Бейсенбі, 28 Қараша 2024
Жаңалықтар 2503 0 пікір 6 Қараша, 2010 сағат 08:56

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ. Бізде ұлттық құндылықтар негізінде біріккен тұтастық жоқ

- Армысыз, аға! Арқа өңіріне, одан өзіңіз жаңадан әкім боп жатқан Жезқазғанға келіп қалған жайымыз бар. Өзіңізді Алматыдан, Астанадан көріп жүрсек, енді елдік іске етене араласып жатқан кезіңізге куә болып отырмыз. Шыны керек, елордада мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры ретінде, қазақтың ұлтжанды азаматы ретінде республикалық ауқымда айтарлықтай істер атқара жүріп, кенет Ұлытауға әкім болып кеткеніңіз көпке түсініксіз де болып қалғандай. «Сонау Астанадан ауылға неге кетіп қалды?» деген сауал туса керек. Расында, неге?

- Армысыз, аға! Арқа өңіріне, одан өзіңіз жаңадан әкім боп жатқан Жезқазғанға келіп қалған жайымыз бар. Өзіңізді Алматыдан, Астанадан көріп жүрсек, енді елдік іске етене араласып жатқан кезіңізге куә болып отырмыз. Шыны керек, елордада мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры ретінде, қазақтың ұлтжанды азаматы ретінде республикалық ауқымда айтарлықтай істер атқара жүріп, кенет Ұлытауға әкім болып кеткеніңіз көпке түсініксіз де болып қалғандай. «Сонау Астанадан ауылға неге кетіп қалды?» деген сауал туса керек. Расында, неге?

- Байқауымша, мені көпшілік жұрт тек саясаттанушы деп қабылдайтын болса керек. Алайда, осы тұста айтарым - саясат­танушы болғанға дейін мемлекеттік қызмет­ке араласқаным бар, яғни осы Қарағанды облысындағы Теміртау қаласы әкімінің орынбасары болдым. Жұрттың, бәлкім, есінде де емес шығар, ол кезде мен 28-29 жас шамасында едім. Президент әкімшілі­гінде де қызмет еттім, яғни шенеу­нік­тік қызметтің қыр-сырына қанықпын десем болғандай. Кейін саясаттанушылыққа келдім де, ғылымға ден қойдым. Сондағы көтеріп жүрген басты тақырыбымыз - қазақ мәселесі, қазақтың бәсекеге қабілеттілігі, қазақтың түзелуі, қазақтың дамуы, ұлттық мінез. Қазақ стандарты: қазақ қандай болуы керек, не нәрседен арылуы керек. Сондай-ақ қазақ миссиясы: қазақ күн тәртібінің алдында қандай мәселелер тұр?!. Осыларды баспасөз арқылы, түрлі кітапшалар арқылы ұдайы көтергенмен, өзімді бір жалаң ұран­мен ғана жүргендей сезіндім. Бәрі де тек сөз күйінде ғана қалып жатқандай... Шүкір, бірақ қазір қазақ миссиясы жайлы түсінетін, соны талқылауға қабілетті қазақ азаматтары қалыптасты. Бұрын бұл мәселені тек қазақи ортада ғана айта алсақ, бүгінде орыстілділер де талқылайтын болып жүр. Ал енді жұрт көкейіне қондырған мәселені іс жүзінде орындау керек қой. Сондықтан Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов мырза осын­да Ұлытау ауданына әкім болуға ша­қыр­ғанда, осы мәселені ойлағандықтан келістім. Ұлытаудың қазақ тарихында қандай мәнге ие екенін өздеріңіз білесіздер. Қазақ деп көтерген ұранымызды, шын мәнінде, қазақ ауылынан бастап нақты іске айналдырсақ деп ойладым. Бүгінде жұрт «ауылға қанша қаражат салып жатырмыз, бірақ нәтиже көрінбейді» дейді. Ал оған не жетпейді? Біріншіден, мамандар жоқ. Барлық білімді, қолынан іс келеді дейтін азаматтар Астана, Алматы секілді үлкен қалаларда жүр. Олар менеджмент, қаржыны тиімді жұмсау секілді заманауи ел басқару тетіктерін алып келсе, ауыл, расында, бір­ша­ма көркейер еді. Елбасымыздың көтеріп жатқан ауылдан - Астанаға, Астанадан ауыл­ға ма­ман­дарын ауыстыру, араластыру деген саясаты өте дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, айталық, Үкіметте не болмаса министрлік­терде қызмет еткен азаматтар сол жоғарғы жақта көрген тәжірибелерін ауылдағы қызмет барысында қолданса, өте жақсы нәтижеге қол жеткізері сөзсіз. Немесе ауыл әкімдерін министрліктерге жіберсе, олар да біраз нәрсені үйренер еді. Сонда дамудың қарқыны үдемей ме? Ал қазір Астанада шалғайдағы ауылдың мәселелерін білмейтін азаматтар көп.

