Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3205 0 пікір 18 Қараша, 2010 сағат 06:57

Нұржан Жетпісбай. Алашорда және Көпжасаровтар

Сөз басы

Алаш қозғалысы зерттелу үстінде. ХХ ғасырдың басында алдыңғы қатарлы қазақ ұлттық демократиялық интеллигенциясының болғанына, олардың ұлттық үкімет құрғанына көз жетті. Алаштың Әлихан, Ахмет, Мұстафа секілді арыстарының қызметтері біршама зерттелді, талай кітаптарға, тіпті, фильмге арқау болды. Алайда аталған Алаш жұлдыздарынан бөлек сол идея үшін күрескен басқа қайраткерлер толық зерттелді ме? Біздің ойымызша, көпшілігі жұмбақ тұлға күйінде қалды.

Өткен жылы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде белгілі тарихшы, профессор Көшім Есмағамбетовтің Мұстафа Шоқайға арналған көлемді мақаласы жарық көрді. Автор осы зерттеу мақаласында шетелде эмиграцияда жүрген Мұстафаға елден Искандер Көпжасаров деген адамның астыртын хаттар жіберіп, елдегі жағдайдан хабардар етіп отырғандығын жазады. Ол 1918 жылдар шамасында Түркістан үкіметінде Мұстафаның көмекшісі болған. Мұстафа елден кеткен соң Грузияда жүрген шағында (1920), кейіннен Парижде де онымен байланысын үзбей, Ташкенттен құпия хаттар арқылы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірімен таныстырып отырған.

Осы Искандер Көпжасаров кім еді? Осы сауалға жауап іздеп көрсек.

Сөз басы

Алаш қозғалысы зерттелу үстінде. ХХ ғасырдың басында алдыңғы қатарлы қазақ ұлттық демократиялық интеллигенциясының болғанына, олардың ұлттық үкімет құрғанына көз жетті. Алаштың Әлихан, Ахмет, Мұстафа секілді арыстарының қызметтері біршама зерттелді, талай кітаптарға, тіпті, фильмге арқау болды. Алайда аталған Алаш жұлдыздарынан бөлек сол идея үшін күрескен басқа қайраткерлер толық зерттелді ме? Біздің ойымызша, көпшілігі жұмбақ тұлға күйінде қалды.

Өткен жылы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде белгілі тарихшы, профессор Көшім Есмағамбетовтің Мұстафа Шоқайға арналған көлемді мақаласы жарық көрді. Автор осы зерттеу мақаласында шетелде эмиграцияда жүрген Мұстафаға елден Искандер Көпжасаров деген адамның астыртын хаттар жіберіп, елдегі жағдайдан хабардар етіп отырғандығын жазады. Ол 1918 жылдар шамасында Түркістан үкіметінде Мұстафаның көмекшісі болған. Мұстафа елден кеткен соң Грузияда жүрген шағында (1920), кейіннен Парижде де онымен байланысын үзбей, Ташкенттен құпия хаттар арқылы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірімен таныстырып отырған.

Осы Искандер Көпжасаров кім еді? Осы сауалға жауап іздеп көрсек.

1932-1933 ж.ж. шамасында Қобда ауданында қарапайым ғана аудандық дайындау кеңсесінде Ескендір Көпжасаров есімді адам қызмет етеді. Париждегі Мұстафаға сонау Ташкенттен соңғы хаттарының бірін 1930 жылдың ақпан айында жіберген Искандер мен қазақ даласының батысындағы шағын ғана ауылдың, қарапайым ғана тұрғынының арасында қандай байланыс болуы мүмкін. Бір қызығы, бұл екеуі бір адам еді...

Әңгімені ең басынан бастасақ.

ИСА КӨПЖАСАРҰЛЫ

Шамамен ХІХ ғасырдың 50-60 ж.ж. Қобданың шағын салалары бірінің бойында Көпжасар есімді бір адам жалданып, орыстың малын бағып күн кешеді. Өзі кедей, Иса мен Мұса есімді қос пайғамбардың атын алған екі ұлынан басқа дәулеті де, сүйенері де жоқ. Далада мал бағып жүрген Көпжасар қаладан келген бір ноғай (татар) саудагерімен жолдас болады, одан сыр жасырмайды.

Күндердің күнінде саудагер оған: «Ей, Көпжасар, сен де мұсылман, мен де мұсылман, екеуміз бір-бірімізге бауырмыз. Егер тілімді алсаң, мына Исаны орысша оқуға бер. Кейін адам болады, сендерді асырайтын болады», - деп кеңес береді. Оның тілін алған Көпжасар үлкен ұлы Исаны шаһарға оған ертіп жібереді. Бұл ел арасында сақталған әңгіме, оны айтушылардың бірі - ақтөбелік қарт ұстаз, халық ағарту ісінің үздігі, соғыс ардагері Қабдрахман Сатаев ақсақал.

