Аршат ОРАЗОВ, IT маманы: Қазақ интернеті - энтузиастардың қолында
- Аршат, Ақтөбеден Астанаға қызмет ауыстырып келдіңіз. Қазір Ақпарат министрлігінің бастауымен www.baq.kz жобасын жүзеге асырып жатқаныңызды білеміз. Бұл жобаның мақсаты қандай?
- Бұл сайт - еліміздегі бүкіл ақпарат құралдарының басын біріктіретін үлкен платформа. Бұл жоба Ақпарат және байланыс министрі Асқар Жұмағалиевтің бастамасымен жүзеге асып жатыр. Айтулы платформаны екі түрлі сипаттауға болады: Біріншіден, ол жерде бүкіл сайттардың каталогы, яғни қазақша газет-журналдар, телеарналар мен радиолар, электронды БАҚ-тар айдары бойынша сайттар жинастырылған. Сол жерде бүкіл ақпарат құралдарының соңғы жарияланымдарымен танысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ сілтеме жасалған радио желілерін тыңдауға бола-ды. Ал «Қазақстан», «Хабар», «Ел арна» және «Балапан» арналарын тікелей интернет арқылы көруге мүмкіндік жасалған. Екінші сипаты, ол - жаңалықтар агрегаты, топтамасы. Яғни әртүрлі газеттерде шыққан соңғы жаңалықтар сайтта жинастырылады. Оқырман www.baq.kz сайты арқылы басқа сайттарды араламай-ақ бір жерден оқи алады. Мәселен, көптеген сайттарға ұялы телефон арқылы кіру мүмкін емес. Бірақ baq.kz сайты арқылы кез келген газеттің сайтына қалтафон арқылы кіруге болады.
- Аршат, Ақтөбеден Астанаға қызмет ауыстырып келдіңіз. Қазір Ақпарат министрлігінің бастауымен www.baq.kz жобасын жүзеге асырып жатқаныңызды білеміз. Бұл жобаның мақсаты қандай?
- Бұл сайт - еліміздегі бүкіл ақпарат құралдарының басын біріктіретін үлкен платформа. Бұл жоба Ақпарат және байланыс министрі Асқар Жұмағалиевтің бастамасымен жүзеге асып жатыр. Айтулы платформаны екі түрлі сипаттауға болады: Біріншіден, ол жерде бүкіл сайттардың каталогы, яғни қазақша газет-журналдар, телеарналар мен радиолар, электронды БАҚ-тар айдары бойынша сайттар жинастырылған. Сол жерде бүкіл ақпарат құралдарының соңғы жарияланымдарымен танысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ сілтеме жасалған радио желілерін тыңдауға бола-ды. Ал «Қазақстан», «Хабар», «Ел арна» және «Балапан» арналарын тікелей интернет арқылы көруге мүмкіндік жасалған. Екінші сипаты, ол - жаңалықтар агрегаты, топтамасы. Яғни әртүрлі газеттерде шыққан соңғы жаңалықтар сайтта жинастырылады. Оқырман www.baq.kz сайты арқылы басқа сайттарды араламай-ақ бір жерден оқи алады. Мәселен, көптеген сайттарға ұялы телефон арқылы кіру мүмкін емес. Бірақ baq.kz сайты арқылы кез келген газеттің сайтына қалтафон арқылы кіруге болады.
- Сізді қазақ интернетін қалыптастырушылардың бірі ретінде көпшілік таниды. Жалпы, бізде жеке іздеу торабы, пошталық жүйенің жоқтығы жиі айтылады. Маман ретінде бұл мәселелердің шешілмеуіне не себеп деп ойлайсыз?
- Ең алдымен, кез келген нәрсені жасамас бұрын оған сұраныс болуы керек. Осы тұрғыдан алсақ, бізде ондай сайттардың болмауына басты себеп - қазақтілді қолданушылардың аздығы. Бүгінде қазақтілді халық көбіне ауылда тұрады. Өкінішке қарай, көптеген ауылдарға интернет әлі де жеткен жоқ. Тіпті ұялы телефон операторлары да жете қоймаған. Сондықтан бірінші кезекте шалғайдағы ауылды аймақтарды дамытсақ, қазақтілді интернет қолданушылары да көбейеді. Сұраныс артқан соң, заңды түрде қызмет түрлері де арта түседі.