Осы ауылға келгендегі бір мақсатым - бұрынғы айтқан сөздерім мен көтеріп жүрген ұрандарымды және өзімді сынағым келді. Шын мәнінде, айтқан сөзімді жүзеге асыра алар ма екенмін деген ой басым. Ұлытау маған тек әкім болуды үйреткен жоқ, өмірлік үлкен мектеп болды. Қазақ мемле­кет­тігінің қара шаңырағы мен үшін рухани жоба болды. Ұлытауға келісімен ең бірінші ол ауданның басты ерекшелігіне, тарихына баса назар аудардым. Ауданның экономи­калық-әлеуметтік дамуының негізгі тірегі туризм болуы керек деген оймен біраз жоба­лар бастадық. Ауыл шаруашылығына қатысты да біршама жобалар қолға алынды. Негізі, ауданда отыз-ақ мың гектарға егіс егіледі, соның өзі биыл қуаңшылық болып, 10 мың гектардайы күйіп кетті, қалғанын жинап алдық.

- Сіз осының алдында мемлекеттік тілді дамыту қорын басқардыңыз, нақты жобалар жасап, тілімізді, шынында, алға сүйрейтін­дей істерге ұйытқы болдыңыз. Енді әкімдік қызметке кеткеннен кейін ол жобаларға тіпті ұлтжанды азамат ретінде де араласа алмайсыз ба?

- Мемлекеттік тілді дамыту ісін кім қайда жүріп, қалай алға сүйреймін десе де, ешкім оған шектеу қоймайды. Ұлытауға әкім бо­лып кеткеннен кейін туристік инфрақұры­лым қалыптастыру барысында 26 орындық демалыс үйін, қонақүйін кеңейтіп, жаз бойы этноауыл құрдық та, сол жерде алғашқы турис­терді қабылдадық. Олар кімдер дей­сіздер ғой? Халықаралық бизнес академия­сы мен «Самұрық-Қазына» қорының демеу­шілігімен осы қорда, «Қазақтелеком», «Қаз­­мұ­найгаз» компанияларында жұмыс істейтін 100 адам Ұлытауда киіз үйде тұрып, қазақ тілін үйренді. Олар түске дейін қазақ тілін, түстен кейін қазақ тарихын оқыды, ескерткіштерді, таңбалы тастарды өз көзде­рімен көрді. Бір жағы, тіл мен тарихты үйрен­ді, екіншіден, біз тарихи ескерткіш­терімізді, жерімізді, қазақтың киелі рухы тұнған осы­нау ұлы даламызды қаншама жүректерге қондырдық.

- «Ұлытау - үш жүздің басын қосқан жер» деген сөз жұртшы­лыққа тарап кеткен. Алайда бұл жердің тарихы одан әлдеқайда тереңіректе емес пе?

