Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2164 0 пікір 17 Қараша, 2010 сағат 14:20

Жарасбай Сүлейменов, Мәжіліс депутаты. Бізге қай мереке қымбат?

Біздің елімізде қай мерекенің мерейі үстем, мәртебесі биік? Бүгінде  қоғамымызда осы сауалдың нақты жауабын таба алмай басы қатып,қиналып жүргендер аз емес. Арнайы қабылданған «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы» заңына сүйенсек, ерекше тарихи маңызы бар, ұлттық мереке болып табылатын Тәуелсіздік күнінен қымбат мереке жоқ. Иә, бұл мереке - ұлық мереке, шын мәніндегі ұлы мереке, азаттықтың ақ таңы атқан күн, бодандықтың бұғауы быт-шыт болып,халқымыз бостандықтың дәмін татқан күн! Елбасымыздың тілімен айтсақ, «Ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың ең асыл мұраты еңселі ел болу еді. Елім деп еңіреген ақындарымыз «Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп жырлайтын еді. Арғы замандарды айтпағанның өзінде, тек кейінгі екі ғасырдың ішінде халқымыздың өз бостандығы жолында екі жүзден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққаны осының дәлелі...»

Иә, қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы Атырау мен Алтай, Арқа мен Алатау арасын жайлап жатқан  мына дархан даланың төсін білектің күшімен, найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен қорғаған, қанымен, терімен суарған ата-бабаларымыздың, бостандық үшін жан пида қылған Алаш арыстарының қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі екені даусыз.

Солайы-солай-ау, бірақ дәл қазір еліміз осы мерекеге емес, Жаңа жыл қарекетіне қызу кірісіп кеткен сәтте. Қазір Астананың қай бұрышына барсаң да абыр-сабыр, әлем-жәлем, жұрт бірдеңеден құр қалатындай жанталасып, белуардан қар түсіп, қаңтар есік қағып тұрғандай дүрлігіп  жатыр. Бұл тек биылғы жағдай емес, былтыр да, оның алдында да солай болған. Соған қарағанда, Жаңа жыл мерекесіне дайындықты екі ай бұрын бастау салтымызға сіңіп, дәстүрімізге еніп кеткендей ме,қалай?! Осыдан кейін ойланасың, басың қатады. «Мерекені ұйымдастыруға жауапты адамдар неге жүрісінен жаңылды? Бізге Тәуелсіздік қымбат па, Жаңа жыл қымбат па? Неге қасиетті мерекелеріміз, оның ішінде Айт та бар,Наурыз да бар,қайдағы бір даңғаза шаралардың көлеңкесінде қалып, ұлттық құндылықтарымыз тапталып, асыл дәстүрлеріміз  аяқ­асты бола беруі керек? Осы бізде намыс бар ма? Әлде біз тарихи сананы, мемлекетшілдік сананы қалыптастырып болдық па, сан ғасырлар бойы халқымыздың қасіретіне айналған отарлаудың омыртқасын үздік пе?..»

Президентіміз «Тәуелсіздіктің кезекті жылдығын атап өту бізге ең алдымен той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін керек» деген еді. Біз осы сөздердің тереңіне бойлап,ұлттың болашағын ойлап, ұлы күнді  халқымызды отансүйгiштiк сезiмi мен идеяларына тәрбие­леу­ге, оң әлеуметтiк маңызы бар құндылықтарды қалыптастыруға пайдаланып отырмыз ба? Біздің елімізде басты мереке Тәуелсіздік күніне дайындық неге ерте қолға алынбайды, неге оның шеңберінде алты алашты бiр идея­ның төңiрегiнде топтастыратын жалпыұлттық iс-шаралар ұйымдастырылмайды?

Алла тағала ниетімізді қолдап, еңселі ел болудың жолына түстік, тарихи өлшеммен алғанда, қас-қағым сәтте әулетіміз асып, дәулетіміз тасып, бүкіл әлемге танылдық.Ендігі жерде жалтақтауымызға, жалпақтауымызға жол болсын. Өшкенімізді жандырып, жоғалтқанымызды түгендеп, ұлттық рухымызды асқақтатпаймыз ба. Ол үшін  тәуелсіздік мерекесіне дайындықты бір-екі күн қалғанда емес, кем дегенде бір ай бұрын бастап, оның мән-мағынасын, қадір-қасиетін  ұқтыратын сан- алуан  шаралар ұйымдастыру жөн емес пе. Мұндай бастаманы халық қолдайды. Көшелер, барлық қоғамдық орындар тәуелсіздігіміздің айшықты белгілерімен ажарланса,  ұлтымызды қайта жаңғыртып, өзiндiк қасиеттерiн жоғалтпай, өркениет төрiнен өз орынын ойып  алатындай жағдай жасалса,нұр үстіне нұр болар еді. Сонда халықтың рухы көтеріледі, сонда болашақ иесі- жастарымыз қасиетті мерекеге деген ыстық сезімдерін аялап, елін, жерін, ұлтын сүйіп өседі. Бүгінгі таңда біз үшін ұлы мұрат, ең маңызды мәселе осы болса керек.

Кейбіреулерге бұл ұсақ мәселе болып көрінуі мүмкін,тіпті де олай емес. Тәуелсіздігімізді өз дәрежесінде ұлықтай алмай жатқанымыз, бұл сайып келгенде, елге сын, іс басында жүрген ерге сын! Бір жағынан, бұл оның қадірін түсіне алмай ,ұлттық құндылықтарымызды дәріптей алмай  отырған дәрменсіздігімізді айғақтаса, екінші жағынан, әлі де болса,сол баяғы кеңестік идеологияның, тіпті оған дейінгі ақ патшаның отарлаушылық саясатының шырмауынан шыға алмай келе жатқанымызды көрсетеді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - жаһанданудың жойқын күшi­нiң жетегiне ерiп,орынды-орынсыз желпілдейміз деп, қаз боламын деп суға кеткен қарғаның кебін киіп жүрмейік. Ұрпағымыз ұлттық құндылықтарымыздан адасып қалмасын десек, шын асылды жасықтан ажыратып, ата-бабаның аманатын,халқымыздың салт-дәстүрін әспеттейтін, жастарымызды жақсылыққа жетелейтін Тәуелсіздік тойының мерейін де, мәртебесін де өсірейік. Басқа тойлар тойланбаса, тойланбасын, ал Тәуелсіздік  мерекесі ұлттың ұюына, қазақ елі көшінің көркеюіне, азаматтарымыздың бойында отаншылдық, елжандылық, мемлекетшілдік қасиеттердің қалыптасуына қызмет етуге тиіс. Ол үшін қасиетті мерекеге көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1502
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3273
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5703