Ал Исаның 1863-1864 ж.ж. Орынбор шекара комиссиясы жанындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқығандығы туралы құжат Орталық мемлекеттік мұрағатта сақталған. Осы мектепте қарапайым Көпжасардың ұлы даланың ірі шонжар-билеушілері Қоңырбай Нұрмағамбетовтің ұлы Сейітбатталмен, Әзберген Мұңайтпасұлының ұлы Рысмұхамедпен, аға сұлтанның көмекшісі  болған Байеділ Кейкиннің екі ұлымен, басқа да төре-сұлтандардың балаларымен бірге оқиды. Өзінің тамаша өмір жолының негізін қалайды.

Екі жылдан соң Иса мектепті бітіріп келеді. Оған ата-анасы, тума-туыстары той жасап, енді баламыз елдің орысша арыз-прошениелерін жазып, ақша тауып, бізді асырайды деп қуанады.

Сонда бұрынғы татар саудагері: «Сендер бұған қуанбаңдар, қуануға әлі ерте. Бұл оқумен ол тек сендерді ғана асырайды. Әрі қарай оқысын, Петербургке барсын. Нағыз оқу сол жерде, сонда тек сендер ғана емес, бүкіл елге пайдасы тиеді, үлкен азамат болады», - деп тағы кеңес береді. Сол саудагердің бажасы сол тұста Петербургте қызмет қылады екен. Әке-шешесінің рұқсатымен Исаны соған тапсырып, аталған шаһарға оқуға жібереді. Иса Ресей астанасында болашақ Алаш лидері әрі кейіннен серігіне айналған Жанша Досмұхамедовпен бірге оқыған деседі.

Елге оралған соң Иса Көпжасарұлы өз заманының ең айтулы да беделді адамдарының біріне айналады. Шағын кеңсе жұмысынан бастап, Орал уезі бастығының көмекшісі қызметіне дейін көтеріледі. Бұл қазақтарға сол заманда берілген ең жоғарғы лауазым еді. Асқан дәулетті адамға айналады, патшалық дәуірде Ресей мемлекетінің далалықтарға арналған бүкіл алтын және күміс орден-медальдарының барлығымен марапатталады. Уездік қызметтен соң ұзақ жылдар бойы Қобда жеріндегі Жиренқопа болысын басқарады. Қобда өңірінде «40 жыл болыс болған Иса» туралы әңгімелер күні кешеге дейін сақталған.

1913 жылы Романовтар әулетінің Ресей тағына отырған 300 жылдық салтанатына қатысып, патша тарапынан тағы бір алтын медаль алады. Патшалық дәуірде қазақ арасынан тек ерекше қызмет көрсеткен адамдарға ғана берілетін жоғарғы атақтардың бірі - үрім-бұтағына дейін жалғасатын құрметті азамат (потомственный почетный гражданин) атағына ие болады.

Қысқасы, Иса қазақтың батыс өңіріне атағы дүркіреген ең бай, белгілі адамның бірі болады.

Империя тұсында ақ патшаға адал қызмет етіп, шен-шекпен, сый-марапаттарға ие болса да, Иса Көпжасаров ел көсемдерінің бірі ретінде тұтас халық мүддесін ешқашан жадынан шығармайды.

Қазақ балаларын оқытуға ерекше көңіл бөледі. Өз жерлестерін оқыту мақсатында өз қаржысына Қобда бойында он екі бөлмелі мектеп салдырып, Оралдан мұғалім әкелуге кеткен кезде, «Иса балаларымызды орысша оқытып, шоқындырғалы жүр» деп түсінген ауыл адамдары мектеп үйін өртеп жіберген. Сонда Иса ренжіп: «Халқым, сендерге жақсылық істеп едім, мені түсінбедіңдер. Күндердің күнінде заман орысша оқығандікі болады. Мына Орынбор-Ташкент теміржолының бойында талай қала болады, мектептер ашылады. Сонда сол жерден оқығандар мына сендерді басқаратын болады. Мен сендерді өздеріңнен шыққан бала басқаруын қалап едім, сендер түсінбедіңдер», - деген екен. Расында да, кейіннен Қобданы көбіне өзге жерден, өзге ұлттан келгендер басқарған деседі.

