Баян Өлгий феномені
Осы шағын әңгіме-эссе осыдан он жылдай бұрын жазылып, кітаптардың арасында қалып қойыпты, бәлкім баспаға берейін деп таба алмаған болуым керек. Жуықта тауып алып, оқып ойға қалдым, осы он жылда Қазақ тілі мәселесі қанша өзгерді екен, деп. Сонымен, көпшілік оқырманға ұсынып көрсем дедім.
автор
«Баян Өлгий» деген атау газет оқырмандарына тоқсаныншы жылдан бері таныс болуы да мүмкін, ұмытылған болса да таңданарлығы тағы жоқ. Өйткені, шетжұрттағы қазақты анық тану үшін, өзіміздегі «қазақ мәселесін» толық шешкен болуымыз керек еді. Бірақ, біз әлі өйте алғамыз жоқ. Сонымен, баяғы айтқанымызды тағы бір еске саламыз.
Баян Өлгий моңғолша «Бай Өлке» дәлірегі «Бай бесік» деген мағынаны білдіреді. Бұл Моңғолияның батысындағы қазақ аймақ яғни кішкентай «Қазақ елі». Жер көлемі аз емес, еуропадағы орташа мемлекеттердің жер көлеміне таяйды, ал қазіргі тұрғыны жүз мыңнан асады. Түгелге жуық қазақтар, аз санды моңғолдардың өзі қазақ тілді болып кеткен, сондықтан да болар моңғолдар оларды «баянөлгийліктер» деп атайды. Аты өзге болғанмен заты таза қазақ.
Саны аз халықтың өзінің ұлттық келбетін қорғап қалуында ішкі себеп пен сыртқы себептің қайсысы басым болғанын саралап көрейік.
Жиырманшы ғасырдың бастапқы ширегінде Мәнжі билігінен құтылған Моңғол жерінде түбегейлі қалу үшін, сол бетте орын тепкеніне жарты ғасырдай уақыт болып қалған қазақтар, Шыңжанға қарай кері көшіруге келген манжурияның жазалаушыларына Асылбектей батырларының басын беріп, оның үстіне он мың қой, мың жылқыны солардың алдына салып берген. Сөйтіп, елдік үшін ерінің басын, мекен жері үшін малын аямай тарихи таңдау жасаған.
Сондай өзін қорғай білген намысты халыққа моңғолдар да пана бола білді. Жерінен жеке аймақты еншілеп берді. Қазақстанмен арнайы қатынас орнатты. Отыз, қырқыншы жылдары мұғалімдері мен оқулықтарын жіберіп елдің сауатын ашып жаңа өмірге бетбұрыс жасауына ықпал етті. Елуінші жылдан бастап, тоқсанынышы жылға дейін өзінен шығатын бүкіл мерзімдік басылымы мен кітап, оқулықтарын түгел жіберіп тұрды.
Осының әсерінен мұндағы қазақтардың рухани жағынан өскендігі сондай, дүниежүзінің дамыған елдерінен жоғары білім алу жағынан олардың алдына басқа қазақтар түсе алған жоқ. Ондағы қазақтар көп тіл білу жағынан да, кәсіби біліктілік жағынан да моңғолдардың өзінен асып кетті. Оның бір дәлелі құрылыс, статистика, жылу электр, ядрофизик, медицина саласының білгірлері қазақтардан шықты. (Құрылыс министрі Тілейхан, нейрохирург Хайрулла, экономист Дөрбетхан, доктор Дінейхан...) Және, тоқсаныншы жылдарғы Моңғолиядағы демократиялық өзгерістердің алдыңғы шебінде сондағы қазақтар болды (Доктор Зардыхан), осы қарқынмен «дүниежүзі қазақтарның басын қосу» деген идеяның да алғашқы авторы «баянөлгийліктер» екеніне, сол кездегі «Азаттық» радиосында мәтіндері оқылған «Рух» журналы тарихи куә бола алады.
