Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2348 0 пікір 22 Қараша, 2010 сағат 04:32

Интернет-конференция: Жарасбай Сүлейменов

«Абай кz» ақпараттық порталының интернет конференциясына қатысу жөнінде ұсыныс түскенде, көп ойланбай келісім берсемде, қатты толқыған едім. Мүмкіндігіне қарай, ойымды бүкпесіз білдіруге тырыстым, жауаптарым біреуге ұнаған, енді біреулердің көңілінен шықпаған шығар, оны қалыпты жағдай деп білемін, жұрттың бәрінің ойындағыны дөп басу мүмкін емес қой, алдыма ондай мақсат қойған да жоқпын. Мен көп қазақтың бірімін, жұрттан асып кеткен ештемем жоқ. Кей жағдайда ойларымыз бір жерден шықпай жатса, ол менің өмірлік ұстанымым, сізге жағамын деп оны өзгерте алмаймын.

Құрметпен, Жарасбай Сүлейменов

 

- Егер қазіргі билік партиясына шынайы бәсекелес жоқ болса, кейбір қарсыластары не себепті атылып кетіп ,сотталып кетіп жатыр екен ә?

- Тағы да айтайын, дәл қазір «Нұр Отан» партиясына бәсекелес жоқ. Өйткені, бізде елдің, халықтың мүддесін ойлайтын шынайы, сындарлы оппозиция қалыптасқан жоқ. Бәрі бас- басына түйе айдап, саяси үйірменің «шекпенінен» шыға алмай жүр. Оған да уақыт керек шығар...

 

- Солбаяғы бла-бла, унас все хорошо маркиза... Жақсарып келеміз, өркендеп келеміз, өсіп келеміз... Осы кісіні көк базарға апарып тачка сүйреткізіп қойса көрер едім қалай сайрағанын.
Шоқан

«Абай кz» ақпараттық порталының интернет конференциясына қатысу жөнінде ұсыныс түскенде, көп ойланбай келісім берсемде, қатты толқыған едім. Мүмкіндігіне қарай, ойымды бүкпесіз білдіруге тырыстым, жауаптарым біреуге ұнаған, енді біреулердің көңілінен шықпаған шығар, оны қалыпты жағдай деп білемін, жұрттың бәрінің ойындағыны дөп басу мүмкін емес қой, алдыма ондай мақсат қойған да жоқпын. Мен көп қазақтың бірімін, жұрттан асып кеткен ештемем жоқ. Кей жағдайда ойларымыз бір жерден шықпай жатса, ол менің өмірлік ұстанымым, сізге жағамын деп оны өзгерте алмаймын.

Құрметпен, Жарасбай Сүлейменов

 

- Егер қазіргі билік партиясына шынайы бәсекелес жоқ болса, кейбір қарсыластары не себепті атылып кетіп ,сотталып кетіп жатыр екен ә?

- Тағы да айтайын, дәл қазір «Нұр Отан» партиясына бәсекелес жоқ. Өйткені, бізде елдің, халықтың мүддесін ойлайтын шынайы, сындарлы оппозиция қалыптасқан жоқ. Бәрі бас- басына түйе айдап, саяси үйірменің «шекпенінен» шыға алмай жүр. Оған да уақыт керек шығар...

 

- Солбаяғы бла-бла, унас все хорошо маркиза... Жақсарып келеміз, өркендеп келеміз, өсіп келеміз... Осы кісіні көк базарға апарып тачка сүйреткізіп қойса көрер едім қалай сайрағанын.
Шоқан

- Өмірде қуаныш пен реніштің алмасып жататыны сияқты, бәрі біркелкі болмайды. Жақсыны жақсы, жаманды жаман деп өз атымен атауға үйренуіміз керек. Бәрі адамның өзіне байланысты, егер алдына үлкен мақсат қойып, сол жолда аянбай тер төксе, алынбайтын қамал жоқ. Ал өмір бойы шыбық басын сындырмай, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүргісі келетіндердің жағдайы айтпасақ та түсінікті. Менің де бір туысым бар, мектепте сабақты нашар оқыды, білім қуған жоқ, жұмысқа да құлықсыз, осылай уақыттың өткенін де байқамай қалса керек, қазір жұртың бәріне өкпесі қара қазандай. Әліне қарамай әңгімені саясатқа әкеліп тірейтіні де бар. Мен оған кезінде жақсы бол, білім ал, өмірге осы бастан дайындал деген ата-анаңды тыңдамасаң, болашағыңды ойламасаң, өмірге бейімделмесең, бір кәсіптің құлағын ұстамасаң, Крыловтың мысалындағы шегіркенің күйін кешсең оған кім кінәлі, олқылықты өз бойыңнан ізде деймін. Бәрібір бой бермейді. Бұл да оның деңгейінің төмендігінен деп ойлаймын. Біз де талай қиындықты көргеміз, ағамыз жоқ, көкеміз жоқ, үй болдық, бала өсірдік, қысқа жібіміз күрмеуге келмей қиналдық, осылай өсіп жетілдік. Бірақ, болдық, толдық деп отырған жоқпыз, бәріне тәубе дейміз. Базар біз үшін қорқыныш емес, депутаттық уақытша жұмыс қой, алда не күтіп тұрғанын бір Алла ғана біледі...