Ел арасындағы әңгімелерде Исаның атақ-даңқын кейбір өз жақын ағайындары көре алмай, онымен болыстыққа таласқандығы айтылады. Мектеп үйін де ағайындары өртеген деседі. Қалай болғанда да Иса бұған мойымаған, Жиренқопа болысынан бір кластық орыс-қазақ болыстық мектебін ашқызған және ұзақ жылдар өзі оның құрметті қамқоршысы (почетный блюститель) болған. Халықты отырықшылыққа көшіруге ат салысқан, өзенге бөгет салдырып, суармалы тары, тұңғыш рет картоп отырғызған, көрші орыс поселкесінен өз қаржысына диірмен салдыртқан.

Ол басқарған Жиренқопа болысы жері құнарлы, өзен-көлге бай әрі орыс шебіне жақын мекен болатын. Ресей қоныс аудару мекемелерінің назары осы болыстың жайлы жеріне ерекше түскен, сонда Иса қазақтарды өз жерінен қозғамай, орыс қоныс аударушыларын шөлейттегі аймақтарға орналастыруға тырысқан.

Исаның қайраткерлігінің, елге қызметінің келесі кезеңі 1917 жылдан кейін басталады. Ол сол жылғы Ақпан төңкерісінен соң орын алған саяси оқиғаларға белсене араласады. 1917 жылдың сәуір айында Оралда өткен Орал облыстық бірінші қазақ съезіне қатысады. Съезді Жанша Досмұхамедов, Ғұбайдолла Әлібеков сияқты белгілі Алаш қайраткерлері басқарған болатын. Исаның одан кейінгі Орал облысының Ойылда және Қаратөбеде өткізілген екінші және үшінші съездеріне қатысқандығы талас тудырмайды, бірақ бұл жиындардың құжаттары сақталмаған.

Бұл кезеңдерде Жанша және Халел Досмұхамедовтар, Ғ. Әлібеков бастаған батыс алаштықтар жеке ұлттық қазақ автономиясын жариялау жолында жүрген болатын. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында өткен, Алашорда үкіметі құрылатын тарихи жиында аталған қайраткерлер бастаған батыс аймақ делегаттары (33 адам) жедел автономия жариялауды талап еткен еді. Алайда Алаш арыстары Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған топ, араларында Мағжан Жұмабаев, Тұрағұл Абайұлы, т.б. бар 42 адам, мұндай шараны әзір ерте деп тапқаны белгілі.

Алайда большевиктер мен оралдық казак Әскери үкіметінің (ақтардың) арасында қалып қойған болашақ Батыс Алашорда жетекшілері өзін-өзі басқаруға қол жеткізу үшін аянбай күреседі. 1918 жылы сәуір айында Ж. және X.Досмұхамедовтар Мәскеуге барып, Ленинмен және Сталинмен кездесіп, олардан автономия сұрайды, бірақ кейіннен большевиктерден көңілдері қалған соң казак үкіметімен келісім жасауға мәжбүр болады.

Осындай дүрбелеңге толы 1918 жылдың 18 мамырында Жымпитыда Досмұхамедовтердің басқаруымен Орал облысы қазақтарының тарихи ІV съезі басталады. 450-ге тарта делегат қатысқан осы съезде Досмұхамедовтер Орал облысынан айрықша «Ойыл уәлаяты» деп аталатын уақытша үкімет жасақтайды. Иса Көпжасаров осы үкімет құрамына Ж. және X. Досмұхамедовтерден соң үшінші болып енеді. Бұлардан бөлек үкімет құрамына Жанқожа Мергенов, хазірет Сағидолла Ізтілеуұлы, Салық Омаров енген болатын. Екінші нұсқа бойынша, аталған үкімет құрамында Д. Күсепқалиев, Қ. Асанов, Ғ. Қошдәулетов, С. Сарғожин болған.

Самарада кеңес өкіметі  құлап, орнына Құрылтай жиналысы комитеті (Комитет  учредительного собрания-комуч) орнағанда, Досмұхамедовтер бастаған батыс алаштықтар құрылтай мүшелері ретінде алдымен осы Самараға, одан кейін Челябіге барып, оның отырыстарына қатысады. Осы жиналыстардан соң Челябіден Уфаға сапар шегіп, осы жерде 1918 жылдың 1 қыркүйегінен бастап өткізіліп жатқан бүкілресейлік маңызға ие мәжіліске қатысады. Бұл жиынға жалпы Алашорда үкіметінен оның төрағасы Ә. Бөкейханов бастаған ресми делегация қатысқан.