Ақыры, баянөлгийліктер атажұртының алпыс жыл бойы жасаған жақсылығын Қазақ жеке елдік құрған кезде елінен ел бөліп беріп қайтару үшін ең алғашқы көшті де бастап берді. Тоқсаныншы жылдары сондағы көшіп келген алпыс мыңнан астам қазақтардың өскені бар, үсті үстіне келгені бар, қазір екі жүз мыңнан астып кетті... Олар қазір елдегі тоғыз облысқа тарап бүкіл салада қызмет етуде. Сол қазақтар енді, елдікті сақтаудың тарихи жолынан өткен шақта, Атажұрттағы ана тіл мәселесіне көңілі алаң, басқаның бәрі орнына келгенде елдіктің өзегі болған туған тілдің туын желбіретудің қандай жаңаша жолы бар деп, басы қатулы...
«Жерден бұрын, тілді құтқару!»
Отаншыл қазақтың ортақ дерті: Ана тілінің намысы жанының ең жанды жеріне кірген улы тікен секілді қақсайды: «Қазақ тілі! Қазақ тілің!! Қазақ тілім!!!» деп, күні-түні қадалып сыздайды да тұрады. Түнде көзіне жас келсе, күндіз көкірегін ашу кернейді.
Жас келетіні — «қазақта қазақ тілінен өзге қандай қымбаттысы бар еді!?» деген, қайда жүрсе де санасын сарғайтқан сағынышы. Ашуы келетіні, сағынып іздеп келген АНА ТІЛІН өз қазағының өзектен теуіп, өзгелердің менсінбей жүргені...
Жоғарыда айтылған аз әңгімеден байқайтын болсақ, бөтен елде жүрсе де тілін сақтаған халық, елдігін де сақтайды екен. Тілін сақтаса жері де, жері де сақталады екен. 1916- жылдан бастап, 1932-жылға дейін Қазақ жерінен шетжұртқа босып кеткен қалың ел, ол кезде қызыл жанын ғана құтқарып қалудың қамында болды. Қазір «Мәдени мұра» деп іздеп жүрген — бүтін байлық, күллі құндылық жұртта қалды: Балбал тасты атамекен, ата-баба бейті бар туған топырақ, алты қанат ақ ордалар, халық шеберлерінің көз майымен сомдалған алтын-күміс жиһаздар, зерлі-жібек сән-салтанатты бұйым-киімдер... сонда қайда барса да, босқын қазақтардың қалдырмаған жалғыз байлығы — ана тілі болатын.
Тілде өлмейтін, өртенбейтін асылдарымыз сақталды. Ондағы ең төменгісі — тұрмыстық қарекет тәсілдері мен күнделікті тәлім-тәрбие мектебі, ең шыңындағысы — шешендік сөздер мен мың жылдық даналық аңыздар, ғашықтық дастандар мен батырлық жырлар... көсем арыстардың үлгі-өнегесі мен шежіресі... Осындай баға жетпес асылдарымызды алға ұстап, бес бересі жоқ бөтен елден жер сұрап алдық. Жер тиген соң қалғанының бәрін қазіргі тілмен айтсақ, нөлден бастап қайта жасадық.
Баяғы жұртымызда адыра қалдырғанымызды түгел, түлен есе етіп қайта жасап, тік тұрғыздық. Мысалы, Моңғолияда Баян-Өлкені, Ауғанстанда Ата-Тұранды, Түркияда Алтайкөйді т.т. қаншама елде «қазақ жері» пайда болды. Атап айтайын, Баян-Өлке қазір аты Моңғолдың жері болса да заты қазатың жері. Онда қазаққа не қажеттің бәрі жасалған-ды. Оларды жасауға себепкер болған менің қасиеті тілім емес, деп кім айтады? Әрине, Ұлы Жаратушының адамзатқа тілді ерекше нығмет қып беруі бекер емес екенін осыдан байқауға болады. Олай болса, тілді қорғау да жерден бір де кем емес, аманат екені анық.
