Құлсарыда «құбыжық» құстар жүр
Байқайсыздар ма, осы күні ауылда тоқтыдан кем түспейтін ірі жапалақтар пайда болды. Өз басым түнде сай бойынан, жап үстінде бала құсап отырған жапалақтарды 2-3 мәрте кездестірдім. Адам шошырлық көрініс. Себебі, ірі жапалақ, байғыз, үкілерді ауыл ішінен бұрын-соңды кездестірмеппін. Өздері адамнан ығып, қашпайды, айбат шегіп ысылдайды. Таң қалған нәрсемнің артын қазбаладым. Сөйтсем, былтырғы көзге көрінбей кеткен арабтардың ізбасарлары, яғни сатқын жандайшаптарының, өз қазағымыздың, сақалды жастарымыздың әрекетінен пайда болған қорқынышты құстар екен бұлар. Астыларына маңғыстаулық (12 нөмірін таққан) көлік мінген қазақ жігіттері өз елінің байлықтарын, ұрпақ құндылықтарын, қызыл кітапқа енген аспан астындағы табиғи тірі мұраларымызды ақша үшін тапа-талтүсте талан-таражға салып, арабтарға аулап беріп, сатқындық қызмет етіп жүрген намыссыз ездеріміз Желтау өңірінде кездескен адамдардан тек қана құстар туралы мағұлмат сұрайды екен. Ол маңнан өліп жатқан ірі қарақұстарды да көрдім. (Шамасы оқ тиген). Бас сауғалаған бейшара құстар пана іздеп амалсыз Құлсары шаһарына қашып келгенге ұқсайды. Қазір қу арабтар өздері көзге түсіп көрінбейді. Пұлын төлеп қойып опасыз, сатқын қандастарымыз арқылы өз мүдделерін еркін жүзеге асырып отырған реті бар. Қазаққа өз төңірегінен қара балық аулатпайтын қырағы полицейлер мен қара халыққа ғана қолданатын мызғымас заңымыз қайда? Біздің кең даламызды үнемі жіті бақылауда ұстап отыратын қандай да бір жауапты орындар бар ма? Биікжалдан 55 шақырымдай асып, Желтау етегіндегі жерді үңгіп жүрген Ақтөбедегі қытайлардан біздің әкімдер хабардар ма? Құжаттары сай қытай екендіктеріне 100 пайыз кепілдік бере ала ма? 5-6 басшы қытайлар және өңкей қара жұмысшы қазақтардан құралған мекеме ол жерлерді заңды үңгіп жатыр ма? Шөлқарадан Құлсары қаласына толассыз тасылып жатқан шлам, яғни зиянды қалдықтар туралы біздің әкімдер неге жақ ашпайды? Бұл мәселелерді «Кең-Жылыо»,»Құлсары» үнқағаздары халықты құлақтандырып неге ақпараттар таратпайды? Ақтөбе, Орал, қала берді Атырау аймағынан бөлінген зиянды улы қалдықтар не үшін 80 мыңдай халық мекендеп жатқан жас қала Құлсарыға, яғни біздің ауылдың іргесіне тасымалданып төгілуде? Бұған «бұ қалай?» дейтін ешкім жоқ па? Халықтың денсаулығы, ұрпақтың құны билік үшін көк тиын болғаны ма сонда? Бұл мәселе ешкімді алаңдатпайды ма? Біздің сахара жапан түздің сұрауы жоқ па? Арнайы Шөлқара жаққа қатынайтын көлік жүргізушілерімен сұхбаттастым. Олар шөлейтті мекендеген құстарымыздан дым қалмағанын, арнайы жасақталған белгісіз топтардың дала кезіп енді жапалақтарды ата бастағанын қынжыла айтып берді. Демек, далаға бақылауды күшейту керек. Ай, қайдам, тиын көрсетсе, тәубасын ұмытатын кенеуі кеткен ақшақұлдар жүрген жерде әділеттілік бола қоймас! Бұл мәселені көптеп көлемдеп халық өз қолына алу керек сияқты. Еліміз, байлықтарымыз ашық тоналып жатыр. Зиянкестер ұрпақ несібесін шамадан тыс кеміруді қоятын емес.
Тұрар Шапқара
Құласары кенті
Атырау облысы
Abai.kz