Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы һәм ұлттық код
Жер бетінде 2 мыңнан аса (кейбір дерекетер бойынша 3 мыңға жуық) ұлттар мен этностар, ұлыстар бар екен. Ал Жер шарындағы мемлекеттер саны бар болғаны 193, яғни 200-ге жуық. Әлемдегі ұлттар мен ұлыстардың 10%-ға жуығына ғана өз мемлекетін құрып, дербес, тәуелсіз тіршілік ету бақыты бұйырған. Шүкіршілік, біз – ҚАЗАҚТАР, сол бақытты 10%-дың ішіндеміз, 193 мемлекеттің алғашқы 50-інің қатарындамыз. Енді алдыңғы 30 мемлекеттің қатарына ұмтылудамыз. Осының бәріне де шүкіршілік.
Ата заңымыз – Конституция еліміздің, мемлекетіміздің алтын діңгегі. Қазақстан азаматтарының күнделікті өміріндегі арқа сүйейтін тірегі, өмірдегі бағытын көрсететін бағдаршамы; біздің қоғамдағы ненің жақсы, ненің жаман екенін, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін көрсетіп тұрған ар-ождан, ұят-намыс, құқықтық-адамилық таразы.
Иә, қоғамдағы ең басты таразы. Түптеп келгенде, Ата заңымызды білмеу – ешкімді де ел алдындағы, қоғам алдындағы жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан Конституциямыздың тұғырнамалық қағидаттарын білу, білу ғана емес, жанымызбен, санамызбен терең түйсіну барлығымыздың борышымыз, әрі парызымыз дер едім.
Конституцияның ықпалы біздің қоғамымыздың барлық түкпірінде бірдей болуы керек. Күнделікті тіршілікте оның тұғырнамалық қағидаттары сақталынып, орындалуы міндетті. Одан ауытқушылық болған жағдайда, қоғамда өткір мәселелер пайда болады.
Бұл ретте Конституцияның мызғымастығы еліміздің, қоғамымыздың иммунитеті деуге толық негіз бар. Мен – биологпын. Менің білетінім – ағзадағы кез-келген ауытқушылықтар мен стресстер оның иммундық жүйесінің нығаюына алып келмейді. Ал тірі ағза әлсіреп, қажиды. Әлсіреп, қажыған ағза (организм) ауру-сырқауға төзе алмайтын, әлжуаз болып қалады.
Қоғам да тірі ағза сияқты. Конституцияның тұғырнамалық қағидаттарының сақталмай, бұзылуы мен бұрмалануы да қоғамда өткір жағдайлар мен стресстер, қарама-қайшылықтарға алып келуі мүмкін. Сондықтан, Ата заңымызды ұдайы жадымызда ұстап жүргеніміз абзал.
Тіпті, Конституциямызды күнделікті ұлықтап, мадақтап, онымен мақтанып жүргеніміз жөн дер едім. Күнделікті! Тұрақты! Ұдайы! Ұлықтап! Мадақтап! Мақтанып! Себебі, ол – ҚАЗАҚТЫҢ Ата заңы, ҚАЗАҚТЫҢ Конституциясы. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін», - демеуші ме еді қасиетті дана бабаларымыз?!
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында былай дейді: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніміздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай».
Бұл ретте, Конституция – Ата заңымыз – Ұлттық Кодтың өзі деген ұстанымдамын. Ұлттық кодтың негізгі үштаған тұғыры – Діл, тіл және жер деп алатын болсақ, Ата заңымыздың да үш анық, құндылығы да осы қасиетті ұғымдар.
Сөзіміз дәлелді болу үшін Конституцияның мәтінінен үзінділер келтірейік, артық болмас:
- «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып...» (Кіріспе);
- «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» (1-бап, 1-тармақ);
- «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» (3-бап, 1-тармақ);
- «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады...» (6-бап, 3-тармақ);
- «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» (7-бап, 1-тармақ).
Яғни, осы қасиетті ұғымдардың тұғырнамалық орны мен қасиетті мән-мазмұны Ата Заңымызбен айқын белгіленген, бекітілген. Біздің Ұлттық кодымыз – ол Конституция.
Ал енді Ата заңымыздың негізгі тұғырнамалық қағидаттарын күнделікті өмірде сақтап, қадағалап жүрміз бе? Ойлап, ойланып жүрміз бе? Осы жағына аздап көз салайықшы.
Конституциямыздың негізгі тұғырнамалық қағидаттарының бірі – біртұтастық (унитарность). Конституцияның ең жоғарғы заңды күші бар және еліміздің бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады (4-бап, 2-тармақ).
Біртұтастық қағидаты тек аумақтарға ғана емес, мемлекетіміз бен қоғамның барлық салаларында да тікелей қолданылуы тиіс екені көзге ұрып тұрған ақиқат. Әсіресе Үкімет пен Парламенттің жұмысында бұл қағида мүлтіксіз орындалуы керек еді.
