Диграф негізіндегі әліпби қазаққа не үшін қауіпті?
Жақында Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығы Парламентте латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынғаны белгілі. Латын графикасының 25 қарпін пайдаланатын бұл әліпбиде қазақ тілінің өзіне тән төл дыбыстар диаграфпен, яғни қосарланған қаріптермен таңбаланған. Яғни, «ә» әрпін – «ae», «ө» әрпін – «oe», «ү» әрпін «ue» деп жазу көзделген. Жалпы қазақ қоғамы, соның ішінде әлеуметтік желілердегі көзіқарақты халықтың басым көпшілігі бұл жобаның оқуға да, жазуға да ыңғайсыздығын айтып, қарсылығын білдіріп жатыр. Диграф нұсқасымен жазуды қолдағандар өте аз. Бірақ, мемлекеттік ақпарат құралдарында дәл осы нұсқаны насихаттаудың жиілеп кеткенін ескерсек, диграф негізіндегі әліпбиді енгізуге талпыныс бар екені байқалады.
Біздің ойымызша, қосарланған қаріптерді енгізу қазақ тілінің, Қазақстан қоғамының болашағы үшін қауіпті. Оның мынадай себептері бар.
Біріншіден, бұл қазақтілді қоғамның жаппай сауатсыздануына алып келеді. Қарапайым халықты, мектеп мұғалімдері мен білім саласы қызметкерлерін былай қойғанда, күнделікті қоғамдық-саяси мәселелерді оқып, талқылап отыратын көзіқарақты қазақтілді ортаның өзі үйреншікті сөздердің оқылуын түсінбей, оқыса, жаза алмай, жазса, оқи алмай қиналып жатыр. Оқып, жазуды үйреніп кету оңай дегенімен, сөздерді қатесіз жазу, қосарланған әріпті бір дыбыс етіп айту, буынға бөліп, тасымалдауда үлкен мәселелер туындайды. Бұл жазу мектептерде енгізілгеннен бастап сауатты түрде оқып, жаза алатын мамандар тапшы болады. Диграф таңба үйреншікті болмағандықтан, халықтың сауат ашу процесі өте баяу жүреді, әрі ел ішінде сауат ашуға деген ынта төмендеп, кітап оқуға, білім алуға деген құлшыныс азаяды.
Екіншіден, жаңа жазу емлесі толық қалыптаспағандықтан, әрі мектептерде сауатты мұғалім, жақсы оқулықтар жетіспейтіндіктен, қазақ мектептерінде білім сапасы төмендеп, оларға деген сенім азаяды. Орыстілділер түгіл, қазақтілділердің өз ішінде балаларын көз үйренген кириллица әліппесімен оқытатын орыс мектептеріне беру үрдісі қарқын алады. Бұл қазақ тілінің іс жүзінде мемлекеттік тіл мәртебесін алуына үлкен кедергі жасайды.
Үшіншіден, ақпарат қазақ және орыс тілдерінде балама негізде ұсынылғанда орыстілділерді былай қойып, қазақтілділердің өздері оқуға жеңіл орыс мәтіндерін таңдауға көшеді. Заңдардың, келісім-шарттардың, ресми құжаттардың қазақ тіліндегі нұсқасына деген қажеттілік қазіргіден де азаяды. Ақпарат құралдарының ішінде орыс тілінде жазатындарының оқырманы әлдеқайда артады. Бұл қазақтілді БАҚ-тардың ескі кириллицаны да қатар пайдалануына алып келеді. «Тілді бұрап отырғанша, осы жақсы» деген қағида қалыптасады. Бұл халықтың санасын жаңа графикаға көшіруді кешеуілдетеді. Мекемелер, ақпарат құралдары ақпаратты таратқанда оны екі әліпби нұсқасында да таратуға мәжбүр болады. Бұл олардың шығындарын екі есе арттырады.