- Әрине, мен әлгіндей пікірге үнемі қарсылық білдіріп жүремін. Өйткені Ұлытау - қазақ үш жүзге бөлінбей тұрған шақта алты Алаштың басын қосқан құтты жер. Алаш дегеніміз - тек қазақ қана емес, оған қарақалпақ, ноғай, қырғыз, башқұрт, өзбек­тің біраз рулары да кіреді. Олардың бәрі - Алтын Орданың мұрагерлері. Жошы хан, Алаша хан, Едіге бидің мазарларының болуы Ұлытаудың қазақтың сондай бір қасиетті жері екендігін дәлелдейді. Қазақтың ұлт болуының бір белгісі - Таңбалы тас. Таңбалы тасты жаңғырту мақсатында Ұлытау төріне төрт метр биік тас әкеліп қойдық. Тасқа қазақ руларының таңбалары қашалып жатыр қазір. Бұл - қазақтың ұлттық бірлігінің белгісі. Тұтастығының нышаны. Сонымен қатар атақты ғалым, академик Әлкей Мар­ғұ­лан атамыз өз жазбаларында Ұлытауда 3000-ға жуық балбалтастың болғанын айтады. Біз тарихи кітаптардан алып, сол балбалтастардың көшірмесін жасап жатыр­мыз. Оның барлығы болашақта әсемделіп, әспеттеліп аудандағы саябаққа қойылады. Себебі олар елдің назарын өзіне аудартып, туристерді тартады, сол арқылы қаражат та түседі. Ал оның бәрі халықтың еңсесін көте­реді. Тағы бір айтарлығы - «Ұлытау - қазақ­тың Хан ордасы» деген атқа сай болсын деген оймен аудандағы мектептерге хандар­дың атын беруді жөн көрдік. Биыл, өкінішке қарай, бір үлкен тарихи оқиға елеусіз қалды: «Жоңғарға бодан боламыз ба, әлде қасық қанымыз қалғанша соғыса­мыз ба?» деген Қарақұм құрылтайына биыл 300 жыл толды. Құрылтайды атақты Тәуке хан басқа­рып, онда қазақтар бірауыздан жоңғармен соғысатын болып шешім қабыл­даған. Сол Қарақұм, қазіргі Қоскөл деген ауылдағы мектепке Тәуке ханның есімін бердік. Сол соғыста ең алғаш жоңғарға төтеп берген, тарихта «Бұланты шайқасы» деген атпен қалған жойқын тойтарыс Қарсақбай мен Бойқоңыр жерінде болған. Өкінішке қарай, бұл да жиі айтылмайды. Сол шайқаста Әбілқайыр хан қолбасшы болған. Сондық­тан ауданға қарасты Байқоңыр ауылындағы мектепке әйгілі ханның есімін бердік. Сонымен бірге Жезді ауылына Кенесары ескерткішін қойып, мектепке атын бердік. Қателеспесем, Хан Кенеге қойылған бұл ескерткіш - Астанадағы ескерткіштен кейінгі еліміздегі екінші ескерткіш. Келер жылы Кенесарының Ұлытауда хан болып сайлан­ғанына 170 жыл толады. Мибұлақ атты ауыл­дағы мектепті Қасым ханның атына, Алғабастағы мектепті Хақназар ханның атына беруге ұсыныс жібердік. Ұлытау ауда­нының тағы бір ауылы - Қорғасын мектебіне Кейкі батырдың есімін беруді ұйғардық. Кейкі батыр - тек Торғай өңірінің ғана емес, бүкіл қазақтың батыры. Ресми түрде 2011 жылы, яғни Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында бекітіледі деп сенемін. Ұлыла­рымызды ұрпақтар жадына сіңіру мақса­тында әуелгі шараны осылай қолға алдық.

- Жезқазғанда да осы жағына мән берген боларсыз?

- Иә, мұнда бірақ хандар емес, Алаш арыстарының атын беруді жөн көрдік. Әли­хан Бөкейхановтан бастап, Міржақып Дула­тов, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұма­баев, Ахмет Байтұрсынов, сонан соң биыл 100 жылдығына орай Бауыржан Момышұ­лына, Дінмұхаммед Қонаев атамызға, сондай-ақ Желтоқсан қайраткері Қайрат Рысқұлбековтің де есімдерін мектепке бермекпіз. Бір көшені Желтоқсан атына ауыстырдық. Егер де жоға­ры жақтан қолдау болып, бекітіліп келсе, бұл біздің Тәуелсіз­дігіміздің 20 жылдығына қосқан өзіндік бір үлесіміз болар еді. Атаулар ресми бекітілмесе де, таяуда ұстаздар күніне орай бір жиында мұғалімдерді мектептерінің жаңа атымен шақырдым. Басқалар сезінді ме, жоқ па, білмеймін, тұлғаларымыздың аты аталған сайын өзім керемет рухтанып отырдым. Себебі бұрын мен «Алаш арыста­рын ардақтау керек, олардың аттарын мек­тептерге беріп, ескерткіш орнату керек» деп ұрандатып жүрсем, енді нақты іске асыруға ұйытқы бола алғаныма көңілім толқыды. Бәлкім, халықтың бірі түсінсе, бірі түсінбес, бірақ түбі бұл бір үлкен іс болып қаларына сенемін. Қалада басқа да проблемалар да жетерлік.