Өкінішке орай, олай болмай тұрған, біртұтастық қамтамасыз етілмей тұрған жайлар бар екені анық. Біртұтастық қағидаты толық орындалуы үшін мемлекеттік құқықтық біртұтастық болуы керек сияқты, яғни біртұтас «ойын ережесі», немесе стандарттар болуы шарт.
Мен – биологпын, сондықтан құқықтану мен саясаттанудың теориялық мәселелері мен қыр-сырларына қанық емеспін. Менің пікірім қате болуы да мүмкін. Мүмкін. Бірақ көзге анық көрініп тұрған жайттарды айтпасақ болмас.
«Көрген көзде жазық жоқ», - демеуші ме еді. «Айтпаса – сөздің атасы өледі», - деген де бар. Осы ретте айтпағымыз – бүгінгі таңда Еліміздегі білім саласында біртұтастық бұзылған.
Білім-ғылым саласында мемлекеттік біртұтас саясат жүргізетін Министрлікке Медициналық университеттер, Аграрлық жоғары оқу орындары, әскери жоғары оқу орындары, сондай-ақ салалық колледждер бағынбайды. Салалық министрліктерде тиісті білім-ғылым департаменттері айналысады олармен.
Сонымен, Білім және ғылым министрлігіне ЖОО-ның тек бір бөлігі, орта мектептер ғана қарайтын болып қалды. Бірақ, орта мектептер мен ЖОО-ның ішінде арнайы Заң актілерімен анықталған Білім және ғылым министрлігінде бекітілген біздің мемлекеттік стандарттарымызға бағынбайтын құқығы бар мекемелер бар екені де рас. Өздерінің күнделікті жұмыстарын Кембридж сияқты шетелдік университеттердің талаптарына сәйкес жүргізетіні де көпке мәлім дүние.
Әрине, біздің білім саласындағы стандарттарға сын аз айтылмайды. Десек те ол талаптар біздің құқықтық жүйемізге сәйкес және Конституцияның тұғырнамалық қағидаттарына негізделген. Ал Кембридж университетінің талаптары Ұлыбританияның құқықтық жүйесіне негізделгендігі айтпаса да түсінікті.
Бәлкім, білім және ғылым министрлігіндегі тұрақталған дау-дамайлардың басты себебі осында болар. Біртұтастық қағидатының қатаң сақталмауы басқа салаларда да бар сияқты. Оған да көптеген мысалдар келтіруге болады.
Ал біздің Ата Заңымыз – алтын діңгегіміздің талабы бойынша біз біртұтас (унитарлы) елміз. Яғни, біздің елімізде тек Қазақстанның ғана заңдары жұмыс істеп, талаптары орындалуы керек.
Қасиетті, дана Бұқар жыраудың:
«Жар басына қонбаңыз,
Дауыл тұрса, үй кетер.
Жатқа тізгін бермеңіз,
Жаламенен бас кетер» - деген өсиетін ұмытпасақ екен.
Алаңдаушылық тудырып, таң қалдыратыны – Үкіметтің де, Парламенттің де Заң актілерін қабылдаған кезде біртұтастық қағидатына асығыс, үстірт қарауында. Бұл тұрғыдан алғанда Парламентте Конституцияның тұғырнамалық негізін, қағидаларын қорғайтын фракция құру керек сияқты. Ата заңымыз – Конституцияны ұлықтайтын саяси партия, тіпті мемлекеттік орган құратын жағдай да пісіп жетілген сыңайлы.
Бұқар жырау айтқандай:
« ...ыншы тілек тілеңіз,
Тоқсандағы қарт бабаң,
Топқа жаяу бармасқа» – дегендей болып тұр.
«Ұлттық қауіпсіздік туралы» ҚР-ның Заңының 2-бап 3-тармағының талаптары бойынша Қазақстанның егемендік құқығын тарылтатын халықаралық келісім-шарттарға орын берілмеуі керек. Басқа елдердің Конституциясына негізделген құқықтық жүйелердің біздің елде орын алуы егемендігіміздің құқықтық аясын кеңейтпесі анық.
Менің өзім жақсы көретін ежелгі аңыз-әфсана бар. Баяғыда бір кісі бір данышпанға келіп: «Бақыт деген не?», - деп сұрапты. «Бақыт деген ақыл-есі дұрыс адамның қалыпты жағдайы емес», - депті данышпан. «Есі дұрыс адамның қалыпты жағдайы не?», - депті әлгі кісі. «Ақыл-есі бүтін адамның қалыпты жағдайы – уайым», - депті данышпан.
«Бақыттың биік шыңы – ұлтты уайымдау» - деген де бар. Ұлтты уайымдау дегеніміз – Конституцияны ойлау, ұлықтау. Оның негізгі қағидаттарын ұстану, қорғау. Сондықтан, Ата заңымызды уайымдап жүрейік, ағайын!
Конституция – мемлекеттің төлқұжаты! Конституция – Ұлттық код!
Нұғман Аралбай, биология ғылымдарының докторы, профессор
Abai.kz