Екіншіден, қазақ тіліне деген немқұрайлылық та саланың дамуын тежеп тұр. Біреулер бұған көп қаржы керек дейді. Ал шын мәнінде, қазақша сайттар жасау үшін көп қаржының қажеті жоқ. Тек қазақ тілінде үлкен портал жасау үшін, әрине, оған Үкімет тарапынан қолдау қажет. Өйткені Үкімет оның мазмұнын қадағалаудан бөлек, авторлық құқық сияқты талаптардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.
- Сіз барсыз, Жанарбек, Бақытнұр сияқты IT мамандары бар, ең қызығы, қазақша интернет сіздер сияқты жеке энтузиастардың арқасында ғана дамып жатқан жоқ па? Бәлкім, бәріңізді қызметке тартып, ел мүддесіне пайдалану қажет пе?
- Мен де өз блогымда қазақ интернетін қалай көтеруге болатынын жазған едім. Менің ойым - бәріміздің басымызды біріктіретін бір орталықтың құрылуы. Бүгінде елімізде қаншама қазақша сайттар мен блогтар бар, бірақ шынын айту керек, олардың көбі - жеке энтузиастардың арқасында жүзеге асып жатқан жобалар. Сіз маған жеке қолдаумен шығып жатқан қандай сайтты айта аласыз? Рас, www.abai.kz сайты бар. Ал қалғандары ше? Бұдан түйетін ой - қазақ интернеті энтузиастардың қолында. Бұл арада біз сайт жасаушылардың бәрін бір орталыққа жинайтын болсақ, бұл сала көш ілгері дамып кетер еді. Мәселен, олардың бірі жақсы сайт жасайды, енді бірі кодтарды жақсы түзеді, енді бірі пиар мен идеология жасауға жақын. Егерде Үкімет тарапынан көмек көрсетіліп, бәріміздің басымыз біріксе, «мынандай сайт жасаңдар» деп бағыт берілсе, көп нәрсе өзгерер еді. Мәселен, baq.kz сайты - Ақпарат және байланыс министрлігінің жобасы. Олар бұл жобаны қазақша БАҚ-тарды дамыту үшін қолға алды. Неге басқа министрліктерге де осы тектес жобаларды қолға алмасқа?!
- Сіз Ресейдің «Мой мир», «Одноклассники» сияқты әлеуметтік желілеріне ұқсатып, «Кездесу.кз» жобасын жүзеге асырдыңыз. Бұл жобаға жастардың сұранысы қандай?
- Негізінен, бұл жоба мені моральдық тұрғыдан қанағаттандырады. Бұл жобаны мен не үшін жасадым? Әрине, бұл «Мой мир», «Одноклассники» сияқты ірі жобаларға бәсекелес бола алмайды. Себебі бұл жобаны жалғыз өзім жасап шықтым. Бұл арада мен «мұндай нәрсені қазақша жасауға болады» дегенді айтқым келді. Қазір бұл сайтқа көп адам кіреді. Жобаның іске қосылғанына бір жыл толмаса да, оның 500-ден астам қолданушысы бар. Яғни мұндай сайттарға да сұраныс жоғары. Онда қоғамдық желілерге тән барлық қызмет түрлері бар. Өкінішке қарай, техникалық тұрғыдан оған тым көп қолданушының кіруін көтере алмаймыз. Сервер тұрғысынан нақты мүмкіндіктеріміз жоқ.
- Осы күнге дейін қанша сайт жасадыңыз? Оның ішінде қайсыларын ерекше атап өтер едіңіз?
- Олардың нақты саны жоқ. Менің мамандығым - сайт жасаушысы емес, туризм маманы. Бірақ бұл мамандық бізге, бір жағынан, кәсіп болды, екінші жағынан, нәсіп болды. Менің басты сайттарым - ақпараттық сайттар, яғни газеттерге арналған жобалар. Әу бастан «Ақтөбе» газетінің сайтын жасаушы ретінде таныла бастадым. Жалпы, сол тұста «Ақтөбе» газеті облыстық газеттердің арасында ең бірінші сайтын ашқан басылым еді. Одан кейін «Егемен Қазақстан» газетінің сайтын біраз өзгертіп, жоғары деңгейге көтере алдым деп ойлаймын. Соңғы жобам - baq.kz. Негізі, ақпарат саласында жасаған сайттарымды Ақпарат министрлігінің басшылығы ерекше атап өтіп, мені қызметке шақырған еді.
