Бибігүл Дәулетбекқызы: «Жастарға арналған жаңа жобам жарыққа шықпақ»
Телекөрермендер үшін жағымды жаңалық. Таяу күндері, анығын айтсақ, 26-қарашада «Жетінші» арна эфирінен жастарға арналған жаңа жоба «Жар-Жар» телеклубы жарыққа шықпақ. Аталған бағдарламаның продюсері - телекөрермендердің көзайымына айналған бұрынғы «Аялы алақан» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болған Бибігүл Дәулетбекқызы.
- Бибігүл, «Аялы алақан» бағдарламасы жабылғаннан кейін сізді көрермен қауым жоғалтып алды.
- Иә, «Қазақстан» арнасынан «Аялы алақан» бағдарламасының жабылғанына да біраз уақыт болды. Бағдарлама жабылса да, көрермендерімді жоғалтып алған жоқпын. Осы күнге дейін хабарласып, араласып тұрамыз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, «Аялы алақанның» көшірмесі іспеттес қазір арнада «Жан жылуы» деген бағдарлама жүріп жатыр. Форматы да, тіпті жүргізушісінің киім киісіне дейін айна-қатесіз көшіріп алған бағдарламаны шығарып отырған басшылыққа таңым бар. Арнадан кеткен соң, ойымды жинақтап, көкейімде жүрген жобаларды жүзеге асыру үшін біраз ойланып, толғандым.
- Неге телеарна басшылығын заңды түрде сотқа бермейсіз?
Телекөрермендер үшін жағымды жаңалық. Таяу күндері, анығын айтсақ, 26-қарашада «Жетінші» арна эфирінен жастарға арналған жаңа жоба «Жар-Жар» телеклубы жарыққа шықпақ. Аталған бағдарламаның продюсері - телекөрермендердің көзайымына айналған бұрынғы «Аялы алақан» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болған Бибігүл Дәулетбекқызы.
- Бибігүл, «Аялы алақан» бағдарламасы жабылғаннан кейін сізді көрермен қауым жоғалтып алды.
- Иә, «Қазақстан» арнасынан «Аялы алақан» бағдарламасының жабылғанына да біраз уақыт болды. Бағдарлама жабылса да, көрермендерімді жоғалтып алған жоқпын. Осы күнге дейін хабарласып, араласып тұрамыз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, «Аялы алақанның» көшірмесі іспеттес қазір арнада «Жан жылуы» деген бағдарлама жүріп жатыр. Форматы да, тіпті жүргізушісінің киім киісіне дейін айна-қатесіз көшіріп алған бағдарламаны шығарып отырған басшылыққа таңым бар. Арнадан кеткен соң, ойымды жинақтап, көкейімде жүрген жобаларды жүзеге асыру үшін біраз ойланып, толғандым.
- Неге телеарна басшылығын заңды түрде сотқа бермейсіз?
- Сотқа берейін деп ойлағанмын. Иә, қолымдағы бағдарламаның құжаттары заңды болды. Бағдарламаның авторлық құқығы да қорғалған болатын. Осы іске шындап кіріскенімде, заң орындары мені жақтар еді. Алайда, «Қазақта су ішкен құдығыңа түкірме» деген өте жақсы сөз бар. Сол сөзден аттап кете алмадым. Талай жыл қызмет еткен киелі ортаны ластағым келмеді. Оның үстіне, арна басшыларына бола, көмекке зәру жандарды үміттерінен айырғым келмеді. Қазақстанда қаншама адамның менің бағдарламама зәру болып отырғанын білемін. Олар «Аялы алақанға» үлкен үмітпен қарайтын. Мені көшірсе де адамдарға көмектесе берсін дедім. Сол себепті сотқа да, басқаға да жүгінбедім. Бас аман болса әлі талай бағдарламаны дүниеге әкелетініме сенімді болдым.
- Бізге айтар жағымды жаңалығыңыз бар көрінеді. Жаңалығыңызбен бөлісе отырсаңыз?
- Ойымда жүрген бірнеше жоба бар еді. Сол жобаларымның жақында біреуін эфирге шығардым. «Кино.kz» деп аталатын бірінші бағдарламамның еліміздегі республикалық «Жетінші» арнадан көрсетіліп жатқанына бір айдың жүзі болып қалды. Мұндағы негізі мақсатымыз - қазақ киносының майталмандарын дәріптеу. Алғашқы бағдарламамыз белгілі актер Нұржұман Ықтымбаевқа арналды. Ал, екінші жобам жастарға арналады. Қараша айының 26-да эфирге шығатын жобам «Жар-Жар» деп аталады. Негізінен бұл жоба өмірден өз жартыларын таба алмай жүрген қыз-жігіттерді табыстыруға бағытталған. Телеклубты танымал актриса Данагүл Темірсұлтанова жүргізеді.
- Жобаны жарыққа шығарғалы отырған «Жетінші» арна білуімізше, таяуда ғана ашылды. Бұл арнаны біреу көреді, біреу көрмейді дегендей. Жобаңызды осы арнаға бергенде қорыққан жоқсыз ба? Бағдарлама үшін басты мақсат жоғары көрсеткішке ие болу ғой.
