Жексенбі, 8 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 9378 4 пікір 18 Қазан, 2017 сағат 14:51

Тараздан қайтқан қандастардың қуанышы

Бұлар енді "Қазақстанның азаматы" атанатын болды.

Abai.kz ақпараттық порталы оқырмандардан тағы да сүйінші сұрайды. Бұған дейін Abai.kz арнайы мақала жазып, дабыл қаққан мәселе, яғни Қытайдан оралып, Жамбыл облыстық Көші-қон полициясынан ықтиярхат алған 251 қандастың даулы мәселесі шешімін тапқанын жариялап, сүйінші сұрап едік. Жамбыл облыстық Көші-қон полициясы қазір сол 251 қандастың тұрмыстық түйткілді мәселелерін шешу мақсатында қарқынды жұмыс жүргізуде, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Осы апта бастала салып, яғни дүйсенбі күні 22-і, сейсенбі күні 10 қандасымыздың құжаты заңдастырылды. Бүгін Жамбыл облыстық Көші-қон полициясында 19 қандасымыздың құжаты қалыпқа келтіріліп жатыр. Құдай қаласа, ертеңдері 51 қандастың барлық мәселесі толығымен шешіледі.

Жергілікті жердің заңын білмегендіктен алаяқ делдалдарға жолығып, соның салдарынан Қазақстаннан қуылып кете жаздаған бауырларымыздың қуанышында шек жоқ. Егер де биліктегі елім деген азаматтар, қазіргі Жамбыл облыстық Көші-қон полициясындағы жүрегі Отаным деп соғатын қызметкерлер, "Нұр-Отандай" белсенді партия, жылаған ана мен балалардың көз жасын жоғарыға жеткізер Abai.kz секілді ақпарат құралы болмағанда 251 отбасының тағдыры күл-парша болып күйрер еді.

Бұл - ауызбен айтып, сөзбен суреттеп жеткізе алмайтын қуаныш. Осы қуанышты хабар жете сала Жамбыл облыстық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Орал Мұстафаұлы Үдербаевпен телефон арқылы тілдескен едік.

Орал Мұстафаұлы Үдербаев, Жамбыл облыстық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі:

- Жамбыл облыстық ІІД Көші-қон полициясы қазір қауырт жұмыс жүргізіп, қандастардың құжатын дұрыстап беруге барын салып жатыр. Дүйсенбі күні 22 адам қабылдап, олардың барлық мәселесін шештік. Сейсенбі күні 10 адамның жұмысы толық аяқталды. Бүгін 19 қандастың шаруасын тезірек бітіру үшін жанталасып жатырмыз. Осы азаматтардың ішіндегі 3 азамат азаматтығын алды. Құдайға шүкір, бәрі рет-ретімен заң шеңберінде өз орнына келеді. 

Енді қалған 197 азаматтың құжатын жасап беру - біздің басты міндетіміз. Олардың кейбірінің қайда екенін білмейміз. Осы мәселемен шұғылданып жүрген белсенді жігіттер болып, біз болып сол 197 азаматтың бәрін тауып, құжаттарын заңдастырып берсек дейміз. 

Жұмысты жеделдету үшін Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасына арнайы хат жазып, қандастарды медициналық сараптамадан тезірек өткізуді сұрадым. Сол секілді қолдан келгенше жан-жаққа хабарласып, осы азаматтардың азаматтық алуына бар жәрдемімізді аяп жатқан жоқпыз. Алматы қалалық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Айдын Елеуұлы Белгібаевқа,  Алматы облыстық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығының міндетін атқарушы Қуаныш Қанатұлы Күдебаевқа, Астана қалалық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Еркетай Мейрамұлы Тұтқышевке арнайы хабарласып, бізден құжаттарын туралаған азаматтардың жұмысын тоқтатпай, ары жалғап бітіріп беруін өтіндім. 

Амандық болса, енді аз уақыттан кейін барлық мәселе түбегейлі шешіледі. 

Жамбыл облыстық ІІД Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары Руслан Әділғаппарұлы Бейісов бізге алғаш 251 қандастың құжаттары заңдастырылатынын мәлімдеген еді.

Жамбыл облыстық ІІД Көші-қон полициясының қызметкері Бекзат Тұяқбайұлы Досыбаев қандастарды қабылдауда.

Жамбыл облыстық ІІД Көші-қон полициясының қызметкері Арай Данабекқызы Айымбек қандастарды қабылдауда.

Жамбыл облыстық ІІД Көші-қон полициясы қызметкерлері қандастармен қарқынды жұмыс жасап жатыр

Abai.kz ақпараттық порталының тілшілері 251 қандастың мәселесімен Жамбыл облыстық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Орал Үдербаевпен күн сайын хабарласып тұр. Барлық мәселенің оңынан шешілуі үшін тер төгіп жатқан Орал Мұстафаұлына бүкіл қазақ халқы риза екенін айтып, көлемді сұхбат беруін сұраған едік. Бұл жұмысты дұрыстап шешіп беру Жамбыл облыстық ІІД Көші-қон полициясы басқармасының ұжымына міндет болып отырғанын, осы абыройлы істі толығымен атқарып шығу бүкіл ұжымдық жұмыс екенін, мейілінше ризашылық пен алғыс айту ұжымға бағытталса деген ниетін білдірді ол. Осыдан-ақ, Орал Мұстафаұлы бастаған ұжымның орайды пайдаланып, ұпай жинаудан гөрі елдік істі жоғары қоятынын байқадық.

Жамбыл облыстық ІІД Көші-қон полициясы басқармасына құжатын заңдастырған әр қандастың көзінен қуаныштың жасы тамады. Олардың бүгінде құзіретті органдарға деген ішкі үрейлері сейіліп, полиция қызметкерлеріне деген көзқарастары жүз пайызға өзгерген. Орал Мұстафаұлына қазақы жолмен шапан жапқылары келетінін айтып, бізге өтініш жасап жатыр.

Тараздан қайтқан қазақтар

Тараздан қуанып қайтқан қазақтардың сезімін жұртқа жеткізу үшін бір-екі видео-жазбаны назарларыңызға ұсынуды жөн санап отырмыз.

;feature=youtu.be

;feature=youtu.be

Түйін

251 қандас бауырымыздың Атажұртқа аңсап жеткенде кездескен күрделі жайттардың оңынан шешілуі - "әр қазақ менің - жалғызым" деген сананың өсіп жетілгенін көрсетеді. 251 қандас тағдырының оңынан шешілуі - құзіретті органдардың халыққа бір табан жақындағанын білдіреді. 251 қандас тағдырының оңынан шешілуі - Abai.kz ақпараттық порталының халықтық мәселені жеріне жеткізіп көтере алатынын кезекті рет дәлелдеді.

Әзірге - осы. Бұл мәселені әлі де індете жазатын боламыз.

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

 

 

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1553