Сол тілім мені атажұртта қалған қара орман қазағыма қайта табыстырды емес пе! (қанша селдіреп қалса да) «Тілім менің!» деп көзіме жас келетіні содан! Ал ашу керінейтіні басқадан! Сол алмас жүзді асыл тілімнің атажұртта мазаққа ұшырап, қайыршы халге түскендігі. Отаршыл тілдің оның желкесіне мініп, үстемдік істеуі. Отаршылдарға жандайшап болғандардың өз тілін өзі менсінбей кекірейуі!
Қазақтың қанымен, жасымен, терімен келген тәуелсіздігінің өз тіліне өгейлік істеуі! Отаршылардың жасаған бүкіл қорлығының ішінде ең бірінші құтқарылуға тиіс, киелі тілімнің әлі құлдық қамытта тыпырлап жатқандығы! Әсіресе, осындай масқараға күн өткен сайын етіміздің үйреніп бара жатқандығы!
Бұл неден?! Ұлттық құндылықтарымыздың ішіндегі ең ұлы құндылықтың қадірін ескермегеннен! Білмегеннен! Елемегеннен!
Бұл пәле неден!? Ең әуелі елдік намыстың өлеусірегенінен!
Баяғы аталарымыздың асқақ руханиятын менсінбегенімізден!
Туған тілді таптап, бөтен тілді өбектегенен.
Тілімізді қоданысқа енгізетін іс іздемей, оны шеттететін сылтау іздегенімізден.
Тіл жанашырының ақылына емес, дұшпан пиғылдылардың қаңқуына бас изегенен. Бірлікті өз тілімізде демей, өгей тілде деп алжасқанымыздан. Қысқасы — ана тілімізді «Анамыз» деп танымаған құлдық құлықтағы сатқындығымыздан! Бұл үкім сөздерді босағадағы бишара ана кейпіндегі «Ана тілі» атынан шеттегі 5 миллион, іштегі 8 миллион қазақ пен пәлен миллион қазақша білетін қазақстандықтарға аманат дейміз.
Себебі, «Тіл кімдікі болса — жер сонікі» деген аксиома бар. Бұл қалыппен жүре берсек жер кімдікі болатынын түсіну қиын емес. Сондықтан, «Жерді емес, тілді құтқар!» деген рухты ұран бүгін сол үшін керек. Осы сөзімді көзбен көрген бір оқиғамен түйіндесем, деп едім.
Апа және 5 теңге
Бір топ жатжұрттықтар Алматыны қызықтап жүр. Мұхиттың арғы жағынан келгендерге ұқсайды. Өңшең шақша бас, ұзын сарылар екен. Бәрінен әлгілердің қазақша сөйлегені қызық. Көшеде кезіккен көрінгенге бұрылып, қазақ тілінде тілдеспек болады. Бірақ.... кезіккендер мысқылмен көз тастап, мырс етіп теріс бұрылып кетіп жатыр. Ұзын сарылыр бұған таңданып, тосылып қалады.
Сөйтіп жүргенде олардың назары «Қызыл төңкерісшіл ақындар» көшесінің бойында тұрған тосын адамға ауды. Киім киісі бөтен, тұрпаты өзгеше. Таяп барып бақылады. Ол: «Алла ризалығы үшін, балаларым!» деп алақанын жайып тұр.
Көшеден сарылып іздеп жүрген «қазақ тілін» қарсы алдынан кезіктірген жатжұрттықтар қуанып кетті. Олар бірауыздан: «Апа, армысыз?» деп, қарт ананың жанына жетіп барысты. Ол сәлем алды: «Бармысыңдар, балақандарым?»
