Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2152 0 пікір 11 Қараша, 2010 сағат 05:12

ИНТЕРНЕТ-КОНФЕРЕНЦИЯ: ҒАББАС ҚАБЫШҰЛЫ (Жалғасы)

«Абай.кз» порталының қонағы жазушы Ғаббас Қабышұлымен сұхбат форумға қатысып сұрақ қойған оқырманмен  жалғасын тауып кетті. Бұл біздің сайтта бұрын-соңды болмаған «дәстүр» екенін жалпы көпке ескерте отырып, қарт қаламгердің ойлы әңгімесіне тағы да кезек бергенді жөн көрдік.

- Иманғали туралы ашып айтыңызшы. Ол адам нағыз ұлтжанды дейді. Рас па? Иманғали Тасмағамбетов  президент болса, қазақтың өз жерінде мәртебесі артып, беделі өсе ме? Сосын кіші жүздің бөлініп Оралда жасағалы жатырған құрылтайы туралы айтсаңыз. Қолдайсыз ба? Шақырса, барасыз ба?

- Иманғали ұлтшыл.Президент бола алады.Қайталайын: егер ол билікке Ельциннің ешбір қателігін айтпайтын болып барған Путиннің тонын жамылып барса, халық оған алғыс айта қоймайды. Халық қазіргі биліктен қажыды. Бүгінгі қателіктерді атап-атап түзету болмаса, бітеужара қала береді. Кіші жүз қазақтарының құрылтайын естідім, бірақ әңгіме өзегі не мәселе екен, оны білмеймін. Шақырса барармын.

- Ғазиз Алдамжаров коммунистердің сөзін сөйлеуден әрі аса алмай жүр ғой. Мемлекет басшысына лайық ірілік те, салмақты сөз де айта қойған жоқ әзірге. Сізді бәтуалы әңгіме айта ма деп ойлап едім, бастамай жатып жауабыңыздан біреулердің ығына жығыла бастағаныңыз байқалды

«Абай.кз» порталының қонағы жазушы Ғаббас Қабышұлымен сұхбат форумға қатысып сұрақ қойған оқырманмен  жалғасын тауып кетті. Бұл біздің сайтта бұрын-соңды болмаған «дәстүр» екенін жалпы көпке ескерте отырып, қарт қаламгердің ойлы әңгімесіне тағы да кезек бергенді жөн көрдік.

- Иманғали туралы ашып айтыңызшы. Ол адам нағыз ұлтжанды дейді. Рас па? Иманғали Тасмағамбетов  президент болса, қазақтың өз жерінде мәртебесі артып, беделі өсе ме? Сосын кіші жүздің бөлініп Оралда жасағалы жатырған құрылтайы туралы айтсаңыз. Қолдайсыз ба? Шақырса, барасыз ба?

- Иманғали ұлтшыл.Президент бола алады.Қайталайын: егер ол билікке Ельциннің ешбір қателігін айтпайтын болып барған Путиннің тонын жамылып барса, халық оған алғыс айта қоймайды. Халық қазіргі биліктен қажыды. Бүгінгі қателіктерді атап-атап түзету болмаса, бітеужара қала береді. Кіші жүз қазақтарының құрылтайын естідім, бірақ әңгіме өзегі не мәселе екен, оны білмеймін. Шақырса барармын.

- Ғазиз Алдамжаров коммунистердің сөзін сөйлеуден әрі аса алмай жүр ғой. Мемлекет басшысына лайық ірілік те, салмақты сөз де айта қойған жоқ әзірге. Сізді бәтуалы әңгіме айта ма деп ойлап едім, бастамай жатып жауабыңыздан біреулердің ығына жығыла бастағаныңыз байқалды