 

- Жәке, сұрақтарға жауап бергеніңізге рахмет. Бірақ көп сұрақтарға көңіл аудармағансыз ба, жоқ оқымағансыз ба қалдырып кетіпсіз. Жерім, елім, тілім деп қиналып күндіз-түні жұмыс істеп жүргеніңіз де шамалы. Әйтеуір бір бағытта сайлаушылармен кездестім, анда-мұнда барып келдім, хабарластым, білем, жөнделеді дегеннен аспайтын жауаптар. Бастаған соң соны аяқтауға тырысып күнделікті сол орындалмайынша тоқтатпау керек, ал Сіз бірін бастап екіншісіне кірісетін сияқтысыз. Бастамаларыңыздың бәрі жақсы соларды аяқ асты қалдырмау керек, Жәке. Ананы жасадым, мынаны жасадым деп есеп бергенше жұмысты тыңғылықты істеу керек. Кейін халқың істеген жұмысыңа байланысты бағасын бере жатар.
Самат Алматыдан

 

- Қадірлі Самат, Сізбен сөз таластырғым келмейді, кең толғауға мүмкіндік те жоқ. Астанада болсаңыз келіңіз, әңгімелесейік, пікір алмасайық. Ойға алғанның бәрі бір күнде орындалмайды ғой, көтерілген мәселелерді мен де ұмытып жатқан жоқпын.

- Ассалаума аликум! Жарасбай аға! Сізден сұрарым өзіңіздің көзқарасыңыз бойынша қазіргі қоғамның басты проблемасы не? Және оны қалай шешуге болады?
Сіз өзіңіздің қызметіңізге адалсыз ба? Міндетіңізді атқара алып жүрсіз бе? Нақты не істеп жүрсіз? Өміріңізде неге өкінесіз? (сіз қандай фирманың киімін киесіз? Бұл Назарбаевқа қойылатын сұрақтардың бірі ғой. Жауап бермей-ақ қойыңыз соңғы сұрағыма)

-  Көп жағдайда біздің жастарымызға, тек жастарымызға ғана емес, отаншылдық рух жетіспей жатқандай көрінеді. Оның өзіндік себептері де бар шығар. Кешегі кеңестік идеологияның құрсауынан әлі шыға алмай келеміз .Сөз жоқ, бір-екі  ұрпақ ауысқаннан кейін жанымыз да, арымыз да тазарады. Ал соған дейін қарап отырамыз ба?! Бүгінгі жастардың Тәуелсіздіктің шын бағасын білмеуі де мүмкін. Соларға түсіндіру, оларды елжандылық рухта тәрбиелеу біздің міндетіміз. Ол үшін Тәуелсіздіктің тұғырын асқақтата беруіміз керек, тарихымызды білуіміз, қастерлеуіміз керек. Бұл енді ұзақ әңгіме. Өзіме жүктелген міндеттерді қолымнан келгенше адал атқаруға тырысамын, жұмыстан қашпаймын. Парламент депутаты боламын деген ойым жоқ еді, дәм жазып келіп қалдым. Алғашында жүрексіндім, жауапкершілігі жеңіл емес. Мені тәрбиелеген ұстаздарым «қиындықтан қорықпа, өзіңді өзің аямай жұмыс істе» деуші еді, қысылғанда осы сөздерге жүгінемін Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесімін. Өкінішім жоқ, бар тілегім елдің, балалардың, ағайын-туғанның амандығы. Мен байлық қуған адам емеспін, мүмкіндігіме қарай киінемін.

 

- Жарасбай аға! Интернет арқылы халықпен пікір алмасуға, ойлары мен ықыласын білуге деген риясыз ұмтылысыңызға ризашылығымды білдіремін. Сіздің Парламент қабырғасында көтерген еліміздің ұлттық мерекесі Тәуелсіздік мейрамын өз деңгейінде атап өту жөніндегі ұсынысыңыз өте орынды. Жаңа жылғы дайындық қазірден басталып кетті, ол керек болатын болса Қазаққа қатысы шамалы, мұсылмандыққа жат мереке. Оны атой салып тойлау арқылы әлі де болса құлдық санадан арыла қоймағанымызды, негізімізден ажырап қалғандығымызды дәлелдей түсеміз. Тіпті, осы күні Елбасымыздың өзі қолына ішімдік алып тұрып халқына сөз арнайды, былайғы жұртқа не жорық..... Жүздеген жылдар бойы бодан болып, өз тарихында небір зұлматтарды басынан кешірген халық үшін Тәуелсіздік күнінен артық қандай мереке болуы мүмкін?! Сіз іссапармен шет мемлекеттерге шығып жүрсіз ғой, мысалы АҚШ мемлекетінің ұлттық мерекесін қалай тойлағанын көрген боларсыз, не деген патриоттық рух... мемлекеттік туларын көшелерінде жайнатып іледі, тұрғындар өз үйлерінің биік жерлеріне мақтанышпен туларын қадайды, сондай-ақ бауырлас түрік елі қалай тойлайды десеңізші...ол күндері халықтың тәуелсіздікке деген құрметінен басың айналады, байрағының көп тігілгені соншалықты көшелері қып-қызыл түске боялады...не деген мақтаныш, қадір қасиет! Біз Христостың мерекесіне 2 ай бұрын кірісіп, дайындалып әлекпіз... Оның үстіне елді соңғы Президент сайлауынан бері Желтоқсан көтерілісінің елесі кезіп жүрген сияқты, билік секем алады да тұрады. 16-желтоқсанға бірнеше күн қалғанда ЖОО студенттерінің барлығын ауылдарына қайтарады, тәуелсіздік күніне берілген демалыс күндері көшеге шықпаймын, қалада болмаймын деп қолхат жаздырып алатын оқу орындары да бар, не деген масқара...Осылайша еліміздегі ең үлкен, қасиеті жағынан Қазаққа барлығынан басым осы мереке ескерусіз қала береді. Осы көтерген мәселенің соңына жетуіне, жалпыұлттық мерекеміздің лайықты атап өтілуіне байланысты жұмысты соңына дейін жеткізуіңізді сұраймын.
Арман