- Иә, қала тұрғындарымен тілдескенімде бірден-ақ ауызсудан бастап, қала тазалығы, жол проблемасын айтып салды. Әрине, жандарына батқан болып тұр ғой. Түбінде бұл бір шешімін табатын мәселе ме?

- Шешімін таппай тұрған қат-қабат мәселелердің өте көптігін көзім көріп отыр, бірақ руханият мәселесі қашан да бәрінен жоғары. Жезқазқан - бұрын облыс орталығы болған қала. Менің түсінгенім, қаланы басқару ауылды басқарудан оңайырақ екен. Неге? Себебі ауылда маман жетіспейді, бір істі бастау үшін осы жағынан қиналуға тура келеді. Қалада жұмыс көп, бірақ мамандар жеткілікті, сондықтан кез келген істі еш қиындықсыз бастап кетесің. Жезқазғанның өз зиялы қауымы бар, мәдени қайраткерлері бар, ғылыми жағынан да қалыптасқан ортасы мығым, оқу орындары бар. Сондық­тан осындағы ақсақалдармен, зиялы қауым өкілдерімен ақылдасып, жұмысты бастап жатырмын. Көптеген мәселенің ең ба­сын­да коммуналдық мәселе, яғни жылу стансы­лары ескі, қашан да қысқа дайындық қиын­дау соғады. Осы жағынан алғанда, халық­тың тағдыры «Қазақмыс» корпорация­сына өте тығыз байланысты. Мыс азайып, түбінде жұмыс орындарының қысқаруы да мүмкін. Қала қаншалықты соған дайын? Осындай біршама проблемалар қордаланып тұр. Сонан соң ауызсудың сапасы сын көтер­мейді. Жезқазқазғанның болашақтағы даму стратегиясына келсек, қазір күн тәрті­бінде қаланың транзиттік потенциалын арт­тыру мәселесін қолға алу керек. Батыс пен шы­ғыс­ты қоса алатындай, мысалы, Елбасы­мыздың өзі көтеріп жүрген «Жезқазған-Бейнеу» теміржолын салу - күн тәртібінде тұрған мәселе. Өйткені Жезқазғаннан - Сексеуіл, Сексеуілден - Бейнеу. Сосын Жезқазғаннан Арқалыққа, Қызылордаға теміржол салынып, пойыздар қатынаса, түбінде транзиттік, транспорттық орталыққа айналып, болашақта бұл жерге инвестиция әкелуге болар еді. Өкінішке қарай, дәл бүгін мұнда ешкім келмейді, келгісі келмейтіні - мұнда тасымалдау өте қиын. Барлық жақтан алыс жатыр. Құмкөл - қасымызда, мұнай, газ жанымыздан өтіп жатыр. Бірақ әлгіндей проблемаларды реттемей, бізге одан қай­ран жоқ. Қазір айналыспасақ, бұл пробле­малар қордаланған үстіне қордаланып, тіпті қиын соғары сөзсіз.

- Ауызсуға тоқтала берді демеңіз, бірақ халық соны сұрауымды өтінді. Бүгін маманмен де жолығып едім, ол кісі кезінде жерасты суларын тарту жұмысы қолға алынғанын, кейін Кеңгір суқоймасы салынып, әлгі жерасты су көздерінен құбыр тартылмай қалғанын айтты.