- Қазір ойда жүрген қандай жобаларыңыз бар?
- Бүгінде nur.kz - Қазақстандағы танымал порталдардың бірі. Сол сияқты орыстарда rumbler, yandex тек іздеу жүйесі ғана емес, ішінде поштасы да, ақпараттық блогы да, видео және аудио бөлімдері де бар үлкен портал. Мен де осындай кең ауқымда қамтылған үлкен портал жасағым келеді. Ол қазақтың бас порталына айналса екен деймін. Менің көзім жеткені - жүзеге асыруға болмайтын нәрсе жоқ. Бәрін де жасауға болады. Ең бастысы, бұған ниет пен қолдау қажет.
- Алғашқы блогшылардың бірі ретінде қазақша блогосфераның қазіргі жай-күйіне қандай баға бересіз?
- Қазақ блогосферасы 2008 жылы үлкен дүмпумен дамып кетті. Асхат Еркімбайлардың еңбегі мұнда зор. Сол жылдары біраз блогтар ашылып, оқырмандар жиналды. Адамдар блогтың не екенін түсіне бастады. 2008 жылдан кейін бұл бағытта семинарлар мен тренингтер де көбейді. Қазіргі аяқ алысы жаман емес. Асхаттың айтуынша, бүгінде қазақ тілінде 200-ден астам блог бар. Қазіргі блогтарды азаматтық журналистика деп атауға толықтай болады. Журналистердің өздері де блог аша бастады. Бұл да қуантарлық жайт.
- Интернетті реттейтін заңның қабылдануы блогтардың дамуына кері әсер етті ме?
- Заң қабылданар тұста «блог та БАҚ ретінде қарастырылады» дегендей ойлар болды. Кейбір блогшылар өз блогтарын жүргізбей тастады. Менің ойымша, сол тұста дұрыс түсіндіру жұмыстары жүргізілмеді. Ақпарат аз болды. Қазір оның ешқандай да кемшілігін көріп тұрған жоқпын. Бірақ адамдарды ойландыратын бір жайт - интернетте авторлық құқық туралы жеке заң, не ереже қабылданса деген ниет. Яғни біздің блогтарымызды тіркейтін бір орталық ашылып, блог мазмұнын қорғауға мүмкіндік жасалса дейміз. Мәселен, көптеген блогшылардың жазған материалдарын кейбір газеттер рұқсатсыз алып, көшіріп беріп жатады. Олар коммерциялық негізде бұдан ақша табады. Ал бұл - жазған адамның еңбегін елемей, ақысын жеу. Осы тұрғыдан тиісті заң қабылдау қажет.
- Екінші жағынан, сізді спорт шолушысы ретінде де танимыз. Бұл арада сіздің авторлық құқықтарыңыздың да бұзылған кездері болды ма?
- Кезінде менің қазақ қыздарына арналған arular.kz деген сайтым болды. Бұл жобаны қыздар жүргізіп отырды. Ол қыздардың ешқайсысы журналист емес-тін, біреуі Семейде, біреуі Атырауда, енді біреуі Алматыда тұрып, жобаны жүргізді. Ең қызығы, қыздардың жазған мақалалары мен түсірген суреттерін кейбір облыстық газеттер көшіріп жазып, өз аттарын қоятын кездер де болған. Әрине, ол жерде адамның авторлық құқы бұзылып, еңбегі зая кетеді. Осының салдарынан сайтта жұмыс істеп жүрген қыздар мақала жазғысы келмейтін. Яғни мұндай келеңсіздіктер адамның ықылас, ниетіне қаяу түсіреді.
- Ресей президентінің бастамасымен елде интернет тілі латын әрпінен біртіндеп бас тартып, кирилл әрпіне өтіп жатыр. Бұл өзгеріс Қазақстан интернетіне қалай әсер етуі мүмкін? Біз де кирилл әрпіне өтуге мәжбүр боламыз ба?
