Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2588 0 пікір 19 Қараша, 2010 сағат 04:29

Жадыра НАРМАХАНОВА. МИНИСТРІҢІЗ АУЫСТЫ: КІМ КЕЛДІ, КІМ КЕТТІ, БІЛЕСІЗ БЕ?

Тәуелсіз Қазақстанның 12-ші Білім және ғылым министрі болып әккі саясаткер Бақытжан Жұмағұлов тағайындалды. 57 жастағы Жұмағұлов бұған дейін ҚазҰУ-ды басқарған болатын. Ал оның алдындағы қызметтік өсуіне көз жүгіртсек, 2001-2005 жылдары ҚР Білім және ғылым министрінің бірінші вице-министрі, ҚР президент әкімшілігінің  ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, ҚР үкіметінің әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2005 жылдың қыркүйегінен желтоқсан айына дейін «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары, ал 2007 жылдың қыркүйегінен  2008 жылдың желтоқсан айына дейін парламент мәжілісі төрағасының орынбасары болған.

Осы орайда, «Жалпы қазіргі таңда Қазақстанның Түркиядағы елшісі қызметін атқаруға кеткен экс-министр Түймебаев білім  саласында  не тындырды? Оның «Әп, бәрекелдісі мен  әттеген-айы» қайсы? Жұмағұловтан не күтеміз, ол не істей алады? Білім саласының көсегесін қайтсек көгертеміз?» деген сауалдарды ат үстінде жүрген бірқанша азаматқа қойып көрген едік.

 

Дос Көшім, саясаттанушы: ЭКС-МИНИСТР «КІНДІКТІ» НЕГЕ КӨРМЕДІ?

 

Тәуелсіз Қазақстанның 12-ші Білім және ғылым министрі болып әккі саясаткер Бақытжан Жұмағұлов тағайындалды. 57 жастағы Жұмағұлов бұған дейін ҚазҰУ-ды басқарған болатын. Ал оның алдындағы қызметтік өсуіне көз жүгіртсек, 2001-2005 жылдары ҚР Білім және ғылым министрінің бірінші вице-министрі, ҚР президент әкімшілігінің  ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, ҚР үкіметінің әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2005 жылдың қыркүйегінен желтоқсан айына дейін «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары, ал 2007 жылдың қыркүйегінен  2008 жылдың желтоқсан айына дейін парламент мәжілісі төрағасының орынбасары болған.

Осы орайда, «Жалпы қазіргі таңда Қазақстанның Түркиядағы елшісі қызметін атқаруға кеткен экс-министр Түймебаев білім  саласында  не тындырды? Оның «Әп, бәрекелдісі мен  әттеген-айы» қайсы? Жұмағұловтан не күтеміз, ол не істей алады? Білім саласының көсегесін қайтсек көгертеміз?» деген сауалдарды ат үстінде жүрген бірқанша азаматқа қойып көрген едік.

 

Дос Көшім, саясаттанушы: ЭКС-МИНИСТР «КІНДІКТІ» НЕГЕ КӨРМЕДІ?

 

Ең біріншіден, жаңа Білім және ғылым министрі жаңа реформаны бастамаса екен. Бізде әр министр келген сайын реформа жасайды. Олар алдындағы адамның еңбектерін жоққа шығарғылары келіп тұрғандай көрінеді. Бірдеңені бастайды, министр кеткен соң бастама да аяқсыз қалады. Әркім өз реформасымен әлек болып кетеді. Екіншіден, оқулық сапасына көңіл бөліп, үшіншіден, білім саласындағы жемқорлықпен күресуді күшейтсе. Қысқасы, негізгі проблемалар жетерлік. Керек десеңіздер, бұрынғы министрдің Конституцияға қарсы бұйрығын қайта қалпына келтіру қажет. Мысалы, көптеген облыстарда орамал тартқан әйел затын мектепке кіргізбей жатқанын жақсы білеміз. Осы қабылданған бұйрық заңды ма? Мұны Әділет министрлігі заңсыз деп отыр. Бірақ бұған көңіл бөліп, бас қатырып жатқан ешікім жоқ сияқты. Біз құқықтық мемлекетпіз дейміз. Конституциямызда адамдардың киім киінуіне қатысты ештеңе айтылмаған. Кім қалай киінеді, оны өз еркі біледі. Мектепте хиджаб киюге тиым салған бұйрықты шығарғанда, оны қандай негізбен дәлелдегенін мысалы, мен білмеймін. Егер, ол діни билігі бар адам болатын болса, онда оқу орындарына  кресть тағып келетін адамдардың бәрінің мойнындағысын алғызып тастасын. Сондықтан, бұл Түймебаевтың ешқандай ойланбай жасаған қадамы деп білемін. Менің өзім де хиджаб кигенді құптай қоймаймын.