- Айтқандарыңыздың бәрі орынды. Осы мәселелерді көп болып ойластырсақ, бәріміз жұмылсақ, шешеміз. «Көш жүре түзеледі» деп халқымыз бекерге айтпаған ғой, кейде қызбаланбай, ақылға салғанымыз да жөн сияқты. Болашаққа үмітпен қарайық.

-       ЖОО-ны бітірген түлектерден еңбек өтілін сұрайды. Оқуын жаңа бітірген студенттерде қандай еңбек өтілі болуы мүмкін? Осы мәселені неге қарастырмайсыздар?

- Өмірде мұндай жағдайлар аз кездеспейді, не айтайын, күресу керек, күресу керек!

 

 

- Қазір біздің елімізде спортқа көп көңіл бөлінуде, әсіресе қысқы ойындарға, оның мысалы Алматы мен Астанада өтетін қысқы Олимпиада. Бірақ біздің солтүстік өңірде бұны мәселе деп қарамайды. Мысалы, бізде жасөспірімдер хоккей командасы бар. Олар 2010 жылы Қазақстан чемпионы атағын алған. (Б тобында). Оларға алдағы уақытта өз дәрежелеріне жету үшін, мұз айдыны керек. Барлық облыстарда болғанымен, бізде бұл мәселе әлі де жабулы күйінде қалып отыр. Қызылжар қаласында мұз айдынын ашуға өз үлесіңізді қосуыңызды өтінеміз. Қызылжар қаласының жастары.

- Расында да, біздің өңірде спорт құлдырап кетті, бұрынғы позициялардан айырылып қалдық. Сіздердің тілектеріңізді ескеремін.

 

- Алдымен қазақтың қамын жеген Сіздей Азаматқа басымды иіп, тағзым жасағым келеді! Ертеңгі күні Әбіш пен Бекболат сияқты сұңқылдап кетпесеңіз болғаны. Жарасбай аға, 1-қаңтар - маскүнемдер мерекесін мүлде жауып, оның демалыс күндерін Тәуелсіздік мерекесінің демалыс күндеріне қосуға қалай қарайсыз? Әмісе, бізде Петр-1-дің туылған күні де жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні - әз Наурыз да жаңа жыл болып жүрген жоқ па?

- Тілегіңізге рахмет. Әбіш ағамыз бен Бекболат ініміз -дара тұлғалар, олардың алдында мен әрқашан басымды иемін. Бар жақсылығын бір күнде сызып тастап азаматтың жүрегіне жара салмайық. 1-қаңтардың тарихын өзіңіз де біліп отырсыз ғой, оның ендігі ғұмыры ұзақ болмайды, көзқарас та, сән-салтанаты да өзгереді. Мен өзім осылай ойлаймын.

 

- Жарасбай аға, ренжімеңіз, шынын айту керек осы сайланған Мәжіліс депутаттары ең сәтсіз жұмыс атқарған, халықтың мұң-мұқтажы парламент қабырғаларынан аз көтерілген әлсіз депутаттар деп ойлаймын. Осы сұрақты басқа бір депутатқа қойғанда ол кісі «сіздер біздің ішкі жұмыстарымызды білмейсіздер, біз көп жұмыс жасаймыз, ойымыз тек халықтың қамы, бірлі-екілі теледидардан сөйлегендер қайта комитет отырыстарында енжер, БАҚ-та атымыз болмаса да қыруар тірлікпен айналысатын еңбекқор депутаттар бар», деп ренжіп қалған. Сіз қалай ойлайсыз шын мәнінде солай ма? Оның үстіне осы шақырылымдағы депутаттардың басым көпшілігін қарапайым халық танымайды, не өздерін танытарлық іс бітірмейді, оларды «Нұр Отан» партиясы қандай қасиеттеріне, жетістіктеріне қарап іріктеді? Шыны керек, сізді де халықтың басым бөлігі Қызылжар туралы мәлімдемеңізден соң таныды, тәуелсіздік мерекесін лайықты шаралармен атап өту туралы ұсынысыңыздан соң халыққа жақындай түстіңіз. Қазір халық үшін ең керегі депутаттардың ұлттық мәселелер төңірегінде ұйысу мәселесі екендігінің дәлелі емес пе, қалай ойлайсыз? Кабинеттен шықпай қағазға шұқшиятын депутаттардан не пайда, пайда болар-ау, егер үкімет ұсынған заңдарға сын-ескертпелер жасап қызу талқылау болып жатса. Сіздерде барлығы бірауыздан қабылданып жатады ғой. Бұл  қалай?

