Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2139 0 пікір 10 Қараша, 2010 сағат 22:11

Берік ӘБДІҒАЛИ, Жезқазған қаласының әкімі: «Абылайды әбден мазақ қылып біткен...»

Білсеңіздер, «Абылайдың «басын» алып, Сәкенді тұғырынан «тайдырды» атты мақала газетіміздің алдыңғы сандарының бірінде жарық көрген болатын. Бұл материалда Жезқазғанға әкім болып келе сала, Берік Әбдіғалидың ешкіммен ісі жоқ ескерткіштерге «қырғидай тигені» жазылған-ды. Ізін ала бірнеше оқырманымыз хабарласып, ұлт жанашыры Берік Әбдіғалиұлының мұндайға баруы мүмкін емес деген тақылетте өз таңғалыстарын жасырмады. Осыған байланысты Берік Әбдіғалимен болған сұхбаттың ұзын-ырғасы мынадай болып еді.

Абылайдың «басын» алудағы бас мақсатыңызды басқалар түсіне алмай жатыр-ау, шамасы. Сіз де  мүмкін,  жұрттың ыңғайына жығылып, мүсінді жайына қалдыра салуыңыз керек пе еді?

Білсеңіздер, «Абылайдың «басын» алып, Сәкенді тұғырынан «тайдырды» атты мақала газетіміздің алдыңғы сандарының бірінде жарық көрген болатын. Бұл материалда Жезқазғанға әкім болып келе сала, Берік Әбдіғалидың ешкіммен ісі жоқ ескерткіштерге «қырғидай тигені» жазылған-ды. Ізін ала бірнеше оқырманымыз хабарласып, ұлт жанашыры Берік Әбдіғалиұлының мұндайға баруы мүмкін емес деген тақылетте өз таңғалыстарын жасырмады. Осыған байланысты Берік Әбдіғалимен болған сұхбаттың ұзын-ырғасы мынадай болып еді.

Абылайдың «басын» алудағы бас мақсатыңызды басқалар түсіне алмай жатыр-ау, шамасы. Сіз де  мүмкін,  жұрттың ыңғайына жығылып, мүсінді жайына қалдыра салуыңыз керек пе еді?

- Қазақстанда Абылай ханның ескерткішін еліміздің қай қаласына қойсаң да, артықтық етпейді. Бірақ  ұлы ханымызға ескерткіш қалай болса, солай қойылмауы тиіс. Жезқазғанға бұрындары келіп жүргенде, Абылай ханның ескерткішін кім көрінген, қазағы да, орысы да, келеке етіп, күлкіге айналдырып жатқанынына талай куә болғанмын. Жұрт оны мультфильмдердегі ебедейсіз, есерсоқ кейіпкерлерге теңеп, қолын шошайтып көрсеткенде, «осыны қалай ғана қойды екен?» деп тістенетінмін. Кейде ол менің көзіме қаңбақ шалдың ұсқынсыз бейнесі ретінде елестейтін. Қысқасы, Абылайды әбден мазақ қылып біткен... Қалаға әкім болып келісімен, ескерткішті алдыртып тастадым. Себебі, бұрын оны сырт көз ретінде жай сынасам, енді Абылайдың көзге күйік қалыпта тұра бергені маған сын еді. Алаштың намысына тиетін, алып тұлғамыздың атына қиянат келтіретін ескерткішті, бұлай айтпасқа шарам жоқ, алып тастағаным содан. Авторын шақырып алып, «дұрыстап өндеңіз» десем, ол «мені асықтырып еді, әйтпесе барымды салар едім» деп ақталады.

- Авторы айтулы мүсінші ме еді?

- Жоқ, жергілікті мүсінші ғой. Ол қазір ескерткішті қайта өңдеп жатыр. Жұмысты бітірісімен, Абылайды бұрынғы орнына емес, қаланың басқа жеріне қоятын боламыз. Себебі, қала әкімшілігінің алдындағы алаң атшаптырым жер де, ескерткіштің көлемі бәрібір кішкентай болып қалады. Үйлесім болмайды. Қазір Мәдениет министрлігіне ұсыныс жолдап, осы алаңға Тәуелсіздік монументін орнатуға байқау жариялап жатырмыз.

