Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Біртуар 7456 25 пікір 22 Маусым, 2017 сағат 12:12

Алматы әуежайына Қонаевтың есімін беру керек

Кешелі-бері әлеуметтік желі мен БАҚ-тағы басты тақырып әуежай атауының өзгертілуі болды.  Депутаттық корпустың ұсынысын Үкімет мақұлдап, Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі Астана әуежайына берілді.

Бұл ретте қоғам белсенділері де өздерінің ұсыныстарын жария етті. Алматы Халықаралық әуежайына Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру мәселесі кезекті рет сөз болды.

Рас, бұл жолғы ұсынысты Үкімет, я болмаса Парламент емес, азаматтық қоғам белсенділері көтеріп отыр.

Сөзсіз, Астананың авторы - Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі. Сол секілді, Алматы - Қонаевтың қаласы екені де даусыз. Биыл Дінмұхамед Қонаев 105 жасқа келер еді. Бұл дөңгеленген дата.

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы  Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі Алматы халықаралық әуежайына берілгені лайықты-ақ болар еді.

Өйткені, ел басқарған қайраткер тұлғалардың есімін әуежайға беру қолданыста бар үрдіс.

Мысалы, Нью-Йорктегі әуежай АҚШ-тың 35-ші президент Джон Кеннедидің атымен аталған.

Еуропаның ірі әуежайларының бірі - Париждегі  әуе айлағына Францияның бірінші президенті Шарль-де-Голльдің аты берілген.

Индонезия астанасы Джакартадағы әуежайға бірден екі адамның аты берілген - бірінші президенті Ахмед Сукарно және бірінші вице-президент Мохамед Хаттаның.

1980 жылы Ыстамбұлдағы әуежайға Түркия Республикасының негізін қалаған, алғашқы президент Мұстафа Кемал Ататүріктің есімі берілген.

2017 жылдың 25 қаңтарында Өзбекстанның екінші президенті Шавкат Мирзиёев халықаралық әуежайға Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімовтың есімін беру туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Күні кеше ғана Астанадағы халықаралық әуежайға Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді.

«Мемлекет құру ісінде» 25 жыл бойы президенттің ең үлкен әріптесі деп шенеунікті емес, әкімді емес, Халықты атауға тиістіміз!

Әбдірәшіт Бәкірұлы:

- Үкімет осыдан бірер жыл бұрын Д.Қалетаев ұсынған ұсынысты қайта жаңғыртып, Астана әуежайына еліміздің тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың есімін беру туралы шешім шығарды. Ол шешім Мәжіліс депутаттары тарапынан толықтай қолдау тапты.

Әрине, «президент атын беру» - бұрыннан бері шиырлап жүрген ескі мәселе. Осыдан біраз жылдар бұрын президенттің өзі Астана қаласының атына қатысты еш өзгеріс болмайтынын айтып, ол тақырыпты енді көтермеуді сұраған болатын... Алайда, біздегі жағдай белгілі ғой,   араға біраз уақыт салып, депутаттар, шенеуніктер, жеке тұлғалар осы тақырыпқа оралып отырады...

Жасыратыны жоқ, кей жағдайда ондай ұсыныс жасаушылардың «жасандылығы» көзге анық көрініп те тұрады. Ең өкініштісі, ұсыныс жасаушылардың барлығы дерлік соңынан  жақсы қызметтерге қол жеткізіп, өзгелерге үлгі болды. Сөйтіп, қоғамда «президент атын ұсыну» өз алдына бір мәртебеге айналып кетті.

Әрине, оның артынан ілік іздеудің еш қажеті жоқ. Бірақ, мысалы, мемлекет пен қоғамда қызмет сатысымен өрлеу осындай жолмен жүзеге асып жатса, ол  дәстүрге айнала бастаса – ондай қоғамның ешқандай болашағы жоқ десе болады. Өйткені, бұл үрдістің астарында елбасының өзі шенеуніктеріне, әкімдеріне күнде  айтатын «мемлекетшіл болыңдар!» деген принцип жатқан жоқ. Оның астарында кезекті бір науқан кезінде, кезекті бір жағдайда президент көзіне бір түсіп қалайық деген ұстам басым сияқты көрінеді...

Президенттің мемлекетті нығайтудағы атқарған еңбектері  қалың бұқараның көз алдында өтіп жатыр. Тіптен, халық оның жетістігі мен кемшілігін «трибунадан» емес, өзінің жотасымен, маңдайдан шыққан ащы тердің дәмімен сезінуде! Сондықтан, «мемлекет құру ісінде» 25 жыл бойы президенттің ең үлкен әріптесі деп шенеунікті емес, әкімді емес, Халықты атауға тиістіміз! Ендеше, президенттің атын беруді халық қолдап жатса – оны «халықтық шешім» деп қабылдауға тиістіміз. Ал «ұсыныс» айтып дәметушілерге қоғам тарапынан, президент тарапынан тосқауыл қойылуы тиіс. Сонда ғана әделетті қоғамға бет бұратын боламыз...

Сонымен, осы науқан осылай басталып кетті... Ендеше оны одан әрі неге жалғастыруға болмайды? Мысалы, Астана – президент Н.Назарбаевтың мәпелеп салдырған қаласы екендігі елімізде де, әлемде де мойындалды. Ал Қазақстандағы ең ірі шаһар Алматы ше? Шындығына келсек, Алматы Қазақ ССР-ін ұзақ жыл басқарған Дінмұхаммед Қонаевтың «мәпелеген» қаласы емес пе еді. Кім мұны өтірікке шығара алады? Ендеше, Алматы қаласында Д.Қонаевқа  деген құрмет оның кезінде осы қалаға сіңірген еңбегімен сәйкес болуы міндетті. Сондықтан, енді көп созбай, алдағы келе жатқан Қонаевтың 105 жылдығына орай, Алматы әуежайына мемлекет қайраткері Қонаевтың да есімін беріп жіберу керек. Сонда қандай жарасымды болар еді! Әнде айтылатындай: «Алматы мен Астана, Астана мен Алматы!...»

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060