Ерлан Қарин. Алдағы он жылда Орталық Азия елдері одағының қажеттігін бәрі мойындайтын болады!
Білім және ғылым министрлігінің Жастар саясаты департаменті Қазақстан жастарының Конгресімен бірлесіп 2010 жылғы 23-24 қарашада Алматы қаласында Саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың І Ортаазиялық Конвентін өткізді.
Білім және ғылым министрлігінің Жастар саясаты департаменті Қазақстан жастарының Конгресімен бірлесіп 2010 жылғы 23-24 қарашада Алматы қаласында Саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың І Ортаазиялық Конвентін өткізді.
Обалы не керек, Қазақстан тарапынан Орталық Азия аумағындағы елдер мен жалпы түркі әлемінің интеграциялық процестерге белсене араласуын қамтамасыз ететін бастамалар жиі көтеріледі. Бұдан бұрын қазақ билігі Орталық Азия одағын құру идеясын ұсынған еді. Бірақ бұл одаққа ресми Ташкент өткен ғасырдың 90-жылдарының басында мүдделірек болса, қазір оған ықтиярлық танытпады. Мұның себебін отандық сарапшылар өзбек елінің прагматикалық ұстанымдарымен түсіндіреді. Ортаазиялық Конвентіне шақырылған қонақтар «тәуелсіздіктің 19 жылын артқа тастаған Орталық Азия елдерінің тәуелсіздік тарихында бірігуге талпынған бетбұрыстар бар ма? Жалпы, Орталық Азия елдері өз мүдделерін халықаралық деңгейде бірлесе көтеріп жүр ме?» деген сауалға жауап іздемек болды. Саясаттанушы Айдос Сарымның пайымдауынша, қазір Орталық Азия кеңістігінде рухани саладағы дағдарыс, вакуум деген сөздер жиі айтылады. Сол вакуумды жою үшін бүгінгі күн үшін қиял, арман болып саналатын идеяларды айта бастауымыз қажет екен. Мәселен, Еуроодақтың бірігуі туралы алғаш көтергендердің бірі - Виктор Гюго.
- Оны ақын, жазушы, тарихшы дейміз, ол мықты саясаткер де болған. Ол хаттары мен жазбаларында түбінде Еуроодақ пен АҚШ бүкіл әлемді билеп отырады дегенді 1840 жылдары айтқан. Біз мықты, Ұлы ұлт боламыз десек, басқа ұлттың, түркі халықтарының намысына тиетін, адамдарды тарихи тұрғыдан қорлайтын көзқарастардан ада болуымыз керек. Орта Азия елдерінің де рухани, мәдени байланысын арттыруымыз қажет. Керек десеңіз біздерде осы аймаққа таралатын бірде-бір газет немесе журнал жоқ екен. Руханият айналып келгенде, саясаты да, басқаны да басып түседі. Орта Азия елдерінде ортақ рухани-мәдени кеңістік қалыптастырмай, ешқандай интеграция туралы сөз қозғау мүмкін емес , - дейді саясаттанушы.
Конвентке шақырылған қонақтар «Орталық Азияның сараптамалық нарығы әлі даму кезеңінде. Ол әлі құрылымданып үлгермеді және тұрақтылыққа ие болған жоқ» десе, екінші топ «белгілі бір сарапшылардың мектептері жөнінде пікір айтуға әлі ерте. Бұған мүмкін, халықаралық деңгейдегі сарапшылар арасындағы идеялық дүрдараздықтың орын алмауы себеп болып отырған шығар» деген пікірге басымдық береді. Мұндай құбылысқа жол бермеу үшін осындай халықаралық деңгейдегі басқосулар керек-ақ. Бұл біздің түбіріміздің бір екенін еске салып, ғаламдық кеңістіктегі ортақ мүдделерімізді бірігіп қорғауға жұмылдырады.
Саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың І Ортаазиялық Конвентіне «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының жауапты хатшысы Ерлан Қарин құрметті қонақ ретінде шақырылып, «Айқын» газетіне сұхбат берді:
- Ерлан мырза, «саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың І Ортаазиялық Конвентіне өзбек, тәжік елдерінің саясаттанушылары келеді» деп күткен едік. Нәтижесінде қырғызстандық Мәжіліс депутаты Қаныбек Иманәлиевтен өзгені көре алмадық. Мұның себебін сіз неден іздейсіз?
- Мен бұл жиынға қатысушы ретінде ғана шақырылдым.
- Сіз Орталық Азия елдерінің саясаттанушылары арасындағы әріптестік байланыс қандай деңгейде деп ойлайсыз?