- Сұрағыңыз орынды. Әрине, қорқыныш басымдау. Әйтсе де нар тәуекелге бел буып отырмын. «Жар-Жар»-дың алдағы уақытта осы арнадағы ең белді бағдарлама болатынына сенімдімін.
- Жобаның ғұмыры қаншалықты ұзақ болмақ?
- Ол жағын айта алмаймын. Басшылардың патша көңілі біледі.
- Бұл бағдарлама қазақы менталитетке қайшы келмей ме?
- Нені айтқыңыз келгенін түсіндім. Жеңгетайлық дегіңіз келіп отыр ғой. Неге біздің менталитетке сай емес, ата-салтымызда осы жеңгелері емес пе қайын інілеріне қыз таңдап, қайын сіңлілерін жігіттермен таныстыратын. Сондықтан мен бұл жерден ешқандай сөкеттікті көріп отырған жоқпын. Қазіргі таңда бойдақтар саны артып барады. Жүріп қалған жігіттер мен отырып қалған қыздар көбейіп бара жатыр. Осы бағдарлама арқылы жастарды бір-бірімен таныстырмақпыз. Ары қарай олардың өздері біледі. Жарасып жатса қуанамыз. Мысалы, алдыңғы хабарымызда танысқан екі жұп бір-бірін шынымен ұнатып қалыпты. Қазір жақсы араласып тұрады екен.
- Айтыңызшы, неліктен осы форматтағы бағдарлама ашқыңыз келді?
- Бұл жоба бүгін ойланып, ертең дүниеге келе салған жоба емес. «Жар-Жарды» осыдан 2-3 жыл бұрын шығарғым келген. Алайда, мұндай бағдарламалар ұзақ ойлануды, жан-жақты дайындықты талап ететінін ескердім. «КТК» арнасында ашқан «Алақан» деген бағдарламамның кезекті бір санында қарттар үйіне барып, ондағы қарттарды түсірген болатынбыз. Қарттармен әңгіме барысында сондағы 75 жастағы атайдың бір әжейге көңілі бар екенін білдік. Атаның ұнататынын жаңағы әжейге айтқан болатынбыз. Кейін қарттар үйінің директоры бізге хабарласып, атай мен әженің үйленгендерін айтты. «Аялы алақан» бағдарламасынан Салтанат есімді арудың 18 жылдан кейін анасын тапқанын көрсеткен болатынбыз. Сол хабар шыққан соң, біздің телефонымызға маза болмады. Хабарласқандар Салтанатқа құда түсіп жатты. Осының бәрін көре келе, неге осы жастарды бір-бірімен табыстыратын бағдарлама ашпасқа деген ойға қалдым. Аз уақыттың ішінде осы бағдарламаны қолға алып, енді міне эфирге бергелі отырмыз.
- Телеклуб неліктен «Жар-Жар» деп аталды?
- «Жар-Жар» деп аталу себебі, қазақта екі жастың үйлену тойында міндетті түрде «Жар-Жар» әні айтылады, бәріңіз білесіздер. Сол әнді негізге ала отырып, атын осылай деп қоюды ұйғардық.
- Ал, телеклубқа қатысатын кейіпкерлерді қалай табасыздар, таңдайсыздар?
- Бір нәрсені баса айтқым келеді. Мұнда біз кейіпкерлерді шынайы өмірден аламыз. Бағдарламаға келген қыздар мен жігіттер бір-бірін мүлде танымайды. Түсірілім барысында оларды әдейі бөлек бөлмелерге отырғызамыз. Олар тек бағдарлама барысында ғана көріп, сол жерде танысады. Алғашында қорқыныштың болғаны рас. Шынымен қыз-жігіттер келісе ме, жоқ па деп ойладық. Жалпы, біздің қазақ халқы ұяң болып келеді ғой. Алайда, жастардың қызығушылығын көріп риза болдық. Редакциямызға өздері хабарласып, келіп жатыр. Тіпті сахнада жүрген бойдақ әншілер мен халыққа танымал кісілер де болашақта міндетті түрде қатысатындықтарын жеткізді. Менің ойымша, қызықтың бәрі әлі алда.
- Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз?
- Алда істелетін жұмыс та, ойда жүрген жоспарлар да жетерлік. Ойымда жүрген бірнеше жаңа жобаларым бар. Соларды жүзеге асырмақпын. Олар әзірге құпия әрине. Алдағы уақытта көретін боласыздар. Ал, әзірге «Жетінші» арна эфирінен қарашаның 26-да кешкі сағат 18-00-де, қайталауы қарашаның 28-де күндізгі сағат 15-15-те көрсетілетін «Жар-Жар» телеклубын көруге шақырамын.
- Әңгімеңізге көп рахмет. Тауыңыз шағылмай, әрқашан биіктерден көріне беріңіз!
"Абай-ақпарат"