- Бұл мәселені таяуда Астанада өткен бір жиында біраз талқыға салдық. Қазір қалада 50 пайыз - жерасты суы, 50 пайыз Кеңгір суы пайдаланылып жүр. Жалпы, су тасымалдай­тын құбырлар әбден тозған. Сондықтан қазір қаншалықты сапалы су әкелгенімізбен, қала шетіндегі шіріген құбырлардан өткенде қоқыспен араласып, лайланып ағып келеді. Бұл өте көп қаражатты талап етпек. Осы маңда Қожамсейіт суы деген су қоры мол табиғи бастау бар. Содан Жезқазғанға су тасымалдау үшін бүгінде 14 миллиард  теңге қажет болып отыр. Мұндай қаржыны ешкім бізге бере алмайды. Мұны қала мен облыстың қалтасы көтермейтіндіктен, Пар­ламенттегі депуттарымыз арқылы үкіметтің «Ауызсу» бағдарламасына енгізуді сұрап жатырмыз. Тек ауызсу мәселесі емес, мұнда  ол тек бергі жаққа көрініп тұрған беті ғана. Жалпы, жылу, су, канализация құбырлары түгел ескірген, шіріп тұр.Үйлердің өздері де тозып тұр. Осыдан он шақты жыл бұрын Қарағанды облысына қарасты Теміртау, Саран, Шахтинск қалаларының жағдайы қиын болатын, бірақ олар төлем тарифтерін жоғарылату арқылы жағдайларын біршама дұрыстап алды. Ал біздің қаладағы тариф - Қазақстандағы ең төменгі тариф. «Қазақ­мыстың» өзі Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш қалаларында су, жылу бағаларын төмен бағамен ұстап отыр. Бірақ дәл осы бағамен отыра беруге болмайды, бізде де сол Теміртау секілді қалалардағы үрдісті қолға алатын болармыз. Онда да жалпы халыққа емес, заңды тұлғалар, яғни мекемелердің жылуға, суға, электр қуатына төлейтін тари­фін көбейтеді. Сондықтан бұл жағынан үлкен өзгерістер алдында тұрмыз. Болашақта «Қазақмысқа» қарасты су тасымалдау, жылу тасымалдау, күл-қоқыс шығару секілді коммуналдық мекемелерді біртіндеп қалаға қайтарамыз ба деп отырмыз. Бір жағынан, «Қазақмыстың» ұстап тұрғаны да жақсы, бірақ, екінші жағынан, бір мекемеге, корпо­рацияға бағынышты болу да дұрыс емес. Қала тұрмысымен, жағдайымен әкімшілік айналысуы керек. Мысалы, кешегі дағдарыс кезінде халықтың бәрі «Қазақмыстың» қабағына жалтақтаумен болды. Сондықтан таяу арадағы 10-15 жылда қаланы кор­порациядан тәуелсіз еткен дұрыс деп санаймын. Тәуелсіздік дегенде, ертеңгі күні мыс қоры азайып жатқанда да, біз басқа өндірісті дамытуға дайын болуымыз керек. Іргемізден өтіп жатқан мұнай құбырын пайдаланып, мұнай өңдеу, битум зауытын салу немесе теміржол салынып, экономика­ның басқа да жақтарын дамытсақ, сонда қала тұрақты дамыр еді. Әйтпесе қазір «Қазақмыс» түшкіріп қалса, барлығымыз ауыруға дайын тұрмыз. Жасыратыны жоқ, қазір жезқазғандықтарда «болашақта Арқалық сияқты болып қалмаймыз ба?» деген  үрей де бар. Кезінде кен орындары барда Жезқазған секілді гүлденіп тұрған қаланың қалай құлазып қалғанын көріп отыр ғой. Қазақстанның қақ жүрегінде тұрған Арқалық болсын, Сәтбаев, Жезқазған болсын, құрдымға кетпеуі керек. Құдайға шүкір, Қазақстанның барлық жағы дамып жатыр, бірақ дәл осы орта өңірі кешеуілдеп тұр. Бұрын жұрт «Жезқазғанға, Арқалыққа теміржол салса, жақсы болар еді» деп айт­са, бүгінде ол «жақсы болар едіден» дегеннен гөрі қат, күнкөріс үшін аса үлкен қажеттілікке айналып отыр. Үкімет басымыз Кәрім Мәсімов «Арқалық - Шұбаркөл» арасында көмір тасымалдау үшін теміржол салуға тап­сыр­ма берді. Өте құптарлық іс. Ол тек көмір үшін жасалмай, Арқалықтан Шұбар­көл­ге емес, Жезқазғанға дейін тартса, тіпті дұрыс болар еді. Себебі Жезқазған арқылы да Арқалыққа көмір тасуға болады. Сондай-ақ екі қаланың ортасындағы қаншама елді мекендердің қатынас мәселесі жеңілдеп, даму қозғалысы пайда болар еді. Жол деген экономикалық жағынан жаңа серпін беретіні белгілі.