- Ғазизбен екі мәрте аз-маз әңгімелескенім болмаса, сырласқан емеспін. Сөздеріне қарап үміт артып жүрмін.Орнықты. Ой-пікірі оңды деп білем. Коммунистерді істен алғысыз ететін әдет шыққаны өкінішті. Олар бүгінгі басшыларша,шенеуніктерше халықты алдамай сөйлейді.Олар кешегі кеңестік заманды жиірек еске алса, ол түсінікті. Ол кезде оқу тегін болды, медицина тегін жәрдемдесті, жоғары орындарын бітірген жастарды жұмыс күтіп тұрды. Ол жаман ба еді? Бүгін дипломды жұмыссыз жастар көп. "Ауылға барыңдар!" деген ұрын шықты. Ол қаладағы жұмыссыздардың санын азайту саясаты. Ал ауылда не жұмыс бар? Бәрі жекешелендірілді. Жеке қожалық иелеріне артық ауыз керек пе? Көптеген ауыл қылаяғы ауызсуға жарымай отыр. Жастарға ауылға бар дейді екен, қай ауылға қай мамандықтан неше қыз-жігіт керек, оларға еңбекақыны кім төлеуге тиіс? Кеше игі істердің бәрін өздері ұйымдастырған бүгінгі қартаң комумнистер осыны қатты айтса, ол айып па? Ата-әжелеріңіз, әке-шешелеріңіз, аға-апайларыңыз кезінде елге адал еңбек еткен коммунистер болса,оларды кінәлап, олардан жеріп кеткен жоқ шығарсыздар? Нендей жәйтті болсын жалпылап сөйлеу әділдік емес.

- Ғабеке, сіз бен біздің көзіміз тірі кезде қазақ тілінің көсегесі көгере ме? Әлде билік басындағы санасы орыстанып кеткен, қазақ тілінің өрісі кеңейсе жылы орынтағынан айырылып қалам деп қорыққандардың қанжығасына байланып кете бере ме?

- Қайталайын: біздің өкімет, үкімет, парламент қазақ тілінде - мемлекеттік тілде сөйлемейінше тіліміз де, халқымыз да көгермейді!Сондай бетбұрыс болса,шүлдірлеп жүргендердің бәрі жол жиегінде қалады!

 

- Ғалымжан соңғы жылдарда шетеле жүргендіктен, президенттікке түсе алмайды. Қазақстан президенті соңғы 10 жылда Қазақстанда тұруы керек. Сондықтан Серікболсын, Жармахан, Ғазиз Алдамжаров немсе Иманғали Тасмағамбетов деп созып тұрғанша, көзіңізді ашып қарап шындықты айтыңызшайшы. Болашақ президент ИМАНҒАЛИ болса жақсы болады деп. Сізге ренжіген оппозицияның серке шалдары "берген тайлақтарын қайтып алсын!" Сізден ел көпті көрген адам ретінде шындық пен бәтуалы сөз күтеді...

- Сізсіз де көзімді ашып қарап, шындықты ғана айтып жүрген қазақ екеніме күдіктене қарай бердіңіз-ау. Қайталайын: Иманғали да,Қырымбек те, басқа Азаматтар да президент бола алады. Ғалымжан неге түсе алмайды? Емделіп шетте жүргеніне екінші жыл.Қазақстан азаматтығынан шығып көшіп кеткен жоқ.Одан қорқып, оны қара қақпанына қайыра түсіруді көксеуші биліктің пәле-жаласы өзін тапсын деңіз

- Қазақ аудармашылары оның ішінде діни кітаптарды аудару туралы айтпаған екен. Өкінішті. Өте өкінішті.

- Естуімше, діни кітаптарды талғамай аударып жүргендер танымал аудармашылар емес, бүгінгі малтапқыш жорналшылар көрінеді және олар өз аты-жөндерін жазбай, бүркеншік
атты пайдаланады деседі. Ол аудармалар туралы пікір айтатын әдеби сыншы емеспін. Бір сұрақтағы жас талаптар туралы да осыны айттым, олардың өзім алдыратын әдеби гәзет-жорналдардағы әңгімелерін, өлеңдерін оқимын, "мынау мықты!" деп айтар сыншылығым шамалы, ал кітаптарын, гәзет-жорнал атаулының бәрін сатып алудың реті жоқ.

