Диплом бар, жұмыс жоқ...
Қазақстандықтардың 15 пайызы ғана бала күнінде армандаған мамандықтары бойынша жұмыс жасайды. Бұл туралы «nur.kz» сайты жүргізген сауалнама нәтижесінде белгілі болды. Сондай-ақ университет тәмамдағандардың жартысынан көбі өз мамандығы бойынша қызмет етпейтіні анықталды. Соның салдарынан қоғамда дипломды жұмыссыздардың саны күрт өскен. Олар дипломы бола тұра неге жұмыссыз? Жастық арман неге орындалмайды? Осы сұрақтарға жауап іздеп, елдегі еңбек нарығындағы проблемалардың түп-төркініне көз жүгіртіп көрелік.
Қазақстандықтардың басым көпшілігі бала күнінде дәрігер болуды армандаған екен. Олардың үлесі пікір-терімге қатысқандардың 14 пайызын құрайды. Мұғалім немесе тәрбиеші болуды қазақстандықтардың 10 пайызы армандапты. Жауап бергендердің 8,5 пайызы бала күнінде сахнада өнер көрсетуді, 7,2 пайызы әскери адам болуды қалағандарын айтқан. Заңгер болғысы келгендер 5,2 пайыз, қолына қалам алып, журналист атануды армандағандар 4,7 пайыз екен. Ғарышкер (4,2%), ұшқыш (4,1%) болсам дегендер де баршылық. Балалық қиялымен директор (3.8%), президент (3,7%) болуды арман еткендер де аз емес көрінеді. Бұдан кейінгі орындарда полиция қызметкері, депутат мамандықтары жайғасқан. Футболшы, банкир, археолог, астроном, шаштараз, стюардесса, тігінші мамандықтарына тізімнің төменгі сатыларынан орын бұйырыпты.
Балалық арманның орындалмау себебінде көбінің пікірі негізгі үш мәселеде тоғысқан. Олардың 23,5 пайызының есейе келе бала күнгі мамандыққа қызығушылығы жоғалған, 22,9 пайызының болашақ кәсібін ата-анасы таңдап берсе, 23,5 пайызы ұнайтын мамандығына түсе алмапты. Қалап түскен мамандығы бойынша жұмыс таба алмағандар да (7,6%) баршылық көрінеді.
Сауалнама нәтижесінде анықталғандай, жоғары білімі барлардың жартысынан көбі, дәлірек айтқанда 60 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс жасамайды. Соның салдарынан дипломды жұмыссыздар көбею үстіне көбеюде. Оның бірнеше себебі бар.
Білім емес, диплом үшін оқу
«Елу жылда – ел жаңа», – десек, Қазақстан тәуелсіздігін алып, нарықтық қатынастарға өткелі ширек ғасырдан енді асып барады. Демек, қоғамдық сана толықтай жаңарып үлгерген жоқ. Кеңестік кезеңде салтанат құрған «жоғары білім – жарқын болашақ кепілі» түсінігі әлі де өзекті. Сондықтан ата-аналар баласына оқуға ықыласы жоқ болса да көштен қалмасын деп қайтсе де диплом алып беруге тырысады. Мектепте де мұғалімдер оқушыларға «оқымасаң, көрген күнің қараң» деп үнемі құлақтарына құяды. Нәтижесінде көп жастар жанына жақын кәсіптің тұтқасын ұстаудың орнына, өзі қызықпайтын саланы оқу ақысы арзан, ортаңқол оқу орнында шала меңгеріп шығады. Сабаққа аңсары аумағандықтан, оған ден қоймайды. Қосымша жұмыс жасап жүріп, емтихандарды әупірімдеп жауып, қолға диплом алады. Кейбірі дипломдық жұмысты сатып алатыны айтпаса да түсінікті. Енді, өзі қызықпаса, сабағына қатыспаса, не деп жазсын. Осылайша мамандығынан мақұрым тағы бір маман жұмыссыздардың қатарына қосылады. Мұндайлар мыңдап саналады. Өздеріне ұнайтын іспен айналысатындар әлдеқайда бақыттырақ екендігін өмір әлдеқашан дәлелдеп қойған. Қандай жұмыс болмасын, адамға қуаныш сыйлап, содан рақат алса, онда ол адамның мамандық таңдауда адаспағаны. Сондықтан баланың шама-шарқын ескерместен сүйрелеу, қабылдауға ынтасы жоқ немесе қабілетсіз ой еңбегіне жегу қате. Одан да сүйікті, қолынан келетін ісіне баулу, анағұрлым абзалырақ.
Біліктіліктің төмендігі
Жас маманды үйрету, оны оқыту біршама уақытты қажет ететіндіктен, кез келген жұмыс беруші бос орынға дайын маманды алғанды жөн көреді. Ал теория мен практиканы ұштастырған, шәкірттеріне еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білім беретін оқу орындары саусақпен санарлықтай. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған жекеменшік жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басым көпшілігі диплом үлестіргеннен ары аса алмауда. Материалдық-техникалық базаның жұтаңдығынан, оқытушылық құрамның әлсіздігінен білім сапасы сын көтермейді. Қызметінің негізгі мәні коммерция болғандықтан, үлгерімі төмен студенттерді оқудан да шығара алмайды. Оны студенттер жақсы біліп алған. Үштік бағасын қойып, курстан-курсқа көшіріп, соңында қабілетсіз маман даярлап шығарады. Бір жылдары шағын қалалардың өзінде университет, институт аттарын иемденген оқу ордалары көбейіп кетті. Соның салдарынан Қазақстан ЖОО-ның және сонда оқитын студенттердің саны жөнінен әлемде көшбасшы елдердің қатарына жатады. Қазақстанда 1 млн тұрғынға 10 жоғары оқу орнынан келеді екен. Ал халықаралық тәжірибеде миллион тұрғынға 1-3 оқу орнынан айналады.