- Қала тұрғындарының тағы бір мәселесі - азық-түліктің қымбаттауы. Халықтың әлеуметтік жағдайы көтеріңкі болмағандықтан, бағаны бір мөлшерде ұстап тұруға болмай ма?

- Бұл мәселені сізге қайда барсаңыз да айтады. Тіпті ең арзан деген Оңтүстік Қазақ­станда да. Астықтың атасы - Қостанайда да «нан қымбат» десе, таңғалмаңыз. Сон­дық­тан барлығын жан-жақтан тасымалдай­тын, және байланыс жолы қиын бізде қалай бәрі арзан болсын? Оның үстіне биыл бізде қуаң­шы­лық болып, егін түсімі онша жақсы болған жоқ. Сондықтан халық барлығын түсінуі керек, шыдауы қажет. Бірге көнеміз. Егер халық шын қиналып, жетпей кетсе, Үкімет көмектесер деген үміт бар. Осы тұста айта кету керек, бізде апта сайын халықтың қалта­сына шақталған арзандатылған баға бойын­ша жәрмеңке өтіп тұрады. Облыс басшылы­ғының қолдауы арқасында бүгін­де қа­ла­мыз­да бірінші сортты 600 г нан 38 теңгемен сатылуда.

- Иә, «Жезқазғанда жасалған» деген жәрмеңке өткізіпсіздер. Сонда осы қалада қандай өнімдер жасалады?

- Соны өзім де білу үшін, кәсіпкерлермен танысу үшін арнайы ұйымдастырған бола­тынмын. Бізде көбіне, әрине, «Қазақмыс­тың» тапсырысын орындап, мыстан түрлі құры­лыс заттарын өндіріп, киімін тігіп, тамағын дайындайтын, сол алып корпора­ция­ның төңі­регіндегі кәсіпкерліктер. Тағам, яғни нан, шұжық, кондитерлік өнімдер кәсіпкер­лігі біртіндеп даму үстінде деуге болады. Ұлттық киімдерге тапсырыс қа­был­дайтын сән орталықтары бар, ал қала­ны абаттан­дыруға арналған құрылыс ком­паниялары енді ғана аяққа тұрып келеді. Дегенмен Жезқазған деген қала деңгейі үшін әлі аз болып тұр, шыны керек. Көбіне тұрмысқа қажет заттың барлығы сырттан әкелінеді. Тым құрығанда, кірпіш өзімізде құйылса ғой.

 

Алашқа айтар Датым бар!

- Мені қашанда қазақтың тұтаса алмай келе жатқаны қатты алаңдатады. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болса да, ұлт болып тұтасу өте баяу қозғалып жатыр. Тілімізде тұтастық жоқ: қазақтілді, орыстілдіміз, жерге бөлінеміз, одан батыстық, шығыстық, оңтүстік т.б. болып жер-жерге бөлінеміз. Дініміздің өзі: салафидтер, вахаббиттер т.б. болып, бір-бірімен қырықпышақ болып бөлініп жатқан бір қазақ. Мен ата-баба, руды айтпай-ақ қояйын. Әлдеқашан шешуге болатын тіл мәселесінің әлі күнге созылып, қайта ушыға түсуі - сол бірауыздылық, бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай бола алмай, бытырап жүргенімізден. Күні кеше Қызылжардың атауына байланысты да біріге алмауымыз - осының нақты дәлелі. Ұлттық деңгейде ойланатын, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық құндылықтар негізінде біріккен тұтастық жоқ. Өкінішке орай, бір ауылдың ішінде жүріп те жеке қара басы, ауылды мекен, ру, әулет, ата-бабасының тұрғысынан аса алмай жүрген азаматтар жиі кездеседі. Бұлай кете берсек, жер-жер, ата-ата, ру-ру болып шашырап, тіл мәселесі жайына қалады. Сондықтан айтарым - тұтас қазақ болмай, даму жоқ!

 

Мәриям ӘБСАТТАР

Газеттегі тақырыбы; «Бізде ұлттық деңгейде ойланатын, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық құндылықтар негізінде біріккен тұтастық жоқ»

«Алаш айнасы» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1561
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3365
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6380