Арман

- Арман, маған іні болатын шығарсыз, ең алдымен сұрағыңызға рахмет. Бұл сауалға толықанды болмаса да, тиіп-қашып жауап берген сияқтымын. Мәжіліс өз жұмысын ойдағыдай атқарып жатыр. Әсіресе, дағдарыс есік қаққанда көп іс тындырды, қажетті заңдарды уақытында қабылдап, үкіметтің қиыншылықтармен күресуіне, нақты шаралар белгілеуіне жол ашты. Ал енді белгілі, белгісіз депутаттар дегенге келсек, мұны әртүрлі түсінуге болады. Бұл да өткеннің сарқыншағы ма деймін, өйткені кеңес заманында осындай орындарға жасына, кәсіби біліктілігіне қарамастан белгілі адамдар, яғни еңбек ерлері сайланатын. Сосын олар қалғып-шұлғып отыратын. Менің өз ойымша, Парламентте жұмыс істейтін адамдар отырулары керек, оның танымал болуы міндетті емес. Айталық, біз бәріміз жақсы білетін суретші немесе жазушы бар делік, ал ол саясатпен айналыспайды, өзі таңдаған тақырыпты қаузай береді. Сонда қалай?.. Өз басым атымды шығарайын, жұртқа жақсы болып көрінейін деп жүрген адам емеспін. Қайта осындай «белсенділігімнен» таяқ жейтін күндерім аз емес. Білмеймін, ата-анам осылай тәрбиеледі ме екен, әлде журналистік қызметімнен қаныма сіңген әдет пе, ноқтадан басым шығып кете береді. Жалпы, Сіздің сұрақтарыңыз маған ұнады.

 

- Жәке, біреуіміз мақтасақ мақтай береміз, жамандасақ жамандаймыз. Білсек те білмесек те араласатынымыз да бар. Сіз халқыңыз үшін батыл мәлімдеме жасап жүрсіз, сол неге орындалмайды? Керегі жоқтарды қабылдай салатын депутаттар Қызылжарға келгенде немене кері тарта қалды?
Сізге сұрағым депутаттарымыз елі үшін, жері үшін жұмыс істеп отыр деп айта аласыз ба? Ассамблея деген не үшін керек, неге біздің намысымыз аяққа тапталып жатады? Қалай ойлайсыз, қашан шешіледі осылар? Бізге елін, жерін ойламайтын, тек өздерінің құлқыны үшін отырған депутаттар керек пе? Неге оларда батылдық жоқ? Неден қорқады, өмір сүре алмай қала ма, аштан қаламын деп қорқа ма?
Өз елімізде жүрсек те қазақтар өте нашар тұратынымыз рас қой. Ауыл деген баяғыда құрып бітті, қалада не үйіміз, не жеріміз жоқ. Барахолка да, базар да іш-киім, ұсақ-түйек сатумен, ташка итерумен, басқа ұлттың адамдарына малай болумен өмір сүріп жатырмыз. Тапқанды квартираға төлейсің, ішкен, жегеніңе жетпейді. Қайтып қазақ көбейеді, өз тілімізде сөйлеуден ұяламыз. Көшеде келе жатсаң тек жастар емес аталарымыз, апаларымыз қазақша емес орысша сайрап жүреді. Қазақша сұрасаң қазақша біліп тұрса да орысша жауап береді. Жәке, айта берсе қазақтың 95-96 пайызы нашар өмір сүретінін білесіз ғой. Оны барлығы біледі. Соның бәрін білсе де неге өтірік мақтанады, телевизор көрсең, радио естісең де мақтанады да жатады. Ал кемшіліктеріміз көп екенін жасырып қояды.
Жаке, Сіз елім деген ер болсаңыз осындайларды да ұмытпауыңызды сұраймын. Сізді ол жерде қолдайтындар табылмаса, халқың қолдайтынына сеніңіз.
Алматыдан

