туралы пікір жасауға болады. Бұл онша енді емес жота, елу шақырымнан аспайды, сондықтан ол өте тік және өтуге ыңғайлы асулары аз; бірақ Алатау қырғыздары оны (Орта) Алматының бас жағы арқылы бір күнде асып өтеді; оның шығыс шеті жайпағырақ болғандықтан, Ыстықкөл мен Қашғарға апаратын Сантас деп аталатын ыңғайлы жол жасайды. Сонымен қатар, Түрген өзенінің жоғары ағысында салт атты адам үшін ыңғайлы кішігірім жолдар бар.

Батысқа қарай ол көптеген тармақтарға бөлінеді, солардың бірі Ыстықкөлді оңтүстік-батыс арқылы айналып, Ыстықкөл  Қырғыз Алатауына5 қосылады, келесісі Шу мен Балқаш арасындағы Бетпақдалаға кетеді, ал үшіншісі Шу, Сыр және Әмудария өзендерінің жоғары бөліктерінің арасынан сонау Қоқанға дейінгі аралықты алып жатыр. Шу мен Сыр арасында орналасқан оның батыс сілемі - Қарақұмға6 барып тірелетін Құсмұрынның тік мүйісімен аяқталатын Қаратау тауы.

Күнгей Алатаудан ағатын сулар солтүстікке - Ілеге, ал оңтүстікте Ыстықкөлге барып құяды; оның солтүстік жағы орманды, ал оңтүстігі ормансыз келеді. Бұл құбылыс кіші Алатауда да байқалады. Менің ойымша бұл көбінесе батыстан яғни, Балқаш жақтан соғатын жаңбырлы желдерге байланысты. Бұл жотадағы шатқалдарда Іле Алатауы өңірінің барлық өсімдік дүниесі шоғырланған, бірақ бұл осы жерлермен ғана шектеледі. Алма, өрік ағаштары, үйеңкі, жидек бұтасы: бүлдірген, бөріқарақат, қарақат және басқалары тау суларын таудан шыққанша ғана көркемдейді, одан кейін алдымен ұсақ қайың тоғайы алмасады, содан соң терек, қызыл шілік, тал, Іледе оларға жиде қосылады; оның есесіне қабығының астынан, әсіресе, кесілген жерінен шырын тамып тұратын бұл далалық жиде ағашы тауда кездеспейді. Дәл осы сықылды Ілеге қарай әртүрлі тау гүлдері біртіндеп сиреп, олардың орнына ара-тұра өскен құрақ-ши, құрай және қамысқа оратылған шырмауық байқалады.

Бұл жердің алмасы жабайы күйінде қолдан өсірген Құлжа алмасынан дәмі жағынан да, ірілігі жағынан да кем түспейді. Өрік түсімі 1853 жылдың жазында мүлдем болған жоқ: көктемгі қатты жаңбырлар мен ызғарлы суықтар гүлдерін үсітіп жіберді; өрік жалпы барлық жерде көп; ең құнарлы және берекелі жер Алматы өзендерінің бастау алар тұсы. Бұл шатқалдардың екі жағында орманның әрқилылығы соншама, қазақтар бұл жерді Шұбарағаш деп атайды. Мұнда таңқурай да, қарақат та, жабайы раушан, қара жидек те бар. Алма мен өріктен жоғары тікен жапырақты орман басталады: шырша мен самырсын, оған көктерек қосылады; одан жоғары шырша әредік қайың және қаттылығымен ерекшеленетін тобылғы, ырғаймен араласа өседі. Қатып қалған шырша діңгегі мен арша ең жоғарғыдағы өсімдік. Одан биікте тас және ең соңында, қар (жатыр). Басты шыңдардағы тастар құз және айтарлықтай аса биік, жартас болып көрінеді. Кейде осы жотаның едәуір биік жерінде таудан сарқырап түскен өзендерге су беріп тұрған әжептәуір көлдер жатады. Мысалы, Есіктің басталар жерінде Жасылкөл7 бар.

Қырғыз-қайсақтардың егістіктері таудан он шақырым жерде, өзен жағалаулары онша тік емес, суды асау өзендерден егістіктеріне қарай арықпен шығарып алуға ыңғайлы және топырақ қыртысы анағұрлым құнарлы жерлерге орналасқан. Бұл егістік жерлерден басқа, қырғыз-қайсақтар топырақ қыртысы саз-құмдақты болғанына қарамастан, тәп-тәуір өнім беретін өзендердің төменгі жағындағы барлық жерлерге дерлік тары мен бидай егеді. Мұнда егіс түсімі Қапалдағыдан да жоғары. Тары масағының биіктігі үш футқа дейін жетеді. Мұндағы шабындық жерлер де бай; тебін жайылымы мен саздағы*7 шабындықтар өзінің сонылығын қыркүйек айының соңына дейін сақтап, наурыз айының ортасынан бастап қайта көгереді. Жоңышқа немесе қайсақтардың айтуынша, беде, тау шатқалдарында қалың болып өседі де, ат байланып қалатын тұзаққа айналады. Шырмауық пен құлмақ ағаш діңіне оралып, қия жартастарға да өседі. Мұнда табиғат Кіші Алатауға қарағанда гүлдерге әлдеқайда бай, сондықтан бұл жерде таудың мәңгілік ақ шыңдары әсер етпесе, бал арасы шаруашылығын табысты жүргізуге болар еді деп жорамалдауға болады. Біз мұнда балын қурай, немесе жуан сабағы бар басқа да өсімдік басына іліп қойған кішкене құтыларға салған жабайы араларды көрдік.