Осы аталған жиында тағы бір тарихи оқиға болып өтеді: Досмұхамедовтер, Ғ. Әлібеков және басқалары Ә. Бөкейхановтан Алаш автономиясының Батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімшенің құрылуын сұрап, оның келісімін алады. Осылайша, 1918 жылдың 11 қыркүйегіндегі мәжіліс протоколына сай, Ойыл уәлаятының уақытша үкіметі таратылып, Алаш автономиясы ресми түрде Ә. Бөкейханов басқаратын орталық Алашорда және Ж. Досмұхамедов басқаратын Батыс Алашорда болып екіге бөлінеді. Осы Батыс Алашорда үкіметі құрамына да Иса Көпжасаров Досмұхамедовтерден кейін үшінші болып енеді, бұл оның Алаш үкіметіндегі беделі мен үлес-салмағын тағы бір аңғартса керек.

Иса Көпжасаров жаңадан құрылған Батыс Алашорда үкіметінің құрамында қаржы министрі болып тағайындалады. Ұлттық Алаш милициясын (әскерін) жасақтауға көп еңбек сіңіреді, оның пайдасына өз дәулетінен 100 ат береді. Белгілі революционер Ә. Әйтиев 1923 жылы жазылған бір мақаласында Иса қаржы жинау үшін ел аралауға шыққанда, байлар табы оны жақсы қарсы алғанымен, жай халық қаржы беруден бас тартып, ісі сәтсіздікке ұшыраған оның осыдан отставкаға кеткенін айтады.

Біртұтас халықты бай-кедей деп екі тапқа бөліп, бір-біріне айдап салудың большевиктер үйреткен жолымен жазылған автордың дерегі белгілі бір таластар тудырады. Себебі Ойылда Алашорданың батыс бөлімшесі Бірінші қазақ атты әскер юнкерлік мектебін жасақтаған. Ондағы қазақ әскерінің саны 2 мың адамнан асқан, оның қарулануына Самара комитетінен 2 мың винтовка, 58 пулемет, 2 зеңбірек және 2 автомобиль алынған. Мектеп құру мен бөлімдер жасақтаудан бөлек қосымша тағы 2 мың жігіт өз еріктерімен әскер қатарына шақырылған.

1918 жылдың жазының соңында екінші полкті жасақтау басталған. Батыс бөлімше өз әскери құрамдарын дивизияға дейін жеткізуге ұмтылған. Алайда бұл іске Жымпитыдағы сарбаз жігіттердің жалданбалы казак офицерлерінің озбырлықтарына наразылығынан әрі солармен бірге майданға аттанудан бас тарту үшін ұйымдастырылған бүлігі тұсау болған. Осы әскери жасақтар мен бүлік жөнінде Ж. Досмұхамедов пен Иса Көпжасаров Колчакқа 1919 жылы 7 маусымда жазған хаттарында баяндаған. Бұл Исаның сол кезде қызметте болғанын дәлелдейді.

Ақтебе облыстық архивіндегі бір істе «алашордалық Көпжасаровтың» Колчакқа оның Алашорда үкіметін мойындау жөніндегі келіссөздерге барғандығы туралы бір үзік мәлімет бар. Аты аталмағанымен біз оны Иса болар деп ойлаймыз. Ол шамамен 1919-1920 ж.ж. денсаулығына байланысты қоғамдық қызметтен кеткен болуы керек.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақтың көрнекті саяси қайраткерінің бірі болған Иса Көпжасаров шамамен 1920 жылдары жасы 70-ке қараған шағында қайтыс болған. Моласы қазіргі Қобда ауылынан қашық емес, Иса базы деген жерде, құлпытасы ысырылып, орны егістікке жыртылып кеткен. Оның патшалық тұстағы, Алаш кезіндегі басқа да қызметтері жөнінде мұрағаттық құжаттар аз, олар басқа қағаздармен бірге 1918 жылы сарбаздар бүлігінде өртеніп кеткен болуы керек.

Ескендір Исаұлы

Жоғарыда аталған Ескендір осы Исаның ұлы болатын. Жалпы, Исаның одан бөлек Ахмет және Әбдірашит есімді ұлдары да болған. Ахмет пен Ескендір туралы мардымсыз деректер сақталса, соңғысы жайлы мүлдем дерек жоқ.

Ахмет 1904-1907 ж.ж. Гурьев және Орал уездері басшыларының кеңсесінде аудармашы болып қызмет еткен, соған қарағанда, ол да Орынбор не басқа қалада оқыған болуы керек. Ол туралы басқа мағлұмат жоқ, төңкеріс кезінде немен айналысқаны белгісіз.

Ал Ескендір Петербург университетінде оқып білім алған делінеді. Төңкеріске дейін қандай қызметте болғаны белгісіз, патшалық дәуірдің Қобда болысына қатысты іс қағаздарында ара-тұра оның қолы кездесіп қалады; ол еуропаша білімді заңгер ретінде болыстық сайлаулар, басқа да әлеуметтік-саяси талас-тартыстар кезінде екі жақты бітімге келтіруші ара ағайын ретінде қатысып, іс қағаздарын жүргізген.