- Техникалық тұрғыдан айтар болсақ, мен мұндай нәрсені қолдамаймын. Менің ойымша, бұл домен сатушыларға ғана пайдалы. Оның үстіне, мәселен, шетелде тұратын қандастарымыз қазақша сайттарға кіргісі келеді, бірақ оның компьютерінде кирилл әрпі жоқ, сонда олар отандық порталдарға қалай кіреді? Керісінше, мен қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін қалаймын. Өйткені мұнымен біраз мәселе шешілер еді. Сайт жасаушы ретінде айтайын, қазақша әріптерді көп шрифтер қамтамасыз етпейді. Ал сайт жасайын десең, бұл көп қиындық туғызады. IT саласында жұмыс істейтін мамандардың барлығы мұны біледі. Сондықтан латын әліпбиіне тезірек көшкен жөн сияқты.
- Түркияда 7 жылдай оқып келдіңіз. Түрік елінен қандай тәжірибені алуға болады деп ойлайсыз?
- Мен Түркияда 1997-2004 жылдар аралығында оқыдым. Расын айту керек, интернеттің дамуы бойынша олар бізден көп жыл алда келе жатыр. Оның бір себебі - халықтың көптігі. Халық көп жерде, барлық сала дамиды. Екіншіден, ол жақта екітілділік мәселесі мүлдем жоқ. Бір тілде сөйлейді, латын әліпбиінде жазады.
- Ал өзіңіз қандай блогтар мен сайттарды оқисыз?
- Шыны керек, ақпарат алу үшін көбіне шетелдік сайттарды оқимын. Өйткені ол жақта ақпарат бізден гөрі тез шығады. Оның үстіне, көбіне техникалық сайттарды қараймын. Ал олардың көбі ағылшын және орыс тілдерінде. Қазақша сайттарға келсек, негізінен, газеттердің ресми сайттарына кіріп тұрамын. Сол сияқты туған жерім Ақтөбедегі газет-журналдардың сайттарынан елдегі жағдайды біліп отырамын. Таныс блогшылардың блогтарына кіріп, жаңалықтарын оқимын. Соңғы кездері жақсы танымал болып келе жатқан блогтар баршылық. Өз басым Өркен Кенжебектің блогын оқып тұруды ұсынар едім. Өркен журналист ретінде де, блоггер ретінде де жақсы танылып келеді. Асхат Еркімбайдың блогын жиі қараймын. Себебі сол жерден қазақ блогосферасының дамуын қадағалауға болады.
Менің ойымша, 2011 жылы жаңа жобалар ашылатын сияқты. Жақында Award.kz байқауы аяқталды. Бас жүлдені қазақ тіліндегі adebiet.kz сайты жеңіп алды. Яғни алдағы жылдары әдебиет, мәдениет тақырыбындағы сайттар көбеюі тиіс. Негізінен, мен бір тақырыпта бірнеше сайттың ашылып, өзара бәсеке болғанын қалаймын. Сайт жасаушысы ретінде айтарым, қазақша сайттарды көп пайдаланып, міндетті түрде пікір жазып жүріңіз. Осылайша біз отандық интернеттің дамуына өз үлесімізді қоса аламыз. Әрбір азаматтың сайттарды қолданушылық парызы болуы тиіс.
- Спорт жанкүйері екеніңізді білеміз. Өз кезегінде әрбір футбол командасы жеке сайтымен қамданып алуы керек пе?
- Негізі, Футбол федерациясының регламентінде мұндай мәселе қамтылған. Яғни сайттары болмаған командаларға айыппұл салынады. Бірақ аталған регламентте «сайт болуы керек» деп жазылса да, федерация оның мазмұнын тексеріп жатқан жоқ. Мұндай сайттарда жаңалықтар жиі жаңартылмайды. Оның үстіне, көбінің қазақша нұсқалары жоқ. Әрине, федерацияның командаларды «сайт жасаңдар» деп міндеттеуі дұрыс. Бірақ оны ары қарай қадағалап отыру қажет. Меніңше, басқа да атқарушы органдар өздеріне қарасты мекемелерге осындай міндеттер қойса игі. Мәселен, Ақпарат министрлігі облыстық, аудандық газеттерге жеке сайттармен қамдануға нұсқау берсе, Білім министрлігі оқу ордалары мен мектептерге осындай шарт қойса жөн. Бұл игі бастама өз жемісін берер еді.
Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ
«Айқын» газеті