Ұзын сарыларды бастап жүрген, мамық сақал осыншалық әуезді үнді өмірде естімепті. Таңдана тұрып, жасқана тұрып, тағы сауал тастады: «Апа, мұнда неғып тұрсыз?» «Балақаным, кешеге дейін ар сақтап едім, енді жан сақтауға көштім». «Апатай, асырайтын балаларыңыз жоқ па, әлде?»
Дәл осы кезде өтіп жатқан көпшіліктің ішінен ересек ұл ерткен, әйел бөгеліп қол сөңкесін аша бастады. «Маратик, анау әжеге 5 теңге апарып берші!» Он жасар шамалы ұл: «Керек емес, мам! Ол кемпір клоуынның киімін киіп алып, әдейі қайыршы болып тұр. Көрмейсің бе, әне қасында тұрған шетелдік спонсорларын. Оданша 5 теңгеңді маған бер, сағыз алайын!»
Бір тәуірі жатжұртықтар олардың не дегенін түсінген жоқ. Шешелі балалылар өзара осы елдің бұрынғы отаршыл тілінде сөйлескен еді. Апаның ауызынан әуезді сөздер төгіле жөнелді.
Ұзын сарының ұққаны: «Осы ел-жердің қазіргі иесі түгел өз ұрпағы екен. Алаш Орда заманына дейін көйлегі көк, тамағы тоқ болыпты.» «Міне!» деп, киімдерін көрсетті. «Ахметімнің кигізіп кеткен ақ жібек көйлегі». Етегі жырымдалып, иығы жыртылған екен. «Жүсіпбегімнің берген зер қамзолы». Алтын зерлі, оқасы сөгіліпті.
«Міржақыбымның жапқан жасыл шапаны». Жеңі қырқылып, жағасы жалбырапты. «Мағжанымның басыма салған шәлісі» Күн жеп, өңі түсіпті.
«Шәкәрім мен Мұхтарымның әперген кебіс-мәсісі» Жұлығы кетіп, башпайы көрініпті. Мамық сақал таңданысын жасырмады: «Апа, дүниедегі ең атақты он тілді білем. Бірақ солардың ішінен сіздей шешен, сіздей көсем, сіздей әсем сөйлеген адамды көрмеппін...»
Апа ақ самайын жарық еткізіп күлімсіреді: «Ойбу, балақаным-ай, көсем тілдің көлеңкесін көріп тұрсың ғой. Баяғыдағы Ақ ордадағы көсілген кезін көрсең... көшеде қалған кезінде кезіктің-ау...» Ұзын сары ұялмай қолқа салды: «Апа, еліме апарып, ақ сарайда күтейін! Осы жырдай төгілген сөзіңді естуге келген ел, ақшамен бастырып, атыңды аңызға айналдырады. Мұндағы алақан жайған тұрысыңыз жараспайды ғой?!»
Ақ апа қабақ шытты: «Мынау жанымда жүрген жарықтарым 5 теңгелерін аямайды менен. Жоғарыдағы қарақтарым, елді өркендетуден қолдары тимей жүр ғой. Әйтпесе...» Мамық сақал аяушылық білдірді: «Апа, ел өркендеп біткенше, өміріңіз жете ме, мына тұрыспен?» Апа еңсесін көтерді: «Ататүрік шыққан текті топырақтан тілін тік тұрғызар Атақазақ та туар! Оған дейін өлместің күнін кешермін...»
Үніндегі күн күркіріндей күңіреніс пен күрсіністен көшедегі трамвайлар мен троллейбустардың үстінде жарқ-жұрқ найзағай ойнады... Жолдағы сеңдей жылжыған мәшинелердің тежегіштері бір сәт құлақты жара шақыр-шұқыр етті. Асыққан адамдар түршіге селк етіп, көздері көкке шаншылды.
Бұл — болған... яки болатын оқиға еді. Бірақ, қайыршы кемпірдің жай апа емес, әулие екенін сол сәт ешкім білмеді.
2007-07-07.
Абай МАУҚАРАҰЛЫ, жазушы-журналист.
Abai.kz