Бізді қызықтыратыны, Ескендірдің 1917 жылдан кейінгі қызметі. Төңкерістен соң ол әкесінің жолын қуып, саяси оқиғаларға белсене араласады. Алаш милициясының офицері, Ойылдағы юнкерлер мектебінің командирі болады.

Бақытжан Қаратаевтың естелігінде Ескендір Көпжасаровтың Батыс Алашорда үкіметінің әскери-далалық сотының төрағасы болғаны айтылады. Бұл сот, қарт коммунистің керсетуінше, Орал облысының 30 большевигін сырттай өлім жазасына кесіпті-міс. Алайда автор сырттай өлім жазасына кесілген 11 адамның ғана аты-жөнін келтіре алған, солардың ішінде жоғарыдағы Ә. Әйтиевтің, 1934 жылы өз ажалынан қайтыс болған өзінің де аты-жөні жүр. Естелігін 1932-1933 ж.ж. толықтырған Қаратаев сол уақытта Ескендірдің Қобда ауданының тұрғыны екендігін көрсетеді.

Сонда Ескендір Кепжасаров 1918-1930 ж.ж. аралығында немен айналысқан? Ел   арасындағы үлкендер оның Алашта болғанын ғана айтумен шектеледі, шынына келгенде, беріде болғанына қарамастан ол туралы мәліметтер әкесі Иса жөніндегі мәліметтерден де аз.

Жоғарыда аталған К. Есмағамбетовтің мақаласы ғана бұл мәселеге біршама сәуле түсіргендей болды - Ескендір Көпжасаров Қоқанда құрылған Түркістан үкіметінің төрағасы, барша түрік-мұсылман дүниесіне белгілі ірі саяси тұлға Мұстафа Шоқайдың көмекшісі болған. Бұл дерек үлкен жағымды жаңалық әкелумен қатар біршама сауалдар да туғызды. Ескендір қазақтың батыс даласындағы Орал, Ақтөбе өңірлерінен алыстағы Ташкентке не себепті және қай кезде жол тартқан, ондағы Түркістан автономиясында нақты қандай мәселелермен шұғылданған?

Бұл туралы мағлұматтар жоқтың қасы. Негізінде, Қоқан үкіметі туралы толық деректер Өзбекстан президенті архивінде сақтаулы екен, алайда оған бөтен елден рұқсат алып кіру бұл дүниедегі ең қиын шаруалардың бірі көрінеді.

Ғалымның жазуына қарағанда, Ескендір Көпжасаров елде Алаш, Түркістан үкіметтері құлап, біржолата кеңес үкіметі орнағаннан кейін Герман-Ауған сауда компаниясында қызмет етіп, шетелге эмиграцияға кеткен Мұстафамен астыртын хат арқылы байланысып, оған елдегі маңызды оқиғаларды, өзгерістерді хабарлап отырған. М. Шоқай Кавказда жүрген шағында (1920 ж.) біраз хабарлар жіберіп тұрса, кеңес үкіметі әбден орнығып, күшейген 1930 жылы да құпия түрде оған хат жіберудің амалын тапқан. Осы соңғы хатында елден хат жіберудің қиындап кеткендігін айта келіп:

«...Аса құрметті Мұстафа аға! Қазіргі уақыттағы жағдай тұрандыққа лайықты жұмыс жасау түгілі, біреумен өз ойыңмен бөлісіп кеңесуге де мүмкіндік бермейді. Көп жылдар бойы Отанымыздың игілігін бәрінен қымбат көретін үйірмеден қол үзіп қалдым, енді қалай, кіммен байланысатынымды білмеймін. Сіздің Түркістанға шексіз сүйіспеншілігіңіз және ол үшін қанша құрбандыққа барғаныңызды жақсы білетін мені де есіңізге алыңыз», - деп жазған («Егемен Қазақстан», 2008 ж. 14 қазан).

Сонымен қатар Ескендір М.Тынышбаевтың Қазақстанға кеткенін, егер теміржол инженері деген мамандығы болмағанда оның да шеттетіліп қаларын, Қоқан үкіметінде қызметтес болған кейбір өзбек қайраткерлері жөнінде, Ташкентте мұсылман зиялыларының жаппай ұсталып жатқандығын айтқан.