- Ғаббас аға "әділдігім үшін мұрныма шертпек тиді" депті. Осы үшін 1983 жылы Қазақстан КП идеология хатшысының мақтап қызметке қойғанын, ал 1987 жылы "оңбағансың!" деп қызметтен алғанын жазыпты. Дәл осы жері қисынға келмейді. 1983 жылы қызметке қойған ид. хатшы Кәкімжан Қазыбаев өз туысы - найман. Ал 1987 жылы қызметтен алған Камалиденов болуы керек. Оны жұрттың бәрі де біледі. Егер Қазыбаев қойып, Қазыбаев алса, онда солай деп айтуға болар еді. 1987 жылы кім не көрмеді?

- Беу, ағайын! Марқұм Қазыбаевтың аруағына тиіспеңіз. Ол рушыл болған жоқ, маған сенбесеңіз, бүгінде көзі тірі достарынан сұраңыз. Жазушылар одағында отыз жыл жұмыс істегенде рушылдық, жершілдік мінез көрсеткен болсам, маған ісі түскен, бүгін бар қазақ, орыс,ұйғыр, неміс, корей ақын-жазушылардың кез келгенінен сұрап білерсіз,егер өте керек етсеңіз. Ал "Ара-Шмельдегі" жылдарымда менің үстімнен шағым жазғандар Зақаш Камалиденовке ғана бармаған, одан асып Колбинге жазған, барған, ал Зақашта Колбиннің тапсырмасын орындамасқа лаж болып па? Менің ізіме ит салған - екі сөзінің бірі "товарищ Колбин" болған Альберт Устинов. Орталық комитеттің баспасөз секторында істеген, атын ұмытып қалдым, кейін "Казправдаға" редактор болған бір жалбақай да жүйкемді біраз тоздырды.Сіз төтелеп: "...Оны жұрттың бәрі біледі" депсіз, жұрттың бәрін куә етпегенде,сіздің өзіңіздің білгеніңіз мені рушылддардың қатарына қоса салу ғана болды ғой.

- "...Жұрттың бәрі біледі" дегенде Камалиденовты жұрттың білетінін айтып отырмын. Ал Қазыбаевты рушыл деп жазбаған сияқтымын. Кешіріңіз.

- Оқасы жоқ. Мен - ешқашан ешкімге ренжімеуге тырысатын шалмын. Бәріміз де
пендеміз ғой. "...Қазыбаев өз туысы найман" дегеніңізге қарата айтқаным еді. Сіздің де көңіліңізде көлеңке қалмасын, ағайын!

 

 

- Ғаббас аға, қазақта болашақ бар ма? Біздің мұсылман көршілеріміздің барлығының басы өсіп жатыр, ал біздің елде қазағымыздың қанша екенін ешкім білмейді. Өткен санақтың жайы белгілі, бізді біреу: президент 67, үкімет 65, статтың соңғы басшысы 62 пайыз десе, ЦРУ 56 пайыз деген екен бір басылымда. Сонымен БАҚ-тардың біз тәп-тәуір өсіп жатырмыз дегеніне сене алмаймын. Басы өспеген халық өшеді.Сіз ұлтымыздың болашағынан қорықпайсыз ба?