- Сіздер не айтсаңыздар да, мен ренжімеймін. Бәріміз де пендеміз, бес саусақ бірдей емес. Әріптестерімнің, жалпы Мәжілістің қызметіне баға бергенім дұрыс болмас. Сырт көз сыншы десек те, расында да сіздер біле бермейтін мәселелер де көп қой. Депутатардың негізгі қызметі- заң шығарумен айналысу, сөз жоқ, бұл міндет ойдағыдай орындалуда. Сіздің айтқандарыңыздың бәрін жоққа шығара алмаймын ,қайда болмасын әлі шешілмеген мәселелер аз емес. Оған бір жағынан өзіміз де кіналымыз. Бір ғана мәселені алайықшы, нарықтың алғашқы жылдарында ауылдағы қиындықтан қашып ,қалаға қарай үдере көштік. Осыдан не ұттық? Неге де­сеңіз, ауылдағы үйлерін сата алса са­тып, сата алмаса тастап кетіп жат­қан үлкен-кішінің бәрі бірдей қаладан лайықты орнын тауып жатқан жоқ. Оған көптеген мысал­дар келтіруге болады. Өзім білетін бірнеше отбасы төрт-бес жылдан бері қалада пәтер жалдап тұрып жатыр. Осы уақыт ішінде олардың алды алты пәтер ауыстырды. Өйткені, жастары ұлғайғанмен әлі зейнеткерлікке шықпаған олардың тұрақты табыс көздері жоқ. Тиіп-қашып жұмыс істеген болады, одан түскен пайда тамақ пен киім-ке­шектен артылмайды. Ал, пәтер ие­лері түрлі желеулермен пәтерақы­ның көлемін ұлғайта береді. Міне, осындай жағдайда бір пәтерден бір пәтерге көшпегенде не істейді. Мұн­дай тұрмыстың тағы бір ке­леңсіздігі - өмір бойы жиған-тер­геннен айырылып қалу қаупі бар. Бұл да қазекеңе оңай соққы емес қой.  Жастарға келсек, қалада олар­дың да шекелері шылқып жүрген жоқ. Өйткені, тиісті білімі жоқ, кәсіби даярлығы төмен, кешегі тракторшы, малшыға, болмаса мек­тепті әупірімдеп жүріп әзер бітір­ген, әлі оңы мен солын танып үл­гермеген ауыл баласына қаладан жұмыс оңайлықпен табыла қоя ма? Мұнда қос-қос дипломымен жұмыс таба алмай жүргендер де жоқ емес. Әдетте, осындай жағдайға тап болғандарды әңгімеге тарта қалсаң, "ауылда жұмыс жоқ" дегенді көл­денең тартады. Бұған жағдайды білмесем, бас шұлғыр едім, тап қа­зір келісе алмаймын. Ауылда жұ­мыс жетерлік. Ниет болса үлкен де, кіші де екі қолға бір жұмыс табады. Шал ақын ауданында мынадай бір қызық жайға тап болдым. Аралары он бес шақырымнан аспайтын қатар қонған екі ауылдың біреуінде тұрғындардың малын бағатын адам табылмапты. Содан не істеу керек? Үлкендер жағы ақылдаса келіп мал­шыны көрші ауылдан шақырыпты. Қазір қай ауылда болмасын көбірек мал ұстауға мүмкіндік бар, жайы­лым, шабындық кеңейген, бұрын­ғыдай ауыл іргесіне дейін жыртып, егін салып жатқан ешкім жоқ. Мая-мая шөп үйіп, малмен біраз мәселесін ше­шіп отырғандар, қай ауылда бол­масын, бар. Осы өнімді дайындау­мен кім айналысады? Өкі­ніш­ке қарай, біз сөз етіп отырған ауылда бұл іске де бір адам білек сы­ба­нып шыға қоймапты, үш жылдан бері көрші ауылдың жігіті ет, сүт, басқа да мал өнімдерін қала­ға тасымалдап, отбасын асырап жүрген көрінеді. Осыған қатты ұялдым. Батыстың бір ойшылының «Мемлекет халықты емес, халық мемлекетті асырауы керек» дегенін оқығаным бар еді. Осы сөздердің де жаны бар сияқты. Біз әлі де сол баяғы масылдық пиғылдан арыла алмай келеміз. Әйтпесе, қазір істің көзін табамын, жақсы өмір сүремін дегендерге мүмкіндік мол. Өмірге бейімделейік, өзіміз де қарап отырмайық.

Жәке, осы дін мен мемлекетті бір-бірінен бөле қарауға қалай қарайсыз? Қазақстан Ислам әлеміне (ИКҰ) төрағалық ете ала ма?

- Біз, Ата Заңымызда айқындалғандай, зайырлы мемлекет құрып жатырмыз. Демек, мемлекет діннің ,дін мемлекеттің ісіне араласпайды. Біздің еліміз кез келген халықаралық ұйымға басшылық ете алатынын дәлелдеді. Бұл ел үшін қажет қадам. Осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстанды қай ел білуші еді, қай мемлекет бізбен санасушы еді? Қазір жағдай өзгерді ғой, осыны түсінуіміз керек.

- Жәке, сіздей абзал азаматтар шығып жатқан Балуан ауылына сәлем айтарсыз. Ауылдың бүгінгі жағдайы қалай екен?

- Туған ауылым Балуанға жиі барып тұрамын. Ақ қайыңдардың арасында, төрт көлдің жағасында қоныс тепкен құтты мекен еді. Қазір жүдеп тұр. Ауыл тұрғындарының жартысы дерлік қалаға, басқа елді-мекендерге көшіп кетті. Жағдайдың осылай боларын біліп ерте шырылдаған едім, онымнан ештеңе шықпады. Қажет десеңіз, мына материалға көз жүгірте салыңыз, сонда көп жайды түсінесіз.