М. Шоқай Ескендір секілді сенімді серіктерінің арқасында шетелде жүріп Қазақстанның тұрмыс-тіршілігімен, қоғамдық-саяси өмірімен жақсы таныс болған. Мұны ОГПУ-дың құпия қызмет орындары жақсы білген, «Мұстафа мен Қазақстан арасында байланыс» бұрыннан бар екенін мойындап, шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізген. Қазақ Орталық атқару комитетінің төрағасы С.Меңдешевтің өзі Қазақ АКСР-і бойынша ОГПУ-дың өкілетті өкілі Каширинге жолдаған жеке хатында:

«...Интересно, как получает Чокаев информацию? Очевидно, ему пишут из Туркестана. Значит, с туркестанцами он имеет определенную связь. Там, по-видимому, действуют остатки его (Чокаева) Кокандского правительства.  ...прошу Вас, тов. Каширин, принять необходимые шаги к выявлению связей Чокаева с Туркестаном...», - деп жазған.

Осыны анықтау бағытында жұмыс істеген  ОГПУ-дың шығыс бөлімшесі арнайы қызметкерлерінің бірі Шоқайдың елден хабар-ошар алып тұратын 2-3 адамының ішінде Көпжасаровты да атап, оны М. Шоқайдың бұрынғы хатшысы, қазір Түркістан Республикасы Наркомсобезі коллегиясының мүшесі деп көрсеткен.

Осыған қарағанда, Ескендір Алаштың ардақты ұлы М. Шоқайдың көмекшісі ғана емес, хатшысы да болған. Демек, ол 1930 жылы әлі де Ташкентте кеңес мекемелерінде қызмет еткен.

Жоғарыдағы хаттарына қарағанда, өзінің жан-тәнімен берілген ғұмырлық ісі - қазақ елінің азаттығы жолындағы күрестен ажырап, көңілі қаламаған бөтен, жат жүйеде жүргеніне жабырқап, іштей буырқанатыны білінеді. Оның «Отанымыздың игілігін бәрінен қымбат көретін үйірмеден (қызметтен)» қол үзіп қалғанын айтуының өзінде қаншама мағына жатыр. Бұл «күш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» дегеннің нақты айғағы секілді. Сонымен қатар өзін тұрандық атауы назар аудартады, соған қарағанда, ол бүкіл түрік жұртының бірлігі үшін күрескен Мұстафаның нағыз пікірлесі болған.

Ескендірдің өз туған жері Қобдаға оралуы шамамен 1932-1933 ж.ж. іске асқан болуы керек. Оған ОГПУ тарапынан тұтқындалу қаупі себеп болуы мүмкін. Б. Қаратаев өз естелігінде шамамен сол жылдары оның Қобда ауданында тұратынын көрсеткен. Алаштықтардың бүкіл қызметін теріс жағынан жіпке тізген қарт коммунистің Ескендірдің Шоқайға көмекші болғандығын қалайша жіберіп қойғандығы таң қалдырады.

Жалпы, Бақытжан Қаратаевтың қалдырған мұраларына, әсіресе, аталған естелігіне айрықша сын көзбен қарау қажет. Себебі бұл қайраткер өзінің бар саналы ғұмырын сонау патша дәуірінен бастап, Алаш зиялыларымен, олар шығарған «Қазақ» газетімен идеологиялық күреске арнаған болатын. Өзінің саяси бағытын бірнеше рет өзгертсе де, ол тұрақты түрде Әлихан, Ахмет, Міржақып,  Жанша және Халел Досмұхамедовтермен бітіспес жаулыққа көшіп, оларды қаралаумен болды. «Қазақ» газетінің үстінен патша органдарына арыздар жазумен айналысты. Тек қазақтың ғана емес, бүкіл түрік-мұсылман жұртының жоғын жоқтаған Мұстафа Шоқайдың да оны «бұрыннан белгілі шарлатан» атауы тегін емес. Өзінің өткен ғасырдың 30-жылдары шет жерде қуғында жүріп, Франция мен Германияда шығарған «Жаңа Түркістан» және «Жас Түркістан» журналдарындағы мақалаларында ол Қаратаевтың орыстың отарлық, қоныс аудару саясаттарын қолдағанын әшкерелеп, оны басқа да жағымсыз теңеулермен батыл түйрейді.

Алаштың ұлттық идеяларына қарсы болған Қаратаев алаштықтар репрессияға ұшырай бастаған 1930 жылдары  оларды қаралауды әсіре күшейткен. Тура сол жылдары жазылған «Алашорда тарихының қысқаша очеркі» деп аталатын біз сілтеме жасап отырған қолжазбасының да ең алғашқы бетіне эпиграф ретінде: «Алашорда - лай судан балық аулаған, жұмыртқадан жүн қырыққан үкімет болды», - деп баттитып тұрып көрсеткен. Бұл, әрине, негізсіз әрі қисынсыз, сыңаржақ қаралау.