- Сонда Абылайдың орнын басатын сәулеттік туындының ерекшелігі неде болмақ?

- Бұл Жезқазған халқына Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай ерекше, өзіндік сый болмақ деген ойдамын. Тек қазақ тарихын жалпылай емес, Ұлытау өңірінің, Хан ордасының, Жошы хан, Алаша хан, Едіге, Тоқтамыс батырлардың ерлігін, Бұланты шайқасын, тағы сол сияқты көрген адамның намысын жанып, рухын көтеретін образдарды жиынтықтайтын еңселі монумент болады деп отырмын, бұйыртса. Бұл жағынан ақсақалдармен де, зиялы қауым өкілдерімен де келтесін қайдан қайырарына дейін кеңесіп, ақылдасып, бір тоқтамға келгенбіз.

- Ал, Сәкен Сейфуллин ескерткіші қай «статьямен» айыпты болып еді?

- Шыны керек, ол да шаһардың сәулеттік келбетінің сиқын кетіріп тұрған ескерткіштің бірі еді. Аяғы жоқ, қолы жоқ, «горшокта» отырған кісі» сияқты деп, қаншама жылдан бері келген-кеткендер күліп-күліп қоятын. Сол Сәкеннің ескерткішін жақсылап өңдеп, С.Сейфуллин атындағы кітапхананың алдына апарып қойдық. Ақынға өзіндік құрмет көрсетіліп, сән-салтанатымен қойылды. Яғни, оған жаңа ескерткіш ашылғандай шара ұйымдастырылды. Лақтырып тастауға обал емес пе? Қазір Сәкеннің сұлу, парасатты келбетіне лайық мүсін жасатуға байқау жариялағалы отырмыз. Министрлікке өтініш жібердік. Егер бекітсе, Тәуелсіздік монументі һәм Сәкеннің ескерткіштеріне республикалық деңгейде екі байқау жарияланады дей беріңіз.

- Мүмкін, осы ескерткіштерді алдымен жасатып алып, «күлкілілерін» кейін ысырып тастаса да, күңкіл аз болар еді-ау...

- Әрине, бұл жолмен де баруға болады. Осы сұрақты мәселе қылып көтерген ағайындар аз болмады. Бірақ, бізде жұртшылықтың бұл мүсіндерге әбден көзі үйреніп кеткен. «Ұлы тұлғаларымыздың бейнесі деп қарауға ұят, асқан жауапсыздықпен құйылған мүсіндерге көзімді үйреткім келмейді. Жезқазған екен деп, жарымжан мүсін жасай салуға болмайды ғой», - деп оларға түсіндіріп, айттым. Сөйтіп барып, мүсінді орнынан қозғадық. Айтпақшы, осы дау-дамайдың аясында, қаладағы 9 мектептің атын ауыстырып жібергенім байқалмай кеткен сияқты. Әйтеуір, бір қуанатыным, Алаш арыстарын айтпағанда, Қайрат Рысқұлбеков, Мұстафа Шоқай сияқты мықтыларымыздың есімін мектептерге бергіздік. Жасыратыны жоқ, олардың есімдерін бір жерге беру тұрмақ, еске алудың өзі қиын болып тұр емес пе?

- Ғарышкерлерге деген пейіліңізді бульварға атауын берумен білдірді деп жатыр дейді. Шынымен, солай болғаны ма?