Егер министр тиым салатын болса, онда әйел затының  кіндігін көрсетіп жүруге тиым салатындай бұйрық шығарғаны дұрыс болар еді. Сонда мен оны түсініп, қазақтың салт-дәстүріне жат қылыққа тиым салуда деген қорытындыға келемін, ол ұлтының патриоты деп ойлаймын.  Дегенмен, Түймебаевты білім саласын басқарып тұрғанда, мынадай жерді опырайтты немесе бір жыртықты жамады деп ешқандай жұмысын ерекшелеп айта алмаймын.

Біздің тағы бір байқай бермейтін мәселеміз - оқу бағдарламасынан орыс әдебиетін алып тастап, әлем әдебиетін енгізу керектігінің уақытының жеткендігі. Мұны талай рет айтып, Түймебаевқа да, оның алдындағы министрге де талап етіп қойғанбыз. Елімізде 20 пайыз орыс бар деп Пушкин мен Лермонтовты ғана оқығанымыз - ең ыңғайсыз мәселенің бірі. Бүкіл дүниежүзі Әлем әдебиетін оқығанда, біздің тек орыс әдебиетімен шектелуіміз нені көрсетеді? Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің біріне айналамыз деп отырып, онда неге біз әлем әдебиетін оқытпаймыз? Осы сауалдарды экс Білім және ғылым министрлеріне жолдағанбын, бірақ ешқандай түсініктеме ала алмадым. Біздің білім саласын жай ғана келіп-кетіп жүре беретіндер ғана басқарып келді.

12 жылдыққа көшудің де әдіс-тәсілі, методикасы біз үшін әлі белгісіз. Бұл да - проблема. Бұл министрлік әбден проблемаға шатылған министрлік. Болашақ жастарымызға сапалы білім керек. Жоғары оқу орындарын айтпағанның өзінде, мектептің өзі бұлыңғыр оқыту жүйесінде.

Білім саласындағы қордаланған проблемалардың  (Түймебаевтың да білім саласына қосып кеткен қойыртпағы аз емес. Д.К.) бәрін ескерсек, Бақытжан Жұмағұловтың атқарар шаруасы шаш-етектен. Жансейіт Түймебаевпен қатар оқыдық, жақсы танитынмын. Бақытжан Жұмағұловты да жақсы білем. Өйткені, біз студент болғанда, ол кісі ҚазҰУ-дың комсомол комитетін басқарды ұмытпасам. Соңғы кезде де осы оқу орнының ректоры болды. Бірақ бір қорқатыным - бұл кісі мектеп мәселесіне бойлап бара бермейді-ау деген күмән бар. Жұмағұлов саяси идеологияға төселген маман. Мәселен, «Нұр Отанға» басшылық еткенінің өзін ғана алсақ та жеткілікті. Оның нақты педагогикалық немесе білім саласындағы атқарған шаруаларынан хабарсызбын. Бір есептен, білім саласы саяси науқандық,  бағыт болып кете ме деп қорқамын. Екіншіден, Бақытжан Жұмағұловтың  ұлттық бағыттағы іс-әрекеттерін, пікірлерін естімеппін, байқамаппын. Мен ұлтшыл адам ретінде осыған қатты көңіл бөлемін. Себебі, қазақ мемлекетіндегі білім мәселесі қазақ ұлтымен, оның мақсат-мүддесімен тығыз байланыста болу керек.