Біз бұл жерде қазақтың тұңғыш жоғары білімді заңгері, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты болған Қаратаевтың халыққа сіңірген еңбегін жоққа шығарудан аулақпыз. Ол да өз заманының белгілі қайраткері болды, өз саяси бағытымен жүрді. Алайда ол қалдырған мұраларда кейбір біржақтылық, бір ағымдылық байқалатынын мойындау қажет. Бір қызығы, М.Тәж-Мұраттың мәліметі бойынша, Бақытжан Қаратаевтың ұлы Мұрат хорунжий шенінде Алаш милициясының офицері болыпты.                                                                               Біздің ойымызша, Қаратаевтың естелігі белгілі болған соң онда көрсетілген адамдар қуғындала бастаған. Ескендір де қуғынға ұшырап, сотталып, ОГПУ үштігінің шешімімен 5 жыл еңбекпен түзеу лагеріне айдалған. Біз бұл мәліметті Ақтөбеден шыққан «Қуғын-сүргін құрбандары» кітабынан алдық.

Орган мәліметі бойынша ол 1884 жылы Қобда ауданында туған және тұтқындалар тұста аудандық дайындау конторасының қызметкері болып істеген. 1989 жылы 21 сәуірде облыстық прокуратура ақтаған. Соттаушы органның ОГПУ аталатыны назар аудартады, ол әлі ішкі істер комиссариатына (НКВД) айнала қоймаған. Соған қарағанда, Ескендір 1937 жылғы үлкен террор басталмай тұрып, сол 1932-1933 ж.ж. шамасында қуғынға ұшырағаны шындыққа келетін сияқты. Ұжымшардың қарапайым мүшелері де мыңдап атылған репрессия қызған шағында тұтқындалар болса, Алаш офицері болған оның да мұндай жазадан құтылуы екіталай болатын.

Өкініш

Үлкен өкінішке қарай, Е. Көпжасаровтың одан кейінгі тағдыры туралы мүлдем дерек жоқ. Шежірелік деректер бойынша Ахметтен де, Ескендірден де ұрпақ қалмаған. Қобда өңірінде бүгінде, үлкендер арасында ғана атақты әкелі-балалы Көпжасаровтар туралы еміс-еміс әңгімелер сақталған. Солардың бірінде жоғарыда аталған ардагер Қабдрахман Сатаев ақсақал өзінің бала күнінде үлкендерден естіген бір әңгімені келтіреді. Онда Ескендір өз ағайындарын жинап: «Мен енді бұл елде тұра алмаймын, мен ағылшынға кеттім. Елім, аман болыңдар», - деген сөздер айтып, елімен қоштасқан екен делінеді. Бұл қай кезде болғаны белгісіз.

Осы мақала дайын болған кезде авторға Исаның Мұса есімді інісінен тарайтын туысы Қанапияқызы Дина есімді адамды іздеп тауып, хабарласудың сәті түсті. Ол кеңес дәуірінде аудандық комитетте істеген марқұм әкесінің Иса мен Ескендір туралы өте көп нәрсе білгенін, бірақ айта алмай кеткенін өкінішпен жеткізді. Оларда тіпті соңғы кезге дейін Исаның Ресейде түскен фотосуреті болған. Оның есінде қалғандары 1930 жылдары Көпжасаровтар әулетін қатты қудалап, ересек еркек кіндіктілерінің барлығын дерлік тұтқындаған. Үлкен ана-әжелері аман қалған балаларымен 1937 жылдар шамасында Арал арқылы Қарақалпақстанға қашып, үлкендердің аманатымен туған жері Қобдаға тек 1961 жылы ғана оралған. Ескендір туралы есінде қалғаны, ол тым ерте кезде-ақ қуғыннан қашып Ташкент жаққа кеткен. Туыстарының айтуынша, одан сол кеткеннен хабар болмаған, тіпті, қашан өлгені, қай жерде жерленгені белгісіз болған. «Әкеміз ерте қайтқанымен, сол кезде үлкен әжелеріміз тірі еді, олар өте көп нәрсе білетін, ол кезде жас едік,  мән бермедік. Бірақ Ескендірдің Ташкентте жүріп бір қазақ не өзбек әйелге үйленгені туралы естігенім бар, мүмкін, ұрпақтары бір жерде жүрген болар», - деген Дина жалпы Көпжасаровтар жайлы деректер осыдан 10-15 жыл бұрын ізделмегеніне өкініш білдірді.

Түйін

Ескендір Көпжасаров, сөзсіз Алаш тарихындағы ең қастерлі де ең жұмбақ тұлғалардың бірі болып қалуда. Ол секілді тарихта елеусіз кеткен тұлғалар каншама?! Әсіресе, Алаш тарихында.