Елімізде жарты миллионға жуық колледж студенті бар. Жылына олардың 200 мыңы диплом алса, оның 50 мыңы ғана жұмысқа тұрады немесе оқуын жалғастырады. Қалған 150 мың жас дипломды жұмыссыздардың қатарын толықтырады. Сол себепті де білім және ғылым министрлігінің жоғары және арнаулы орта оқу ордаларының санын қысқартуға күш салуы әбден құптарлық. Осы мақсатта ЖОО-ларды бәсекелестіру арқылы ол жердегі білім деңгейін көтеру көзделуде. Ол үшін Қазақстан жалпы стандарттағы дипломдардан бас тартпақ. Яғни әр оқу орнының өзіндік дипломы болады. Сонда еңбек нарығында қай білім ордасының түлектеріне сұраныс жоғары екендігі анықталмақ. Көшке ілесе алмағандары сапа деңгейін жоғарылатпаса, өздігінен қызметін тоқтатады. Лайым солай болғай.
Бірақ бұл жүйеге көшпес бұрын ойластырар мәселелер көп. Айталық, қандайда бір ЖОО-ға артықшылық берілмеуі керек. Артықшылықтың өлшемі сапалы білім болуы тиіс. Халықаралық стандартқа көшеді екенбіз, олай болса, университеттердің рейтингін шығарғанда да халықаралық жүйе қолданылуы міндетті. Қазіргідей студенттердің жұмысқа орналасу рейтингін қолдан жақсарту үшін дипломды жұмыс тапқаны туралы анықтама тапсырған түлектерге ғана беру секілді бармақ басты, көз қысты әрекеттерге тосқауыл қойылуы керек.
Қажетсіз мамандықтардың көбеюі
Университеттер мен колледждердің шектен тыс көбеюі, ол жерде қоғамға қажетсіз мамандықтардың оқытылуы дипломды жұмыссыздардың артуына әкеліп соқтырды. Ғалым Камал Бұрханов депутат болып тұрған кезде, Қазақстанда жылына 5 мың жас дипломатиялық мамандықтар бойынша жоғары оқу орнын тәмамдайтынын, олардың ары-кетсе 10-ы ғана Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа тұратынын айтып, алаңдаушылығын білдірген болатын. Осы секілді мысалдар өте көп. «Тас лақтырсаң, заңгер мен экономистке тиеді» деген сөз тіркесін естіп жүргенімізге талай жылдың жүзі болды. Бұл санатқа қаржыгер, мұнайшы мамандықтарын да қосуға болады. Керісінше, техникалық мамандықтардың сұранысы жыл сайын өтелмей келеді. Өкінішке қарай, түлектерде мамандық таңдауда объективті ақпарат жоқ. Сондықтан таңдау жасарда атынан ат үркетін, кеңестік кезеңде абыройлы саналған мамандықтарға барады. Тиісті органдарда қандай мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары бар, қай сала маманға тапшы, керісінше қандай мамандар шамадан тыс асып кеткені туралы ақпарат бар. Осы ақпарат мектептердің жоғары сынып оқушыларына таныстырылса, түсіндірілсе бәлкім жыл сайын бір қателікті қайталай бермес пе едік.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар
Дипломды жұмыссыздардың дені әлеуметтік жағынан жеткілікті қорғалмаған, күнкөріске жарарлық, бірақ перспективасы жоқ күзет, даяшы, сатушы, құрылысшы, жүк тиеуші секілді жұмыстарды істейді, базарды жағалайды, көлігі барлар таксист болады. Ондай азаматтар өзін-өзі жұмыспен қамтушылар санатына жатқызылады. Олардың жұмыстан айырылуы оңай, жаңасына тұруы қиын. Сондықтан бастығының қас-қабағы мен көңіл-күйін аңдуға мәжбүр. Сондағы алатын жалақылары тым мардымсыз. Зейнетақы қорына қаржы құю, демалыста, ауырып қалғанда төленетін ақша туралы ауыз ашудың өзі артық. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың саяси белсенділігі де төмен болады. Олар сайлауға бармайды, мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне араласпайды. Жастық амбиция, арман-қиял жүзеге аспағандықтан олардың басым көпшілігі өмірге наразы келеді. Оны аңғару үшін таксиге отыру немесе базардағы халықтың әңгімесін тыңдау жеткілікті. Ондай топты тобырлық сана билейді. Ал тобырды арандату, билікке қарсы қою оңай. Байқағанымыздай әлеуметтік сипаттағы мәселенің саясилануы қиын емес.
Өмірде биік жетістікке жеткен адамдарға қарап, жетістіктің кілті жоғары оқу орнын құры тәмамдауда емес, шынайы білімде, жеке ізденісте, өзіңді жетілдіру мен профессионализмде екендігіне көз жеткізесің. Білім, қабілет – сарқылмас потенциал. Соны дұрыс пайдалана біліп, өзін қамшылап, мақсатқа талпынғандар үшін мүмкін емес ешнәрсенің жоқ екенін ұғынасың. Олай болса, елден қалмайық деп диплом алуға «әсемпаз» болмай, жасампаз болуға талаптаналық.
Меліс СЕЙДАХМЕТОВ
Abai.kz