 

Ойланайық, ағайын!

 

АУЫЛДАСТАРЫМА АШЫҚ ХАТ

«Солтүстік Қазақстан», 11 наурыз 1995 жыл

Ардақты ағайын, кымбатты аға-апаларым, іні-қарындастарым, өздеріңізбен таяуда ғана екі мәрте жүздесіп, бүгінгі күн үрдісінен туындап отырған бірқатар мәселелердің   төңірегінде  пікір алыссам да, осы хат арқылы тағы бір тілдесуді жөн көрдім. Оған мені итермелеп отырған ауылдың бүгінгі ауыр тұрмысы. Өздеріңіз жақсы білесіздер, мен отыз жылдан астам уақыт бойы қалада өмір сүріп келе жатсам да туған ауылым Балуанға ат ізін жиі салып тұрамын. Ертеректе ауылға соққан сайын оның уақытпен бірге көркейген бейнесіне көңілім толып, қуанып қайтушы едім. Сол күндері жасампаз істердін жетегінде жүрген жерлестерімнің жүзінде нұр ойнаса, бүгін мұң, уайым-қайғы басым екені байқалады.

Киім-кешекке түскен жамауға да көнерміз-ау, жүрекке түскен жараны қалай емдейміз?! Иә, дәл бүгін ауылда шекесі шылқып отырған ешкім жоқ, нарық әкелген қиындықтар көше-көшені бойлап, қақпаларды кезек-кезек қағып келеді. Бұл бір түсініксіз заман болды: маңдайтер еңбек-ақыңды айлап ала алмайсың, алаңсыз қарттығымды қамтамасыз етем деп өмір бойы бел шешіп, тізе бүкпеген зейнеткерлердің де қолына көк тиын тиіп жатқан жоқ. Қаржының тапшылығынан ғана туындайтын проблемаларды тізе берсем, қағаздың беті жетпес. Нарықтың торына түскен халықтың не нәрседен болсын қолы байланып отыр. Бір ғана мәселені алайықшы, басы ауырып, балтыры сыздағанмен, ауылдан аттап шыға алмай амалсыздан үйінде бүк түсіп жатқандар, болмаса сырт көзге сыр бермей тістеніп жүргендер қаншама.

Міне, осылай бір-ақ күнде әлеуметтік әділеттіліктің аты өшті. Енді не істеу керек? Осы сауал көптен менің де көңілімнен шықпай жүр. Алдыма қарасам, жылт еткен сәуле көрінбейді, ал артым быт-шыт қирап жатыр. Не істейміз, қайтсек қазіргі жағадан - алып, аяқтан шалып жатқан қиындықтардың бетін қайтарып, еңсемізді көтере аламыз? Осындай ойлардың жетегінде ақылдаспақ болып жақында өздеріңізге келген едім. Сіздер қойған сансыз сауалдар ойдағының бәрін ақтаруға түрткі болды. Сонда мен сіздерге не ұсындым. Бұл арада екі сағаттан астам уақытқа созылған сол әңгімені қайталап жатпай-ақ қояйын. Тек өзім ұсынған негізгі бағыттарды естеріңізге сала кетсем артық болмас.

Біріншіден, мен сіздерге нарық деген алпауыттың ешкімді аямайтынын, дәл бүгін оның алдында Үкімет те дәрменсіздік танытып отырғанын, елде берекесіздік белең алып бара жатқанын, құдайдан да, заңнан да қорықпайтындардың көбейіп кеткенін айттым. "Әй"-дер әже, "қой" - дер қожаның» жоқтығын пайдаланып қойны-қонышын толтырып жатқандардың да аз емес екенін жасырғам жоқ. Байлыққа құнығып жауапкершіліктен жұрдай болған көптеген басшылар халықтың ондаған жылдар бойы тырнақтап жинаған игілігін оңды-солды шашуда. Осыны Үкімет, жергілікті жердегі әкімдер, хұқық қорғау органдары көрмей отыр деп кім айтар. Әрине, біледі. Білсе де үндемейді, қолынан қақпайды. Осындай жағдайда Үкімет бізді асырайды деп қол қусырып қарап отыру дұрыс па? Меніңше бұл шарасыздыққа мойын ұсыну деген сөз. Оның арты неге әкеліп соқтыратыны белгілі ғой. Қайыршылық өмірдің қамытын киюге асығуымыз қалай? Мен сіздерге осыны, енді аспаннан шелпек жаумайтынын дәттедім.

Баршаңыз да түсінгендей бас шұлғысып: «Сонда не істеуіміз керек?» деген сауалды көлденең тарттыңыздар. Менің жауабым: Бұл арада сіздерде кеңшар негізінде құрылған ұжымшардан бөлініп шығудан басқа таңдау жоқ. Бұл сіздерге не береді? Ең алдымен өндірілген өнімнің бәрі ауылда, халықтың өзінде қалады, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпейді. Араларыңыздан іскер де адал басшы шықса, бір жылда байып кетпегенмен қайыршыланудың жолы қиылады. Ол үшін, әрине, ауыл тұрғындары: жасы бар, кәрісі бар, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара ынтымақтаса еңбек етулері, әсіресе, үнем мен ұқыптылық жолындағы күреске белсене қатысулары керек.