- Біз мұның астарын әріден іздеуіміз керек. Тіпті өзімізді алып қараңызшы. Біз күні бүгінге дейін құдайы көршілеріміз өзбектің немесе қырғыздың тарихын зерделеп көрдік пе? Жапонтанушыларды, ағылшын тілі мамандарын дайындауға басымдық беріп, өзбек немесе қырғызтану мамандарын дайындауды да мүлдем естен шығарып алдық. Немесе Ресей Мемлекеттік думасының әрбір депутатының өмірдерегін жатқа білеміз де, қырғыз, өзбек саяси партияларының серкелері туралы мағлұматымыз өте аз. Сол елдердің экономикалық дамуы көрсеткішіне, сол елдегі саяси үрдістерге салмақты баға беріп жатқан экономистер, саясаттанушылар туралы да естімеппін. Қазақстанның Орталық Азия елдері арасындағы көшбасшылық рөлі алыс-жақын көршілеріміз тарапынан мойындалып жатыр. Демек, біздің саясаттанушыларымыздың да әлеуеті соған сай болу керек.
- Орталық Азия елдері одағын құру идеясы жақын көршілерімізден қолдау таппады. Сіз мұның астарын саясаттанушылар арасындағы саяси альянстың іргетасының қаланбағандығынан деп ойлайсыз ба?
- Жоқ, мүлдем олай емес. Меніңше, бұл жерде мәселе сол елдердің таңдап алған саяси жүйесіне байланысты. Осыдан 20 жыл бұрын тәуелсіздік алған елдердің таңдап алған саяси жүйесі әртүрлі болды. Осы өңірде орналасқан бес мемлекет арасындағы саяси дауларға әлі соңғы нүкте қойылған жоқ. Ең басты кедергі - саяси қайшылықтар. Орталық Азия одағының құрылуы - алдағы болашақта күмәнді.
- Сіз оның негізділігіне күмән келтіріп отырсыз ба?
- Алдағы он жылда Орталық Азия елдері одағының қажеттілігін сол елдердің басшыларының бәрі мойындайтын болады. Себебі ғаламданған әлемде жеке-дара өмір сүріп, түпкі нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Себебі тек қана түркі әлемінің ішінде қазақтардың үлесі - 7 пайыз. Егер Одақ құрылар болса, 65 миллиондық алып экономикалық-нарықтық кеңістікке жол ашылар еді. Бізге ғаламдық кеңістік Одақ ретінде топтасқанда ғана орын береді.
- Жаңа конвент қонақтарының бірі «ЕҚЫҰ саммитінен кейін Орталық Азияның саясаттану кеңістігі ақпараттар жетімсіздігін айқын сезінеді» деп қалды. Ал Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығы осы бос қуысты толтыра ма? Жалпы, ИКҰ Орталық Азия елдері саясаттанушыларын өз үйіріне мойын бұруға ықпал ете ала ма?
- Біз кез келген халықаралық ұйымның ішкі әлеуетін өз мүддемізге қарай ойыстыруға әрекет жасауымыз керек. ЕҚЫҰ төрағалығы нәтижесінде өңірдің аймақтық проблемаларына Батыстың назарын аудара алдық. ИКҰ төрағалығы тұсында да біз осы мәселелерді алға жылжыта аламыз. Себебі біздің өңірге тән кейбір проблемалар, Ауғанстан, Иран тек бізді ғана алаңдатып отырған жоқ. Сондықтан әрбір күрделі мәселелердің түйіні аймақтық мүдделі топтар біріккенде ғана тарқатылады.
- Бірақ ЕҚЫҰ-ның әлеуетін пайдалануға біздің көршілеріміздің бәрі бірдей ықылас таныта қойған жоқ қой. Аймақтық мүдделі топтардың басы тағы да бірікпей қалды. Сіз қалай ойлайсыз?
- Оған да түсіністікпен қарау керек. Біз ЕҚЫҰ төрағалығы тұсында ауған проблемасына алпауыт елдердің назарын аудара алдық, қырғыздағы жағдайды ретке келтірдік. Мүмкін, жақын көршілеріміз ЕҚЫҰ-ның әлеуетін көрсете алған жоқ шығар, дәл біздің елдегідей мазмұнға айналдыра алмаған болар. Бірақ қазақ төрағалығы тұсында бірқатар аймақтық проблемалардың түйіні шешілгенін аңғарып қалды.
- Біз күні бүгінге дейін бір-бірімізді танымай келдік. Қазақ өзбекті танымайды. Оған біздің саясатымыз да кінәлі емес пе? Біздің сыртқы саясатымыз батыстық - ресейлік векторға көбірек басымдық еткендей...
- Біздің тәуелсіздігіміздің тарихы бар болғаны 20 жыл ғана. Біз мемлекеттік қалыптасудың алғашқы кезеңінен өттік. Әлем қауымдастыққа тәуелсіз қазақ елі екенімізді мойындаттық. Шынайы тәуелсіздік үшін күрес енді басталды!
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ
«Айқын» газеті