Жуықта Назарбаев атындағы университетпен танысып, көріп қайттық. Мен онда қоғамдық палата мүшесімін. Сонда осы университет пен ғылым туралы заңды талқыладық. Жаңа университеттің іші-сыртының әдемілігі мен архитектуралық жағдайында мін жоқтай көрінді. Бұл оқу орнында дүниежүзіндегі білікті мамандарды шақыртып, балаларға тек ағылшын тілінде дәріс береді делінген негізгі мақсат бойынша. Әрине, бұрынғы оқу орындарымызға қарағанда, бұл университеттің білімі көш ілгері болуы мүмкін. Алайда, біздің студенттердің білімі Оксфортта, Кембриджде алатын біліммен салыстыруға келе қоймас. Ол жақтағы ғылыми-техникалық база, кітапхана, шетелдік басқа да озық ойлы жастармен тәжірибе, бәрін-бәрін бұл жерде жүзеге асыру қиын ғой. Тіпті, шетелдік әйгілі оқу орындарының профессорлары мұнда отбасымен келіп, студенттерге дәріс бере ме, мәселе сонды. Екінші, үшінші деңгейлі ғалымдар шақырылып жүрмесін, соны қадағалау керек. Әрине, бұл университет білім сапасын көтерудің жаңа бастамасы. Оны қолдаған жөн. Дегенмен, әзірге  «Болашақ» бағдарламасы бойынша жастарды шетелде оқытуды доғару керек дегенге толықтай қарсымын. Бәлкім, өтпелі бір кезең керек шығар.

Редакциядан: Жақында су жаңа министр Бақытжан Жұмағұлов «Болашақ» бағдарламасы жайлы сұрақтарға түсініктеме берді. Оның айтысынша, вокалавриат қана қысқарып, магистрлерді оқыту сол бұрынғыша жалғаса бермек көрінеді. Бәлкім, жастарымыз оң-солын танып алғанша ол да дұрыс шығар.

P.S: Дос Көшімнің пікірі дұрыс-ау. Бірақ әлемге әйгілі Жерар Департье Оңтүстік Қазақстанға келіп, қазақ киносына түседі деп кім ойлаған?!..

Асқар Жұмаділдаев, академик: ТАУЫҚҚА ТАРЫ ШАШҚАНДАЙ...

 

Министрлердің білім мен ғылымды тұқыртып жауып тастамағанына шүкір дейміз. Түймебаевтың министр болған тұсында дүниежүзілік математика олимпиадасын ғана өткізгені есімде қалыпты. Мектепте хиджаб кисін, кимесін дегені ұсақ мәселе. Ал Бірыңғай Ұлттық Тестке орыс тілін енгізгенін қолдаймын. Қазақ тілін дамыту керек деп байбалам саламыз. Теория және практика деген мәселе бар. Теория жүзінде қазақ тілінің үстемдік құрғаны дұрыс еді. Бірақ практика жүзінде ол әзірге мүмкін емес. Өйткені, қазақтың тілінде біреуді мақтауға немесе жамандауға ғана болады. Қазақ тілінде техника, бизнес, экономика, саясат сөйлемейді. Мұны әрине, жақсы деп айтпаймыз, қазақ тілін дамыту керек. Ал әзірге біз үшін орыс тілі де, ағылшын тілі де қажет. Шындықтың бетін ашып қарағанымыз жөн ғой.

Тәуелсіздік алғалы бері білім саласына келген министрлер ғылымды тұқыртып, ең төменгі деңгейге жеткізді. Қазіргі кезде ғылыми атағы бар адам бір бөлек, ғылыммен айналысатын ғалым бір бөлек. Екеуінің арасы жер мен көктей. Ғылыми атақ қорғау жағынан дүниежүзінде алғашқы орынға шықтық. Біздің салада шын ғылым жасап отырғандар сол баяғы Кеңестік дәуірден қалып қойған мен сияқты төрт-бес адам. Сол төрт-бес адамды ең болмаса, сақтап қалса, соның өзі жаман болмас еді.

Ғылым саласының ақшасын көбейтеді екен деген әңгімелер шығып жүр. Бұдан мен ешқандай үміт күтпеймін. Бұл әңгіменің айтылып келе жатқанына жиырма жыл болды. Ғылымның ақшасы көбейгенмен қатар, ғылыми атақ алған адамдардың да саны көбеюде. Ақшаны шашып жібергенде, мардымды түк те шықпайды. Мысалы, 1986 жылы мен докторлықты қорғағанда Қазақстанда біздің салада бес-ақ доктор бар болатын. Қазір Қазақстанда математикадан екі жүздей доктор бар. Сонда ғылымға бөлінген ақша бұрынғыдай  беске емес, екі жүзге бөлінеді. Тауыққа тары шашқандай бұл не тірлік екенін түсінбедім. Жаңа министр міне, осындай мәселелерге назар аударуы керек.Ең бастысы - Ұлттық ғылым академиясын қайта қалыптастыру керек. Тәуелсіздік алғалы бері Ұлттық ғылыми академиямыз жабылып қалды. Бұл үлкен қателік. Оны қайта қалпына келтірмесе болмайды. «Еуропадай боламыз» деп, бәрінің быт-шытын шығарды. Еуропаның менталитеті, тәртібі бізден мүлдем бөлек қой. «Шетелде академия жоқ екен, бізде де болмау керек» деген далбаса. Оларда бар, бірақ басқаша аталып, басқаша жүйеде жүзеге асырылады.