Тауда марал, тау теке және қырғыз-қайсақтар аққұйрық деп атайтын тау ешкілер жайылып жүреді, арқар аз, ал киік аңғар төңірегін мекендейді; Іленің оң жағында, далада кездесетін құландар мұнда көрінбейді. Ну ішінде, терең шатқалдарда аю, жолбарыс (тек жазда ғана), борсық, қызыл түлкі және басқалары жүреді; қасқыр қисапсыз көп; тіптен қара түлкі де кездеседі. Өзендерде кәмшат, ал қамыс арасында мия өсімдігі тамырының көптігінен аса семіз болатын қабандар мекендейді. Аңғарда қоян, сусар, түлкі, үй қояны, кірпі, тағы мысық, тасбақа және басқалары болады. Қырғыз-қайсақтар Іленің төменгі жағынан жайраны да кездестірген.

Іле бойындағы үлкен және ну қамыс ішінде жолбарыс, сілеусін, әредік қабылан және басқа да жыртқыш аңдар жиі кездеседі. Олардың қырғыз-қайсақ табындарына шабуы да үйреншікті жайт, кейде тіпті ауыл маңын торуылдап жүретіндіктен, жергілікті халық оларды лажын тауып соғып алып, терісін орыстарға күміс ақшамен 20 сомға сатады.

Құстардың көптігіне сан жетпейді, жабайы құстардан қаз, үйрек, тұрпан, дуадақ, тау және дала шілі, жабайы кептер және басқалары кездеседі. Аққулар мен тырналар осында қыстайды. Іледе бірқазандар бар; көкқұтан қураған терекке ұя салады; тал немесе ырғайдың қалың жапырақтары арасында бұлбұл мен әнші торғай, ал аңғарларда - бозторғай, пайыз және басқалары ән салады. Тауда, үлкен құз жартастар жанында, орманда бүркіт, қарақұс, сұр лашын, қаршыға ұя салады, ал тастарда тас шілдері мен құрларды көруге болады. Іле мен қамыс пен тал өскен басқа да өзендердің бойында қырғауыл топ-топ болып жүреді.

Қамыс арасының дымқыл болуына байланысты жазда сона, маса, шіркей өте көп; оған улы жәндіктер: қарақұрт, бүйі мен бұзаубас қосылады. Бұл жәндіктер Іленің сол жағалауынан бастап, тау жотасының етегінен он екі шақырым жерден өтетін керуен жолына дейінгі барлық жерлерде кездеседі. Жыландар да көп, бірақ онша үлкен емес және ұзындығы 1,5 аршыннан аспайды. Олар көбінесе сортаң жерлерде жүреді және өте улы; тау жыландары онша улы емес. Біз мұнда бұрын далалы жерде көрмеген жыланның ерекше, әрі жаңа түрін кездестірдік.

Шығысқа қарай барған сайын жер құнарлана түсетін сияқты, қайсақтардың өздері шығыстағы жерлерді өте мақтайды. Іленің орта ағысы Сібірдің солтүстік желіне қатты ашық, оның арғы жағында тек аласа Шолақ жотасы және Арқарлы мен Малайсары таулары көрініп тұр; ал Алтын Емелден жоғары Ілені солтүстіктен Кіші Алатаудың қарлы жотасы мен оның шығыс сілемдері қалқалап тұр.

Күртіге құятын Қарғалы өзенінен батысқа қарай топырақ қыртысы көрінеу өзгере бастайды да, құнарлы топырақ орнына Шуға дейін жер сортаң болып келеді, ал Ілеге қарай Мойынқұмның қалың құмдары басталады. Осы жердің барлығында шағын сулы кейбір бұлақ жағаларын қоспағанда, зордың күшімен көкпек, ебелек (далалы жерде ғана белгілі шөптер) және ұсақ жусан ғана өседі. Таулар тақыр болып келеді.

Бұл өңірде Бетпақдала осылай басталады. Оның топырағы сұр, күнге күйген сортаң келеді. Іле аңғары мен Балқаш жағалауы көп жерде өзара алмасып отыратын борпылдақ*8 төбе құмдармен немесе қамыспен қоршалған. Балқаш жағалауы маңы және Іленің төменгі жағында әр жерде тұзды (табан балығы көп) және тұщы сулы ұсақ көлдер шашырап жатыр. Іленің басқа еш жерінде тұз жоқ және қырғыз-қайсақтар қыста, тұз жетіспейтін кезде, оны сортаңнан қайнатып алады, ондай тұз шылама деп аталады. Тамаққа жарамдылығы шамалы мұндай тұзға Шелек пен Құмкешу аралығындағы Боралдай жоталарының айналасы өте бай.