Төртіншіден, үкімет пен халықтың арасындағы коммуникация нашарлайды. Латын қарпімен шығатын мемлекеттік басылымдарға деген қызығушылық төмендейді. Кириллицамен жазылған қазақ мәтіндері үкіметке деген наразылықтың құралына, символына айналады.
Бесіншіден, қазақша ғылыми еңбектер жазуға, оларды оқуға құлшыныс азаяды. Қазақша ғылыми тіл, терминдер толық қалыптасып бітпегені белгілі. Онсыз да санаға сіңбеген терминдердің диграфпен жазылуы мәтінді одан сайын қиындатып, оқырманды шатастырады. Бұл қазақ тіліндегі сапалы ғылыми еңбектердің санын төмендетіп, оларға деген сұранысты азайтады.
Алтыншыдан, халықтың сауатсыздығын пайдаланып, қылмыс жасаушылар, елді алдап-арбаушылар көбейеді. Латын қарпімен жазылған түсініксіз келісім-шарттарға қол қоямын деп, адамдар жиі алданады.
Жетіншіден, қазақ тіліндегі жер-су, кісі аттарының халықаралық деңгейде дыбысталуы өзгереді. «Көкшетау» – «Коекшетауға», «Әбдіжәміл» – «Аебдіжаемілге», «Нұр әлем» – «Нұр аелемге» айналады. Тек шетелдіктер ғана емес, қазақ тілін білмейтін Қазақстандағы басқа халықтың өзі географиялық атауларды оқылуы бойынша атай бастайды. Бұл елдегі ұлтаралық қарым-қатынасқа, қазақстандықтардың шетелдіктермен коммуникациясына өте үлкен кедергі келтіреді.
Сегізіншіден, орыстілділердің, шетелдіктердің қазақ тілін оқып, үйренуге деген жалпы құлшынысы төмендейді. Диграф негізіндегі әліпби қазақ тілін, мәдениетін, әдебиетін зерттеп жүрген шетелдегі ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын әлдеқайда ауырлатады. Бұл қазақ мәдениетін насихаттауға біршама кедергі келтіреді.
Тоғызыншыдан, диграф негізіндегі әліпби бізді түркі халықтарына жақындатудың орнына бұрынғыдан да алшақтатып жібереді. Латын қарпіне көшкен көршілердің ешқайсысы диграфты пайдаланбайтындықтан, олардың біздің мәтіндері түсінуі қиындайды, бұған дейін бірдей не ұқсас дыбысталып келген сөздердің дыбысталуы өзгереді. Олар біздегі «үйді» «уей» деп, «көлді» «коел» деп оқиды. Бұл түркі халықтарының арасындағы интеграцияны баяулатады. Ұзақ мерзімдік тұрғыдан қарағанда бұл жалпы қазақ тілі фонетикасының өзгеріске ұшырауына, төл дыбыстардың жойылуына алып келеді.
Қазақ тілін латын қарпіне көшіру – Қазақстанның рухани жаңғыруының маңызды бөлігі екені шүбәсіз. Бірақ, біз түркі халықтары пайдаланып отырған, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары қолдаған диакритикалық негіздегі әліпбидің енгізілуін қолдаймыз. Бұл әліпби жоғарыдағы проблемалардың алдын алуға, қазақ тілінің латын қарпіне оңай өтуіне мүмкіндік береді.
Президент Н.Назарбаевтың өзі «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген болатын. Көпшіліктің қолдауына ие бола алмаған әліпби нұсқасы қазақ тілінің жеңіл де заманауи тіл болып қалыптасуына кедергі келтіреді. Бұл – сайлау, заң қабылдау сияқты белгілі бір саяси науқанның аясындағы өткінші нәрсе емес, тілдің, ұлттың болашағын айқындайтын тарихи оқиға. Бұл – Қазақстан халқының бірлігі, тұтастығы, яғни, ұлттық қауіпсіздік мәселесі, Сондықтан, осы жауапты сәтте науқаншылдыққа, ұраншылдыққа, жағымпаздыққа бой алдырмай, дұрыс таңдау жасайық.
Мұхтар Сеңгірбай
Abai.kz