- Мәселе мынада. Қаланың қақ ортасында, желегі жайқалған, үйлері сәулетті деген сәнді көшеміз бар. Орыс ақыны Некрасовтың атында. Жаңағы Сәкен Сейфуллиннің ескерткіші де осы көшенің бойында тұр. Білсеңіздер, бұл көшенің атауын жергілікті ағайын талай жылдан бері ауыстыра алмай жүрген. Ауыстыра салайын десе, орыстілділер ұлардай шулайды. Желтоқсан деп өзгертейік дегенде де, орыстілді ағайыннан қаймығып, жылы жауып қоя салған. 1994 жылы көшені Некрасовтан «алып», Сәкенге «берейік» десе, онда да «орыс жазушысының жекжат-жұрағаттары» қарсы шығып, көше атауын сақтап қалады. Некрасовтың атында көше бар демесең, бұл жерде Некрасов болмаған да, еш қатысы жоқ қой, қарап тұрсақ. Содан барып, сол кездегі Ғарышкерлер бульварына Сәкен Сейфуллиннің есімін бере салады. Бұл жерде айтайын деп отырғаным, біз Тәуелсіздіктің 20 жылдығы бір бөлек, Желтоқсан оқиғасының 25 жылдығы бір бөлек, ғарышқа адам баласы ұшқанының 50 жылдығына арнайы бағдарлама дайындап жатырмыз. Себебі не десеңіз, баяғыдан Жезқазғанның «ғарыш гаваны» деген жақсы имиджі болған. Әрі ғарыш игеру деген аймақтық емес, халықаралық жоба ғой... Сапарларынан сау оралып, осы маңға қонған ғарышкерлердің барлығы әлгі бульварға тал егіп, аты-жөнін жазып кеткен. Сол дәстүр әлі де жалғасып келеді. Бульварда Леоновтан бастап, Мұсабаевқа дейін ғарышкерлердің талдары тізіліп тұр. Осы қисынға салып, біз Некрасов көшесіне Сейфуллиннің атын бергізіп, ал бульварға бұрынғы атауын (Ғарышкерлер бульвары) қайтардық.

- Бәрі дұрыс-ау, бірақ «төбемізден зымыран сынығы түспесе екен» деп тілейтін жұрттың тілегі басқа сияқты емес пе?

- Ауаны былғайды, жерді ластайды екен деп, ғарышты игеруді тоқтатып тастауға болмайды ғой. Экологиямыз нашарлап кетті деп, онда Байқоңыр айлағын жауып тастайық, агенттікті таратайық. Бұл енді тым қарабайыр түсінік. Ғарышты неге қазақ баласы игермеске?! Байқоңыр ғарыш айлағын өмір бойы ресейліктер өз иелігінде ұстайды деп айта алмаймын. Оны түбінде қазақ өзі игеретін, өзі басқаратын күн болады. Ол үшін бүгінгі жастардың, жеткіншектердің ғарышқа деген құрметін, ықыласын оятуымыз қажет. Оның жолдары көп: біреуі - тым құрыса бір көшеге «Ғарышкерлер» атын беру. Бұл сөз әуелі баланың санасына сіңеді. Содан кейін, бәлкім, арманына айналар. Біз баланың арманына мүмкіндік жасауымыз қажет. Әрине, экологиялық  талаптарды, қауіпсіздік шараларын күшейтпесе, болмайды. Оны мен де жақсы түсінемін.

Айтпақшы, «Сейфуллин көшесін Некрасов көшесінің жалғасы ретінде жарты көшеге бергізді» деген пікірге қарсы уәжіңіз бар ма?

Ешқандай да жалғасы емес, ұзыннан-ұзақ жатқан көшеге Сәкеннің атын бердік. Бірақ, өздеріңіз келсеңіздер де көресіздер, бұл көшенің бұралаңдары көп. Сол бұрылыстың біріне Некрасовтың атын қалдыра берейік деп өзім айттым. Сондықтан, бұл айыптау негізсіз деп білемін. Міне, қызметіме кіріскеніме 2 айдың жүзі болды. Осы аралықта 100 млн. теңгеге жол, жарықтандыру сияқты коммуналдық шаруашылығын жөнге келтіруді бастап жатырмыз. Әрине, іс нәтижесін алдағы уақыт көрсетер. Дегенмен, әкім тек қана коммуналдық-шаруашылық мәселелерге маңыз беруі керек деген ой дұрыс емес. Әкім болсаң, рухани және экономикалық мәселелерді қатар алып жүр. Ал, атына заты сай емес, шала-пұла «тасты» қоя салумен, қайта біз ұлтымызды азғындатамыз. Осыны түсінсек нетті, ағайын...


Өркен КЕНЖЕБЕК,

«Халық сөзі»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5671