Мысалы, Балуан ауылы үшін 200 бас ірі қараны жайлауға техника күшін пайдаланудың не қажеті бар? Жалпы жан-жақты ойластырса, нарыққа өтпелі кезеңде кез келген кәсіпорынды қарызға белшеден батырып отырған электр қуатын да, суды да есеппен пайдалануға, сол арқылы шығындарды едәуір азайтуға болады. Иә, бүгінде не нәрсеге болсын, есеп төреші екенін түсінетін мезгіл жетті. Және осы істен ұжымның бірде бір мүшесі шет қалмауға тиіс. Мен осы жайларға егжей-тегжейлі тоқтала келіп, мәселені жедел, көктемгі егіске дейін шешпесеңіздер соңғы мүмкіндіктен айрылып қалатындарыңызды ескерттім. Сабақ болар, ой салар деген мақсатпен негізгі қорлары таусылғанша титықтай берген, ақыры ешкімге керексіз болып қалған Ленин ауданындағы «Алматы» кеңшарының мысалын да келтірдім.

Ойды ой қозғайды деген емес пе, «Дұрыс екен, онаша бұзау айдап та көрейік" - дестіңіздер. Сол арада «Дауысқа салайық, несіне созбақтай береміз» дегендер де болды. Мен мұндай қадамның жауапкершілігі зор екенін, сондықтан ауыл түрғындарын мүмкіндігіне қарай түгел жинап ақылдасу қажеттігін, орталарыңызға ұжымшар басшыларын, жекешелендіру ісімен айналысып жүрген мамандарды да шақырудың артық болмайтынын түсіндірдім. Міне, осы сөзге тоқтап келесі аптада тағы да кездеспек болып, сонда туған ауылымыздын болашағына қатысты мәселелерді кең толғамақ ниетте тарқастық.

Сол-ақ екен, маған қалаға телефон шалып, Балуан ауылының тағдырына алаңдаушылық білдірушілер көбейіп кетті. Солардың бірі Сергеев ауданы әкімінің орынбасары В. П. Попов: «Тыныш жатқан ауылды дүрліктіруің қалай?» - деп өзімді кінәлай сөйлеген. Ол ауылдың менің тағдырыма тікелей қатысы бар екенін, ондағы жағдайға алаңдайтынымды түсіндірмек ниетімнен түк шықпаған соң мен астындағы жұмсақ орындығына ғана мәз әкімгер басшының колынан түк келмейтінін, елге жаны ашымайтынын, қалыптасқан жағдайдын ерекшеліктерін түсінбейтінін бетіне басуға мәжбүр болдым. Осылай біраз жерге барып қалсақ та, алда болатын жиналысқа шақырдым. Бірақ өздеріңіз білесіздер, халық көп жиналған екінші жиналысқа ауданнан ешкім келген жоқ. Ұжымшар директоры Абылай Балтабаев (ол да ауыл баласы ғой) өз есебінде жағдай бұлай бола берсе, үкімет тарапынан колдау-көмек жасалмаса, шаруашылықтын дағдарыстан шыға алмайтынын,  Балуан  бөлінемін десе енші беруге әзір екенін ашық айтты. Қиындықтарды да бүгіп қалған жоқ. Дегенмен бүгінгі таңда шаруашылық басшысының қолында дамудың нақты бағдарламасы жоқ екенін аңғару қиын емес еді.

Иә, дағдарыстан шығудың оңай жолын көріп отырған ешкім жоқ. Дегенмен қасқырдан қорыққан адамның орманға бармайтынын естеріңізге салдым. Жүрексініп, ауық-ауық күрсіне бергенмен іс біте ме, соны неге ойламайсыздар. Өткен жылды 12 миллион теңгеге жуық шығынмен аяқтаған, басқа да қарыздарға белшеден батып отырған шаруашылықтың ендігі жерде кімді асырап-сақтайтын қауқары бар?! Ертең аз ғана мал да бітеді. Соңғы бір жылдың ішінде қатарға бір де бір төл қосылмаса, қайта төрт түлік жүздеп кеміп жатса, саланың болашағы  туралы  не айтуға болады? Жақсы, қолда бар малды түгел нарыққа құрбандыққа шалайық, сонда халыққа не қалады? Сіздердің ойларыңызды оятсам деген ниетпен мынадай карапайым мысалға да жүгінген едім. Әкенің колында екі сиыры болса біреуін енші сұраған баласына бермей ме, ал жоқ болса несін береді. Сол сияқты, кеңшар тоз-тоз болмай тұрғанда бөлінсеңіздер колдарыңызға, әйтеуір, бірдеме тиеді ғой. Ал ертең қалтаның жыртығы әбден кеңейгенде, таяқтан басқа не ұстап шығасыздар.