Жалпы, Іле өлкесінің климаты - далалық. Ауа райының ауытқушылығы мен тұрақсыздығы - оның ерекшелігі; даланың солтүстік бөлігіне қарағанда едәуір тұрақты болса да, қыста аяз болып тұрады; жазда ыстық 400-қа дейін жетеді. Суық 50 тан төмендеуі сирек. Жалпы климаты жанға жайлы, жазда күндізгі аптап тау басынан соққан түнгі салқынмен жайлы алмасып тұрады. Көктем тым жаңбырлы және жауын-шашынды болып келеді.

1853 жылғы қыс - орыс отряды Іленің арғы жағында өткізген бірінші қыс - өте қатал болды, ондай  қырғыз-қайсақ ақсақалдарының есінде жоқ. Бұл қазақтарға орыстардың қыспен әбден туысып кеткендігі сондай, онымен ажыраса алмай, қайда барса да ерте жүреді деп ойлауына себеп болды. Олар Қапалдың іргесі қаланғалы бері, қыс қаттырақ, ал қар қалыңырақ бола түсті дейді. Әйтсе де, осы жылғы қыста Іледегі қардың қалыңдығы 1,5 аршыннан аспады, тауға жақын тұста - 2,5 аршыннан асты; қыс ортасында күн жылынып, қар еріп, соқпақтарда саз балшық көрінген кездер болды. Есікте өткізген жылы мынадай ескертпелерді жазып алдық: Іле 8 қарашада қатты*9, Іледе қар 13 ақпан шамасында еріді. Іледе 8 наурызда сең жүрді, су шілде айында тасыды. Күз көктем сияқты тым жаңбырлы, бірақ күзгі жауын-шашын тек тауда жауады.

Іле өңірінде екі бағытта жел соғады: Балқаштан солтүстік-батыс желі және жоғарыдан соғатын шығыс желі, оны қазақтар Ебінің желі деп атайды. [Ол] тек көктемде соғады. Соңғысы жылы және құрғақ; біріншісі әрқашан қара бұлт әкеледі және құрғақ Бетпақдала мен Балқаш жағалауы құмдарынан көтерілген қалың шаңды айдап ала келеді. Біртіндеп бұл шаң жақындап келеді де, қамысты майыстырып, осал киіз үйлерді құлатып, қас қағым арасында өте шығады, содан соң тыныштық орнап, нөсер жауын жерді шаяды. Бұл дауыл қандай жылдамдықпен соғатынын тек оның белгісі батыста бір сағаттан ерте білінбейді, ал үш сағат ішінде бүкіл Іле өлкесі малшынып шығуы мүмкін. Шілде айының соңына қарай Іле алқабында барлық шөп күнге күйіп, қамыс құрғап кетеді, тек өзен жағаларында, саздарда және тау шатқалдарында ғана өсімдіктер көгеріп тұрады. Алма бұл жерде тамыз айының басында, ал өрік шілденің ортасында піседі. Жаз айларында ауа жаңбырмен сирек салқындайды.

Жотаға қатарласа Іле өлкесі арқылы Ташкенттен келетін керуен жолы жақын өтеді; оның жолындағы барлық өзендерде жалдап өтетін ыңғайлы өткелдер бар; Ілеге құятын ұсақ өзендер және тау арқылы жалғызаяқ соқпақтар, ал кейде ауылдардың көшуіне қолайлы үлкен жолдар да бар.

Қазан айынан бастап Іленің бүкіл бойына, арғы және бергі жағалауын қазақтар қыстайды, олар Қытай бекеті тізбесінен бастап, Талғардың сағасындағы орыс бекетіне дейінгі аралықта екі жағаны бірдей қоныстанады. Қыс кезінде төменірек құм мен сексеуіл арасында олардың жылқы үйірлері жайылып жүреді және ауылдары қамауға орналасады. Алатау бөктеріндегі қар кетісімен, қайсақ болыстары мұнда егістік жерлерін өндеуге кіріседі8.

Тау іргесінде, өзен жағалауларында, көлемі әр түрлі толып жатқан қорғандар шашырап жатыр. Мен олардың кейбіреуі екеуден жатқанын байқадым; олардың бәрінің төбесі опырылған. Ағаш басқан олардың бірі жайлы айта кетпеске болмайды. Ол тура тау түбінде, Талғар өзенінің жазыққа жұлқына шыққан жерінде жатыр, алма ағашы өскен терең ормен қоршалған, ордың түбінен биіктігі 15 сажын, айналасы бір шақырымнан кем емес бұл өңір Қорған төбе9 деп аталады. Тал мен алма ағашы өскен кедір-бұдыр төбесінде ежелгі бекіністің қирандысы қалған көне қамал орны жатыр10. Осы ескі дүние ескерткіштерінің екеуін де қазақтар Тоқтамыc дәуірінікі дейді, бірақ бұл көне үйінділер мен қорғандардың шын мәнінде кімдікі екені белгісіз, осы ел арқылы көп халық өткені белгілі. Осы көне қорған қалдықтарынан басқа, жаңалары да бар.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340