Алаш идеясы, сөзсіз, қазақтың ұлттық идеясы болатын. ХХІ ғасырдың  басында қазақтың зиялы қауымы құрған үкімет белгілі бір дінге не ұлтқа үстемдік беруден ада, таза демократиялық үлгіде құрылған үкімет еді. Оның көсемдері елім деп еңіреген, ұлты үшін аянбай күрескен, халықтың жоғын жоқтаған аяулы тұлғалар еді. Аққан жұлдыздай аз ғұмыр сүрсе де, Алаш кезеңі - қазақ тарихындағы ең бір жарқын кезең екендігінде дау жоқ. Шырт ұйқыда жатқан қазақты атой салып оятқан, көптен аңсаған азаттық үмітін де әкелген жылдар еді ол.

Алаш қозғалысы қуанышқа толы үмітпен басталып, қасіретпен аяқталды. Алайда артында оның өшпес тарихы қалды. Сол тарихы бойынша соңғы 20 жылдай уақыт ішінде талай нәрсе жазылды, зерттелді, әлі де зерттелу үстінде.

Бір құптарлығы, қозғалыстың жетекші қайраткерлері біраз дәріптелді, еңбектері жарық көрді. Әрине, олардың барлығы - бүкіл халыққа ортақ тұлғалар, ортақ игілік. Дегенмен олардың туған жерлерінде оларға деген ықылас пен сый-құрмет ерекше.

Бүкіл қазақ елі туралы көлемге сыймас тақырып болған батыс өлкесін алсақ, Орал Жаншаны көтерді, Атырау Халелін сыйлады. Зерттеді, есімдерін көшелерге берді, бас оқу орындарын атады.

Ал Батыс Алашорда орталығының бірі болған Ақтөбеде аяулы азамат, Алаштың белсенді мүшелерінің бірі болған Сағындық Досжановты, Батыс Алашорданың Дін істері жөніндегі обер-прокуроры болған, Мұстафа Кемал Ататүрікпен, Стамбул муфтиімен кездесіп сырласқан Сағидолла хазіретті, 27 жас қана өмір сүрген, 24 жасында Әлихан, Міржақыптармен бірге «Алаш» партиясының бағдарламасын жазысқан, 1918 жылдың өзінде-ақ қазақ балаларының ана тілінде оқу мүмкіндігінен айрылғанын айтып, шырылдаған Әбдіхамид Темірғалиұлы Жүндібаевты немесе жоғарыда аталған Көпжасаровтарды біреу біле ме екен?

Біз бұл жерде халықты не басшылықты кінәлаудан аулақпыз, себебі бұл мәселеде олардың кінәсі жоқ. Мәселе олардың артында зерттеушілерінің, басқаша айтқанда,  іздеушілерінің, жоқтаушыларының болмауында. Әбдіхамит пен Көпжасаровтар Ақтөбе тұрмақ, өздері туған жері Қобдада да ұмытылуға айналған сияқты. Бұл адамдар мен басқа да қатардағы қобдалық алаштықтар туралы автор осыдан сәл бұрынырақ та жазған болатын, қазір мәлім болғандай, Көпжасаровтарға аудан орталығынан көше атын беру мәселесі көтеріліп, оларға байланысты мұрағаттық деректердің жоқтығынан кешеуілдеп жатқан сыңайлы. Көтерілген мәселе құптарлық-ақ, алайда басқа өңірлер даңқты жерлестерін мақтан етіп жатқанда, нақты дерек жоқ екен деп іздемей қарап отыруға болмас.

Қобыланды мен Әлияны бүкіл елге паш еткен өңір бұл батырларға қоса Алаш ұлдарын да ардақтағаны жөн, бұл жерде Әбдіхамитті де ұмытпау қажет. Алаштың бір емес, үш бірдей арысы бір шағын өлкеден шығып отырса, ұрпаққа үлгі етуге таптырмайтын мысал емес пе?!

Қорыта келгенде, Алаш қозғалысы, оның жергілікті жерлердегі қайраткерлері жөнінде кешенді зерттеулер тоқтамауы тиіс деп ойлаймыз. Шағын өлке өткенінен мәліметтер жинау кезінде ғана біраз алаштықтардың бет-бейнелері көрінді, егер мәселе тек мерейтойлар кезінде ғана зерттелетін науқанға айналмай, еліміздегі барлық өлкелердің тарихтары көтерілер болса, талай белгісіз нәрсенің шеті көрінер еді. Ұмытылған есімдерін жаңғыртса, құлаған бейіттерін көтерсе, олардың рухтары да дән риза болар еді.

«Ақтөбе» облыстық газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1501
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5683