- Сайт сұрақтары басталғанда-ақ әрқилы ойға кетіп едім.Соның маған ең ауыры халықтың бүгіні, болашағы туралы не айтарымды білмей қиналамын-ау еді. Міне, сол мәселе көлденеңдеді... Қай халықтың болсын тағдыры елінің дізгін-шылбырын ұстаған кісінің іс-әрекетімен байланысты ғой. Жоғарғы Кеңес депутаттарының ұйғарымымен президенттікке сайланған Н. Назарбаев Қазақстан жұртшылығының несібесі сол жұртшылықтың өзіне ғана бұйыруы керектігін жете ойласа,ауыл шаруашылығын алты айда "реформалаудан" сақтай тұрса, мұнайымыз бен газымыздан, т.б. байлығымыздан түсетін қаржының әрбір теңгесін қатаң есептетіп, ырың-жырыңға салдырмай,негізгі иесі - халықтың әл-ауқатына жұмсаттырса, онда біз, Назарбаевтың ә дегенде өзі айтқандай, 2-нші Кувейт болатын едік. Амал не, "ұстауға өзіміздің қаржымыз жетер емес" деп (ол бекер сөз) өнеркәсіпті жолтапқыш машкевичтерге беріп қойдық, ал олар 5-6 жылда миллиардер болып шыға келді.Ел байлығы, сөйтіп, ішкі-сыртқы алаяқтарға, обырларға жем етілді. Қарапайым халық кедейшілікке тап болды. Халықтың неше пайызы бай, неше пайызы кедей, неше пайызы қайыршы екенін тиісті орындар ашып айтпайды. Сонымен, халықтың өсуіне келсек, ол тұрмыстық жағдайымен тікелей байланысты.Алдағы уақытта жағдайы жақсарса, халық саны өсе бастайды.Бұған дейінгі өсуіміз шеттен көшіп келген қандастарымыздың есебінен болды, бұрынғы тұрғын халық өсіп қарық болмады деп білем.Қазақтың саны, соңғы санақтан кейін қанша уақыт өтсе де, әлі анық айтылмауында осындай гәп бар. Әрине, қазақтың болашағы бар,тек соның жарқын болуын ойлайтын, халыққа жан-жүрегімен берілген басшылық болсын деңіз. Сөзім созылып кетті, ренжімегейсіз.

Алла жарылқасын, Ғаббас аға! Абайшылдарға, ағайындарға айтып жүргенім осы ғой - арамызда алқалы ақсақалымыз болса , "басымызға бақ қонады" деп. Әдеп те орнайды, ауыз бірлікке де келеміз. Абайшылдардың құлағына алтын сырға, атасыздардан Құдай сақтасын. Исатай.

- Исатай мырза, "Ақсақалды ауыл азбас" деген ғой қазекем. Соны бала жастан естіп өскен қара домалақтардың бірі болдым да, өзі жақсы білсе де артықтық етпес деп ойлап, Н. Назарбаев президент сайланысымен оған хат жызып (қазекемнің "бір жеріне қарамай" дегенін ескермей), былай деп едім: "...халық шаруашылығымыздың әрбір саласынан жұрт құрметтеп жүрген бір адамды алып, Ақылдастар, яғни Ақсақалдар
алқасын ұстаңыз. Оларды айына бір рет жинап алып, қай ісіміз оң болып, қай ісіміз
ағат болып жатыр, кәне, ашық сөйлесейік" деп халықтың ой-пікірін солар арқылы біліп отырсаңыз қателеспейсіз". Әдебиет саласынан: Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Сәкен Жүнісов үшеуінің бірін алуды ұсындым. Әкімшілігінен: "Хатыңызды
алдық" деген жауап келді де, сонымен тынды. Президентке ондай кеңесті талай адам
бергені сөзсіз, бірақ ескерілмеді. Егер "Ақсақалдар алқасын" ұстап отырса,кейін
жасалған қателіктердің көбі болмас еді деп ойлаймын. Кім білсін... Ал сізге, Исаке, жылы сөзіңіз үшін рахмет, аман-есен болыңыздар!

- Ғаббас ағамыз сонша айтқан, жауап берген, бірақ түк айтпаған, жауап бермеген күйінде қалыпты. Яғни, ашылмапты. Жалпы белгілі бір тақырып болмаса, мұндай жамырау-сұхбат бекершілік сияқты. «Абай.кз» азаматтарына өтініш, келесі сұхбаттарды бір тақырыптың аясында өрбітсеңіздер екен. Мысалы "Ғаббас аға Назарбаев туралы", немесе "Ғаббас аға және оппозиция" деген сияқты.

-  Ұсынысыңыз өте дұрыс! Бірақ "түк айтпаған,жауап бермеген күйінде қалыпты" дегеніңіз, Осекең - Оспанхан Әубәкіров айтқан "көз майымды көже қатық еткенімді" ескермегендік сияқты. Қайталап айтайын, ұсынысыңыз өте дұрыс, қозы-лақша жамыраған сұрақ ойыңның ту-талақайын шығарады екен, мұны Abai. kz ұжымы да ескеретін болар.

(Соңы)

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5678