Балуанда қазірдің өзінде жұмыссыз отырғандар жүзден асады. Міне, осыны ескеріп жаңа жұмыс орындарын ашумен айналысу  керек  пе? Керек.   Егер Балуан жеке  бөлініп шығып, өз өнімдерін өзі ұқсата бастаса, шағын ғана бір цех ашса да біраз мәселе шешілер еді-ау. Бірақ соны  ойлап  жатқан    ешкім  жоқ. Баяғы жартас, бір жартас.

Самарқаулық, жоғары жаққа қарап ауыз аша беру, «анау неге жоқ?, «мынау неге жоқ?» деген сияқты сансыз сауалдар ғана халықтың ми қатпарларына мықтап сіңіп алған. Екінші жиналыстың барысында мен   осыны аңғардым. Әрине, жекешелендіру  зорлықпен жүзеге асырылатын іс емес. Сол сияқты оның нарықтың ажырамас маңызды буыны екенін де дәлелдеп  жатудың қажеті жоқ. Өйткені, қазіргідей халық шаруашшығы жаңа экономикалық қатынастарға  көше бастаған кезде жеріңе, еліңе ие болмасаң ісің алға баспайды, тұрмысың жақсармайды. Алдын алмасаң, нарық ертең-ақ тұңғиығына тартып әкетеді.

Күндердің күнінде оны да түсінерсіздер-ау! Бірақ одан не пайда?!

Әрине, бұл барлық ауылдарға қатысты мәселе. Сондықтан мен (өзімнің ауылдастарыма арнаған, осы сөздерім басқаларға да ой салар, үлкен іске қозғау болар деген үміттемін. Халқымыз «Келісіп пішкен тон келте болмас» - демеуші ме еді, ұйқылы-ояу жүріп көштен  қалып коймайық. Сіз не айтасыз, ағайын!

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

журналист, облыстық   мәслихаттың депутаты

 

ҚАБЫЛ

- Жәке, жалпыламай сөйлей бергенше нақты жауап неге бермейсіз. Қызылжардың обалына қалдыңыз. Көп сөз боқ сөз. Депутат болғалы мәлімдеме жазудан басқа қоғамға нақты қандай пайдалы іс жасадыңыз?

- Өз басым «Абай» порталын ойлы оқырманның отауы деп білемін. Сондықтан аты-жөні көрсетілмеген пікірлердің өріп жүргенін қаламаймын. Біз мәдениетті пікір алмасуға үйренуіміз керек. Ойларымыз бір арнада тоғыспай қалды деп, жауығудың, қарғап-сілеудің, ауыр-ауыр сөз айтудың еш реті жоқ. Кім бәрін білемін деп айта алады, менің де білмейтінім көп. Ал депутаттық қызметіме келсек, оған баға беру менің жұмысым емес, сайлаушылар, қатар жүрген әріптестерім өз сөздерін айтуға тиіс.

- Құрметті депудат мырза, сіз Астана қаласындағы басқармалар мен мектеп және басқа мемілекеттік орындардан, жұмыстан қысқарып қалдым деп зар еңіреп жүрген адамдарды көрдіңіз бе? Көрген жоқсыз деп ойлаймын. Себебі, мен де он орын артық болатын оның бесеуіне зейнеткерлерді, бесеуін жалған аттармен ақшасын пайдаланып келген болатынмын. Зейнеткерлерден де аз олжа түспейтін... Соларды қысқартып қояя салдым. Қалай ойлайсыз, орынықтылықты осылайша сақтап отырғанымды түсінбейді деп ойламаймын. Жалғасты мені жей алмайды десеңіз қателесесез ... Сіздер салған сара жол әлі даңғыл. Сіздің әріптесіңіз Мәжіліс депутаты Б. Тілеуханды уаһабист дейді. Соған не дейсіз?

- Бекболат  сияқты азаматтар бізде көп емес. Оларды аяқтан шалып, етектен тартқаннан гөрі, олармен мақтануымыз керек.

- Жарасбай аға, сіздің ауылға деген жанашырлығыңызды білеміз. Оған өзіміз де талай рет куә болдық. Арыңызды ту қылып биікте ұстап келесіз. Сіздің бір ауыз сөзіңіздің арқасында өзіңіздің туған ауылыңыз Балуан ауылындағы мектеп жабылмай, әлі де болса жұмыс істеп келеді. Оған мың алғыс. Бірақ бір өкініштісі осы Балуан ауылына қарасты жер мемлекеттік қор ретінде белгіленіп, оған егін еккендер бар. Бірақ осы қордан емес ауыл тұрғындарының үлесі бар жерлерге неге егін егілмейді? Ауылдастарыңызға қолдау болар еді ғой, аз да болса.

- Осы жайында  жерлестерім маған өтініш білдірген, ұмытқан жоқпын, жақында ғана аудан әкімімен сөйлестім ,бір шешімін табуымыз керек.

«Абай кz» порталының қалың оқырманымен ой ортақтасуға мүмкіндік жасаған  азаматтарға, осы әңгімеге үн қосып отырғандардың барлығына шынайы ризашылық білдіремін.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5649