 

Рахман Алшанов,

ЖОО Қауымдастығының төрағасы: ЖҰМАҒҰЛОВ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК ЕКЕНІН ЖАҚСЫ БІЛЕДІ

 

Түймебаевтың кезінде көп іс атқарылды. Мысалы, халықаралық дейгейдегі Баллон декларациясына қол қойылды. Осының нәтижесінде жастарымыздың шетелде оқуына көп жағдай жасалды. Сосын мектептердің интернет желісімен жаппай қамтылуы, электронды тақтаның орнатылуы, жоғары оқу орындарында электронды кітапханалардың жұмыс істеуі - міне, осының бәрімен Түймебаевтың командасы жақсы жұмыс істеді. Экс министрдің тұсында тасада қалып қойған проблемалардың бірі деп - ҰБТ-ны айтсақ болады. Орыс тілінен ҰБТ арқылы емтихан тапсыруды әркім әрқалай қабылдауда. Бір жағынан мен мұны дұрыс деп ойлаймын. Себебі қазір кейбір аймақтарда орыс тілін мүлде ұмытып барады. Жоғары оқу орнына түскенде, орыс тілін білмеу қиындық тудырады. Қазақстанда ЖОО-ның кітапханаларында 50 миллион кітап бар екен.  Бірақ сол оқулықтар мен кітаптардың сексен пайызы орыс тілінде. Орыс тілін, ағылшын тілін білу - жалғыз Түймебаевтың емес, заманның талабы. Хиджаб киюге тиым салғанын да қолдаймын. Қазақтың салтында бұлай тұмшаланып жүру болмаған. Біз білім-ғылым дейтін болсақ, бір жағына шығуымыз керек. Тек қана Құдайға сыйынып, «бізге оқудың, жұмыс істеудің қажеті жоқ. Құдай өзі береді» деп жүре берер болсақ, ғылымды, технологияны кім жасайды?! Осы тұрғыдан Түймебаев дұрыс жасады.

Жаңа министр Бақытжан Жұмағұлов өте іскер азамат. Қабілетті, білікті, саясатқа піскен. Мысалы, Қазақ Ұлттық университетіне ректор болған тұста қаншама құрылысты бітірді, ҰБТ-ны оқу орнына келіп тапсыру жолын реттеді, білікті ғалымдар шақырды. Қысқа мерзім ішінде қаншама мәселенің басын қайырды. Сондықтан Жұмағұлов не істеу керек екенін жақсы біледі.

Елімізде жаңадан ашылған Н.Назарбаев атындағы университеттің болашағы зор. Оған шетелден білікті профессорлар келуімен қатар, өзіміздің «Болашақ» бағдарламасы бойынша үздік оқыған мамандарымыз осы оқу орнына жұмысқа тартылады. Шетелдік жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста болады. KIMEP-тегідей олқылық орын алмас үшін арнайы заң да қабылданды. Мұнда оқитын студенттердің саны көп болмаса да, сапасы мықты болады.

 

 

КЕРЕК ДЕРЕК:

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ

МИНИСТРЛЕРІ КІМДЕР БОЛДЫ?

1. 1988-1993 қазанына дейін - Шайсұлтан Шаяхметов

2. 1993-1994 қарашасына дейін - Ережеп Мәмбетқазиев

3. 1994-1997 наурызына дейін -- Мұрат Жұрынов

4. 1997-1997 қазанына дейін - Иманғали Тасмағанбетов

5. 1997-2000 желтоқсанына дейін - Қырымбек Көшербаев

6. 1999-2000 - Владимир Школьник

7. 2000-2002 қаңтарына дейін - Нұрәлі Бектұрғанов

8. 2002-2003 15 маусымына дейін - Шәмшә Беркімбаева

9. 2003-2004 жылдың13 желтоқсанына дейін - Жақсылық Күлекеев

10. 2004-2007 жылдың 8 қаңтарына дейін - Бірғаным Әйтімова

11. 2007 жылдың 10 қаңтарынан - Жансейіт Түймебаев

12. 2010 жылғы 22 қыркүйектен - Бақытжан Жұмағұлов.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1501
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5683